Рухани мәдениеттің ең басты негізі – білім мен тәрбие Избранное

Пятница, 28 Сентябрь 2018 05:08 Автор  Опубликовано в Дін Прочитано 7955 раз

Еліміз тәуелсіздік алғалы бері азаматтардың білімі, рухани санасы өсу үстінде, әрі рухани білім алуға сұраныс та күшеюде. Дегенмен адамдар арасында құқық бұзушылықты, көрсоқыр кереғар діни ағымдарға кіріп кетушілікті – білім мен тәрбиенің жоқтығынан деп білеміз. Одан әрісі жан дүниесінің бос болуы. Жалпы адамзатта рухани жетіспеушілік әрдайым сезіліп отырады. Соның нәтижесінде сол бос орынды толтыру үшін ізденісте болып, бірі компьютермен уақытты өткізуді жөн көрсе, бірі темекі шегуді, бірі арақ ішуді немесе түнгі клубтарға барып жанына жай табуды жөн көреді.

999

Дегенмен бұл да рухани бос алаңды толтыруға қауқарсыздық танытып, адам жанының алды иірімдері мен сәулелі шуағынан жыраққа тартып, өзін әрі басқаларды зиянға ұшырату мүмкін. Міне содан барып ата-ананы тыңдамау, дәстүрлі дінін мансұқтау, салт-дәстүрді құрметтемеу сияқты теріс түсініктер қалыптаса бастайды. Сондықтан адамзатқа берер білім мен тәрбиеге қатысты мәселелер сол жанұя, қоғам және ұлт, мемлекет алдында аса маңызды іс болып саналады.
Жақсылық пен жамандық, мейірім мен жауыздық, өтірік пен шындық, ақ пен қара, батыр мен қорқақ, күн мен түн, тізе берсең, тізбек-тізбек өріліп кете беретін өмірдің мәні мен мағынасын ұқтырып тұратын ажырамастай жұптар. Бұл Ислам дінінің қасиетті кітабы Құранда: «Біз әр нәрсені жұп қылып жараттық, бәлкім ойланарсыңдар» (Зарият сүресі 49-аят), – деп келеді. Егер дәл осы жұптасқан егіздердің біреуін жұпсыз яки сыңарынсыз ойлап көріңізші. Яғни, жер бетінде әйелдерсіз еркектердің немесе ерлерсіз әйелдердің өмірі. Бұлай елестету тіпті ойлаудың өзі әбестік. Бұл жерде айтпағымыз жұптардың маңызын елеп-екшелеп айту емес. Дәл осы жұптардың ішіндегі адамға тікелей қатысты әрі ең қиын және өте маңызды мәселе тәрбиедегі жұптастық жайы. Француз ойшылы М.Монтель ХVІ ғасырда: «Адамның жаны мен тәнін бөліп қарамау керек, бұл екеуі арбаға жеккен пар ат емес, біртұтас зат, сондықтан жан мен тәнді бөліп тәрбиелемей, бірге тәрбиелеп, бірге дамыту қажет», деп жазған екен. Мұндай ойлар көненің көзіндей ескі, бірақ, өлместей өміршең!
Ал, рухани мәдениетке ғылым мен оның өндіріс пен тұрмысқа ену дәрежесі, халықтың білім деңгейі, оқу-ағарту ісінің хал-ахуалы, медициналық қызмет, өнер, адамдардың қоғамдағы мінез-құлқының адамгершілікке сай ережелері, ойлау логикасын және тіл байлығын игеруі, пенделердің материалдық және рухани мүдделері мен қажеттіліктерін дамыту деңгейі жатады. Рухани мәдениеттің ең басты негізі – дін, білім және тәрбие болып саналады.
Рухани мәдениет заттық бейнеде көрініс табады: кітаптар, картиналар, кино, сәулеттік құрылыс нысандары, ескерткіштер, т. б.» (А.Г.Сптрктн, «Философия,219-220б, Москва, Гардарики, 2006).
Осы талаптар тұрғысынан қарасақ, Ислам дінінің адамзат мәдениетін дамытуға қосқан үлесі орасан зор. Сондықтан Еуропада антикалық білімнің сақталуына, ғылыми және рухани дамуына, Қайта өрлеу кезеңінің тарихта жарқын із қалдыруына мұсылман ғалымдары мен ойшылдарының орасан зор үлес қосқанын білімді адамдар жоққа шығара алмайды. Бұл жөнінде қазір батыстық қайраткерлердің өздері нақты дәлелдер келтіре отырып, кеңінен қамтылған зерттеу еңбектерін жазуда. Мысалы, батыстық ғалым профессор Чарльз Бернетт мұсылмандардың ғылымы мен мәдениетінің күшті ықпалы Еуропа құрлығында жаңа бір қоғамдық құрылыс қалыптастырып, аймақ экономикасын капитализмнің тууына дайындағанын айтады.
Ислам мәдениеті тек Еуропаға ғана емес, әлемнің түкпір-түкпіріне таралып, қоғамның басым көпшілігі құлдық пен қанаушылықтан азап шеккен, адамгершілік қағидалары тек үстем тапқа ғана қызмет еткен, сөйтіп, үлкен тоқырауға ұшыраған орта ғасырлардағы адамзаттың көзі ашылуына, рухани түлеуіне, ғылым мен өнерге құштарлығының оянуына ықпал етті. Батыс пен Шығыс, Оңтүстік пен Солтүстік жаңару мен жаңғырудың тәтті ләззатын сезініп, діни құндылықтардың артықшылығын түсініп, кешегі пұтқа немесе отқа табынушылар келе-келе ислам заңдылықтарына негізделген қоғам құрғанына тарих куә.
Ғылымның дамуына үлкен үлес қосқан, ислам тарихында өшпес ізін қалдырған Әл-Фараби, Сығанақи, Жауһари, сұлтан Бейбарыс, Қадырғали Жалайри, Мұхаммед Хайдар Дулати сынды атақты тұлғалар осы қазақ даласынан шыққан еді. Олардың солай қалыптасуына еліміздегі ғылым ордаларының зор ықпалы болды. Қожа Ахмет Яссауи, Айша бибі, т.б. кесенелер сәулет өнерінің озық туындысына айналып, көрген жанды тамсандыруда. Яссауи кесенесіндегі моншаға түсудің пайдалы жақтары, осы пайдалы нәрсені зиянды нәрсеге айналдырып алмау үшін, моншаға түсу ережелері жазылуы бұдан он ғасырдай бұрынғы бабаларымыздың денсаулық сақтау мәдениетін жақсы игергенін көрсетеді. Қилы замандағы түрлі шапқыншылықтар кесірінен көптеген мәдени мұраларынан айрылып қалса да, халық жадында сақталған діни құндылықтарымыз бүгінде қайтадан жандануда. Әрі ислам мәдениеті еліміздегі мұсылмандардың ғана емес, әртүрлі жағдаймен әр кезде қоныстанған басқа да конфессия өкілдерінің, барлық қазақстандықтардың ынтымақ-бірлігіне, өзара сыйластыққа, құрметке құрылған қарым-қатынас жасауына, өркениетті дамуына ықпал ететін факторға айналуда. Рас, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары батыстық ақпарат құралдарының әділетсіз қаралауынан ислам дініне, мұсылмандарға үрке қарайтын әдет пайда болған еді. Оның жөнсіздігі жайында Елбасымыз
Н.Ә.Назарбаев «Сындарлы он жыл» атты кітабында ескерту жасайды, сондай-ақ ол кісі ресейлік «Родная газетаның» тілшісіне (26.09.2003ж.) берген сұхбатында былай дейді: «Қазір өркениеттер қақтығысы және ислам фундаментализмі туралы сөз көп. Бейне бір дүниеге басты қатер нақ ислам мемлекеттерінен шығып жатқандай. Бүгінде адамдар исламнан қорқа бастады. Олардың көпшілігінде ол туралы мүлдем теріс түсінік қалыптасқан.
...Мен адамдардың еркіндігі секілді нәрсе тек құқықтық нормалармен емес, сонымен бірге имандылық заңдарымен шектелгенін қалар едім. Өйткені, адамдар имандылық заңдарын басшылыққа алған жағдайда ғана біздің жерімізді келешек ұрпақтардың өмірі үшін сақтап, табиғатты қорғай алады, өзендер мен мұхиттардың тазалығын қамтамасыз етіп, дүниені улы қалдықтармен ластамайтын болады, бірінің қайыршылығы мен екіншісінің байлығы арасындағы шыңырауды еңсере алатын болады».
Тәрбие, әдеп – қай заманда да күн тәртібінен түспеген келелі мәселе. «Адамға ең бірінші білім емес, рухани тәрбие керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі», деп данышпан Әл-Фараби айтқандай, өркениетті елдердің қатарына, өркениеті өсіп «буынып-түйінген» рухани-мәдени әлеуеті артқан мемлекеттердің көшбасшысы қатарына енуі – бүгінгі қоғамның бейнесімен айшықталады. Бабамыздың ешқашан өзектілігін жоймайтын бұл қанатты сөзі білім ордаларының алдымен адам, сосын маман даярлау міндетін бүгінгі күні де еселей түседі. Адамның және қоғамның іс-әрекеттеріне баса назар аударған шығыс дүниетанымында адамдық қалыпты сақтап, адамға тән өмір сүру үрдісіне ерекше басымдық береді. Адамға оның тәрбиесі, адамгершілігіне, имандылығына қарай құрмет көрсету, бағалау біздің шығыстық қоғамның тұрақты қағидасы. Ендеше, тәрбиеде сыңаржақтылықтан арылып, адамның тәні мен жан саулығын қатар қарастыруды басты мақсатқа айналдыруымыз қажет. Еліміздің жоғары деңгейлерден көрінуі үшін білім мен имандылықты құстың қос қанатындай ұстануымыз біздің адамдығымыздың басты талабы. Ол үшін ең алдымен ата-бабамыздан қалған дәстүрлі дінімізді, салт-дәстүрімізді, мәдениетімізді сақтай отырып, келешек ұрпақты сол арқылы рухани адамгершілікке тәрбиелеуге міндеттіміз. Жан азығын алмаған рухани жүдеу жастар өзінің алған білімін қара басының пайдасына жұмсап, өз мүддесін ғана ойласа, онда ол ешқашан елінің өркендеуіне үлес қоса алмайды. Мұны данышпан Абайдың тілімен айтқанда «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың». Сондықтан да адамгершілік пен ізгі қасиеттерді қалыптастырып, білімді, еліне адал азаматтарды тәрбиелеу заман талабы.
Енді Ислам дінін ұстанатын елдерде жағдай қалай? Өкініштісі Ислам әлемін «білімсіздік» пен «мәдениетсіздік (әдеп)» вирусы жайлап, өркендеудің жолына кері әсерін тигізіп жатыр. Нәтижесінде мұндай қоғамның арасында қылмыс, бүлік, азаматтық соғыс та орын алып отырғанына куәміз.
Қараңғылықты жарық жояды, надандықты білім. Сондықтан, қараңғылықтың жауы – жарық, надандықтың жауы – білім. Діни сенім адамдардың дүниеге, жаратылысқа, өмірге, қоғамға және өзіне деген көзқарасын айқындайды. Қазіргі тоталитарлық діни секталарды бір сәт шолып көрсеңіз, бұлардың өз топтарының өміріне толығымен иелік етіп, толығымен өз уысында ұстап, билеп-төстейтінін байқайсыз. Ал өз бағыттарына қосылмаған жандарды олар жақтырмайды, тіпті, өз идеологияларына қарсы пікір білдірушілерді алуан түрлі айла-шарғымен бопсалауға, қоқан-лоққы жасауға, үркітіп-қорқытуға дейін барады.
Деструктивті діни ағымдармен күресудің ең басты жолы ғылым-білім арқылы күресу. Оқыған, білімді, әлемде болып жатқан жаңалықтардан жан-жақты хабары бар, еркін ойлау қабілетінен айырылмаған, санасы уланбаған, көзі ашық, гуманизм принциптеріне берік, елінің болашағын ойлайтын, ілгерішіл, талапты да талантты қоғам ғана әлемдегі ең ауқатты және дамыған елдердің қатарынан көріне алады.
Ал қанаушы топтарға, тоталитарлық секталарға надандық ғана керек, өйткені надан тобырды басқару, қанау, алдап-арбау қиынға соқпайды. Қанаушылықтың барлық түріне қарсы болуымыз керек, оның ішінде діни қанаушылыққа да тұтастай қоғам болып қарсы тұруымыз шарт.
Мына Құран аяттарын оқып, түсінген мұсылман қалайша надан болсын?! Ислам дінінің білімге, ғылымға қаншалықты мән бергенін мына аяттардан-ақ байқауға болады:
Шынында, пенделері ішінде Алладан білімділер қорқады! (Фатыр сүресі, 35/28). «Айт: Білетіндер мен білмейтіндер тең бола ма?» (Зұмар сүресі, 39/9). «Айт: Ием! Білімімді көбейт!» (Та-Ха сүресі, 20/114). «Кешірімді негіз ет! Ізгілікті бұйыр! Надандардан теріс бұрыл/аулақ бол!» (Ағраф сүресі, 7/199).
Еркін санадан, еркін ойлай алатын адамнан шексіз ой-пікір, жаңалық шығады, ғылыми тапқыштық осындай ортада гүлденеді, дамиды. Ал, санасына бұғау салынған, еркін ойлау қабілетінен айырылған, шектеулі ойлайтын адамнан да шектеулі дүниелер ғана шығады, қыңыр-қисық, мардымсыз туындылар, өнімдер ғана дүниеге келеді. Алысқа кетпей-ақ, кешегі Кеңес заманын мысал етсек те болғаны. Онда атеист-коммунист идеология еркін ойлауға шек қойған еді, нәтижесінде қоғам мен экономика тоқырауға ұшырады. Атақты социолог, политэкономист Макс Уэбер (1864-1920) еңбектерінде экономикалық даму мен қоғамның өркендеуінің діни сенімге де байланысты екенін жан-жақты зерттеген.
Қорыта айтқанда «Адам баласы жан жемісін татпай, өмірдің терең мағынасы мен шын мақсұтын түсіне алмайды» деп Мұхтар Әуезов айтқандай, жан жемісі, ең алдымен оқу, білім, тәрбие десек, сол жемісті берер мәуелі ағашымыз – білім. Тұлғаның рухани дүниесін ашу арқылы ахлақ тәрбиесіне мән беру, бүгінгі заманның талабы. Ал тәрбие – болашаққа бағытталған үрдіс. Ендеше тәрбие беруде тек бүгінгі күн міндеттерін ғана емес, алдағы мақсаттарды да ескерген абзал. Ахлақты – адамгершілік, мораль ар әдеп, мінез айнасы ретінде ұғынатын болсақ, біріншіден ахлақтың атқаратын міндеттері ол рухымыздың қоғамдағы адами қарым-қатынастың ұлық үлгісі бола білуі керек. Екіншіден, отбасы алдындағы, ата-ана, бала-шаға, туысқан сәулелі жарығымен сөнбес нұрға шомылып тұрғандай, пайғамбардың фатанатты тағлымының үлгісіндей болып тұруы керек. «Тәрбие мен білім беру – ажырағысыз ұғым. Білім бермей тұрып, тәрбиелеуге болмайды, ал берген әр білімің тәрбиелік ықпал жасайды» деген Л. Толстойдың сөзін ескерсек, рухани тәрбие беделінің білімнен әлденеше есе салмақтылығына көз жеткіземіз. Демек, ғылым мен тәрбиені қатар қарастырып, еліміздің ынтымақ бірлігіне, түрлі алауыздық пен арам пиғылдарға жол бермей, адамдық қалыбымыздан айнымау – отан алдындағы, адамзат алдындағы міндетіміз және Алла Тағала мен Пайғамбарымыздың (с.а.у) алдындағы борышымыз.

Дәлелхан ОСПАНОВ,
«Дін мәселелерін
зерттеу орталығы» МКМ бөлім басшысы.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.