Версия для печати

Құрбан айт – құтты мереке Избранное

Пятница, 16 Июль 2021 03:22 Автор  Опубликовано в Дін Прочитано 2068 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкентте карантин талаптары қайта күшейтілді. Ал бұл жағдайда Құрбан айт мерекесі биыл қалай тойланады? Құрбандық шалу рәсімі өте ме? Осы және өзге де сауалдарға дін саласының мамандары жауап берді.

450

 

Қаламыздағы Шыңғысбай Дәуітұлы атындағы мешіттің наиб-имамы Бексұлтан Адасовтың айтуынша, биылғы Құрбан айт 20-шілдеге тура келіп тұр. Айт намазы күн арқан бойы көтерілген уақытта оқылады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Шымкент қаласы өкілдігі баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, соңғы кездегі эпидемиологиялық жағдайдың күрделене түсуіне байланысты Құрбан айт намазы биыл оқылмайды. Ал құрбандық мал арнайы орындарда онлайн тапсырыс арқылы сойылады.
Құрбандыққа қандай мал шалынады деген сауалға имам қой-ешкі, мүйізді қара және түйе сойылатынын айтты.
– Ұсақ малды бір адам сойса, қалғанын 7 адам бірігіп шалуына болады. Құрбандық малы жалпы үшке бөлінеді. Бір бөлігі кедей мен мұқтаж жандарға, екінші бөлігі көрші мен туысқандарға таратылса, қалған үшінші бөлігі өзінің отбасына қалдырылады. Егер құрбандық шалушы жағдайы нашар кісі болса, сойылған етті түгел өзінде алып қалуына болады. Мал сойғанда қандай амалдар жасамаған абзал? Малдың жанында пышақ қайрауға болмайды. Малдың көзінше басқа мал сойылмайды. Құрбандыққа шалынған малдың терісін де етін де мал сойған кісіге ақысы ретінде беруге болмайды. Оған бөлек қызметақы төленеді. Құрбандықты ер де әйел де шала алады. Бұл амал кімдерге парыз десек, ол әрбір жағдайы бар, жолаушы емес, мұсылман адамға міндет, - деді Б.Адасов.
Исламда бақуаттылықтың өлшемі ретінде нисап мөлшері 85 грамм алтынға тең дүниені айтады. Яғни, Сізде осы мөлшерге тең дүние-мүлкіңіз болса, құрбандық шалуыңыз тиіс. Құрбандықтағы нисап мөлшерінің зекеттен айырмашылығы бұл дүние-мүлік дәл қазір қолыңызда болуы керек. Ал зекетте бір жыл бойы айналымда жүруді талап етеді.
Сосын әлсіз, ақсақ, екі немесе бір көзі соқыр, құлағы немесе құйрығының басым бөлігі жоқ малды құрбандыққа шалмайды. Имамның айтуынша, көп ретте отбасында отағасы ғана мал сояды. Шариғат бойынша жағдайы келіп тұрса, отбасының барлық мүшелері де өз қалталарынан мал сою рәсімін орындай алады. Құрбандықтың басты мақсаты – мал сойып, Жаратушының рахымына бөлену. Қан шығару сол себепті бұл діни рәсімнің басты шарты болып саналады. «Құрбан айтта қан шығарудан үлкен іс жоқ» деген де әңгіме бар. Имам малды айттан кейін шалады дейді, айтқа дейін шалса ол құрбандық малы болып есептелмейтінін айтады.
– Құрбандық ең әуелі сойған адамның өз атынан бауыздалуы керек. Содан кейінгі шалған құрбандықтарын ата-бабасының, әке-шешесінің, бала-шағасының атына арнаса болады. Көп жағдайда айт намазы оқылып болған соң мұсылман қабір басына барып зиярат жасайды. Исламда бұған тыйым жоқ бірақ бұл амалды дәл айтта жасау керек деген де міндеттеме жазылмаған. Айтта 7 үйге айттау деген пікірдің де дінде негізі жоқ, - деді ол.
Құрбан айтқа дейінгі бір күнді арапа деп атайды. Бұл күні қажылық жасаушылар қасиетті Мекке қаласындағы Арафат тауында түнейді. Ал басқа мұсылмандар үшін ол күні ораза ұстап, мінәжат етудің сауабы мол. Арапа жұмадан басқа күні жасалған жетпіс қажылықтан артық. Дұғалардың ең жақсысы да арапа күні жасалған дұға деген түсінік бар.
Өткен жылғы құрбан айтта Бексұлтан Адасов онлайн құрбандық шалу рәсімінде қызмет көрсетіпті. Ол кезде карантиндік талап биылғыдан қатаң болған. Сонда Шымкент қаласы бойынша төрт мыңнан астам отбасыға құрбандық малының еті таратылыпты. Биыл онлайн тапсырысқа ниет білдіріп жатқан азаматтар саны былтырғыдай көп емес. Карантинге дейін Шымкенттің орталық мешітінде айт намазынан соң қошқар көтеру, арқан тарту, қол күресі сияқты спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, кәдімгідей той-думан болатын. Былтыр карантинге байланысты көпшілік іс-шаралар өтпеді. Найб-имам Б.Адасов спорттық жарыстар биыл да ұйымдастырылмайтынын және мешіт айналасында құрбандық мал союға рұқсат етілмейтінін жеткізді.