НӘПСІ ТЫНСА, ПЕЙІЛ КЕҢІР

Пятница, 10 Июль 2020 03:34

11429371

Пейіл... Осы бір ауыз сөзде қазақтың жаны жатыр екен ғой. Кеңге – кең дүние, тарға–тар дүние деген рас па дерсің!?.

Шынын айту керек, басында біздің көбіміз бұл індеттің зауалына сенімсіздік таныттық. «Қайсы, кім бар ауырып жатқан, көрсетіңдерші, атын атап, түсін түстеңдерші, кәні?» деп күпіршілікке ұрындық. Енді міне, «көрсет!» деген ауруымыз көзімізді шығарып барады. Дерт ел арасын кезіп бастағанда тағы біріміз «Жүдә, жақсы болды. Той деген тоқтады, жиын-той болмаса, ысыраптан арыламыз» деп астамшыл әңгімені арындаттық. Япырай, бұл сөзіміз де артық айтылып кетпеді ме осы? Сол пейілімізден тауып алған жоқпыз ба мына жамандықты деген де ой келеді. Той-тойламақ түгілі көршінің үйіне кіріп, емен-жарқын қауқылдасып,бір-біріміздің дастарханымыздан бір шынаяқ шәй ішудің өзі арман болып қалған жоқ па?!
Ал карантинді қу құлқынының кәдесіне асырып, қымбатшылықты қолдан туғызғандардың құлқын айтсаңызшы?.. Кімге керек?! Әрине, елдің еңсесі езіліп, онсыз да халық қиналып жатқанда алыпсатарлар дейтін айлакештердің айы оңынан туа қалатыны бар. Карантин басталмай жатып-ақ бір күннің ішінде базарларда адыраспан, імбір мен лимон, чесноктан бастап барлық азық-түліктің бағасы аспандап шыға келді. Бір бумасы 100-150 теңгенің адыраспанын 500-700 теңгеге, бір келісі 500-600 теңге тұратын імбірді 5-6 мың теңгеге саудалағандардың жүзі тіпті шімірікпеді. Бұл баға қайдан шықты демеді, бір күнде-ақ сауданың сатысын космостық жылдамдықпен аспанға бір-ақ шығарды.
Ал дәрі-дәрмек ше? Ол туралы айтсақ, еңірегенде етегі жасқа толатындар аз емес. Аурудың жақсысы жоқ, дәрінің тәттісі жоқ. Мұқтаж болған соң, амалсыздан «Дексаметазонның» 2300 теңге тұратын қорабын 25 000 теңгеге, яғни, он есе қымбат бағаға сатып алғандар бар. Дәті қатты, нәпсісі ащы кейбір дәріханашылар аузына сыйған бағаны айылын жимай айтып тұрып алды. Оларды аз десеңіз, дәрі тапшылығын қолдан жасап, қолайлы сәтті тиімді пайдаланып қалуға қам жасаған тоғышарлар тобы да туындай қалды. «Керек боп қалар» деген пасық пиғылмен сұранысқа түскен дәрі-дәрмекті үйіп сатып алып, үйіне тығып қою да пейілдің тарлығынан емес пе?!
Президент Қ.Тоқаев халқымызға үндеу жасады. Ел ішіндегі жөнсіздіктерді сөз етті. «Сол сияқты дәрі-дәрмектің бағасын бірнеше есе өсіріп, қалыптасқан жағдайды өз мақсатына пайдаланғысы келген алыпсатарларды да құқық қорғау органдары менің тапсырмама сәйкес жауапқа тарта бастады. Қазір мемлекеттік органдар елдімекендерді қажетті дәрі дәрмекпен толық қамтамасыз етуде. Осыған орай, тиісті қор жасақталған. Төсек орындары да, медициналық қызмет көрсету ісі де толығымен қамтамасыз етіледі», - деді.
Иә, қалада арнайы құрылған мониторингтік топ екі күннің ішінде дәрі-дәрмектерді заңсыз сатудың 50-ден астам жағдайын анықтапты. Бұл екі күннің ішіндегі жағдай. Оған дейінгі және кейінгі орын алып жатқан заңсыздықтар, удай қымбат дәрі-дәрмек, базардағы бетімен кеткен баға айналайын кеңқолтық қазақтың пейілін неге сонша тарылтып барады деп налуымызға негіз болып тұр.
Қазір бар ғой, құдай сақтасын, мәйітті жерлейтін жердің бағасы да удай қымбат дейді. Көр қазушылар да қолыңнан келсе, қонышыңнан бас дегендей, иманын жұтып, тәубесінен жаңылып, әдеттегі «қызметін» тым қымбатқа бағалауға арланбайтын болыпты деседі. Адамдардың о дүниелік болғаны олар үшін өкініш емес, керісінше қып-қызыл ақшаға айналып тұр. Күніне қазатын көр көбейгеніне алақандарын ысқылап, күректерін сайлап отырғандардың қураған құлқынынан қорқынышты не бар? Осындай-осындай жаман ниет-пейілден құдайдың қаһарына ұшырап жатқан жоқпыз ба осы?
Қазақ қайтыс болған адамды соңғы сапарға қастерлеп шығарып салатын халық еді. Ал қазір ше? Мынадай жұрттың жылап-сықтауы көбейген тұста өлген адамның денесін саудалайтын сұмдықты да көз көріп, көңіл күңіреніп тұр. Олай дейтініміз, қайтыс болған адамның денесін мәйітханадан алып кетудің өзін базарға айналдырған құдайдан қайтқандардың қылығын немен түсіндіресіз?? Бір мәйітті алып шығуға – 25 000 теңге төлем сұрап, біреудің қайғысынан қайыр тілеп тұрғандардың тәзірін тартып жатырмыз ба?
Журналист Жанат Бақыт фэйсбук әлеуметтік желісінде былай деп жазады: «Бірнеше ай жұмыссыз отырған, дәріге ақша таппай жүргенде жақыны өлген ел қалай жерлерін білмей мәйітхана алдында сансырап жүр. Егер 5-10 теңге жинаған ақшаңыз болса, ұстап отырыңыз. «Әппақ ақшаң қаралы күнге қажет болады» деуші еді ғой баяғыда, міне, сол күн жетті...».
Қазақтың пейілі неге мұнша тарылды? Қазақы даналық «пейіліңе қарай – пейішің», «пейілі кең кемімес, пейілі тар кеңімес», «нәпсі тынса, пейіл кеңір» демеуші ме еді?!
Уақыттың жаманы кетіп, жақсысы келер. Мына күннің де қиыны өтіп, қызығы жетер. Тек қазағымның пейілін алмашы. Пейілі жаманға пәле жолығар деп атам қазақ бекер айтпаған болар. Пейіліңді тарылтпа, арыңды жоғалтпа, айналайын адамдар!

Открытие 2402 1 Страница 01

«Шымкент-2020 – Тәуелсіз мемлекеттер достастығының мәдени астанасы» жылының ашылу салтанатын сәтімен жоғарғы деңгейде өткізіп алдық. Үйден шықпай, онлайн тамашаласақ та, туған қаламыздың төрінде шалқып жүргендей марқайып отырдық. Ең бастысы, Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы мейманасы тасыған Шымқаланың шырайын арттыратын айтулы тұлғалар мен көрікті жерлерімізді кереметтей көрсете біліпті.

Бағдарлама  «Интро», «Ұлы мұраның бастауы», «Ұлы Жібек жолы – Шығыс пен Батыс арасында» және «Шымкент – аңыздар қаласы», «Қазақ халқының ағартушылары», «Менің Елiм» деген бөлімдерден тұрады.

Көрсетілім алдында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің бейнеүндеуі көрсетілді.
–Қазақстандағы мегаполистер қатарындағы шырайлы Шымкент мәдени астана ретінде бекер таңдалған жоқ. Шымкент еліміздегі ең үлкен үш қаланың бірі. Сондай-ақ ірі өнеркәсіптік және экономикалық орталық. 2018 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасы Нұрсұлтан
Назарбаевтың Жарлығымен Шымкент республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие болды. Сол сәттен бастап, жаңа мүмкіндіктер ашылып, биік белестердің дәуіріне жол салынды. Бұл тұрғыда қаламыздың көне Жібек жолының бойында орналасуы және географиялық ыңғайлылығы сауда мен бизнесті, мәдениетті өркендетуге үлкен мүмкіндіктер беруде. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Шымкенттің келешегі жарқын, жергілікті тұрғындардың үштен бір бөлігі жас буын өкілдері. Сондықтан шаһарды жастар қаласы деуге болады. Ерекше мәртебеге ие болған Шымкент еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында айрықша рөл атқарады» деп атап өтті. Біз миллионды мегаполис тұрғындарымен бірге, сүйікті қаламыздың баянды болашағы үшін жұмыла жұмыс істейтін боламыз.
Шымкенттің тарихы тым тереңде жатыр. ЮНЕСКО-ның Бас конференциясының шешіміне сәйкес шаһардың көне ғасырлар қойнауында жатқан 2200 жылдық тарихы анықталды. Шымқала меймандостығымен, салт-дәстүрге беріктігімен тартымды. Енді қонақжай, мәдени астанада күн сайын маңызды іс-шаралар мен түрлі форумдар өткізілетін болады,- деді ашылу салтанатында сөз алған қала әкімі Мұрат
Дүйсенбекұлы.
Көрсетілімдегі басты кейіпкер – Қыз, Шымкент қаласының тұрғыны, таңертеңгі күн сәулесімен далаға қарай жүгіріп, қолында іс-шара логотипі бар батпырауықты ұстап тұрады. Осылайша, өңірдің табиғи сұлулығы – оның жайлауы бар ландшафты, қар басқан таулар мен қаланың көрікті жерлерінің суреті Мәдениет астананың көркін ашты. Шығармада елдің ұлттық және мәдени ерекшеліктерінің шығу тегі, тамыры туралы айтылады. Ұлы тарих пен аңыздардан тұратын қазақ даласы басты образға айналады.
Оның ішінде 2014 жылдан бастап Шымкент тұрғын алабы болған, қазіргі уақытта Сайрам, ежелгі Исфиджаб - халықаралық магистральдағы ірі сауда және мәдени орталықтың тарихы көрсетілді. Сондай-ақ, қаланың 2200-жылдығы ЮНЕСКО-ның 2020 жылғы атаулы күндер халықаралық күнтізбесіне енгізілген Шымкенттің тарихы да көрсетілді.
Телевизиялық жобада ТМД Атқарушы комитетінің төрағасы Сергей Лебедев те Шымкенттің ТМД елдерінің мәдени астанасы мерекесінің салтанатты рәсімінде қуанышымызға ортақтасып, бейнеүндеу жолдапты.
–Қала тұрғындарын осынау айтулы мерекемен және негізі қаланғанына 2200 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл мерейтой ЮНЕСКО-ның атаулы мерекелер тізіміне енген. ТМД елдерінің мәдени астанасы ретінде бұған дейін де Қазақстанның екі қаласы, 2012 жылы – Нұр-Сұлтан, 2014 жылы – Алматы қалалары жарияланған еді. Бүгінде бұл құрметті эстафетаны Қазақ елінің тағы бір шуақты, жомарт Шымкент қаласы қабылдап алуда. Бұл көне қалада дала көшпенділері мен Шығыстың жергілікті отырықшы тұрғындарының өркениеті бағаланып келеді. Ұлы Жібек жолы бойындағы көне қаланың тарихы архитектуралық қасиетті жерлерде көрініс тапқан. Ғажайып қала айтулы тұлғалар мен көрнекті орындарды көше аттары арқылы көздің қарашығындай сақтауда. Сондай-ақ туристерді өзінің табиғатының таңғажайып сұлулығымен, саялы саябақтарымен, табиғи қорықтарымен, арайлы аумағымен, жануарлар мен өсімдіктер әлемінің алуандығымен таңғалдырып келеді. Қала қонақтарына театралды және опералық өнер конкурстары мен «Шымкент – қызғалдақтар отаны» атты суретшілер және фотографтар байқауы, «Ұлы Жібек жолы» қолөнершілер байқауы, эстрадалық орындаушылардың бірінші халықаралық «Душа Евразии» концерті және т.б. көптеген іс-шаралар ұсынылмақ. Мәдени астанаға орай өткізілетін іс-шаралардың барлығы да Қазақстанның мәдени деңгейінің өсуіне үлкен септігін тигізетініне күмәнім жоқ. Барлығыңызға денсаулық, жақсылық пен сәттілік тілеймін, - деп ағынан жарылды.
Жобаның теленұсқасында көрермендердің назарына ежелгі ұлы ойшылдар мен тұлғалар шықты: Әбу Насыр әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқари, Қожа Ахмет Яссауи, Мұхамед Хайдар Дулати, Қадырғали Жалаири, Әйтеке би, Ұмай ана, Домалақ ана, Абай Құнанбаев, Шәмші Қалдаяқов. Сонымен қатар, Шымкенттің ең әдемі орындары мен көрікті жерлері көрсетілді.
«Байтақ ел, жазира көк аспан, бастары қар жамылған асқар таулар – бәрі де бабамыздан қалған ұлы аманат. Ұлы дала – біздің ұлы дастанымыз. Осындай ұлы өлкеде туып, өмір сүру – бізге берілген бақ. Ата-баба дәстүр-салтын сақтаған мәңгі елдің ұландарына туған жерден артық қандай саябақ болсын?! Сол туған жердің мейірімін саялап, ғибратпен шежіресін ардақтап, жүрегімізде мәңгі аялап өтсек не арман?! Біздің басқан әрбір қадамымыз Шымқалаға аян. Жаңа дәуір, жаңа заман, жаңа күн туғанда, ғаламға даңқы кеткен анамыз да, панамыз да өзіңсің, Шымкент! Өзіңнен туған ұл-қыздарың аманда дидарыңа қылаудай мұң түсірмес». Түсіруші топ кішкентай қыздың образы арқылы жүректен шыққан осы шынайы лебізді жеткізгісі келіпті. Ойдағыдай жеткізіпті де.
Одан кейін Абыз ақсақалдың қобыз үні Көк Тәңірі мен Күн нұры боп таралады. «Қара қобыз Тәңірменен тілдескен, қара қобыз тіршілікпен үндескен.
Көк Түріктің көкжал туған ұлдары, Көк Тәңірдің алғауымен күн кешкен. Қожахмет, Қадырғали, Жалаири, Әл-Фараби, Баласағұн, Қашғари. Һәм данышпан дара тұлға Дулати, Алаш туған асыл ұлдар аспани. Ұрпақ үшін құрбан болған жандары. Қасиетті қайта тумас нар бәрі. Бәйдібек би, Төле, Қазыбек, Әйтеке, Әруақты қазағымның хандары. Арман қуып ақ қанатын талдырған, Ақ қанатын азап-мұңға малдырған. Ұлы дала ұлдарына мың рахмет. Ұрпақ үшін ұлы мұра қалдырған».
Ұлт беделін, ел намысын көтерген,
Шымкенттің биік әркез шоқтығы.
Басты кейіпкер – кішкентай қыз сценарий бойынша Ұлы Жібек жолының бойындағы көне қалаға келеді. «Шымкент Ұлы Жібек жолындағы, адами парасаттың шаңырағы. Айта алмас бұл шаһардың нарқын адам, еңбекпен бой көтерген халқы әман. Шымкент Ұлы Жібек жолындағы, секілді гаухар жүзік жарқыраған».
Марғұлан атындағы Археология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Бауыржан Байтанаев Шымкенттің 2200 жылдығын тойлау Мәдени астанамен тұспа-тұс келгендігін, көне қаланың б.з.д. ІІ ғасырда Ұлы Жібек жолының бойында пайда болғанын, археологтардың Қазақстандағы облыс орталығында тарихи өзегін сақтап қалған жалғыз қаладағы Цитадельді зерттеу барысында қайталанбайтын құнды материалдар тапқанын тілге тиек етті.
–2003 жылы қалашықты аршу жұмыстарынан кейін тарихшылар «Шымкенттің тарихи жасы 2200 жыл» деген байламға келді. Шымкенттің көне қала деген дәрежесі бар. Ол Ташкенттің құрдасы саналады. Ол кезде шекара болмаған, қос халық қоян-қолтық араласып тұрған. 2020 жылғы ТМД елдерінің мәдени астанасы, бұл да – заңды құбылыс. Шымкент мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан өзіндік мәдениеті бар, қайталанбайтын дара қала.
Шаһар Нуджикент немесе Навчекак деп те аталған қытайлық жазба әдебиеттерде Нуджицзян делінеді. Мұсылман әлемінің шығыс бастауында қорғаныс бекінісі болған. Бұл жерде сенім үшін соғыс жүрген. 1300 жыл бұрын қалыптасқан экономикалық зона болған. Шымкент отандық тарихымызда сипатталған, сипатталып үлгермеген қалалардың бірі, - деп 2200 жылдық тарихи жылнамамыздың қалай жазылғанына тоқталды.
...Ана – Жер бетіндегі ұрпақты таратушы. Ана – ұрпақ тәрбиесіндегі тәлімгер. Шығармашылық топ «Әр қазақ анасын ардақтасын!» деген ойды әсем әнмен ақ жаулықты ананың кейпінде береді.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, айтыс ақыны Ақмарал Леубаева ақ жаулығын жамылып, шұрайлы, шырайлы елдің шаттығына айналған мекеніне ыстық ықыласын былайша білдірді.
– Шымкенттің Мәдени астана боп аталуының өзіндік астары бар. Тарихының тереңдігі бір басқа, тұрғындарының, Шымшаһар жұртының ерекшелігі бір басқа. Қазақ елінің қай бұрышында да қайманалы қазақилық, ұлттық дәстүр, әдет-ғұрып сақталған. Ал біздің Шымкентте ол шынайы көрініс тапқан. Бұл қала ата-баба өсиетін, ақ жаулықты аналардың қасиетін жоғалтпаған жер дер едім. Қасиетті аналарымыздың осы көне шаһарда мекендеуінің өзі үлкен мән-мағына бермей ме?! Шымкент қаласының әрбір кірпішімен мақтанамыз. Оңтүстік өңірінің жұрты мәңгі жасай берсін!
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі кеңесіндегі Әзірбайжан республикасының өкілі Полад Бюльбюльоглы өзінің видеожолдауында мұндай жобалар мәдениет саласындағы мәселелерге назар аударуға, жергілікті билік пен тұрғындардың, жалпы ТМД елдері халықтарының өзара байланысуына мүмкіндік беретінін алға тартты.
–Мәдениеттің үлкен мерекесімен құттықтаймын. «ТМД елдерінің мәдени астанасы» атты тамаша жоба ел астанасы болып табылмайтын қалаларға арнап ойлап табылған. Себебі, жоба өткізілген ТМД елдерінің барлық дерлік қалаларында бұл тәжірибе оң нәтиже көрсеткен. Мәселен, Шымкент сияқты көне де жаңа, ірі инфрақұрылымы бар қала өзінің ежелгі тарихын, бүгінгі келісті келбетін, мәдени мәйегін осы жоба арқылы кеңінен көрсете алады.
Бұл айтулы мерекенің қазақ жеріне жеткеніне бек қуаныштымын. Қалыптасқан пандемиялық ахуалға орай сіздерді алыстан видеоконференция арқылы құттықтауға мәжбүрміз. Біз осындай аса оңай емес кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Мәдени жобалардың бәрі де жалғасуы тиіс. Мен сіздерге үлкен жетістіктер мен армандарыңыздың орындалуын тілеймін. Жылдың соңына дейін коронавирус дерті жойылып, шырайлы Шымкентке ат басын бұрармыз деп үміттенеміз. Біздің жүрегіміз сіздермен бірге! – деп ыстық лебізін ақтарып жатты.
Ал ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі кеңесіндегі Ресей Федерациясының өкілі Михаил Швыдкой Еуразия кеңістігінде үлкен рөл атқаратын, Қазақстандағы үшінші мегаполистің ірі инфраструктурасы мен экономикасының дамуына тоқталып өтті.
«Ұлы Отан соғысы кезінде майдан даласына жіберілген оқ-дәрілердің үштен екісі Шымкент қорғасын зауытынан жөнелтілгені баршамызға мәлім. Фашизммен соғыста жеткен жеңісімізде сіздің қалаларыңыздың алар орны орасан. Шымқаланың бай тарихымен қатар сәулетті бүгіні де бар. Мәдениет саласында ғана емес, басқа бағыттарда да қадамдарыңыздың қарышты болатынына сенемін! - деді.
Абайдың «Көзімнің қарасы», Шәмшінің «Қайықта» әндері Шымкенттің мерейлі мерекесінің мәртебесін асқақтатып тұрды.
«Бұл қалада бүткіл балалығым өтті. Осы жерде спорттағы кәсіби қадамдарым басталды. Мен екі рет олимпиада ойындарында өнер көрсеткенімде, туған елімнің көк байрағын биік ұстауға тырыстым. Барлық көрермендер, әсіресе балалар Шымкентте де көркем гимнастиканың мықты мектебін қалыптастыруға болатынын білсін дедім. Дәл менің туған қаламда көркем гимнастикаға мамандандырылған бірден-бір мектептің бар екенін мақтан тұтамын». Көркем гимнастикадан Қазақстан Ұлттық құрамасының бас бапкері, спорт шебері Әлия Юсупова Шымкентте туғанын мақтан тұтып, ойын осылай кестелепті.
Осы ауқымды іс-шаралардың бәрінің басы-қасында жаны тынбай шапқылап жүрген Шымкент қаласы Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Рашид
Мыңбаев тележобаның «Мир-24» халықаралық, республикалық, жергілікті телеарналарда және интернет желілерінде көрсетілгенін айтады.
–Бұл теленұсқа басқарманың жанынан құрылған комиссияның шешімімен іріктелген шығармашылық топтың біраз уақыттан бергі жанкешті жұмысының нәтижесі. Тау-тауды аралап, апталап киіз үй тігіп, сонда қонып қалған күндері де болды. Тележобадан бөлек, ТМД елдерінің және Қазақ елінің өнер жұлдыздары ақ жүректі видеоқұттықтауларын жолдады. 25-ке жуық бейнеүзікті әлеуметтік желілер мен жергілікті телеарналарда көрсеттік.
Сонымен қатар, қала күні мерекесі аясында жергілікті телеарналар мен әлеуметтік желілерде онлайн форматта көптеген танымдық, мәдени-сауықтық шаралар, поэзиялық сағаттар, фестиваль-байқаулар, көрмелер өтті. Атап айтқанда, Шымкент Мәдениет үйі өнерпаздарының ұйымдастыруымен ТМД және еліміздің өнерпаздарының қатысуымен «Шуақ шашқан, Шымқалам!» атты мерекелік концерттік бағдарлама, «Shymkent-Fest» онлайн өнер фестивалі аясында «2200 жылдық шежірелі Шымкент» республикалық онлайн ақындар айтысы, жазба ақындар арасында «Ғажайып қала - Шымкент» онлайн мүшайра, фотографтар арасында «Ертегі қала - Шымкент» онлайн байқауы, жас суретшілер арасында «Балалар көзімен - Шымкент» сайыс, оқырмандар арасында «Қайырымды қала - Шымкент» онлайн оқулары өз мәресіне жетіп, жеңімпаздары анықталды. Оларға қаржылай сыйақы берілді, - дейді Рашид Мамытұлы.

 

Тобықтай түйін.

Шымкент – мен үшін анамның ыстық алақаны. Қуат алатын киелі мекен. Бұл ыстық тандыр нан мен көк шәй. Шымкент, ол – менің ең қонақжай достарым. Бала кезден естіп келе жатқан бесік жыры. Бұл – бақытты балалық шақ. Бұл – менің жүрегімнің көктемі. Көктемнің бастауы – Шымкентте Мәдени астана жылына орай 34 маңызды мәдени іс-шара өтуі жоспарланған еді. Бәрі де онлайн өтіп жатыр. Ең басты маңызды шара, ол – Шымкенттің ТМД елдерінің мәдени астанасы атану шарасының салтанатты ашылу рәсімі еді. Оны да ойдағыдай өткізіп алдық. Қалғанын уақыт көрсетер...

22658735669776280 67ed

Шымкенттегі «Отырар» кітпханасының атауы шаһар басшылығы мен мәслихатының шешімімен Әл-Фараби атындағы кітапхана болып өзгерді. Қоғам белсенділері әлеуметтік желілерде осы мәселеге орай алуан-алуан пікір білдіруде. Байқағанымыз, солардың басым көпшілігі кітапхана атауының бұрынғысынша «Отырар» болып қалуына ниеттес. Осы орайда Шымқалаға Нұр-Сұлтаннан іс-сапармен келген Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Үмітхан Мұңалбаеваның пікірін білуді жөн санадық.

45ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен

Үмітхан Дәуренбекқызының бастамасымен әлемнің 33 мемлекетінің төрінде Қазақстан әдебиеті мен мәдениетінің орталығы ашылды. Қазіргі таңда осы орталықтар айрықша қатты қарқынмен жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар халықаралық ынтымақтастықта және ғаламдық кітапхана кеңістігінде кітапханалық жобалардың жүзеге асырылуына септігін тигізуде. Шет елдерге іс-сапармен барған қазақ қаламгерлері мен мәдениет қайраткерлерінің барлығы дерлік осы орталықтарға ат басын бұруда.
Биыл хакім Абайдың туғанына 175 жыл! Осы орайда Үмітхан Мұңалбаеваның ұлы ақынның мерейтойына орай Еуропаның Чехия, Словакия, Венгрия, және Германия мемлекеттерінде Абай орталығын ашқанын көбіміз білмеуіміз мүмкін. Қазақстан Республикасының Чехиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі Марат Тәжиннің қолдауымен Чехияның астанасы Прага қаласындағы Клементинум кітапханасының басшылығы орталыққа арнап үлкен ғимарат бөліпті. Орталықты ашуға Қазақстан кітапханашылары, зиялы қауым, белгілі ғалымдар, елшілік өкілдері ат салысқан.
Аталмыш орталық қазақ әдебиеті мен руханиятының дамуына үлес қосу, Абай шығармаларын оқу мәдениетін қалыптастыру, сонымен қатар ақын мұраларын шет елдердегі ғалымдардың зерттеуіне және ғылыми еңбектердің көптеп жазылуына әсер ету міндеттерін жүктейді. ҚР Ұлттық академиялық кітапханасымен тікелей байланыс орнататын жетекші рухани орда ретінде қазақ әдебиетінің оң имиджін қалыптастыру, ақын шығармаларына деген сұраныс пен ақпарат ағындарын бағыттау және реттеу, орталықтың ғылыми және мәдени қызметіне байланысты өткізілетін іс-шараларды бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау және ақпараттық қолдау көрсету болып табылады.
Сөйтіп, Еуропаның төрінде Абай шығармашылығын, мұраларын насихаттау қазақ рухын аспандатқаны кәдік. Ал, Германияның ең ірі кітапханасына Абайдың 1909 жылы шыққан кітабының көшірмесін тапсыру да ұлт әдебиетінің үлкен жетістігі дер едік. Яғни, Абай атын шығару үрдісі Қазақстанның әрбір қаласында, мектептер мен кітапханалардан бөлек, шетелде де жаңғырып жатыр.
- Қазақтың рухани атасы Абай болса, Әл-Фараби бабамыз да қазақ халқының руханиятына өлшеусіз үлес қосқан ірі тарихи тұлға. Аристотель мен Сократпен тең түсетін Әл-Фарабиді қалай көтереміз? Жалпы, менің жеке пікірім, ұлттың атын сол ұлттың перзенті шығарады. Мәселен, Отырар ол - қала. Ал, ол қалада кіндік қаны тамған ұлы перзент кім? Соған да баса мән беруіміз керек. Елдің атын қала аты емес, сол елге еңбек сіңірген тұлғалар шығарады, - дейді Үмітхан Дәуренбекқызы.

«Китаб әл-мусики әл-кабир» трактатының түпнұсқасы –Шымкентте

Кітапхананың Әл-Фараби атын иемденуіне нұр-сұлтандық кітапханашылардың қатысы қанша деген заңды сауал туындайды.
«Біз Әл-Фарабидің «Китаб әл-мусики әл-кабир» деген кітабын шетел қорларынан екі жыл көлемінде келіссөздер жүргізіп, сіздердің кітапханаға жеткіздік. Бұл, біріншіден, қала әкімі М.Әйтеновтың тапсырмасы. Аталмыш басылым дүние жүзіндегі ең толық қолжазба болып саналады. Мекеме Әл-Фараби атын иеленгеннен кейін түпнұсқасы бұдан былай сіздерде болады. Бұл жерде басқа да құнды кітаптар мен қолжазбалар сақталуы тиіс. Ғалымның басқа тілге аударылған кітаптары мен қоры жиналуы керек. Әлемдік стандартқа сай сайт ашу қажет. Мәселен, оқырман Италияда отырып көргісі келсе, электрондық кітаптар сол жерде де қолжетімді болуы тиіс».
Республикалық кітапханашылар қауымдастығын басқаратын Үмітхан ханымның ұсыныс, ой-пікірі мұнымен шектелмейді. Оқу залдарын жасақтауға негіз ретінде Әл-Фараби еңбектерінің классификациясы алынды. Әрбір залдарда оның түрлі ғылым салалары бойынша тақырыптық еңбектері қамтылмақшы. Алматыдағы Ұлттық кітапханада сақталған 20 мың, Нұр-Сұлтандағы Ұлттық академиялық кітапханада сақталған 13 мың қолжазба, басқа да сирек кітаптар көшірмесі осында жеткізілмекші екен. Мәселен, Италияның кітапханасынан алынған VII ғасырдан бері сақталған Құран кітабының көшірмесі әлем бойынша үш-ақ адамға берілген. Оның бірі – АҚШ-тың экс-президенті Б.Обамаға, екіншісі – Елбасы Н.Назарбаевқа, үшіншісі – Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасында сақталыпты.
Жалпы, кітапхана атауын ауыстыру бір күнде қабылданған шешім емес. Бұл ұсынысты жергілікті Мекемтас Мырзахметов, Әбсаттар қажы Дербісәлі және басқа да зиялы қауым өкілдері білдіріпті.
– Бұл зиялы қауымның қалауы, елдің шешімі. Бұл іске «оң болсын!» деп айтамыз. Әл-Фарабидің еңбектері, кітаптары өскелең ұрпаққа жетсін. Ұлы бабамыздың туған жерге оралу деген бір ғана арманы болыпты. Сол арманын бүгінгі ұрпақ туған жерінің төрінде іске асырып жатыр. Фараби бабамызды бүкіл әлем мойындаған, біз ғана бағасын білмей жатырмыз», - дейді Ү.Дәуренбекқызы.
Ал, кітапхананың сыртқы логотипін, құжат мәселелеріне кететін және нысан алдына қойылатын ескерткіш-мүсіннің шығындарына жергілікті кәсіпкерлер қолдау көрсетпек.
Үмітхан Дәуренбекқызының сөзінше, ең бастысы адами ресурс – кітапханашылар Әл-Фараби кітапханасында қызмет етуге, оны оқырманға тиісті деңгейде жеткізуге дайын.
Сөз соңында Үмітхан ханым Шымшаһарға келіп, көптеген оңды өзгерістер орын алғанын көріп, көңілінің шарықтағанын айтты. Бірақ, мұндағы Балалар кітапханасының жағдайы аянышты халде екенін көріп, ұнжырғасы түсіп кетіпті.
– Шымкентте не көп, мейрамхана көп. Ал, кітапхана саусақпен санарлықтай ғана. Сіздердегі Балалар кітапханасының жағдайы көңіл көншітпейді. Ал, ресторандардың жағдайы керемет. Неге соның бірін Балалар кітапханасы етпеске?! Жергілікті билік мейрамхана көбейткенше, кітапхана көбейтсе ғанибет қой. Бір өжеттік жасап сол той-думан орталығының біреуін кітапханаға берсе, тамаша болар еді. Әсіресе, қазіргідей карантин кезінде балалар баратын кітапхананың жағдайын қарастыру толғағы жетіп тұрған өзекті мәселе», - деген де пікірін білдірді.

 

DSC 3349

2020+2200. Қандай сәйкестік десеңізші. Бұл жыл Ұлы Жібек жолының бойындағы көне қала Шымкент үшін 2 және 0 сандарымен қиюласқан керемет жыл болды. Біріншіден, біз, шымкенттіктер, ақ түйенің қарны жарылып, Самарқанның көк тасы еріп, 2020 жылы ғасырдың ғаламат белесі – көне шаһардың 2200 жылдық мерейлі кезеңіне куә болып отырмыз. Екіншіден, ТМД елдерінің 2020 жылғы мәдени астанасы мәртебесін иеленіп, қаламызда әр алуан қызықты халықаралық іс-шаралар өткізілуде.

Иә, көкдөнен көңілге салсақ, қиял қанатына ерік берсек, биылғы Наурыз мерекесінде ертегілерде сипатталатын 30 күн ойын, 40 күн тойымен жалғасқан дүбірлі думан өтуі тиіс еді. Ооо, ол уақытта күнгейдегі Күнқаланы танымай қаларыңыз сөзсіз еді. Көңілді көкке өрлеткен қаншама әсерлі жиындар өткен болар еді. Әлемде қалыптасқан пандемиялық ахуалға орай барлық іс-шараларды кейінге шегеруге мәжбүр болдық. Бірақ, іс-шаралар кейінге ысырылғанмен, Мәдени астана мәртебесін ешкім еншілеп кеткен жоқ. Мерейі асып, қайта түлеген шырайлы шаһардың 2200-ші туған күні – Қала күнін жоғарғы деңгейде өткізу үшін қызу дайындық жүріп жатыр. Төрткүл дүниедегі жаңаша өмір сүру үрдістеріне сәйкес, «Шымкент – Достастықтың 2020 жылғы мәдени астанасы» атты айтулы шараның салтанатты ашылу рәсімі қала күні мерекесімен бірге онлайн өткізілмек.
Сонымен қала күні мерекесіне орай 1-19 маусым аралығында «Shymkent-Fest» онлайн өнер фестивалі өтіп жатқанын қаперлеріңізге ілгіміз келеді. Қанша дегенмен жүзбе-жүз дидарласып, думанның ортасында жүрмеген соң, көптеген маңызды іс-шаралар мен өнерпаздарымыздың тасқынды өнері тасада көрінбей қалуы мүмкін. Сондықтан бірлік пен береке бастауы, ұлттық дәстүріміздің ұясы саналатын Шымкент қаласының бүгіні мен болашағын өнер өрісіне айналдыру өзіміздің, яғни сіз бен біздің қолымызда. Дарынды жастардың даралығын дәріптеу, олардың шығармашылығын насихаттау, жергілікті таланттарға қолдау көрсету, халықтың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында «Shymkent-Fest» онлайн өнер фестивалі 6 (алты) бағыт бойынша өткізіліп жатыр.

 

 DSC4005 DSC4988

 

«2200 жылдық шежірелі Шымкент» республикалық онлайн ақындар айтысында қарағандылық Дидар Қамиев пен шымкенттік Нұрғали Әнапия додаға түсіп, жырдан шашу шашты. Ақтаңкер қос ақын аға мен ініге тән мағыналы айтыс жасап, көрермен алғысына бөленді. Бұдан бөлек, басқа айтыскерлер де шуағын шашқан шұғылалы шаһардың туған күніне орай өнерін ортаға салатын болады.

«Ғажайып қала – Шымкент» атты жазба ақындар арасында онлайн мүшәйраға қатысып, ынта танытқандар жетерлік. Байқауда бақ сынаған үміткерлер арасында Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің дағдарыс жағдайларды басқару басқармасының жедел кезекшісі, азаматтық қорғау аға лейтенанты Есалиев Нұржан Талғатұлы да бар. Яғни, туған қалаңа деген риясыз көңіл, ыстық ықылас мамандық не орта таңдамайды. Сөз өнері саласының сардарлары ғана емес, қорғаныс саласының «сарбаздары» да Шымкентке махаббатпен өлең арнауда.
«Ертегі қала – Шымкент» фотосуретшілер арасындағы онлайн байқауға тіршіліктің түрлі бояу, тынысын объектив көзіне сыйғызған тамаша туындылар ұсынылып жатыр.

«Балалар көзімен – Шымкент» жас суретшілер арасындағы сайыс та қыза түсуде.

 

3017db0ab-f713-4407-b1c2-738dcfdf4e4a

 

«Қайырымды қала – Шымкент» оқырмандар арасындағы онлайн оқуға атсалысушылардың қарасы аздау болып тұр. Сондықтан кез келген қала тұрғынының аталған бәйгеге қатысып, бағын сынауына әбден болады.
«Туған күніңмен, Шымкент!» айдарымен ТМД өнерпаздарының құттықтаулары әлеуметтік желіде көп талқыланып жатыр. Өзбекстан Республикасының эстрада жұлдыздары тарихы терең, халқының пейілі кенен, жатырқап, жатсынбайтын, асқар арманға жетелейтін, ымырт жабылса түрленген, жұлдыздар жымыңдасқанда жадыраған Шымкенттің туған күнімен құттықтау легін бастады. Қашанда қаламыздың өсіп-өркендеуіне тілеулес тату көршілеріміз ыстық сәлемін «Шымкент салам, Ташкенттен салам» деп әнге қосып, жолдапты.
Қырғыз ағайындар да жүрекжарды ықыласын онлайн жолдаған екен. Қырғызстан Республикасының эстрада жұлдызы, әнші Жанар Тұратов: «Қазақ-қырғыз бір туған деп текке айтылмаған. Сол достығымыз нығая берсін! Туған күнің құтты болсын!» деп Шымшаһарға деген игі тілегін жеткізді.
Соңғы уақытта Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы өткізіп жүрген «Дәстүр дәрістері» атты онлайн дәрісі, бейнепоэзия, ONLINE кітап оқу, әлеуметтік желі арқылы көрсетілетін түрлі концерттер, бейнежазбалар, кешкі online кітапхана, т.с.с. бәрі де Шымқаланың мәдениеті мен әдебиетінен сыр шертетін, жалықтырмайтын, көрермен мен өнерпазды бір-біріне асықтыратын іс-шаралар.
Келген қонағын төредей күтіп алатын, түңлігін күн сүйген, шаңырағы шаттықпен тербелген қонақжай Шымкенттің туған күні осылай аталып жатыр. Мереке тек мұнымен шектеледі десеңіз, қателесесіз. Шынайы сезімдердің мекені Шымқаланың жарқын шамдары мен әсем субұрқағы атқылаған Арбатында серуендеудің өзі бір ғанибет. Сәнді де саялы ағаштарымен аты әйгілі Асанбай Асқаров атындағы Дендросаябақ – шырайлы шаһардың жап-жасыл жұмағы. Қазақстанның ең дәмді кәуабы қайда? Әрине, Шымкентте! Ендеше, туған қаламызбен қалай мақтансақ та жарасады. Мерекеңмен, тегеуріні тасты да ерітетін, тірлігі мығым, сөзі шырын, бар қазақтың қазығы мен қазынасына айналған ару қала – Шымкентім!

 DSC2984

Қазіргі таңда археологтар, реставраторлар мен құрылысшылар – ұзын саны 100-ге жуық адам Шымқалада Ескі қалашықтағы аспан асты музейінің құрылысына атсалысып жатыр. ТМД елдерінің мәдени астанасы жылына орай көне шаһардың 2200 жылдығын мерекелеу қарсаңында бұл музей мегаполистегі көзге көрінерлік көрнекі жерге айналмақ.

Тарихи сарын

Заманауи мегаполистің атымен аттас 4,5 гектар аумақты алып жатқан Ескі қалашық Шымшаһардың орталығында орын тепкен. Өткен ғасырдың ортасынан бастап археологтар бұл жерде Көне қалашықтың пайда болуы мен дамуына қатысты сауалдарға жауап табу үшін қазба жұмыстарын жүргізіп келеді.

maxresdefault2002-2003 жылдары Ә.Марғұлан атындағы археология институты мен М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың бірлескен экспедициясының көмбе заттарды қазып шығару жұмыстарының нәтижесі Шымкенттің тарихи жасы 2200 жыл деген қорытынды жасауға себеп болды. Зерттеулер қаланың біздің заманымызға дейінгі екінші мыңжылдықтан бастау алатын тарихы тым тереңде екенін дәлелдеп берді. Ескі қалашықтағы мәдени қабаттардың тереңдігі орта есеппен 14 метрге дейін барады. Археологтар ең төменгі қабатынан б.з.д. ІІ ғасырдың басы мен ІІІ ғасырдың аяғы деп көрсетілген керамика бұйымдарының бөліктерін тапқан.
Аз сөзбен айтар болсақ, Шымкент – Қазақстандағы өзінің тарихи өзегін сақтап қалған жалғыз қала. Ескі қалашықта аспан асты музейін салу арқылы еліміздің тарихи мақтаныштарының біріне айналдыру туралы шешім қабылданғаннан кейін бұл жерде жұмыс қыз-қыз қайнай түсті. Археологтардың бірлесе күш салуының арқасында келешек көрнекі жердің сегіз мың шаршы метр аумағында аршу жұмыстары жүргізілуі керек-тін. Сол аралықта ХІХ ғасырдағы қалалық цитаделдің тарихи тұрпатын қалпына келтіру үшін реставраторлар да қосылды. Құжат қабырғалар мен мұнараны, қырғын кезіндегі және бақылау алаңшаларын, кіру есіктерін қайта қалпына келтіруге жол ашты. Ал 2019 жылдың күзінде тарихи жердегі қазба жұмыстарына құрылысшылар да кірісті.

Көне қорғанның құпиялары

Бір жылға жетер-жетпес уақыттың ішінде Ескі қалашықта адам сенгісіз өзгерістер орын алыпты. Бұрындары бір уақытта бірнеше жерде қазу жұмыстарына күш салып жатқан үш жасақ археолог бұл жердегі басты күш болса, енді тарихты зерттеушілерге реставраторлардың ойын жүзеге асыратын құрылысшылар да қосылды.
Ә.Марғұлан атындағы археология институтының директоры Бауыржан Байтанаев ескі қалашықтың жұмбағын шешумен студент кезінен айналысып келеді. Елімізге белгілі археологтың 2002-2003 жылдары қалашықта жүргізілген экспедицияны басқарғаны мәлім. Сол кезде Шымкенттің 2200 жылдық тарихы бар екені айғақталды. Соңынан экспедиция материалдары ғалымның докторлық диссертациясында көрініс тауып, Шымкенттің тарихы туралы жазған кітаптарының да негізгі мазмұнына айналды. Қазір Б.Байтанаев қалашықтағы музей ісі жобасының ғылыми кеңесшісі.
– Шымкент қалашығында көптен күткен музей салу ісі басталғанына қуаныштымын, - деді өз ойымен бөліскен тарихшы. – Бұл – менің балам. Осы тақырыпты зерттеп, зерделеуге өмірімнің көптеген онжылдығын арнадым. ЮНЕСКО-ның шешімімен қаланың 2200 жылдық тарихи жасының мойындалуы – мен үшін де, мегаполис үшін де өте маңызды қуантарлық оқиға.
2200 жылдық мерейтойымызды тойлау әлемдік пандемияға байланысты биылғы күзге жоспарлануда. Оған дейін қалашықтағы жұмыстар толығымен аяқталуға тиіс. Үш гектардай аумақтың аяқталмаған қазба жұмыстарын жалғастыру тек археологтарға ғана рұқсат етілмек. Мерейтойға келетін көптеген туристер мен қала қонақтары қалашықты аралай жүріп, шығыс бөлігінде жалғасып жатқан қазба жұмыстарын көзімен көре алады. Археологтардың тарихқа қызығушылық танытқандарға дайындаған қызықтары көп.
Цитадельдің ең биік нүктесінен жаңа мегаполис алақандағыдай көрінеді. Бұл жерде XVIII ғасырда бой көтерген қорғанның айналасындағы тіреуіш қабырғалардың құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Осы күнге дейін жақсы сақталған цитадельдің жалпы келбеті бір кездері қорғаныс қабырғалары мен бекініс айналасындағы шұңқырлармен қоршалған екен.
– Қорғанды аршу жұмыстары кезінде археологтарды тосын сый күтіп тұрды, - дейді Бауыржан Байтанаев. –Тарихи орынның анағұрлым ертеректе пайда болғаны мен төбе түріндегі археологиялық ескерткіштер қатарына жатқызылатынына меңзейтін қабат табылды. Бұл қабат осыдан 2000 жыл бұрын осы жерде елдімекен болғанын айғақтайды. Қазба жұмыстары кезінде осы елдімекеннің ең төменгі қабаттарынан жуан қабырғалы діни орталықтың үлкен залы анықталды. Ал оның ар жағында сүйекхана орын тепкен. Одан 30-ға жуық сүйегі бар хум (құмыра) табылған. ІІ ғасырда бұл өңірде ауытқымалы қалыпсыз құбылыстар орын алады да, адамдар сүйектердің басым бөлігін алып қаладан кетуге мәжбүр болады. Кетпес бұрын тұрғындар барлық есіктерді өңделмеген шикі кірпіштермен бекітіп кетеді. Бұл қараханидтердің дәуірінде-ақ орын алған оқиға еді. Одан кейін бұл жерге тимуридтер келеді де, өздерінің құрылыстарын бастайды. Ал XIX ғасырда қоқандықтар бекіністі алғаннан кейін төбе аумағы цитадельге айналдырылады. 1864 жылы патша генералы Черняевтің әскері цитадельді басып алған соң қыраттың айналасына қорған тұрғызыла бастады.
Қазір қорғанның айналасында тіреуіш қабырғалардың құрылысы жүріп жатыр. Оған тек оңтүстік-батыс және оңтүстік-шығыс қос мұнаралы кіреберіс биік қақпа арқылы кіруге болады. Келушілер жоғарыға жаяу жүргіншілердің пандусымен көтеріле алады. Заманауи құрылыс қақпаның жақын маңынан бой көтереді. Археологтар бұл ғимараттың сүйегі жұмыр тас пен шіріген бөренелерден тұратынын қазба жұмыстары кезінде анықтаған.
Тарихшылар мен реставраторлардың айтуынша, көне көтергіш арнайы шатырмен жабылатын болады. Бұл, біріншіден, жайсыз ауа-райынан қорғайды, екіншіден, қалашықтың сәніне сән қосады. Әрі бірнеше ғасыр бұрын кешеннің бұл бөлігі қандай болғанын елестетуге мүмкіндік бермек.
Бекіністің өзінде алғашқы көрме павильоны дап-дайын тұр. Бұл жерге келген туристер қару-жарақ, тиын, киім мен тұрмыстық заттар экспозициясымен таныса алады. Экспонаттардың қатарында қалашықтағы қазба жұмыстары кезінде табылған артефактар: әр түрлі кезеңдік ақшалар, қару-жарақтар, ағылшын және француздық оқ-дәрілер, әшекей бұйымдары, сарбаздар мен офицерлердің әскери киімдерінің түймелері, қыш-керамика бұйымдары бар.
Сондай-ақ цитадельден табылған зеңбіректер мен пулемет оқтары да келушілердің назарына ұсынылмақшы. Бұдан бөлек, бұл жәдігерлерді тек экспозиция залынан ғана емес, қорғаныс қабырғалары мен мұнаралардан да тамашалауға болады.

 

 DSC2973

 

Ежелгі шахристан

Бекіністі бойлай төмен түскенде пандустың оң жақ қапталында қалашықтың шығыс бөлігі менмұндалайды. Бұрын бұл жерде шахристан тұрғын үйлері, сондай-ақ барлық өлшемге сай қорғаныс қабырғалары болған. Олардың қалдықтарын археологтар қазба жұмыстары кезінде тауыпты. Шахристанның тұрғынүйлері арнайы жабынмен жабылып үлгерген. Бұл шатыр құрылысты жайсыз ауа-райынан қорғайды және жылдың кез келген маусымында археологиялық жұмыс жүргізуге жағдай жасайды.
Шахристанның тіреуіш қабырғасының арқасында қазір амфитеатрдың құрылысы жүріп жатыр. Ол табиғи шұңқырдың орнынан бой көтереді. Дәл осы жерде Шымкенттің 2200 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралардың салтанатты ашылуы болады деп күтілуде. Қалашыққа экскурсия жасап келе жатқанда Оңтүстік қақпаның алдына табан тірейсіз. Ескі қалашыққа қорғаныс қабырғаның бір бөлігі болып табылатын екі мұнара арқылы кіресіз. Мұндай мұнаралардың жалпы саны 10 болмақ. Қалашықтың келбеті мұрағатта сақталған суреттер арқылы қалпына келтірілуде. Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұраны қорғау жөніндегі конвенцияға сәйкес, тарихи орынды тұрғызу немесе қалпына келтіруде міндетті түрде тарихи нақтылық сақталуға тиіс. Сондықтан да археологтар мен реставраторлар Ресей әскери-тарихи архивінде сақталған цитадель сызбалары мен Вележев пен Верещагин сияқты суретшілердің мөрі басылып, 1967 жыл деп көрсетілген суреттері тәрізді тарихи құжаттарға қарап әрекет етуде.
Жоба авторларының ойынша, қалашықтағы жеті метрлік қорғаныс қабырғалары эстетикалық мақсаттан бөлек, серуен алаңқайы бар айналма галереяның қызметін де атқаратын тәжірибелік мақсатқа қызмет етпек. Цитадельге Әйтеке би көшесі жағынан және құрылысы аяқталған Оңтүстік қақпадан, сондай-ақ Ескі шаһар жақтан да кіруге болады. 120 құрылысшы қазан айынан бері осында еңбек етуде, бірақ, әлі де атқарылар жұмыс шаш етектен.

Дәуірлер тоғысы

Археологтарда да бұрынғысынша жұмыс жетіп артылады. «Археологиялық сараптама» ЖШС-нің өкілі, тарихшы Владимир Бычков шығыс қорғаныс қамалы аумағында бір жарым жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қазба жұмыстарының бас кезінде оның жұмыс тобы цитадельде тер төкті. Іздеу жұмыстары барысында шымды қатпарды ашқан уақытта археологтар казармалық бөлімшенің іздерін тапқан. Қазындылар ақырындап бірігіп, бүгінгі күні шахристанның шығыс бөлігі мен цитадель толығымен аршылды. Тарихи жердің басты құндылығы оның көпқабаттылығында.
– Бұл жерде біз бірнеше мәдени қабатты көреміз, - деді Владимир Бычков. – Жоғарғы қабырға – бұл XVIII ғасыр аяғы – XIX ғасыр басы. Ал сәл төменіректе XVI ғасыр. Мегаполис үшін – бұл қайталанбайтын дара құбылыс, өйткені, келуші туристер архитектуралық нысандар арқылы дәуірлер айырмашылығын көре алады. Біз әр түрлі құрылыс көкжиегін зерттеудеміз. Қазір олардың саны екеу, бәлкім, одан да көп болуы мүмкін. Бұл жерге келген адам тек тарихты ғана түгендемейді, сәулет пен құрылыстың түр-түрімен танысады.
Әр мәдени қабаттың құрылысы әр алуан. Бір-біріне ұқсамайды. Егер мына бір жері кірпіштен қаланса, басқа жерінде сұйық саз кәсегімен құйылған. Мұндай түрлі-түрлі кезеңді қамтитын мәдени қатпар ескерткіштің өзінде айрықша қызығушылық туғызары сөзсіз. Бірнеше мәдени қатпардың болғаны табылған артефактар арқылы да расталып отыр.
– Бізде әр алуан кезеңді қамтитын ақшалар көп, - деді сырымен бөліскен археолог. – Әр түрлі уақытта қоқан және бұхар кезеңінің, Қазақ хандығының тиындары табылды. Қатпарларды аршу кезінде, тіпті, Алтын Орда империясы уақытындағы тиындар қолға түсті. Бұл жерде әр түрлі кезеңді қамтитын барлығы екі жүзден астам бақыр табылды. Сондай-ақ ағылшын және француз оқтары, мергендердің ұштығы, түрлі керамикалар да шығып жатты.
Бычковтың жұмыс тобы түрлі құрылыс қабатттарын зерттеу жұмыстарын әлі де жалғастыруда. Арнайы жасалған бастырманың арқасында ол жұмыс қыстыгүні де тоқтаған емес. Әлбетте, ол кезде археологтар үштен немесе алтыдан бөлініп, қазындыларды өте мұқият аршыған-ды. Ежелгі құрылыстарға зиян келтірмес үшін зерттеушілерге бар болғаны екі-үш сантиметр топырақты қыстырғышпен өте сақтықпен абайлап қана қазуға тура келді.
–Мұндай көпқабатты ескерткіш – музей саласында қайталанбас орын, - деп есептейді Владимир Бычков.– Оның жақын және алыс шетелдерден келген туристерге қызықты болатынына сенімдімін.
Қазақстанда мұндай тарихи жерлер көп емес, біздің жағдайымызда Шымкенттегі Ескі қалашық мегаполистің көрнекті жерлерінің бірегейі болмақ.

АТЫ АҢЫЗҒА АЙНАЛҒАН АЛПАУЫТ

Пятница, 15 Май 2020 02:43

IMG 4056

Шымкент тарихының бір бөлшегі

Әркімде туған жерімен, онда өткен өмір жолымен, сол жердің тарихына айналған ерекше орындар жайлы әр алуан естеліктермен байланыстыратын өзгеше әсерлер болады. Мәселен, Шымкент қаласы тұрғындарының санасында Қорғасын зауытының тарих шежіресі сайрап тұрған болуы бек мүмкін. Өткен ғасырдың 30-жылдары өндіріске қосылып, бертінге дейін, яғни, 2012 жылға дейін өнім өндірген әйгілі алпауыт зауытты білмейтін жан кемде-кем. Түркістан облысы мемлекеттік архивінің басшысы Айдын Исатаева бізге Шымкент қорғасын-балқыту зауыты туралы, оның өткені мен бүгіні жайлы қызықты ақпараттармен бөлісті.

Архивтің №543, №207 қорларындағы І, ІІ істерінің папкілерінен Қорғасын зауытының арғы-бергі тарихын парақтадық. Материалдардың барлығы орыс тілінде, біз соны аударып беруді жөн көрдік.
«1920 жылдары қорғасын кенін жабайы тәсілмен өндірген Ащысай ауданын толыққанды геологиялық зерттеу жаңа кен орнының ашылуына түрткі болды. Ол сапасы жағынан өте сирек және тотықтанған қорғасын қорына бай болып шықты. Ащысай кен орнындағы қорғасынның зерттелген қорлары дәл осы аудандағы өзге де кен ошағының ашылуына мүмкіндік берді. Сондай-ақ Чимкент (сол кезде қала солай аталды) маңайындағы (Байжансай ауданында) белгілі, бірақ, зерттелмеген кен орындары осы жердегі қуаты жоғары қорғасын-балқыту зауыт құрылысының басталуына себепкер болды.
Зауытты кеңес инженерлері жобалады. Оның құрылысы 1931 жылдың тамызында басталды» (қ. 543. оп. І. I 13 л. 118).
Міне, бұл сөйлемдерден зауытқа қажетті қорытпалар Бәйдібектегі Байжансай мен Кентаудағы Ащысай, Мырғалымсай кеніштерінен жеткізілгенін білуге болады. Күн-түн демей белсене еңбек еткен жұмысшылар жәшікке салынған дайын оқ-дәрілерді вагондарға тиеп, алыстағы майдан даласына жіберіп тұрған.
Кәсіпорын құрылысымен «КазсредАзполиметалл» монтаждық басқармасы айналысқан. 1932 жылы 10 тамызда Монтаждық басқармасының атауы Чимкент қорғасын-балқыту зауыты болып өзгереді.
Ал құрылымы туралы мынадай мәліметтер бар:

• 1932 жылы 22 тамызда жөндеу-құрылыс цехы, ал 28 тамыздан бастап өндіріс үдерістерін оңтайландыру бюросы ұйымдастырылды.
• 1933 жылы зауытта сукөйлек, агломерациялық, металл өнімдерін құю цехы, механика-монтаждық, шахта даярлау цехы, электр станциясы, тәжірибе зауыты іске қосылды.
• 1934 жылы 20 қаңтарда зауыт салтанатты түрде іске қосылып, Орталық Азия мен Оңтүстік Қазақстан кен орындарындағы қоймалжың тотықтанған сульфидті кенді қайта өңдеумен айналысты.
• 1935 жылдың күзінде ЖООК (ВЦИК) басшысы М.И.Калинин зауытқа келіп, мекеменің тыныс-тіршілігімен танысады.
• 1935 жылы 23 қазанда КазССР-дің ООК (ЦИК) төралқа мүшелері жиналысының №31 хаттамасына сәйкес, Чимкент қорғасын зауытына Михайл Иванович Калининнің есімі беріледі.
• 1936 жылы зауыт өнімдерінің ассортиментіне айрықша сапалы қорғасын түрі енгізілді.

Сонымен Түркістан облысының архивінде ізденген адамға Шымкент қорғасын зауытына қатысты мәлімет жетерлік. Зауыттың өндірістік жұмысы мынадай құжаттарда көрініс тапқан: негізгі қызмет туралы жылдық есептерден, цех жұмыстарының техникалық-экономикалық көрсеткіштері туралы баяндамалық хаттардан, өндіріс жағдайы туралы актілерден, кейбір цех жұмыстары туралы есептерден, зауыт жұмысы туралы қорытынды есеп-баяндамалардан өндіріс ошағының сол кездегі тыныс-тіршілігін тануға болады.
Еңбектің озық тәсілдері туралы сипаттамаларды, еңбек және жалақы туралы есептер мен жылдық жоспарлар мен жаңа техника енгізілуі туралы мәліметтерді, өнім ережесін орындау туралы кестелер, т.б. құжаттарды да мұрағат материалдарынан көруге мүмкіндік бар.
– Чимкент қорғасын зауытының 1931-40 жылдардағы құжаттары толығымен сақталмаған, бірақ қорда 1930-34 жылдардағы «КазСредАзполиметалл» Қазақ және Орталық-Азия қорғасын-мырыш комбинатының құжаттары көлемінің аздығына қарай жеке қорға аударылмаған, - дейді архив басшысы Айдын Кеңесбайқызы.
Архив құжаттарын ақтара отырып, аталған зауыттың цехтары да, ондағы кадрлық резерв те жылдан-жылға ұлғайып отырғанын байқадық. Уақыт жылжыған сайын өндіріс өзінің қуаттылығын арттырғаны да аңғарылады.

 

IMG 4059

 

80 жылдық тарих үйіндіге айналды

Бір ғасырға жуық тарихы бар Түркістан облысы тарихи- өлкетану музейінің экспозиция залының төрінен ХХ-ғасырдың басында облысымыздың экономикасының өркендеуіне сүбелі үлес қосқан Қорғасын зауыты өнімдерінің түрлері, заттай деректер, жазбаша құнды мәліметтер, сонымен қатар фотоайғақтар орын алған.
Кеңес заманында Шымкентте ірі үш өндіріс орны болғаны белгілі. Олар – фосфор, шина жасау және қорғасын зауыты болатын. Бүгінде фосфор мен шина зауытының аумағында индустриялды аймақ құрылған. Ал қорғасын зауытына келсек, өндіріс ошағының жұмысы күн сайын түлеп, жанданып отырды.
– 1930-шы жылдары Шымкенттегі қорғасын зауыты КСРО-дағы өндірілген қорғасынның 70 пайызын өндіргенін біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Соғысқа дейінгі кезеңде аталған өндіріс орнының даңқы шартарапқа жайылып, өндірілген өнім көрсеткіші бойынша Одақта көш бастап тұрды. 1929 жылы іргетасы қаланып, 1932 жылы өз жұмысын бастаған қорғасын зауыты 1934 жылдың 20 қаңтарында алғашқы өнімін шығарды. Арада 3 жыл өткенде Кеңес Одағы бойынша өндіріліп-балқытылған қорғасынның 75,3 пайызы осы зауытқа тиесілі болды, - дейді музейдің әдіскері Гаухар Қасымова.
Оның айтуынша, 1941 жылы КСРО сынды алып империяның басына қара бұлт үйіріліп, соғыс өрті тұтанған шақта Шымкент қорғасын зауытына жүктелген міндет өте ауқымды еді. Сол себепті мұндағы жұмысты жандандырып, ортақ мақсатта күш біріктіру үшін зауытқа Ресей мен Украинадан білікті мамандар шақырылды. Әсіресе, Мәскеу, Харьков, Воронежден инженерлер, жобалаушылар және бас технологтар жедел түрде жеткізілді.
Отқа оранған майдан даласында жауға атылған әрбір он оқтың тоғызы Қазақстанда өндірілген қорғасыннан құйылды. Ал, сол он оқтың жетеуі Шымкент қаласында орналасқан қорғасын зауытында дайындалып, вагондармен жан-жаққа тасымалданған.
Қорғасын зауытында негізінен Калашников автоматы мен «Русская винтовка» қаруына оқ дайындалды. Сондай-ақ, зеңбірек оқтары мен танктің қосалқы бөлшектері де шығарылды. Күн-түн демей белсене еңбек еткен жұмысшылар жәшікке салынған дайын оқ-дәрілерді вагондарға тиеп, еліміздің соғыс өрті шарпып жатқан жерлеріне жөнелтіп тұрған. Жалпы, қорғасын зауытында соғыс кезінде 3 мыңға жуық қызметкер жұмыс істеді. Олардың көбі 18-ден 40 жасқа дейінгі әйелдер болатын. Жұмысшылардың қатарында 13-16 жас аралығындағы бойжеткен қыздар да бар еді. Соғыстың зардабы ғой, әйелдер қауымы зауытта белі қайыса жүріп ауыр жүк көтерді, темір мен кірпіш тасыды, нәзіктігіне, жаратылысына мүлде қарама-қайшы қара жұмыстарды істеуге мәжбүр болды. Ол кездері зауытта ер азаматтар өте аз-тұғын.
Жұмысшылардың еңбегі өз кезегінде ескерусіз қалған жоқ, олар әр түрлі орден-медальдармен марапатталып, басшылық тарапынан зор алғысқа бөленді. Атап айтар болсақ, «Ленин» орденімен – 15, «Қызыл Ту» орденімен – 52, «Құрмет белгісі» орденімен – 32, І және ІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен – 17 адам марапатталды. Соғыс аяқталған соң барша жұмысшыларға «Ерен еңбегі үшін» медалі берілді.
Ерекше атап өтерлігі, 1943 жылы Кеңес одағы коммунистік партиясының бас хатшысы И.Сталин зауыт басшылығына жеделхат жолдап, өз ризашылығын жеткізген. Онда: «Қазақстан металлургы» танк колоннасының құрылысына 700 мың рубль жинап берген Шымкент қорғасын зауытының жұмысшыларына, инженерлер мен техникалық қызметкерлеріне қызыл әскер атынан алғысымды білдіремін» делінген. Ал, КСРО-ның түсті металлургия министрі болған Петр Ломако болса өзінің «ҰОС жылдарындағы түсті металлургия» атты кітабында: «Соғыс жылдары Шымкент қорғасын зауыты негізгі өнімнен бөлек, зеңбірек оқтарын шығаруды ұйымдастырып, тау-кен өндірісіне арналған машиналарының қосалқы бөлшектері мен жабдықтарын жасады» деп жылы пікір қалдырыпты.
1960 жылдары қорғасын зауытының жанында арнайы мұражай ашылды. Осы мұражайда жұмысшылардың алған медальдары, олардың туған-туыстарынан келген хаттар, тіпті шай ішкен кеселеріне дейін тұрды. Бір өкініштісі, ғимарат жекеменшікке өткендіктен бе, әйтеуір, 2007 жылы зауыт жанындағы мұражай өз жұмысын тоқтатыпты.
Деректерге жүгінсек, Шымкент қорғасын зауытына өзге өңірлерден жалпы 2 эшалон жұмысшы тобы, яғни 1500-ге жуық маман жіберілген. Оларға арнайы баспана салынды. Зауыттың күшімен бой көтерген сол үйлер қазіргі таңда қаламыздағы Чехов, Московская, Чапаев, Шкалов, Парижская коммуна, Добролюбов көшелерінде әлі де бар.
Жоғарыдағы пікірден ұғатынымыз, соғыс кезеңінде Шымкент қорғасын зауытының Отан алдындағы қызметі орасан зор болғаны анық.
Кеңес одағы ыдырағаннан кейін кәсіпорын экономикалық және экологиялық мәселелерге байланысты бірнеше рет жабылып, қайта ашылды. 2010 жылы Оңтүстiкполиметалл ӨК» акционерлік қоғамы мен «Қазақмыс» корпорациясы және «А-мега трейдинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің үшжақты келісімі негізінде толыққанды жұмысқа көшкен болатын. Алайда, ол да сәтсіздік алып келді де, кәсіпорын 2012 жылы түбегейлі жұмысын тоқтатты. Осылайша аты аңызға айналған алпауыттың бұрынғы орны тып-типыл күйге түсті. Айнала қирандылар, үйінділер. Төгілген топырақ, бұрқыраған шаң. 2018 жылы алып зауыттың 200 метрлік құбыры механикалық тәсілмен құлатылғаны есімізде. Қазірде ғалымдар 2 млн тоннаға жуық үйілген қалдықтың қала тұрғындарының денсаулығына кері әсер етіп жатқандығын анықтаған. Зиянды қалдықтар ақырындап қала сыртына тасылып жатыр.
Айтпағымыз, түрлі-түрлі заман бар, заманға қарай амал бар. Соғыс жылдарында қару-жарақ, оқ-дәрінің барлығы осы алпауыттан тарағаны сол заманның амалы еді. Ал бүгінгі күннің сұранысы басқа. Қайткен күнде де Шымкент қорғасын зауытының тарихтағы салмағы, ел экономикасын дамытудағы үлесі жылдар шежіресінен өшпейтіні анық. Өйткені, ол 2200 жылдық тарихы бар көне қаланың бөлінбес бір бөлшегі.

Бұл – сынақ. Оны жеңу – мұрат

Пятница, 17 Апрель 2020 02:02

754598826668216

Коронавирусқа байланысты бүкіл елде жарияланған карантин бәріміз үшін сын сағаты болып тұр. Жайшылықта бағасына жетпей жүрген көптеген қымбат мүмкіндіктердің мәнін енді түсіне бастағандаймыз. Бұл күндер өткенді саралап, келешекке жоспар құруға, ескерусіз қалған тірліктерді мұқият зерделеуге мүмкіндік беріп отыр.

Біз, пенделер, қолымыздағы қаржыға сағат сатып алуымыз мүмкін, бірақ, уақытты сатып ала алмайтынымызды елімізде Төтенше жағдай жарияланғалы терең түйсінген секілдіміз. Бастапқыда үйден шықпай отыру уақытты зая кетіру секілді көрінгені де рас. «Екі апта шыдасақ, үйқамақтан, қашықтан оқудан, қашықтан жұмыс істеуден құтыламыз» деп өз-өзімізді алдаусыраттық. Бірақ, отбасымен бірге өткізген дәл осы күндер үй-ішімізбен ынтымағымызды арттырып, бала-шағаға көңіл бөлуге, рухани ізденіп, баюға жол ашып отырғанын ұқтырды.
Денсаулық сақтау министрлігі COVID-19 індетінің шарықтау шегі сәуірдің ортасына тұспа-тұс келетінін айтты. Енді карантин 1-мамырға дейін созылды. Осы орайда Шымкенттің мүйізі қарағайдай қаламгерлері карантин кезінде немен айналысып жатыр екен?

C8uH7GnWsAEPp9VҚасқалдақтың қанындай қазақы өлеңді өмірінің мәні еткен ақын, К.Симонов атындағы және «Алаш» халықаралық әдеби сыйлықтарының иегері, журналист Нармахан Бегалыұлы карантин кезінде уақытты бос өткізбеу үшін ең сабырлы да ақылды досы – кітапты қолынан түсірмепті.
– Қатерлі індетке байланысты үйде отырған уақытта Ұлы Абайдың туылғанына 175 жыл толуына байланысты жарияланған зерттеулерге ден қойдым, конспекті жасадым. Төтенше жағдай енгізілгелі бері «Қазақ әдебиеті» газетіндегі біраз мақалаларды, Мырзагелді Кемелдің «Өзіме сабақ» дейтін кітабын ыждаһатпен оқыдым. Бұл уақыт үйде қарап отырмай, жазуымызға да септігін тигізді. Үйде болған уақыттарыма ризамын. Көптен бері жүректе жатталған ойларымды «Егіз-лебіз» деп айдарлап, әрқайсысы екі тармақтан құралатын 350-ге жуық мақал-мәтел үлгісіндегі жазбаларды қағаз бетіне түсірдім. Қаншасы кәдеге асатынын уақыт көрсетер.
Шымкентте тұратын немерелерім Ақселеу Сейдімбеков атындағы №80 мектеп-лицейдің оқушылары. Үлкені – Сұңқар (7-ші), кішісі – Ардақ (2-ші сыныпта) екеуі де сабағын қашықтан оқып жатыр. Кеше Ардақтың мұғалімі Айжан Ергешова балауса шәкіртіне мынандай хат жазыпты: «Ақылдым, менің Ардағым! Сенің еңбектеніп, тапсырмаларды орындап жатқаныңа ризамын. Сенің қолыңнан бәрі келеді. Тамаша, сен үшін қуаныштымын, жарайсың!» - депті. Осыған қуанып отырмыз. Төтенше жағдайға байланысты үйде уақытша қалған бала көңілін көтеріп, қиялына қанат бітірген ұстазына рахмет!
Бернард Шоу: «Ғылыми-техникалық прогресстің нәтижесінде көкке құсша самғауды, суда балықша жүзуді үйрендік. Бірақ, адамша өмір сүруді үйренбедік», - деген екен. Коронавирус бізге Алланың шегінен аттамауды, адамдық қасиеттерімізді тәрк етпеуді, жарқанат пен жыланды, қыбырлаған, жыбырлаған жәндіктерді, иттің етін жемеуді, жарамсыз қылықтарымыздан арылуымыз қажеттігін қатаң ескертті. Адамзатқа төтенше төнген бұл нәубеттен кейін естілер етек-жеңін жинап, жер тағдыры, өмірдің мәні туралы тереңірек ойланатын шығар. Жақсы күндерде жолығайық! - дейді қаламгер.

 

Журналистердің де жүгі ауыр

maxresdefaultБайдулла Қонысбек, Қазақстанның Құрметті журналисі, Оңтүстік журналистикасының ардагері:

– Көк жәшіктен елдегі бүгінгі ахуалды, әлемдегі жағдайды қалт жібермей қарап отырамын. Арасында қолыма қалам алып, ойыма келген дүниелерді қойын дәптеріме түртіп қоямын. Кітап оқимын. Үш жасқа толмаған кішкентай немеремді ермек қылып, әжесі екеуміз ортамызға алып ойнатамыз, әңгімелесеміз. Бірақ, есіктің алдына шықпаймыз. Тек ұлым дүкенге барып, қажетті азық-түлігімізді әкеліп береді. Бұл індет талап пен тәртіпке бағынғанда ғана беті қайтатынын Қытайдағы жағдай көрсетіп берді. Әлі де бұл мәселеге жүрдім бардым қарап, елемей жүргендер кездеседі. Ондай жандар бұл қатерлі дертке өзі ғана шалдықпай, айналасындағы қаншама адамға тарататынын, қоғамға қаншалықты қауіп төндіретінін ойлануы керек. Оны құдайдың құтты күні айтып та, көрсетіп те жатыр емес пе? Науқастарды індеттен аман алып қалайық деп медицина қызметкерлері үй бетін, бала-шағасын көрмей, өз өмірін тәуекелге тігіп, күндіз-түні жанкештілікпен жұмыс істеп жатыр. Полиция қызметкерлері жүр күн-түн демей тәртіпті қадағалап. Осының бәрі халықтың денсаулығы үшін, қауіпті дерттің алдын алу, жолын кесу үшін жасалып жатқан қадамдар. Мемлекет, жергілікті билік қолдан келген барлық шараларды, көмекті көрсетуде. Осының бағасын, осының мемлекетіміздің экономикасына қаншалықты салмақ салып жатқанын түсінуіміз керек.
Мемлекет тарапынан дәрігерлерге үстемеақы тағайындап жатқанына, олардың еңбектерін бағалап, ынталандырып жатқанына өте риза болып отырмын. Алдағы кезде де карантинсіз-ақ дәрігерлер мен мұғалімге, полицейлерге деген оң көзқарасын осы күйінде қалдырып, олардың еңбекақысын дамыған шетелдердегі жалақы коэффициентімен теңестіру қажет деген ой, ұсыныс, тілек бар, - деп Байдулла Қонысбек тиісті сала мамандарына деген сүйіспеншілігі мен жанашырлық сезімін жасырмады.
– Жаңалықтардан еріктілердің жағдайы төмен, мүмкіндігі шектеулі жандардың үйіне азық-түлік апарып, көмек қолын созғанын көріп, адамдардың мейірімі мен бір-біріне деген жанашырлығы артып келе жатқанына шүкіршілік еттім. Нарықтық заманда «адамдар қатыгезденіп бара жатыр ма» деп ойлаушы едім. Біздің өрімдей қыз-жігіттеріміз мұқтаж жандарға көмек беріп жатыр. Шын мәнінде, жастарымызға сенуге болады екен. Олардың бойындағы қайырымдылық, үлкенді сыйлау, жүрек тазалығы сияқты қасиеттерді бүгінгі сын сәттер көрсетіп берді.
Бірақ, бір ғана «әттеген-ай» дейтін жеріміз де жоқ емес. Індеттің қақ ортасында жүрген журналистердің еңбегі ше?! Оларды кім елеп, ескеріп, ауызға алып жатыр? – Оңтүстік журналистикасының атасы осы мәселеге де билік өкілдері назар аударса деп ойлайды.
– Журналистерге де өте ризамын. Әлемдегі барлық ақпаратты қолына қалам, микрофон ұстаған, иығына камере артып алып шапқылап жүрген осы қауым өкілдері жеткізіп отыр. Ауру ошағына барып, қорықпай репортаж жасап жүрген журналистер, операторлар, фотографтар қызметтерін қалтқысыз орындауда. Олардың еңбегі бұрыннан адал, қазір тіпті еселене түсті десек артық айтқандық емес. Журналистердің де еңбегі дәрігер мен мұғалімнен, полицейден бір мысқал кем емес», - дейді.
«Арман деген көп белес. Біріне шықсаң – бірі бар. Белес түбі бір асқар» демекші, карантин кезінде үйде отырып, алаңсыз армандар картасын жасап жатқанымыз рас. Ал ең басты арманымыз – мына қатерлі дерт елімізге дендемей, бір-бірімізбен жадырап көрісетін күн тезірек жетсе екен дейміз.

 

 

erm 5860

Мырзагелді Кемел өз өміріне, бүкіл қоғамның құбылуына, ертеңіміздің қандай болатынына бейтарап қала алмайтын тұлға. Экономика ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының профессоры, қоғам қайраткерінен бүгінде әлемде, оның ішінде біздің елімізде үлкен алаңдаушылық туғызып отырған COVID-19 індетіне қатысты мәселелер жайлы сұрап едік.

– Мырзагелді аға, сіз Қытай ақылмандары Лао Цзы мен Конфуцийдың көп еңбектерін аудардыңыз. Әлі де олардың таңдаулы сөздерін теріп жүргеніңізге шүбәміз жоқ. Осы орайда қазір бүкіл әлемді абдыратып қойған коронавирус індетінің ошағы сол атақты Конфуцийдің елінен басталып отыр ғой. Аты аталған әлемдік деңгейдегі ғалымдардың еңбектерінде жалпы індет жайлы, одан құтылудың жолдары туралы қандай да бір құнды ойлар кездесе ме?

– Коронавирустің қайдан шыққаны әлі анық емес. Жақында – «америкалық бір зерттеуші жасап, Уханьға 1,5 миллион долларға сатыпты» деген ақпарат шықты. Мұндай тәсілдер бұрыннан бар, тарихта ауру тудыратын талай вирус түрлері, микробтар мен бактериялар арқылы тез тарайтын шешек, оба, безгек, деген кеселдер арнайы жасалған.
Мұндай аурулар тез келіп, бірден тарайды, сондықтан оған қарсы дәрі ойлап табу, оны сынақтан өткізу бірер ай уақыт алады. Сәуегейлердің емес, мамандардың сөзін тыңдау керек.

– Жасыратыны жоқ, осы аты жаман ауру келгелі көбіміз «Рухани биіктікті ұмыттық, материалдық құндылықтар алға озып кетті, Құдай соның бәрін реттеу үшін осы вирусты жіберіп, өз-өзімізге, бала-шағамызға қарау үшін үйді-үйімізге жинады» деп айтып жүрміз. Өзіңіз де «Өзіме сабақ» атты еңбегіңізде: «Пенделікке байланысты нәрселердің ешқайсысына табынуға болмайды» деп қалам тербейсіз. Бұл вирус туралы көптеген болжамдар айтылуда. Бірі – биологиялық қару десе, екіншілері Қытай егде адамдарына зейнетақы төлемес үшін, «құтылу» үшін арнайы тапсырыспен жасатқан деген де сыбысты айтады. Сіз не айтқан болар едіңіз?

– «Аты жаман» демеңізші. Бұлар өтпелі. Көп ұзамай өтіп кетер. Соған сенейік. Ал, материалдық құндылықтардың алға озып кеткеніне 40 жылға жуықтап қалды. Нарықтың хабары келгелі біз басымызды құмға сұғатын күркетауық сияқты, ақша табудан басқаны ұмыттық.
Бірақ, елімізде әр тұстан еміс-еміс естіліп қалатын әңгімедегідей, «мұның бәріне жалғыз Назарбаев кінәлі» емес. Сіз білмеуіңіз мүмкін, менің қатарластарым біледі – бізді мектеп пен институтта оқытқанда, мұғалімдеріміз «біз феодализмнен бірден социализмге секіріп өтіп кеткен бақытты елміз» деп отыратын. Сөйтсек, ол біздің бақытымыз емес, сорымыз екен. Оны енді біліп жатырмыз. Біздің қазіргі қоғамдық құрылысымыз – «жабайы капитализм» болып шықты. Әлі сол жүйемен келе жатырмыз.
Өзбекстан отырықшы ел ретінде капитализмді көрген. Сондықтан олар жақсы жетіліп кетті.
Бірер жыл бұрын құс тұмауы шықты, оның дақпырты орасан болды, дегенмен тез тоқтатылды. Ал ертеректегі тарихқа үңілсек, 1890 жылы оба мен сүзектен бір ғана елде 20722 адам ауырып, оның 13127-сі қайтыс болған екен.
1970 жылдары біздің Жетісай театрының артистері Нүкіс қаласына гастрөлге барған кезде холера (тырысқақ) кеселі тарап, ол жақта төтенше жағдай жарияланған сәтте, холера арақ ішкен адамға жұқпайды екен деген қауесет шығып, артистердің бәрі ішіп кеткеніне куә болғанбыз. Осы секілді дақпырттар шын жағдайдың алдында жүреді.
Аса қатты қауіптенетін ештеңе жоқ. Тек дәрігерлердің талаптарын орындау керек: үйден шықпай, аса зәрлі болып шыға қалғанда, үйге келген соң шомылып, киімдерді дәрі шашып кептіру, сатып әкелген заттар болса пакеттерін тастау, қолды сабындап, 40 секунд үйкелеп жуу, т.с.с талаптарды төзіммен мұқият жасау керек. Теледидарда оның бәріне нұсқаулықтар беріліп жатыр.
Балаларға ерекше көңіл бөлген жөн. Сурет салсын, өлең жазсын, компьютерде слайдтар жасап үйренсін, дене шынықтырумен айналыссын.

– ХХ ғасыр ең қанқұйлы ғасыр ретінде тарихта қалды. Ғасыр ішінде үш рет адамзат саны жартылай азайып барып, қалпына келді. Бүгінде соғыс жоқ, бірақ, қасірет күту бар, әркім-ақ ол қай жақтан келер екен деп абыржығандай күй кешуде. КВИ де сол қасіреттің бірі. Соғыссыз майдан жүріп жатыр. ХХІ ғасырды – биология ғасыры десек те, сол ғылыми-техникалық прогресстен адамдардың рухани санасы артта қалып бара жатқан сияқты ма?

– Бәріміз – пендеміз. Адамдар сауаттанды. Сауаттылардың ішінде адал, арлылары бар да, сол сәттік сезімге, атаққа немесе ақшаға қызмет ететіндері бар. Академик Сахаровтың өзі атом бомбасын ойлап тауып, кейін оның адамзатқа залалын түсінген соң, сол өзі ойлап тапқан қаруды жоюға күреске бүкіл өмірін арнаған.
Әлемдік басқарушы деген бар, барлық проблемаларды бақылап, реттеп отырады. 2012 жылдың өзінде жер бетінде соғыс тоқтағалы тұрғындар саны 3 есе өсіп, 7 млрд болған, қазір 8 млрд-қа жетті. Тіліміз жазықты, бірақ «адам санын реттеуге де қатысы бар ма екен?» деп те ойланып қаламын.
Олай дейтінім – ГМО (генетикалық түрлендірілген өнім) деген нәрсе бар. Генетикалық түрлендірілген өнім дегеніміз – гендік инженерия әдістерінің көмегімен жасанды түрде генотипі өзгертілген тірі ағза. Осы ағзаны енгізуден шыққан өнімді – генетикалық түрлендірілген өнімдер деп атайды. Оны малға немесе өсімдіктер тұқымына енгізу арқылы өнім тез көбейеді. Ұзаққа бармай-ақ, өзіміздің жерде де Қарабұлақта жылқыға, ірі қара малға сол дәріні егіп, салмағын екі есе өсіреді.
Ол – біздің мысал ғана. Ал, әлемдегі 78 пайыз соя, 33 пайыз жүгері және 24 пайыз рапс – трансгенді. Сондай-ақ, ГМО-ны өндірісте қолданатын фирмалардың тізімі бар. Олар: Kelloggs, Nestle, Heinz Foods, Coca-Cola, McDonalds, Cadbury, Mars, PepsiCo, Hipp, Nestle, Unilever, «Heinz» аталатын өнімдер, Knorr, Calve, Maggi, Lipton, Nestea, Brooke Bond, Бондюэль, Балтимор, Кампина, Эрман, Чудо-йогурт, Данон т.б. Көрдіңіз бе, шетелден келген әдемі пакеттегі тәтті және жағымдылардың бәрі де ГМО-мен жасалады.
Сырттан тасымалданатын және өзімізде шығарылатын мынадай тағамдарда генетикалық түрлендірілген қоспалар болуы мүмкін: соя (бұршақ, концентрат, ұн, сүт); жүгері (ұн, консервілер, поп-корн, май, чипсы, крахмал); қызанақ (томат пасталары, кетчуп, пюре, соустар); күнбағыс майы, т.с.с.
Бұл әңгіме неден шықты? Барлығын реттеп отыратын «жаңа әлемдік тәртіп» немесе әлемді бағындыру жоспарынан шықты. Оның идеологтары - Рокфеллер қоры (оның әлемдік билікті иелену жобасы – Пентагонның ұсынымымен әзірленген «барлық спектрлер бойынша билік ету») мен Билл және Мелинда Гейтс қоры. Бұлардың арманы – жер бетіндегі адам санын 7 миллиардтан асырмау. Коронавирустан кәрілер азайса, ГМО-дан жастар туа алмайтын болса немесе еркектігінен айрылса адам азаймай қайтсін?!
Негізгі көздеп отырғандары Африка мен Азияның Шығыс және Орталық бөлігі.
Генетикалық жетілдірілген ағза өнімдері адамзат болашақ ұрпағын ұрықсыздандыруға алып келеді. Әйелдер бедеу, еркектер тұл болады. Қазір білмей жүрміз, 15-20 жылда анық байқалады.
Бұл жөнінде мен үлкен екі конференцияда, Таразда және Астанада баяндама жасадым.

– Әлемді коронавирус жаулағанымен қатар мұнай бағасының құлдырағаны жығылғанға жұдырық болып отыр. Біздің еліміздің экономикасы шикізатқа тікелей тәуелді болғандықтан, бұл құбылыс төл валютамыздың әлсіреуіне де әкеліп соқтыруда. Сіз экономист ретінде қазіргі экономикадағы пандемиялық ахуалға қандай баға бересіз? Енді елді тек қымбатшылық жайлай ма деп қорқып отырғанымыз рас...

– Жер шары – үлкен әлемдік қауымдастық. Олардың ережелері ұқсас. Бірақ, бір елдер еңбекқор, үнемшіл, саудада ұтылмайды, біздердікі көбіне керісінше. Біз тек мақтануға бейімбіз. Көбіміз баяғы Спандияр Көбеевтің «Қалың мал» романындағы Итбайға ұқсаймыз. Сондықтан кедейміз.
Той мен отырыстарға шығындауды азайтып, үнемге және таза тамақты тұтынуға көшейік. Лао-Цзы деген дана: «не жесең, соған тартасың» деген екен. Азық-түлік өнімдерін түрлендіріп, ет-сүт, көкөніс, жеміс, бақша өнімдерін таза қалпында пайдалануға бізде мүмкіндік мол.

- Осындай сындарлы сәтте халқыңызға не айтасыз?

- «Тап. Таны. Күрес. Жігерлен. Жетіл!» деймін.

- Шығармашылығыңызда не жаңалық?

- Бірдеңелерді түртіп жатырмыз. Карантиннің маған зияны жоқ. Өзімді өзім карантинде ұстайтын адаммын.

- Әңгімеңізге рахмет!

Страница 13 из 41