«Ордабасы» Еурокубокке жол ашты Избранное

Среда, 16 Ноябрь 2022 04:47 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 757 раз

Шымкенттік команда футболдан Қазақстан Кубогінің жеңімпазы атанды. «Астана-Аренада» өткен финалда «Ордабасы» «Ақжайық» клубынан 5:4 есебімен басым түсті.

757

 

Елордаға барып, қолдау көрсеткен жанкүйерлерден бөлек шымкенттіктер футбол кездесуін Әл-Фараби алаңында тікелей эфирде тамашалады. Футбол мерекесін қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, басқармалардың басшылары жанкүйерлермен бірге көрді.
Финал аса тартысты өтті.Ойынның 7-минутында оралдықтар сапынан Бадоян Завен алғашқы голды салса, 11-минутта Тома Табатадзе есепті еселеді. Бұдан кейін ес жиған шымкенттік команда шабуылды үдетіп, ойын тізгінін қолға алды. Ұмтылыс нәтиже беріп, команда капитаны Самат Шәмші 26-минутта есеп айырмасын қысқартса, үзілістен кейін, екінші таймның басында «Ордабасы» сапынан Всеволод Садовский есепті теңестірді.
Бұдан кейін ойын екі жақта шабуылмен жалғасты. «Ордабасылықтардың» бар күшімен шабуылдағанын, қорғанысының әлсірегенін пайдаланған «Ақжайық» футболшылары қос қарымта шабуыл жасап, тағы екі гол соқты. Алдымен Табатадзе матчтағы екінші добын соқса, одан кейін Илья Коваленко көзге түсті. Бұл кезде ойын аяқталуға аз қалған. Соңғы күшін жинап, жаппай шабуылға шыққан «Ордабасы» сапынан Максим Федин гол соғып, есеп айырмасын тағы бір допқа қысқартады. Ал ойын аяқталуға санаулы секунд қалғанда «ордабасылық» Луис Энрике Гедеш сол аяғымен айып алаңының сыртынан әдемі соққы жасап, есепті теңестірді – 4:4! Мұндай нәтижелі матчты жанкүйерлерді айтпағанда футбол сарапшыларының өздері де күтпеген болар, сірә.
Сонымен, негізгі уақыт тең аяқталып, қосымша таймның алғашқысында екі тарап гол соға алмады. Екінші 15 минуттық таймда «Ақжайықтың» айып алаңындағы тартысты сәттердің бірінде қорғаушы шымкенттік футболшыға қарсы ойын ережесін бұзды. Даулы сәтті сараптаған бас төреші оралдық команда қақпасына 11 метрлік айып добын белгіледі. Жауапты сәтте Эльхан Астанов айып соққысын сәтті орындап, командаластарына да, шымкенттік жанкүйерлерге де қуаныш сыйлады.

756


Ертеңіне футболшылар Шымкентке оралды. Жергілікті жанкүйерлер жеңімпаздарға құрмет көрсетіп, қарсы алды. Әуежайдан басталған шеру Әл-Фараби алаңындағы салтанатты жиынға ұласты.
– «Ордабасы» футбол командасының ойыншыларын футболдан 2022 жылғы Қазақстан Кубогімен құттықтаймыз! Құрметті футболшылар, баршаңызға Шымкент қаласының әкімі
Мұрат Дүйсенбекұлының, Шымкент қаласының тұрғындары және «Ордабасы» жанкүйерлері атынан құтты болсын айтамыз. Қала әкімі финалды стадионда тамашалап, матчтың соңына дейін болды. Өздеріңізге қолдау көрсетті. Жалпы, «Астана-Аренада» болған шымкенттік жанкүйерлер сіздерге мықты қолдау көрсетті деп ойлаймыз. Бұйыртса, алдағы жылғы чемпионатта алға үлкен мақсат қойып, алғашқы үштікке іліне беріңіздер. Келесі жылы Шымкент қаласы Еурокубок ойындарын қабылдайтын болады. Жігіттерге көп рақмет айтамыз. Бұл тек «Ордабасы» клубының ғана емес, бүкіл Шымкент қаласының жеңісі, үшінші мегаполис спортының жеңісі. Осы спортшыларға қарап, мыңдаған бала, жастар қуат алады деп ойлаймын. «Ордабасы» келесі жылы чемпион болсын! – деді қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан.
Бұдан кейін сөз алған «Ордабасы» клубының президенті Бауыржан Абдубайтов бұл жеңіс тек клубтың ғана емес, барша шымкенттіктердің, жанкүйерлердің де жеңісі екеніне тоқталды.
– Бұл жеңіске үлесті барша қала тұрғындары да қосты. Сіздердің қолдауларыңыз, қала әкімінен бастап барлық жанкүйерлердің ыстық ықыласы бізге, футболшыларға, команда мүшелеріне мықты қолдау болды, – деді Бауыржан Абдубайтов.

759


– «Астана-Аренадағы» матч аса тартысты өткенін өздеріңіз де көрдіңіздер. Сонда стадиондағы барлық жанкүйер бізге мықты қолдау көрсетті. Содан жігерленіп, соңына дейін беріспей, намысқа тырыстық. Соңғы секундта есепті теңестіріп, жеңісті жұлып алдық. Астанада жүрсек те шымкенттік жанкүйерлердің қолдауын анық сезіндік. Эмоцияларды айтып жеткізу қиын. Осы тұрғыда маусым бойы бізге қолдау көрсеткен қала әкіміне, барша жауапты мамандарға, клуб басшыларына алғыс айтамыз. Міне, араға 11 жыл салып Қазақстан Кубогін Шымкентке алып келіп отырмыз. Баршаңызға құтты болсын! – деді «Ордабасы» командасының капитаны Самат Шәмші.
Алаңға жиналған жанкүйерлер фуболшыларға құрмет көрсетіп, қошеметтерін аямады.
– Бұл жеңіс біз үшін өте қымбат. Қазақстан Суперлигасындағы ең жас команда екеніне қарамастан – «Ордабасы» футболшыларының орташа жасы 22,5 жасты құрайды. Біздің жігіттер табандылық көрсетіп, жанкүйерлерге, бізге қуаныш сыйлап отыр. Мақтанышпен айтатын жайт, финалдық кездесуде алаңға бірінші минуттан шыққан 11 футболшының жетеуі – қазақстандық спортшылар. Ал жалпы, клубтағы 25 ойыншының 17-сі – өзіміздің, Шымкенттің түлектері. Барлығы – клубтың тәрбиеленушілері. Келесі жылы алдымызға үлкен мақсаттар қойып отырмыз. Шымкентке Кубок тағы да құтты болсын! – деді қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов.
Бұдан кейін көпшіліктің қошеметімен «Ордабасы» футбол клубының капитаны Самат Шәмші Қазақстан Кубогін қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Жұмабекұлына салтанатты түрде табыстады. Жиынның соңы жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты.
Сонымен, араға 11 жыл салып «Ордабасы» клубы футболдан Қазақстан Кубогінің жеңімпазы атанып отыр. Еске сала кетсек, жергілікті команда 2011 жылы да осы Кубокті жеңіп алған болатын.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.

Другие материалы в этой категории: « Берсе қолынан, бермесе жолынан...