Версия для печати

Жүйріктерді тоғыстырған ShymkentMarathon Избранное

Среда, 18 Январь 2023 03:45 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 4661 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымқалада 2016 жылдан бері жақсы бір дәстүр қалыптасқан. Ол – жылда қыркүйек айында өтетін марафон. Бұл дәстүр биыл да жалғасын табады. Жүгіруді күтіп жүрген мемлекеттік қызметкерлер, дәрігерлер мен педагогтар, студент жастар, оқушылар, ерекше жандар, шоу бизнес өкілдері, әсіресе спортты жаны сүйетін жандар үшін бұл бір мереке іспетті.

700

 

Жалпы, марафонның шығу тарихына қатысты ежелгі аңыз бар. Б.з.д. 490 жылы грек жауынгері Фидиппид Марафон қаласындағы шайқастан кейін гректердің жеңісін хабарламақ болып, Марафоннан Афина қаласына дейінгі 42 шақырым жолды тоқтамай жүгіріп барған деседі. Қалаға жетіп, «Афиналықтар, қуаныңдар, біз жеңдік!» деп айқайлапты. Ал, бүгінде марафон ұзақ қашықтыққа жүгіретін спорттың бір түріне айналды. Халықаралық жарыстар мен олимпиада ойындарының бағдарламасына енді.
Спорттың осы түрін ұнататын жандар Шымкентте де жетерлік. Жерлестеріміз бен қаламызға еліміздің түкпір-түкпірінен марафонға арнайы келушілердің нәтижесінде «ShymkentMarathon» жылдың ең маңызды оқиғасына айналды.

708


– Шымкент марафонының тарихы 2015 жылдан басталады. Ұйымдастырушылар – Royal Club Fitness & SPA және Kasiet-тің жерлестерімізді салауатты өмір салтына баулу, қоғамдық жүгіру мәдениетін қалыптастыру мақсаты орындалып жатыр десек те болады. Бастапқы екі жылда «13-аймақ – біздің қолымыздан бәрі келеді» деген ұранмен қалалық жаппай жүгіру ретінде өтіп жүрді. Кейін халықаралық деңгейге шығып, 2019 жылғы марафонға Қазақстанның барлық қалаларынан, ТМД елдерінен спортсүйер жандар қатысты. Осылайша Шымқаланың спорт туризміне елеулі үлес қосып келеміз, – дейді ShymkentMarathon жобасы директорының орынбасары Сергей Безбородов.

702


Ұйымдастырушылардың айтуынша, марафонға қатысушылар саны жылдан-жылға артып келеді. Мысалы, 2016 жылы 1000 адам қатысса, 2017 жылы – 1700, 2018 жылы – 2000, 2019-2020 жылдары – 2500, 2021 жылы – 3000, ал өткен жылы 5000 адам қатысты. Жауапты мамандар биыл да қатысушылар саны 5000 адамға жетеді деп жоспарлап отыр. Жүгіру жолы кәсіби сортшылармен қатар әуесқойларға да есептелген.

711


Жарыста классикалық 42 шақырым 195 метрлік марафон, 21 шақырым 97 метрлік жартылай марафон қашықтығы мен «Ranner» деп аталатын 10 шақырымдық, «Beginner» – бес шақырымдық қашықтықтар бар. Оған қоса өткен жылдан бері 5 шақырымдық скандинавия жүрісі мен Ekiden эстафетасы қосылды. Ерлер мен әйелдер 6 жас ерекшеліктеріне қарай бөлек жарысады.
Марафон еріктілер мен жанкүйерлердің, ұйымдастырушылардың еңбегінің нәтижесінде жылдан жылға қызықты өтуде. Тіпті елімізде қатаң карантин сақталған 2020 жылы да қаламызда марафон өтіп, ұйымдастырушылар пандемия кезінде де жекелеген мәре арқылы осындай іс-шара өткізуге болатынын дәлелдеді. Осы жүйе бойынша 2021 жылы бүкіл Қазақстанда өтті.

710

Спорт туризмі

Соңғы он жылдықта елімізде спорт туризмі дамып келеді. ShymkentMarathon мол қонақ жиналатын ауқымды іс-шаралардың үздік үштігіне кіреді. Барлық қатысушылардың 20 пайызға жуығы басқа қалалардан келеді. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, марафон өткізуден қаланың экономикасына келген тиімділік 2020 жылы – 10 млн.теңге, 2021 жылы – 20 млн. теңге, ал 2022 жылы 30 млн теңгені құрапты. Қала қонақтары мен жүгірушілер марафонға қатысу үшін, ас-ауқаты мен жататын орнына, көлікке орташа есеппен 60 000 теңге төлейді.

712


Айта кетейік, қатысушылардың төлейтін жарнасы жобаның маңыздылығын арттырады. Ақылы жарна сомасына кеуде нөмірі, нәтижені бекітетін электронды чип, естелікке медаль, «Шымкент марафонынан» арнай шұлық, зат сақтау орны, жолда ұсынылатын сусын мен тіскебасарлар, сөре сөмкесі және т.б. кіреді.

Қызық деректер

Шымкент марафонының тарихында қатысушылардың ең жасы үлкені 85 жаста болған. Ол бес шақырымды жүгіріп өткен. Ал 42 шақырымдық марафонды 76 жастағы қария жүгіріп өтті.
Шымкент марафонына келушілердің көбі – Алматы, екінші орында – Ташкент қаласы, үшінші орында – астаналықтар келеді. Ауқымды жарысты Kasiet және Royal Club Fitness-тің 700 адамдық тренерлік құрамы мен еріктілер ұйымдастырады. Алғашқы бес жылдықта қаламыздағы марафонда 13 тонна су ішіліп, 5 тонна банан желінді деген дерек бар.
2018 жылы марафон жолы Мәскеу қаласынан келген арнайы маман Сергей Корнеевтің мақұлдануымен белгіленген. Содан бері Шымкент Алматы мен Астанадан кейінгі сертификатталған жарыс жолы бар қала саналады.

713


Марафоншылардың орта жасы – 32 болса, 60 пайызы – ерлер, 40 пайызы – әйелдер.
Қатысушыларды тағы бір қызықтыратыны – марафонның жүлде қоры. Жалпы жүлде қоры – 10 млн 500 мың теңге, ол 126 жүлделі орынға бөлінеді.

Дайындаған Салтанат ТҰРҒАНТАЙҚЫЗЫ

Последнее изменение Среда, 18 Январь 2023 04:10
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.