ЕРСҰЛТАН – ТАҒЫ ДА «ШЫМКЕНТ БАРЫСЫ»! Избранное

Среда, 12 Июнь 2024 06:20 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 1126 раз

Шымкентте жеңіл атлетика манежінде қазақ күресінен «Шымкент барысының» іріктеу турнирі өтті. Биылғы бәсекеде салмағы 90 келіден асатын, 25 балуан белдесті. Жақсы дәстүр биыл да жалғасын тапты. Сайыстың ұйымдастырылуы көпшіліктің көңілінен шықты. Қазақ батырлары тазы ертіп, саятшылық өнерін, ұлттық салт-дәстүрімізді паш етті. Балуандар кілемге беттейтін арнайы киіз үй тігілген. Оның бәрі де ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптеу, қазақтың төл мәдениетін көрсетуді мақсат еткен.

kures

 

Турнирдің ашылу салтанатында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, қалалық қазақ күресі федерациясының президенті Балтабай Асанов ұлттық спортқа қолдау жалғаса беретінін айтып, балуандарға сәттілік тіледі.
– Қалада ұлттық спортты дамытуға қажетті жағдайлар жасалған. Ұлттық спорттың төресі қазақ күресін насихаттау, қолдау жалғаса бермек. Шаһарда қазақ күресінен әлемдік деңгейде биік тұғырлардан көрінген, әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері бар. Ұлттық күресімізді одан әрі дамытуда көптеген турнирлер өткізілуде. «Шымкент барысы» іріктеу жарысы жас балуандарға серпін беретіні анық, – деді қала әкімінің орынбасары.
Сонымен, әлем және Азия чемпионатының жүлдегерлері, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, спорт шеберлері қатысқан сайыстың жеңімпаздары анықталды. «Шымкент барысы» қалалық іріктеу турнирінде белгілі балуан Ерсұлтан Мұзаппаров жеңіске жетті. Халықаралық турнирлердің жүлдегері Нұрсұлтан Қожагелдіұлы екінші орынға ие болды. Ал жастар арасында әлем чемпионатының қола жүлдегері Мейіржан Әбдімәліков үшінші орынға иелік етті. Салмағы 145 келі тартатын Мейіржан Әбдімәліков қазақ күресінен жастар арасында әлем чемпионатында қола жүлдеден олжа салған еді.
Тәжірибелі балуандардың арасында Нұрсұлтан Мыңғышов, Нұрсат Темірхан бұл жолы жүлделі орыннан көріне алмады. Енді Е.Мұзаппаров пен Н.Қожагелдіұлы шілде айында Астана қаласында өтетін «Қазақстан барысы» республикалық жарысында Шымкенттің намысын қорғайды.

kures-1


Айта кетсек, жеңімпазға 500 мың теңге, екінші орынға 300 мың, үшінші орынға 100 мың теңге сыйақы берілді. Спортшылардың бапкерлері де қаржылай сыйақылармен марапатталды.
Жалпы, шаһардан биыл да үш балуан Елорда төрінде жүлдеге таласып көрмек. Марат Байқамұров «Әскер барысы» сайысынан жолдама алған еді. Өткен жылғы бәсекеде М.Байқамұров жартылай финалға дейін жеткен. Бапкері Асан Мәмбетқұловтың айтуынша, шәкірті биылғы жарысқа тыңғылықты дайындалды. Бапкері екеуі осы жолы бас жүлде олжалауды мақсат етіп отыр. Салмағы 114 келі тартатын спортшы соңғы уақыттары жарыстарда топ жарып жүр. 2022 жылы әлем чемпионы атанды.
Шымкент қаласының ұлттық және ат спорт түрлері бойынша кешенді спорт клубының шәкірті Ерсұлтан Мұзаппаров жеңісті жолды жалғайтын балуан. 2018 жылы мықтылардың басын қосқан «Қазақстан барысы» турнирінде жартылай финалға жеткен. Елордадан көрермендер көзайымы болып, темір тұлпар мініп қайтқан.
Қазақ күресінен турнирлердің бәрінде жүлдегер атанды. «Дала батыры», грек-рим және еркін күрестен әлем чемпионы Қажымұқан Мұңайтпасұлын еске түсіруге арналған халықаралық турнирінің де жеңімпазы болды. Ерсұлтан биылғы республикалық турнирде 6-шы рет күреседі.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.

Другие материалы в этой категории: « ТАРТЫСТЫ БӘСЕКЕ ӨТТІ Велоспортшылар жарап тұр »