Шымкент қаласы әкімдігі спорт және дене шынықтыру басқармасының ұйымдастыруымен өткен велошеруге еліміздің әр өңірінен келген велошабондоз қатысты. Жалпы 150 қатысушы тіркелген. Олар Ташкент қаласына дейін 120 шықырымды жүріп өтті. Жарыс жолын бағындырған барлық қатысушы медальдармен марапатталды.
Жиынның ашылу салтанатында сөз сөйлеген қала әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов велошерудің маңыздылығына тоқталды.
- Бүгінгі спорттық іс-шараның мақсаты қаламызды велосипед спорт түрін дамыту мен салауатты өмір салтын насихаттау. Елімізге мемлекет тарапынан спортты дамытуға айрықша мән беріліп, әрбір азаматтың спортпен айналысуына жағдай жасалуда. Атап айтқанда, таяуда ғана ашылған 6 шақырымды вело жолағымыз, Шымкент қаласындағы қалалық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған ауқымды жобаның бір бөлігі болып табылады. Қалада велосипед спорты мен жеңіл атлетика спорт мектебі жұмыс жасайды. Соның нәтижесінде, спортшыларымыз халықаралық деңгейдегі жарыстарда, әлем, Азия чемпионаттарында көк туымызды желбіретіп келеді. Бүгінгі марафонға тек қала тұрғындары ғана емес, басқа да өңірлерден келген қонақтарымыз бар, - дейді Қуаныш Асылов.
Айта кетейік, ұйымдастырушылар велошеруді дәстүрлі түрде ұйымдастыруды және шетелдік велошабандоздарды тарту арқылы іс-шараның ауқымын кеңейтуді көздеп отыр.
Гүлжауһар БАЖАҚАЙ