Қысқы Олимпиада ойындары: несібеміз қандай болмақ? Избранное

Среда, 07 Февраль 2018 04:28 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 5672 раз

Қысқы Олимпиада ойындарының басталуына небәрі екі күн қалды. Әлем спортшыларының да, жанкүйерлердің де назары Оңтүстік Кореяға ауған. Қазақ елінің спортшылары да осынау спорт мерекесінде бәсеке көрігін қыздырмақ. XXIII Қысқы ойындардан несібеміз қандай болмақ? Облыс спортшыларының жағдайы қандай?

Үмітін үкілеген бес спортшы...

Расын айтқанда, Оңтүстіктің ұл-қыздары қысқы спорттан несібесіз емес. Соңғы жылдары бұл спорт түрін дамытуға ден қойылды. Спортшыларымыздың алды Олимпиада ойындарында бақ сынап, берісі Универсиада ойындарында жеңімпаз атанды. 

Бұл жолы үмітін үкілеген бес спортшы...Бәрі де фристайл акробатика шеберлері. Бұған дейін Жанбота Алдабергенова, Ақмаржан Қалмұрзаева және Маржан Ақжігіттің жолдама алғанын сүйіншілей жазып едік. Олардың қатарына тағы екі өреніміз қосылып отыр. Олар – Аяна Жолдас пен Ильдар Бадрутдинов. 

Жанбота мен Ақмаржанның жасы 22-де болса, қалғандары 16-17 жастағы өрендер. Естеріңізде болар, облыстан Алматыда өткен Қысқы Универсиадаға бес спортшы қатысқан-тұғын. Алдабергенова мен Іңкәрбек чемпион атанса, Арапбаева күмістен олжа салып еді. 

Жанбота Сочи ойындарында 6 орынды иеленген. Өзі қайсар қыз. Одан кейін бойжеткендер арасында әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Еуропа кубоктарында тәуір нәтижелерге қол жеткізіп жүр. 

Оңтүстік жұртшылығы Дүниежүзілік Қысқы Универсиададан оралған жеңімпаз ұл-қыздарын зор салтанатпен күтіп алғанына да бір жыл болыпты. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев жеңімпаз спортшыларды қабылдап, сый-сыяпат жасағаны әлі көз алдымызда. 

Мінекей, 2018 жылғы Олимпиадаға дайындық сол кезде-ақ басталып кеткен. Ақпан айында-ақ Кореядағы әлем кубогы этаптарына қатысты. Швейцария, Финляндия елінде оқу-жаттығу жиындары өтті. Осындай тыңғылықты дайындықтың арқасында бес жолдамаға қолымыз жетіп отыр. Біле-білгенге бұның өзі аз табыс емес. Қарсыз өлкеде де әлеуетті спортшылардың бой көрсетуі қуантарлық жайт.

Бап пен бақ қатар шапса...

Қазір облыс спортшылары соңғы дайындықтарын пысықтауда. Соңғы дайындық Ресейдің Красноярск аймағында өтті. ОҚО Қысқы спорт мектебінің директоры Бақытжан Зиябековтың айтуынша, бәрінің де дайындығы жақсы. Тек бақтары жанса болғаны.

Жалпы, фристайл акробатика бәсекелері 15 ақпанда басталады. «Phoenix Park» кешенінде алдымен жарыс көрігін арулар қыздырады. 16 ақпан күні финалдық сындар өтеді. Ал ерлер сайысының іріктеу кезеңі 17 ақпанға жоспарланған. Финалдық сынды 18-ші ақпанда тамашалаймыз.

Негізінен, бұл спорт түрінде Аустралия, Қытай, Беларуссия қыздарының шоқтығы биік. Әр Олимпиада ойындарында осы елдің спортшылары жүлдегер атанып келеді. Сочи ойындарының жеңімпазы беларуссиялық Алла Цупер де, күміс жүлдегер Сю Менгтао (Қытай), қола жүлденің иесі Лидия Лассила (Аустралия) да таңы жұпар елінде тағы да жүлдеге таласады. Негізгі қарсыластар осылар. 

– Бұл спортта осы спортшы негізгі қарсылас деп айту қиын. Әр жарыста ауа-райы әр түрлі болады. Бәрі спортшының өзіне байланысты. Қалай десек те, намысты қолдан бермейміз, – дейді Ақмаржан Қалмұрзаева.
Әрине, бап пен бақ қатар шапсын дейміз. ОҚО Қысқы спорт мектебінің директоры Бақытжан Зиябековтың айтуынша, жерлестеріміз Кореяға 8 ақпан күні аттанады.

 

7-ші Олимпиада...

Ақ Олимпиада ақпан айының 9-25 аралығында Оңтүстік Кореяның Пхёнчхан қаласында өтеді. ҚР Ұлттық Олимпиада Комитеті таратқан мәлімет бойынша, ел спортшылары дүниежүзілік ойындарда тоғыз спорт түрінен 57 лицензияға ие болды. Бұл – Тәуелсіз қазақ елі спортшыларының 7-і Олимпиадасы.

Бүгінде Олимпиадалық қалашықта қазақстандық спортшылар үшін бәрі дайын. Отандық спортшылардан биатлоншылар Пхёнчханға 1 ақпанда келді. 

Олимпиаданың ашылу салтанатында ел туын шорт-трекші Абзал Әжғәлиев ұстап шығады. Жалпы, Қазақстан спортшыларының сапында мәнерлеп сырғанаудан Сочи олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тен де бар. 

XXIII қысқы Олимпиада ойындары Оңтүстік Кореяда өтетін алғашқы, Азия құрлығында Саппоро (1972) мен Наганодан (1998) кейінгі үшінші қысқы ойындар болмақ. Қысқы Олимпиаданы өткізуге Мюнхен (Германия) және Анси (Франция) қалалары да таласқан еді. Дегенмен, дауыс берудің бірінші турында Пхёнчхан жеңіске жетті. Пхёнчхан қысқы Олимпиаданы өткізуге үшінші рет таласқан болатын. Бұған дейін 2010 жылы Ванкуверге, кейін Ресейдің Сочи қаласына жол беріп қойған.

Қысқы Олимпиададағы қызықты бәсекелерді «Хабар» агенттігі тікелей эфирде жанкүйерлер назарына ұсынбақ. Олимпиада алауы 9 ақпанда жағылады.

Последнее изменение Пятница, 09 Февраль 2018 07:01
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.