Ерсұлтан – жеңісті жолды жалғайтын жампоз Избранное

Среда, 11 Июль 2018 04:06 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 3110 раз

Жуырда қазақ күресінен мықтылардың басын қосқан «Қазақстан барысы» турнирін тамашаладық. Бұл жолы жеңісті жолды Л. Тәжиева атындағы Шымкент қалалық №4 спорт мектебінің шәкірті Ерсұлтан Мұзаппаров жалғап әкетті. Бәрекелді дестік. Салмағы 90 келі. Әбжіл қимылдайды. Техникалық айла-тәсілдері сүйсінтеді. Жартылай финалға жетіп жығылғаны өзекті өртейді, әрине.

45666

«Олқылықтың орнын өзім толтырсам»

Балуанмен әңгімелесіп отырмыз. Салмағының жеңіл болғанына қарамастан алыптардың бәсекесінде бас бәйгені иеленуді ойлапты. Қазақ күресінен биылғы турнирлердің бәрінде жүлдегер атанды. Осыдан екі ай бұрын Қажымұқан Мұңайтпасов турнирінде жеңімпаз тәжіне ие болды. Сол кезде шығысқазақстандық Айбек Нұғымаровты жеңген еді.
Астанадан көрермендер көзайымы болып, темір тұлпар мініп қайтқан талапты жастың пікірін білуге асықтық. Алдағы жоспарларын сұрадық.
– Барлық белдесу де ауыр өтті. Соңғы белдесулерде кішкене шаршаңқырап қалдым. Тынығып үлгермегенімнің әсері ғой. Салмағы ауыр қарсыластарыма күш-қуатым жетпей қалды. Басты жоспар – Оңтүстікке алтын жүлдені әкелу. Жаттықтырушылардың да, өзімнің де жоспарым осы. Бұл жолы нәсіп болмапты. Енді келесі жылы мақсатыма жетуге әрекет етемін, – дейді өзі.
Ордабасы ауданының тумасы Жұманазар Ерсұлтанов бұған дейін «Қазақстан барысы» бәсекесінде екінші, үшінші жүлделі орындарға иелік еткен. Алтын жүлде өңір балуандарына еш бұйырар емес. Ерсұлтан балуанның көкейінде «Осы олқылықтың орнын өзім толтырсам» деген арманы сайрап жатыр. Онысын жасырған жоқ. Назар ағасынан үйренетін тұстары көп. Етжеңді балуанда тәжірибе мол. Салмағы ауыр болса да жеңіл қимылдайды. Әрі жамбас әдістерін жақсы істейтіні бар. Жас балуан да Ерсұлтанов ағасының жолын жалғастыруға белді бекем буып отыр.
Бойында намыс пен жастық жалыны жалындаған балуан 2012 жылдан бері күрестен халықаралық дәрежедегі төреші Бақытжан Жақсығұлов басқаратын қалалық №4 спорт мектебінің шәкірті. Осы мектепте балуандық өнерге баптап жүрген маман – Қуат Байқожаев. ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы тәртіпке келгенде қатал. Дегенмен, көркем мінезді. Сабырлы.
Көпшіліктің көзайымына айналған балуан 1994 жылы Шардара ауданы, Шардара ауылында дүниеге келген. Күреспен 5 сыныптан бастап айналысқан. Төрт ағайынды. Үйдегі ең кішісі өзі. Ағасы Нұрсұлтан да кезінде балуан болған. Әкесі Нұртас пен анасы Сейдана қарапайым жандар.
– Тағы бір қуанышыммен бөлісейін. Таяуда ғана М.Әуезов атындағы ОҚМУ-ды аяқтап, қолыма диплом алдым. Барлық жаттықтырушыма, қолдау көрсетіп жатқан барша жанкүйерлерге алғысымды айтамын. Еңбегімізді елеп, өз сый-сыяпатын жасаған Оралбек Ботбай ағама мың алғыс. Осындай қолдау-қошеметтер бізге күш береді. Алда сенімдеріңізді ақтаймын, – дейді қуаныштан жүзі жайнаған жігіт.
Мінекей, қуаныш үстіне қуаныш келіп отырған жайы бар. Спорт жанкүйерлерінің есінде болар, Ерсұлтан былтыр Астана төріндегі бозкілемде әлем чемпионы атанған. Міне, араға бір жыл салып, тағы да Елордадағы жеңісті қадамы жалғасып отыр. Астана күні мерекесі қарсаңындағы беделі биік сайыста да жерлестері зор жанкүйерлік еткен. Оңтүстіктен де сыныптас дос-жарандары барған. «Сол азаматтардың айқайлап, қолдағаны жігеріме жігер қосты. «Ерсұлтан, күрес, жеңесің!» деп, қайрай білді» дейді өзі.
Балуанның ендігі бағыты – Индонезияда жалауы желбірейтін Азия ойындары. Сонда 90 келі салмақта бақ сынамақ. Әрине, жүлдемен қайту бар ойы. Белбеу күресінде қарсыластары – Орта Азия елдерінің балуандары.

Ұлттық спортты ұлықтауда алда келеді

2

Бүгінгі Астана – әлемдік өркениеттің орталығы, бейбітшілік бесігі ғана емес, спорт сайыстарының ордасы да. Ұлттық спортты насихаттауда да өзге өңірлерге үлгі көрсетіп келеді.
Міне, «Қазақстан барысы» бәсекесі Астана күнінің қарсаңында биыл 8-ші рет дүркіреп өтті. Өз аудиториясын қалыптастырды. Отандық қана емес, шетелдік арналар да өз тілінде спорт жанкүйерлерінің назарына ұсынуда. Қазақ күресінің дамуына, бұқаралық сипатта насихатталуына айтарлықтай үлесін қосты. Ұлан Рысқұл, Бейбіт Ыстыбаев, Айбек Нұғымаров, Мұхит Тұрсынов, Асыл Барменов, Еламан Ерғалиев сынды қазақ күресінің шеберлері «Барыс» атанды. Олардың қатарына қарағандылық Ержан Шынкеев те қосылды. Жоғарыда атап өткеніміздей, Оңтүстіктен Жұманазар Ерсұлтанов та бұл бәсекеде екі рет жүлдеге ие болды. Бұл дәстүр жалғасын табуы тиіс. Одан бөлек Нұрзат Бегасылов, Сабыржан Әбілдаұлы, Әділжан Ыстыбаев, Нұрсұлтан Мыңғышов, Жолдасбек Бектұрсынов та белдесіп қайтты.
Елордада аударыспақ, көкпар сынды ұлттық спорт түрлерінен халықаралық турнирлер, құрлық чемпионаттары да өткізіліп жатқаны мәлім.
Олимпиадалық спорт түрлерінде де құрлық ойындары, әлем чемпионаттары мен кубоктары, халықаралық бәсекелерді өткізу дәстүрге айналып келеді.
2011 жылы Қысқы Универсиада ойындары ұйымдастырылды. Жалпы айтқанда, Астана – сайыстар ордасы.
Тағы бір айшықтап айта кететіні, спортта «Астана бренді» қалыптасқаны ақиқат. Ол – «Астана-Арена», «Астана» велоклубы, «Астана арландары» кәсіпқой бокс клубы, «Астана» футбол клубы. Мұның бәрі де бас қаланың бренді. Мұның барлығы да бас қаланың спортта да бәсі биік екенін танытады. Алдағы уақытта Елорда бұл мәртебесінен де жоғарылай береріне сенім бар.

Последнее изменение Среда, 25 Июль 2018 06:54
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.