Тарихта қалған финал Избранное

Среда, 18 Июль 2018 04:10 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 3052 раз

Қош, көршіміз Ресей жерінде өткен футбол чемпионаты да аяқталды. Миллиондаған жанкүйердің делебесін қоздырған доп додасы футбол тарихындағы ең бір есте қалған әрі ерекше чемпионат болды деуге негіз бар. Оған бір себеп – футбол тамашалайтын жанкүйерлердің көбеюі.

5b4b7a43370f2c9a158b45bf

Жыл сайынғы «дәстүрлі» фанаттардан бөлек бұған дейін футбол көрмейтін жандардың дәл биыл мундиальдағы қандай да бір командаға қолдау көрсеткеніне өзіміз де куә болдық.
Сонымен, ақтық сында Франция Хорватиядан 4:2 есебімен басым түсті. Финал қарсаңында сарапшылар екі құраманың да күшін біршама тең деп бағалаған еді. Турнир басталғанда француздардың бәс салмағы ауыр саналғанымен, хорват жігіттерінің ақтық сынға дейінгі жүріп өткен жолы олардың да оңай шағылмайтын жаңғақ екенін көрсетті. Дегенмен, «Бап шаба ма, бақ шаба ма» дегендей, Франция құрамасының бағы жанып, чемпион атанды. Бағы жанып деуімізге негіз бар, хорваттар мықты ойын көрсетіп, қайтпас қайсарлықпен өздері ұтылып жатқан ойынның есебін теңестіруге ұмтылумен болды. Ал француздардың бастапқы екі добы айып соққыларынан кейін соғылды. Дегенмен, бұл француздар жеңіске кездейсоқ жетті деген сөз емес, себебі, кейінгі екі голды «үш жолақтылардың» екі жас таланттары, көпшілік үміт күткен Погба мен Мбаппе соқты.
Мәскеудегі «Лужники» стадионында 78 мыңнан астам, ал тікелей эфирде миллиардтан астам адам тамашалаған финалды өздеріңіздер де көрген боларсыздар. Ойынды талқыламай-ақ, биылғы финалдың ерекшеліктеріне тоқталасақ.
* Хорватия финалға алғаш рет шықса, Франция соңғы рет әлем чемпионатының ақтық сынында 20 жыл бұрын ойнады. Кешегі финал қаһармандарының бірі
Килиан Мбаппе ол кезде әлі дүниеге де келмеген еді (!)
* Хорваттардың шабуылшысы Марио Манджукич әлем чемпионаттарының тарихында алғаш рет автогол соғып алды. Сонымен қатар ол финалда өз қақпасына да, қарсыластар қақпасына да гол соққан футболшы атанды.
* 19 жастағы Мбаппе мундиаль тарихында финалда 20 жасына дейін гол соққан екінші футболшы атанды.
* Француздардың бас бапкері Дидье Дешам футбол тарихында алтын кубокты футболшы ретінде де, бапкер ретінде де жеңіп алған үшінші адам атанды. Алғашқы екеуі бразилиялық Марио
Загалло мен германдық Франц Беккенбауэр болатын. 1998 жылы Дешам чемпион Франция құрамасының капитаны еді.
* Финалында кемінде 3 гол салынған мундиальдан кейін тұп-тура 20 жыл өтті. Айтқандай, сол финалда да француздар жеңіске жеткен еді. Ал кешегі ақтық кездесудегі секілді 6 гол ойынның негізгі уақытында соғылған финал осыдан 60 жыл бұрын өтіпті. 1958 жылы Бразилия құрамасы Швециядан 5:2 есебімен басым түскен.

Последнее изменение Среда, 25 Июль 2018 06:31
Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.