Жайна ШЕКЕРБЕКОВА: «Қоржынымда Олимпиада жүлдесі ғана жоқ» Избранное

Среда, 12 Декабрь 2018 04:29 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 3859 раз

Үндістанда өткен бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионаты жарқын жеңіспен есте қалды. Шымкент қалалық кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебінің шәкірті Жайна Шекербекова қоржынға күміс жүлдені салып берді. Сөйтіп, әлемдік сайыстың екі дүркін жүлдегері атанды.

Жайна Шекербекова – 2014 жылғы Азия ойындарының күміс жүлдегері. Астанада өткен әлем чемпионатында қола жүлдегер атанып, Олимпиада жолдамасын да қағып түсірген-тін. Шүкір, жыл бойы жаттығу залдарынан шықпай, сорғалап аққан тердің өтеуін көріп келеді. Алғашқы Олимпиадада жүлдеге бір қадам қалғанда сүрінуі өкінішті, әрине.
Жеңімпаз аруды спорт мектебінің басшылығы, жаттықтырушылар қауымы әуежайдан зор қошеметпен күтіп алды. Біз де әлем чемпионатында күміс тұғырға көтерілген боксшымен емен-жарқын әңгімелестік.

Бір бәсеке өткізуім керек еді

125

– Жайна, әлем чемпионатындағы жеңісіңмен құттықтаймыз! Жалпы, алтын жүлде қол созым жерде тұр еді ғой...
– Рақмет, құттықтауларыңызға. Рас айтасыз, алтын алуға тамаша мүмкіндік болды. Алтыншы жекпе-жекте алтын жүлдеге таластық. Шынымды айтсам, соңғы сында оған дейінгі 5 жекпе-жектегідей сезінген жоқпын. Ағза да шаршағандай. Соның әсерінен бірқатар қателік жіберіп алдым. Барымды салып едім. Әрине, бәріміз де алтын аламыз деп ойлаған едік. Бұйырғаны күміс жүлде екен. Әлем чемпионаты өте жақсы ұйымдастырылған. Спорттық мансабымда мұндай 6 жекпе-жекті бірінші рет өткізгенімді айта кетсем. Бірінші айналымнан бастап жұдырықтасқанымды білесіздер. Бұл жолы ең көп қатысушы тіркелді. Оған қоса спортшылардың ең көп шоғырланғаны да осы 51 келіде.
Енді аздап тынығуым керек. 4-19 желтоқсан аралығында Сарыағаш қаласында емдеу-сауықтыру жиыны өтеді. Жаңа жылдан кейін Қазақстан чемпионатына дайындаламыз. Жыл сайын Сербияда өтетін халықаралық турнир бар. Қай жарысқа баратынымыз әзірге белгісіз.
– Астанадағы әлемдік сайыста жүлдегер атандың. Жауапкершілікті қалай сезіндің?Алтын алуға да мүмкіндігің мол еді...
– Маңдайға қола жүлде алу жазылыпты... Рас айтасыз, алтыннан үмітті едім. Өз елімізде өтіп жатқандықтан әнұранды шырқатсақ деген мақсат болды. Жартылай финалда әлем чемпионы, Олимпиада жеңімпазы ұлыбританиялық боксшы алдымды орап кетті. Негізінен, психологиялық тұрғыда бабым дұрыс болмаған сияқты. Мүмкін, кішкене тәжірибе жетпегендей. Онымен бұрын Польшадағы Феликс Штамм турнирінде қолғап түйістіргенмін. Ол кезде ұпай санымен есе жіберіп алдым. Никола Адамс – әлемдік рейтингте орны бар боксшы. Бірақ онымен тең дәрежеде бокстастым деп ойлаймын.
– Олимпиадада жүлдеге бір табан жақын қалдың...
– Риода жеребенің сәттілігінің арқасында бірден ширек финалға шықтық. Франциялық Сара Урамунды жеңуге мүмкіндік бар еді. Бәлкім, бір жекпе-жек өткізіп, Олимпиада шаршы алаңына бой үйретіп алуым керек пе еді... Сол керек болған сияқты. Жалпы, жеңілгеннен кейін түрлі себеп айтылады ғой. Шыны керек, алғашқы Олимпиадада жолым болмады. Франциялық қарсыласыммен бұрын жолымыз түйіскен емес. Олимпиада алдында Ұлыбританияда оқу-жаттығу жиыны өткен. Сол жерде спаррингте ғана қолғап түйістіргеніміз бар. Астанадағы әлем чемпионатында Сарамен тұғырда қатар тұрдық. Қарым-қатынасымыз жақсы. Азия ойындарында жүлдегер болғанымда құттықтады.
Шүкір дейміз, құрбым Дариға Шәкімова қазақ қыздары арасынан тұңғыш жүлдегер атанды. Соның өзі үлкен жетістік. Дариғамен боксты бастағалы бері бірге жүрміз. Оның жақсы қасиеттері туралы көп айтуға болады. Тұйық мінезді. Өзінің әлемі бар. Тәрбиелі қыз. Еңбекқорлығы да басым. Төзімділік жағынан көп спортшыға үлгі.

Филиппин аруынан есемді қайтарғым келген

– 2014 жылғы Азия ойындарында басты қарсыласың әйгілі үндістандық ару боларын әуел бастан білдік.
– Алты дүркін әлем чемпионы Мери Ком осалдардан емес. Оның атақ-дәрежесінен қаймыққан жоқпын. Керісінше, үнемі сондай мықтылармен жұдырықтасуды қолай көретінмін. Мери Комға да тізгінді толық беріп қойған жоқпыз. Тактика бойынша, жылдамдықты арттыра түсуге нұсқау алдым. Тәжірибелі боксшы. Ұпай жинап алғаннан кейін, қашқақтап, сытылып кетуі мүмкін ғой. Бапкерімнің айтқаны да дөп келді. Екінші раундта жеңгеннен кейін ұстасумен жүрді. Бапкерлерім жекпе-жек тең өткенін айтты. Өзімнің де пікірім солай. Дегенмен қарсыласым өте тегеурінді. Атақ-дәрежесі төрешілердің мысын басып кеткен секілді. Алтын Мери Комға бұйырып тұр екен. Гуанжоуда есем кеткен филиппин қызы Энни Албани осы жолы кезіксе екен деп едім. Соңғы кездері көрінбей жүр. Бәлкім, спорттты қойған. Жартылай финалда моңғол қызынан ақымды қайтардым. Одан Алматыда төрт елдің турнирінде жеңіліп қалғанмын.
– Мери Ком құрбыңнан нені үйренуге болады?
– Жасы отыз беске келген, ең егде боксшылардың бірі. Үш баланың анасы. Қайтпас, қайсарлықты үйренуге болады... Төзімділікті. Қиыншылыққа мұқалмай, еңбекқорлығының арқасында осындай жетістікке жетіп жүр. Ол туралы фильм түсірілгенін білесіздер. Алматыдағы оқу-жаттығуда жүргенде бапкерлер барлығымызды жиып, кинотетарға апарып көрсетті. Өздеріңіз білесіздер, үнділер фильмнің маманы ғой (күліп). Түсірілім жағы керемет. Фильмнің 60-70 пайызы шындық. Содан кейін бе, маған ерекше әсер етті. Біз боксқа үйірсектеп жүрген кезде атағы жер жарып тұрған еді. Өзіміз қарсылас болдық. Өте ақжарқын мінезді. Жарысқа келген кезде хал-жағдай сұрасып, бала-шағасын көрсетіп тұрады. Басқа жарыстарда ұтып жатсақ, құттықтау жазатыны бар.

Қыздар да техника жағынан ерлерден қалысар емес

– Осынау төзімділікті талап ететін боксқа қалай келгеніңді толығырақ айтып берсең...
– Мектеп қабырғасында жүргенде волейбол, баскетбол ойнадық. Спортқа бейім едім. Ұл балаларға жақын болып өссем керек. Баскетболдан ауданаралық жарыстарға қатысып жүрдік. Жаңалықтардан атақты Мұхаммед Әлидің қызы Лейла Әли туралы еститінмін. Атағы жер жарып тұрған шағы. Сол кезде біз де боксқа қатыссақ қалай болар екен, бізде бұған мүмкіндік бар ма деп ойладық. Бірақ ол кезде кәсіпқой түрде айналысамын деген мақсат болған жоқ.
Осы талпыныстың арқасында мектеп бітіріп, Шымкент қаласына оқуға түстім. Спорттағы жарқын жеңістерім осы қаладан басталды. «Фемида» заң колледжінде оқып жүргенде бір спорт түрімен шұғылданайын дедім. Оқу орнының жанында кикбокс үйірмесі бар болатын. Алғашында кикбоксты серік етіп жүріп, 2006 жылы Қызылжар қаласында өткен ел біріншілігінің жеңімпазы атандым. Содан бір күні әуесқой боксқа аңсарым ауып, оның қыр-сырын меңгеруге барымды салдым.
2008 жылы Алматыда өткен ел чемпионатына қатысып, жеңімпаз атандым. Бұл менің бокстағы алғашқы әрі ірі жеңісім болатын. Бір айта кетерлігі, сол кезде небәрі 50-ге тарта боксшы бақ сынады. Алайда қазір бұл көрсеткіш едәуір өсті.
Бүгінде әйелдер боксы өте қарқынды дамып жатыр. Ерлерден қалысар емес. Бізде де дәрігер, психологтар, биохимиктер жұмыс істейді. Үлкен командамыз. Бұрын ондай жоқ еді. Олимпиадада қыздардың салмағын көбейтті. Әлем чемпионатын қарасақ, қыздар да ерлерден қалмай, әдемі бокс көрсетуде. Техника жағынан да ерлерден қалыспайды. Бұрын әйелдер боксы төбелеске жақын, оларда техникасы аз деп айтатын. 5-6 жылдың көлемінде қыздардың да әдіс-айлалары көбейді. Ұлдар сияқты техника көрсеткен құрбыларымды атап бере аламын.
– Спорттық мансабың осы салмақта аяқталады екен ғой...
– Менде салмақ жағынан мәселе жоқ. 2010 жылғы Азия ойындарынан бері осы салмақта бокстасып жүрмін. Әзірге қоржынымда тек Олимпиада жүлдесі ғана жоқ екен. Польшадағы Феликс Штамм, Түркиядағы Ахмет Комерт турнирінің алтын жүлдесі бар. Чехиядағы Гран-При жарысының күміс жүлде иегерімін. Өз елімізде өтіп жатқан турнирлердің көбісінен жүлде алдым. Халықаралық турнирлер үлкен ресми жарыстарға дайындық іспетті.
Ең бірінші мақсат – Олимпиада жүлдесі. Қазір осы жолда еңбек етіп жатырмын. Оған бару үшін де көптеген сынақтардан өту керек. Ендігі жылы өтетін әлем чемпионатында жолдама беріледі. Жолдама алу – ең басты мақсат. Соған жетсек пе дейміз. Денсаулығым барлығы жақсы. Неге ары қарай жұмыс істемеске?! Қолдан келіп тұрса, тек еңбек ету керек. Токио Олимпиадасына дейін барлық күш-жігерімді жұмсаймын деп ойлаймын.
– Спортта кімдерді үлгі тұтасың?
– Жалпы, спортта Жақсылық Үшкемпіровты үлгі тұтамын. Қазақ боксшыларынан Серік Қонақбаев, Мұхтархан Ділдәбеков, Серік Сәпиев сынды ағалар қандай құрметке де лайық азаматтар. Жас боксшылардың бәрі де осы кісілерге ұқсағысы келеді. 2000 жылы Сидней олимпиадасында талайларды тамсандырған, небәрі 20 жасында қазақ боксшыларының арасында тұңғыш Олимпиада чемпионы атанған, марқұм Бекзат Саттархановтың шеберлік мәнері ұнайды.
Кәсіпқой бокста отандасымыз Головкиннің бәсекелерін үзбей қадағалап жүремін. Еңбекқорлығымен жеңіске жетіп жүр. Әлемдік рейтингтегі үздіктердің бірі Флойд Мейвезер, Мэнни Пакьяолардың боксын үзбей көремін. Адамгершілігі жағынан Головкин де, Пакьяо да қандай құрметке да лайық боксшылар.

– Әңгімеңе рақмет!

Последнее изменение Вторник, 15 Январь 2019 11:46
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.