Зілтемірді ұршықша иірген Ильин үлкен спортпен Қоштаса ма?

Среда, 19 Февраль 2020 04:08 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 5769 раз

«Адам бұл өмірде бәріне дайын болу керек. Түрлі сынақтарға қарсы тұра білген адам ғана түптің түбінде жетістікке жетеді. Соңғы Олимпиадалық циклде қиын сәттерді бастан кештік. Бірақ жігерім сынбады. Өз-өзімді жігерлендіріп, тек алға қарай жүрдім. Әрдайым ізденіс үстінде болдым. Спортпен қоштасатын уақыт та жақындады. Алда басқа таңдаулар тұр». Ауыр атлетикадан төрт дүркін әлем чемпионы Илья Ильин М. Әуезов атындағы ОҚМУ жастарымен кездесуде осылай деді.

86500929 1803160726485748 3454751725875888128 o

«Волонтерлер жылына» орай ұйымдастырылған жиында әйгілі спортшы ерікті жастар, жас спортшылар және студенттермен ашық сұқбат құрды. Іс-шараны ОҚМУ-дың бірінші проректоры Қайрат Нұрманбетов жүргізіп отырды.

Ильиннің таяуда ғана Ташкентте өткен халықаралық ынтымақтастық чемпионатынан жеңімпаз болып оралған беті осы. Соңғы рет 2014 жылы өз елімізде өткен әлем чемпинатында жанкүйерлеріне жарқын жеңіс сыйлаған. Одан кейін допинг дауының кесірінен Рио ойындарына да қатысқан жоқ. Міне, содан бері ешбір жарыста тұғырдан көріне алмады. Үлкен толқыныс үстінде жүрген спортшы көпшілікпен сырласып, іштегі бұлқынысын бір ақтарып алды.

Өмір алма кезек, деген осы. Ташкенттегі турнирде алтын жүлдені бұрынғы қарсыласы, бүгінгі досы Руслан Нурудинов тапсырды.
– Ұзақ үзілістен кейінгі бірінші рет жеңімпаз атандым. Нәтиже соншалықты керемет болмаса да, ең бастысы алтын медаль. Соған қуандым. Алтын жүлдені Руслан Нурудинов марапаттады. Кезінде екеуміз қарсылас болдық. Риода ол жеңімпаз атанды. Қанша жылдан бері спортта жүрмін. Спорттағы достық ең басты құндылық екенін түсінгендеймін. Иә, қиын жағдайларды бастан кештік. Осындай сәтте қолдау көрсеткен өз жанкүйерлеріме, халқыма ризашылығымды айтамын, – деді Илья көпшілікке рақметін жеткізіп.

Ильин Шымкентке келіп, студенттермен жүздесуді бұған дейін жоспарлаған. Сәті енді түскен. 4 дүркін әлем чемпионы, 2 дүркін Азия ойындарының чемпионы жақын уақытта спорттық мансабын аяқтауды жоспарлап отыр. 25 жыл бойы спорт залда жүру аз уақыт емес. Студенттер, оқытушылармен ашық әңгіме барысында әйгілі спортшы жетістікке жету сырларын, алдағы арман-мақсаттарын жайып салды.

86787688 1803161153152372 9019366884205658112 o

– Таяуда 32 жасқа толамын. Өмірімді жаңадан бастайтын тамаша кезең. Өзімді басқа салада танытқым келеді. Спорт менеджер ретінде бақ сынап көру ойымда бар. Ойда жүрген көптеген идея, бағыттардың біріне тоқталуым керек. Өкінішке қарай, мансабымды керемет жағдайда аяқтау мүмкін болмады. Қазір де жаттығуды үзгенім жоқ. Ауыр жарақаттардан аманмын. Азия чемпионатына дейін 2 ай қалды. Міне, қазір соған дайындалып жатырмын. Егер нәтиже ойдағыдай болса, қатысып жеңімпаз атануды көздеймін. Егер нәтиже көңілдегідей болмаса, жанкүйерлермен қоштасамын. Иә, мансабымды аяқтау нәтижеге байланысты болып тұр.

Бейжіңде алтын медаль алғанымда, 2020 жылғы Олимпиадаға дейін ғана спортта жүретінімді айтқанмын. Міне, сол сәтке де келіп жеткен секілдіміз, – дейді спортшы.
Университет басшылығы атынан Қайрат Еңбекшіұлы әйгілі спортшының еңбегін атап өтіп, оқу орнының «Құрметті профессор» куәлігін табыс етті.
Өз кезегінде И. Ильин де әріптестік орнатуға, білімі мен тәжірибесімен бөлісуге әрдайым дайын екенін атап өтті.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.