Закир САФИУЛЛИН: «БірліГІміз бекем болса, жетістік өзі-ақ келеді»

Пятница, 15 Май 2020 02:48 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 1114 раз

14563

Шымкент қаласы спортына бокстан алғашқы Олимпиада жолдамасын сыйға тартқан Закир Сафиуллиннің үйінде болдық. Жас отбасында үш балдырған өсіп келеді. Азия чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері бізді қонақжай пейілімен қарсы алып, үйге кірісімен медальдарының жиынтығымен таныстырды. Медальдарының әрбірінің орны бөлек. Бір қызығы, саудырлаған жүлделердің арасында тек Олимпиада жүлдесі жетіспей тұр. Оған арнайы орын да дайындап қойыпты.

«Олимпиаданың бір жылға шегерілігені маған қолайлы»

Рас, спортшыны Олимпиада жолдамасы ұзақ күттірді. Әңгімеміз алдымен осы тұрғыда өрбіді.
– Лицензиялық турнир жоғары деңгейде өтті. Мен үшін турнир аса қиынға соққан жоқ. Жаңа салмаққа да төселіп келемін. Күш-қуатым да молая түсуде. Финалда да жеңгеніме сенімді едім. Ең бастысы, жолдама алдық. Соған көңілім тоқ.
Бокста жүргеніне жиырма жылдан асты. Олимпиада жолы ұзақ болды, рас. Олимпиаданың бір жылға шегерілгені шынын айтсам маған өте қолайлы болып тұр. Өйткені бұл мен үшін жаңа салмақ. Әлі қателіктермен жұмыс істеуім қажет. Уақытты дұрыс пайдалануымыз керек қой. Кейбіреулер жасымның ұлғайғанын сөз етіп жатады. Бірақ менің тынысым енді ашыла бастағандай, – дейді өзі.
Иә, карантинде уақытты дұрыс кәдеге асыра білу маңызды. Әрбір спортшы үшін. Белгілі спортшы бұл кезеңде функционалдық жаттығуларға көңіл бөлуде. Бұған дейін өзінің ойлаған кейбір созылу жаттығуларына уақыт таппай жүретін. Қазір сол олқылықтың орнын толтыратын сәт.
Қолында күнделік. Оны жанынан тастамай алып жүретінін айтады өзі. Оған әрдайым жаттығу барысы жазылады. Боксшы қара терге малынып жаттығатын сәтті сағынып-ақ қалыпты.

«Ұлттық құрама жігіттерінен қазақша үйреніп жүрмін»

Закир бауырымыз Шымкентте туып-өсті. Туған қаласын әрдайым мақтаныш етіп жүреді. Бокс өнерін сегіз жасында «Юбилейный» шағынауданында бастаған.
Тіршіліктің тауқыметі кімді болса да ширатпай қоймайды әрине. Жас кезінен базарда сауда істеді. Спортпен қатар құрылыста, күзетте де жұмыс істеп, ширығып өсті.
Отбасымен жақыннан таныстық. Кейде жанкүйерлер боксшының тегіне қарап, әйгілі бапкер Нұрғали Сафиуллинмен туыстығы барын айтып жатады. Бірақ әсте олай емес.
- Біз үш ағайындымыз. Қарапайым шаруа Найль мен Гузальдың шаңырағында дүниеге келдім. Әкем инженер. Анам үй шаруашылығында. Мені кішкентай кезімнен спортқа берген әкем болатын.
Әке-шешем қазақша жақсы сөйлейді. Ал мен қазақ тілін толық түсінсем де, сөйлеуді енді үйреніп келемін. Алдағы уақытта толық меңгеремін деген ойым бар. Ұлттық құрамада ынтымағымыз жарасты. Бәрімен тонның ішкі бауындай араласамыз. Міне, қазақшаны да солардан үйреніп жүрмін, – дейді өзі.

«Өз елімнің адамдарында жан жылулығы бар»

– Әлемнің көптеген елдеріне табанымыз тиді. Бір байқағаным, ешбір ел өзімнің туған еліме, жұмақ мекеніме жетпейді. Біздің елдің табиғатынан бөлек, адамдарда жан жылулығы да ерекше.
Ұлттық құрамада әр түрлі ұлт өкілдері жиналған. Дегенмен, ондағы аура өте керемет. Сыйластық, достық қатынас басым. Үлкенге құрмет, кішіге ізетті көріп қуанамын. Сондай-ақ, біз жаттығуда күн сайын Әнұранды бірге шырқаймыз. Қазір құрама сапына жастар көп қосылуда.
Шүкір, еліміз уақыт-сәтімен өркендеп келеді. Біз, татар халқы да осы елде жетістікке жетіп, адал еңбек етіп келеміз. Бүгінгі қиындықтар да артта қалатынына сенім зор. Ең басты қымбат мәселе адамдардың денсаулығы ғой.
Мұндай сәтте бір-бірімізге қолдау көрсетіп, тәртіпке бағынғанымыз абзал. Ал шыдамды да еңбекқор спортшылар қауымын бүгінгі карантин жағдайы әдеттегіден де төзімді болуға үйретеді. Олимпиада жүлдесі жолында талап пен тәртіпке сай еңбек етуді жалғастыра беремін, – деді спортшымыз Саңлақ Сафиуллин осылай сыр шертті. Бірлік бар жерде тірлік бар. Бүгінгі мамыражай заманда елдің дамуына үлес қосамын деген жасқа барлық мүмкіндік жеткілікті. Егер оны тереңінен ұғына білсе.

 

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.