Версия для печати

Ендігі мақсат – Олимпиада жүлдесі Избранное

Пятница, 24 Июль 2020 03:14 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 20564 раз
Оцените материал
(0 голосов)

1b7c68b52335c95b726a755e77287838 XL

Біз мұны каратэ спортындағы ақжолтай жеңіс деп білеміз. Тарихи ерліктің әманда орны бөлек. Татамидің тарланы Дархан Асаділов бүгінде Олимпиадаға тыңғылықты дайындық үстінде. Жолдама уысында. Ендігі мақсат – төккен тердің өтемін көрсем дейді. Олимпиадаға жаңадан енген спортта тыңнан түрен салу оңай емес, әсте.

1582280588Премьер-лига кезеңінің сегізінде жеңімпаз атанды

Бүкіләлемдік каратэ федерациясы (WKF) Токио Олимпиадасына жолдама алған алғашқы каратэшілер есімін жариялаған-тын. Қазақ ұланы Дархан Асаділов 67 келіге дейінгі біріккен салмақ дәрежесінің көшін бастап тұр. Одан әрі қарай Анджело Креченцо (Италия), Стивен Дакоста (Франция), Винисиус Фигейра (Бразилия) және т.б. Жолдамалар Олимпиадалық іріктеудің бірінші кезеңінің нәтижесі бойынша үлестірілді.
Осылайша Асаділов Токио Олимпиадасына мерзімінен бұрын жолдама жеңіп алды. Өткен жылы басталған іріктеу бәсекелерінің басым көпшілігінде жеңіске жетті. Мәселен, Қазақстан командасының үздігі 11 Премьер-лига кезеңінің сегізінде жеңімпаз атанды. Сөйтіп, жүзден аса елден қатысқан 600 спортшының ішінен көш бастап отыр. Жалпы 67 келіге дейінгі біріккен салмақ дәрежесіндегі олимпиадалық рейтинг тізгінін өткен жылдың шілдесінен бері ешкімге ұстатқан емес. Иә, Асаділов басты қарсыластарынан қара үзіп кеткенін бағамдап отырмыз.
Каратэ өнері Токио ойындарының бағдарламасына қосылады деген хабар тарағанда үміт оты маздай түскен. Бірқатар қазақ ұланы осынау жолда табанды мақсат қойды. Соның бірі – Шымкент қаласының жоғары спорт шеберлігі мектебінің шәкірті Дархан еді. Жылт еткен үміт сәулесі тыныш қойсын ба, жаттығуды одан әрі үдетті.
«Менің спортта қалуыма себепкер болған осы Олимпиада ойындары болатын. Каратэдегі бар еншімді алдым ғой деген оймен спортпен қоштасуға бел буып жүргенмін. Бір Олимпиаданы өткіздік. Келесіні күттік. Кенет біздің спорттың Олимпиада бағдарламасына енгенін естігенде лезде жаттығуды қайта жалғастырдым. Рейтингілік турнирлер басталған кезде мен алғашқы жүздікте едім. Біртіндеп, отыздық, жиырмалық қатарына ендім. Былтыр олимпиадалық рейтингте бірінші орынға көтеріліп, әлі күнге дейін сол орынды ұстап келем», - дейді спортшының өзі.
Маңдай тердің өтеуінен асқан қандай бақыт бар десеңізші?! Мінекей, Шымқаланың шымыр жігіті әзірге басты межеге қол жеткізді. Ендігі мақсаты – Олимпиада жүлдесіне ұмтылу.

Қарсы шабуыл жасаудың хас шебері

Дархан Әбсадықұлы бұл жолда Шаттық Қажымұқаннан тәлім алды. Оның айтуынша, Дархан ҚР ұлттық құрамасында спорттық режимді ең қатаң ұстайтын спортшы. Жарыс кезінде психологиялық тұрғыда өзін жақсы дайындайды. Салқын мінезді. Ең бір айрықша шеберлігі, ол ара қашықтықты өте жақсы сезінеді. Және оңтайлы сәтті пайдаланып, қарсы шабуыл жасаудың хас шебері. Қарсыластың тактикасына қарай жылдам өзгереді.
Каратэден Олимпиадаға жолдама алу оңай емес. Қазақстан Ұлттық құрамасының бас бапкері Жасталап Санауовтың айтуынша, Асаділовтің тарихи жолдамасы өзге спортшыларға рух берді. Токио Олимпиадасына қатыссам деген талаптарын шыңдай түсуде.
«Дарханның Олимпиада ойындарына мерзімінен бұрын жолдама алғаны біз үшін өте қуанышты жайт. Ол өзінің еңбекқорлығының, кәсіби шеберлігінің және төзімділігінің арқасында осындай жетістікке жетіп отыр. Токио Олимпиадасына іріктеу турнирі басталғанға дейін Дархан әлемдік рейтингте алғашқы жүздікке де енбеген болатын. Себебі, каратэ Олимпиада бағдарламасына енбегендіктен, біз көбіне Азия аймағындағы турнирлерге, Азия ойындарына басымдық бердік. Ал осыдан үш жыл бұрын рейтингілік бәсекелер басталғанда Дархан бастаған спортшыларымыз бар күшін салды.
Каратэден Олимпиадаға іріктеу турнирі қиын болғанына қарамастан, ол ең алғаш болып лицензия иеленіп отыр. Дарханның бұл қадамы команда спортшыларына үлкен жігер, зор сенім сыйлады. Олар үй бетін көрмей, үнемі жарыста, оқу-жаттығу жиынында жүреді. Соның ең басты өтеуі – Олимпиада ойындары болмақ», - дейді бас бапкер.

 

1550414653

 

Бар мақсатым – Олимпиада ойындарында алтын алу

Қазіргі басты мәселе – карантин кезінде команда мүшелерін спорттық бабында сақтау. Бапкерлер кеңесі спортшылардың дайындығын онлайн режимде бақылауда ұстап отыр.
Дархан карантин уақытында үйде жаттығуды жалғастыруда. Бапкерлер құрамы мен команданың дәрігерлері айтқан нұсқаулық бойынша күніне екі мезгіл жаттығу жасайды. Таңертең - кардио, кешке - физикалық жаттығуға көңіл бөледі.
– Олимпиаданың келесі жылға ауыстырылғаны спортшыларға ауыр тиді. Өйткені, бұл төртжылдықтың басты додасына небәрі төрт ай қалған еді. Әр спортшының өз жоспары бар. Қалай болғанда да босаңсымай, спорттық қалыптан шықпауымыз керек. Алдағы бір жылға тыңғылықты дайындық басталды.
Рейтингте бірінші орында тұрғаным маңызды емес. Қазіргі таңда жаттығуға басымдық беруім керек. Менің басты қарсыластарым Италия, Франция, Жапония елінің өкілдері еді. Тиісінше, олар да Токио Олимпиадасына баратын болды. Лицензия иегері атанған соң, екі есе күшпен дайындалудамын. Бұл маған одан әрі жігер берді. Себебі, Қазақстан командасы үшін бұл тарихи жолдама саналады. Нағыз жауапкершілікке толы кезең енді басталды. Бар мақсатым – Олимпиада ойындарында алтын алу. Осы жолда еңбектенемін, тер төгемін, – дейді саңлақ спортшы.
Шымкент қаласының спортшылары өткен жылғы Жазғы Спартакиада ойындарында екінші орын алған болатын. Жалпыкомандалық есепте Алматы қаласынан кейінгі орынды иелендік. Алда – Олимпиада ойындары.
Асаділов Шымкент қаласының, сондай-ақ Ұлттық құраманың қоржынына алғашқы жолдаманы сыйға тартты. Ендеше, біз жерлесімізден зор үміт күтеміз.
Жыл басында WKF (Дүниежүзілік каратэ федерациясы) басшылары өткен жылғы әлем үздіктерін марпаттады. Отандасымыз Дархан Асаділов 60 келіде 2019 жылғы әлемнің ең үздік татами шебері болып танылған еді.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.