Версия для печати

ОЛИМП – биік шың екен Избранное

Пятница, 14 Август 2020 04:02 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 20375 раз
Оцените материал
(0 голосов)

2020 04 30 smanov-1

Алматыда халықаралық жарыстар жиі өтіп жатады. Қазақстан құрамасының сапынан Болат Жұмаділовті, Нұржан Смановты және Ермахан Ыбырайымов пен Аркадий Топаевты көргенде көзің тойып, арқаңнан ауыр жүк түскендей жеңілейіп қаласың. Бұлар шын мәнінде әлемдік деңгейдегі саңлақтар болатын.

Болат пен Нұржан классикалық мәнердегі боксшылар. Шабуылға шығып, түйдектетіп ұрғанда оқты жаңбырдай жаудыратын пулеметті көз алдыңызға елестете беріңіз. «Тисе терекке, тимесе бұтаққа» емес, көбіне талмау тұстан талдырып түсіретін таза соққылар.
Алдыңғы қолымен көсіп ұратын Ермаханның қос қолы қайың сойыл, шоқпар секілді. Қарсыласы оқтаулы жүрген оң қолынан сескеніп жүргенде, сол қол шықшықтан сақ ете қалып, сұлатып түсіреді. Аркадий Топаев – ол да сұрапыл боксшы.
Әсіресе, Нұржан Сманов. Шаршы алаңда өте ақылды жігіт. Қарсыласының ойын көзінен оқып қояды. Соққылары ауа қармап қала берген соң ананың дәсі қайтып қалады. Қасқырдың алдына түскен қояндай бүгежек қағады. Қылар қайраны жоқ, жеңіліп тынады.
Қазақстан тәуелсіздік алып, етек-жеңін жинағанда осы Нұржан Сманов құраманың капитаны болды. Олимп шыңын бағындырса, осы Сманов топ жарады, дескен жұрт.
Қазақ боксы тарихында бір боксшының бармағы шайнаулы кеткен болса, ол да осы біз мақтауын жеткізе алмай отырған Нұржан Сманов.
Бір салмақта қарайлас Ермахан Ыбырайымов. Аркадий Топаев, Қанатбек Шағатаев, Марат Жақиев, ағайынды Бердібековтер болды.
Қазақстан боксының келешек жұлдыздары, ол кезде көкөрім бозбалалар.

 

14-009


– «Кім мықты, мен мықты» болып, бір салмақта өзара таласып жүреміз, – дейді еркөңіл Ермахан. – Бірде анау жеңеді, бірде мынау жеңеді. Бір күні «Буревестник» спорт қоғамынан жарысқа Нұржан Сманов келді. Кіл мықтылар Нұржаннан алдымыз нокдаун, артымыз нокаут алып, 63,5 келі салмақтан тырағайлап қаштық. Біреу салмақ қуып, төменге түсті, біреу ауырлады. Үміті жоқтары қолғабын шегеге ілді. Бәріміз таласып жүрген салмақты басыбайлы Нұржанға беріп кеттік.
1987 жылдан бастап бокста Нұржан Смановтың дәурені жүрді. Ол 15 жасында Кеңес Одағының чемпионы атанып, КСРО спорт шебері атағын алды.
18 жасында Еуропа чемпионы, Еуропаның «Үздік боксері» атанды. 1988 жылы Халықаралық дәрежедегі КСРО спорт шебері, 1995 жылы
«Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген спорт шебері» атағын алды.
Он бес жыл бойы ұлттық құраманың 63,5 - 67 келі салмағында нөмірі бірінші боксшысы болды. КСРО-ның 4 дүркін чемпионы, Азия және Азия ойындарының 2 дүркін чемпионы, Еуропа чемпионы, Әлем чемпионатының күміс және қола жүлдегері, алтын белбеу иегері 1996 жылы Атлантада өткен олимпиада ойындарында бесінші орынға табан тіреген. Өзінің 15 жылдық спорттық карьерасында 52 медаль жеңіп алған. 35 алтын, 9 күміс, 8 қола медальдың иегері.
Бір атақты боксшыға жететін даңқ пен дақпыртқа ие болғанымен, осының бәрі Нұржан Смановтай дарабозға аздық ететін еді. Бұл – біздің ғана емес, жанкүйерлердің де пікірі. Оның алдында адам айтса нанғысыз, түсініксіз жағдаяттар болды. Біз айтқалы отырған жағдай Атланта Олимпиясының алдында болған.
...Ташкентте Азия чемпионаты өтіп жатыр. Нұржанның көңілінде анау айтқандай толқу жоқ. Қазір өзімен беттесетін Нариман Атаевті бір кісідей біледі. Мықты қарсылас, сыралғы жігіт. Соңғы жылдары екі рет кездесті. Екеуінде де өзі басым түскен. Ұрыс мәнері Қанатбек Шағатаевқа ұқсағанымен, соққылары әлсіздеу. Нұржанның шаршы алаңға шыққанда кеубіреулердей шиыршық атып, орнында байыз таппай аласұру ғадетінде жоқ. Ауаны осып-осып бірнеше мәрте соққы жасап, әлгінде қызынған денесін ұрыс жағдайына бейімдеді. Кеше ерте жатқан, жақсы сергіп қалыпты. Тоят тілеген бүркіттей басын жан-жағына бұрып тұрып, өзіне қадалған от жанарды байқап қалды. Залға жалт қараған. Көпшіліктің ортасында отырған қара киімді екі әйелді байқап үлгерді. Еріндері күбірлеп бұдан көзін алмайды. Көздері шоқтай. Нұржан өзінің сәл талықсығанын сезді. Реферидің ортаға шақырған үнін талып естіді. Бұнысы несі?!
Есін жиса, бәрі Қазақстан құрамасына жаттығуға берілген бөлмеде отыр. Үстін қара тер басып кетіпті. Мойнына асқан орамалы да шылқып кеткен. Жайшылықта жайраңдап бірін-бірі іліп-шалып отыратын жігіттер ауыздарына су толтырып алғандай үнсіз. Біреуі мұның бетіне қарай алмайды. Көпшілігі қабағымен жер шұқып отыр.
– Мен жеңдім бе?
Ешкім селт етпейді Көрдей тыныштық. Бапкері Сафиуллин жауар бұлттай түнеріп отыр.
– Нұрғали аға, не болды, мен жеңдім бе?
Ақсары жүзі парт болып қызарған Нұрғали Сафиуллин бір жігітке иек қаққан. Өлмегені қара жер. Жекпе-жекті түсірген таспадан көргені бұл екі қолымен басын тұмшалап алыпты. Әшейінде бұл жақындағанда ұлы қорғанысқа кететін Атаев бокс қапшығын ұрып жүргендей қалауынша соғады. Өмірінде соққыдан құлап көрмеп еді. Нариман бір емес, екі рет сұлатып түсірді. Мына сұмдықты көргенде ұяттан, намыстан өзегі өртеніп, көзінен жанартаудай болып жас бұрқ ете қалды. Бір ыстық ағын миын шаншып түсіп, табанына дейін жай оғындай жарып өтті, Өкіріп жылағысы келген, өзін-өзі әрең ұстады.
Рингке буырқанып шыққаны есінде, құлағына реферидің ортаға шақырғанын талып естілгені есінде. Әрі қарай қалай болды, түк те есінде жоқ. Кейіннен қара киінген екі әйел есіне түсті. Кімнің айтқаны есінде жоқ, біреу Атаевтің шешесі қара магиямен айналысады деп еді. Ешкімнің обалын мойнына алғысы келмейді, бірақ, сол оқиға жүрегіне өшпестей жара салып еді.
Содан кейін-ақ жолы оңғарылмай қойды. Атланта Олимпия ойындарына барды. Ылғи жолын кесе беретін кубалық қабылан Хуан Эрнандес Сьерраның асуынан өте алмады. Салмақ қуу қиынға түскен соң 71 келіге ауысқан.
1997 жыл. Күрес, бокс дегенде ішіп отырған асымызды тастап жүре беретін Қыдырбек досым екеуміз Шымкентте өтетін Қазақстан чемпионатына баратын болдық. Астымызда сол замандағы машинаның «қоразы» - Жигули. Қыдырбектікі. Жолды да мандытып білмейді екенбіз. Қордайға келгенде оңға бұрылудың орнына тіке кетіп, Қырғызстанға өтіп кетіппіз. Қас қарайған шақ еді. Таң сібірлегенде ғана тізгінімізді тарттық. Қарабалта қаласында жүр екенбіз. Бүгінде бөтен машинаны мың шоқып, бір қарайтын кеденшілер мен шекарашылардың бірде-біреуі «Қайдан жүрген пендесіңдер» демепті-ау. Қайырып жолға салды. Шымкентке келдік. Ермахан Атланта Олимпадасы ойындарында қоладан салым салған. Бұл – ол кезең үшін бас айналдыратын жетістік. Олимп ойындарында ширек финалдан қайтқан Нұржан Сманов бір салмақ ауырлап, Ермаханның ең басты қарсыласы болып тұр. Жанкүйерлердің назары осы жекпе-жек және кәрі тарлан
Серік Өмірбеков пен жас пері 

 

1524542063 article b


Мұхтархан Ділдәбековтің айқасына ауған. Нұржанның әкесі Дәніқұл аға қасымызда отыр. «Нұржан мені көрсе, толқып, білгенінен жаңылып қалады. Көрінбей отырайын». Алпамсадай кісі екі батыр шаршы алаңға шыққанда бетіне төсеген жарты бет параққа сыйып кетті. Бір шетінен сығалап қарайды, қайран әке. Нұржан – классикалык бокс мектебінің хас шебері. Опыра ұрып, кейін тайқып кету мәнерінде жоқ. Бір мезетте ұруға рұқсат етілген барлық нүктелерді қайыстыра соғып, санап береді. Ал Ермахан – көсіп ұрғанда талдырып жығатын нағыздың өзі. Нұржан алымдылау болды. Рефери қолын көтерді. Бірақ, болашақ Олимпиада ойындарының жеңімпазына өзін мойындатқан жампоздың жолы бәрібір оңғарылмады. Е.Хасановты еске түсіруге арналған халықаралық жарыста финалға шығуға тиіс болған. Алдында екі көкөрім бозбала тұрды. Нұржанға қарсылас бола алмайтынын бәрі білді. Бірақ, сол екі бозбаланың арқа тірері мықты болатын. Нұржанды жарысқа жеткізбей алып кетіп, шүйдесінен пистолеттің дүмімен ұрып талдырып, қаладағы бір шағынаудандағы орындыққа отырғызып кетіпті. Кім екенін білдік. Шырылдап «Жас Алашқа» жаздық. Біздің білгенімізді ол да білді. Кездестік. «Мен емес» деді. Сенген рай таныттық. Өйткені. қолмен ұстап алған жоқпыз, куә де жоқ.
Бокспен қоштасар алдында
Нұржан өзін талай қымбат медаль, атақтан айырған Хуан Эрнандес Сьерраны Алматыда өткен спаррингте нокдаунға түсірді. Бірақ ресми жарыс емес, оқу-жаттығу жиыны болатын. Сондықтан еш жерге жеңісі тірелмеді.
Мәскеу Олимпиадасының алтынын отызға қараған шағында алған Жақсылық Үшкемпіров ағамыздың финалдағы жеңісінен соң «Басқаларға доғаша өзі иіліп келіп тұратын жеңіс, мен алақанымды ашсам зым-зия жоқ болады. Осыған көрініп тұр екен-ау» деп жылағанын кітаптан оқыған едік. Олимтің алтынына бір адам лайық болса, ол – Нұржан Сманов еді. Бұйырмапты. Бір кездері бүгінгі қазақ серкелерінің екі аяғын бір етікке тығып жіберген жампоз мемлекеттік қызметті қойып, өз кәсібімен айналысып жүр. Бокстан кейін де әділетсіздікті көп көрді. Ешкімге шағынуды білмейтін арда азамат атын ақтап алғанымен, «батыраштардың» тірлігі жүрегінде шемен болып қатқаны анық. Ол – қазақ боксының дарабозы еді-ау.