Версия для печати

Еуропаны ұтқан қазақ спортшылары

Четверг, 27 Май 2021 08:42 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 6626 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Әлемдік спорт кеңістігінде Еуропа құрлығының орыны бөлек. Еуропаны дүниежүзілік спорт саласының қуатты қозғаушы күші, локомотиві десе, жарасады. Кезінде сол Еуропаның жұлын-жотасындай болып, бүкіл күншығысын жауып жатқан Кеңес Одағы еді. Сол одақтан мойыны озық шыққан қазақ саңлақтары Еуропа төсін армансыз дүркіреткен жылдар қазір сағымға, сағынышқа айналды.

880

 

   Спорттық шежіре – отандық тарихтың бір тармағы. Ендеше қазақ спортының тарихын шама жеткенше жинақтап, жүйелеп отырсақ, бұл тірлік бүгінгі және ертеңгі ұрпақ үшін қажет болары анық. Көнекөз қариялардың есінде болар, Кеңес Одағының біздің ұлтқа қатысты тарихи оқулықтарында «қазан революциясына дейін қазақ халқының екі пайызы ғана хат таныды», деп тайға таңба басқандай анық жазылды. Бұл қызыл коммунистердің тұтас бір ұлтты кемсіту, қорлау тұрғысындағы әдейі ойластырған, әдейі айтылған сорақы пікірі болатын. Олай болса, ғылым, өндіріс, ауыл шаруашылығы, мәдениет және спорт саласындағы бар жетістіктерімізді мұқият жинақтап, жүйелеп қойғанымыз абзал. Бір ғана спорт саласының өзінде шашылып жатқан дүние көп. ХХ ғасырдың соңында «Қазақ балуандары», «Қазақ боксшылары» деректі-тарихи жинақтары, ХХІ ғасырдың басында «Казахстан спортивный» энциклопедиясы мен екі томдық «Қазақ олимпиадашылары» жинағы және белгілі қаламгер Несіп Жүнісбайұлының бірнеше томнан тұратын «Олимпийский маршрут» кітабы жарық көрді. 2020 жылдың соңында «Қазақтың 72 бапкері» кітабын шығардық. Бұл еңбектерде ел спортының талай-талай шежіресі, өткен жылдардың талай жылнамасы мен дерегі бар. Біздің қолымызға түспеген басқа да тарихи-деректі кітаптар бар болса, оқырманнан кешірім сұраймыз. Егер ұлт ретінде еңсемізді көтеріп, барымызды бағалауды ойласақ, бұл мәселеге немқұрайды қарауға мүлде болмайды.

   Енді бүгінгі тақырыпқа орай,   Еуропаның басты жарыстарында топ жарған қазақ спортшыларына тоқталайық. Тарихқа жүгінсек, 1991 жылға дейін Қазақ елінің спортшылары Кеңес Одағы құрамасының сапында Еуропа чемпионаттары мен кубок жарыстарына қатысып келді. 1992 жылдан бастап біздің саңлақтар Азия чемпионаттарында бақ сынай бастады.

ӘМИН ТҰЯҚОВ – Еуропа құрлығының ресми жарыстарында топ жарған тұңғыш қазақ спортшысы. 1965 жылы қыркүйек айында Германияның Штутгарт қаласында жеңіл атлетикадан Еуропа кубогы сарапқа түсті. Осы аламанда Әмин Тұяқов, Эдвин Озолин, Николай Политико, Борис Савчук «төрттігі» 4х100 эстафеталық қашықтықты 39,4 секундта құйғытып өтіп, бас жүлдені қанжығаға байлады. Бұл көрсеткіш – Еуропа кубогының жаңа рекорды еді. Сөйтіп, 28 жастағы Әмин Тұяқов осы жеңісімен туған халқының спорттық тарихында тыңнан түрен тартты. Тұяқовтың бұл жеңісі Еуропа чемпиондығына пара-пар табыс. 1966 жылғы Еуропа чемпионатында Әмин Елемесұлы 4х100 эстафеталық қашықтықта сынға түсіп, күміс жүлдегер атанды. 1965 жылы Алматыда өткен Совет Одағының чемпионатында Әмин Тұяқов 200 метрді 20,6 секундта артқа тастап, одақтың жаңа рекордының кіндігін кесті. Салыстыру үшін айтсақ, 1965, 1967 жылдардағы Еуропа кубогын ұтқан жеңімпаздар 200 метрді 21,1 және 20,9 секундта жүгіріп өтті. Әмин ағамыз 1962-1967 жылдары дүние жүзіндегі ең айтулы спринтерлердің қатарында тұрды. Кеңес Одағының еңбек сіңірген спорт шебері.

ӘЛЖАН ЖАРМҰХАМЕДОВ – олимпиялық спорт түрлері бойынша Еуропа чемпионы атанған тұңғыш қазақ саңлағы! 1967 жылы 28 қыркүйек – 8 қазан күндері Финляндияның Хельсинки, Тампере қалаларында баскетболдан кезекті Еуропа чемпионаты ұйымдастырылды. Осы сында Кеңес Одағының баскетбол құрамасы құрылық чемпионы атағын оныншы рет жеңіп алды. Одақ құрамасы сапында 1944 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Бостандық ауданы, Табақсай ауылында туған 23 жастағы Әлжан Жармұхамедов те бар еді.

883

Осы жылы Кеңес Одағы халықтарының спартакиадасында өзіндік қолтаңбасымен танылған   Әлжан Мүсірбекұлын совет құрамасының бас жаттықтырушысы Александр Гомельский ұлттық құраманың базалық командасы ЦСКА-ға шақырады. Әлжан келіспейді. Соның салдарынан Гомельский Жармұхамедовті 1968 жылғы Олимпиада ойындарына, 1969 жылғы әлем чемпионатына апарған жоқ. 1969 жылдың қараша айында Кеңес Одағы Қорғаныс министрлігінің арнайы бұйрығымен Әлжан Мәскеуге ауысады. Осы жылы совет құрамасына бекіген Жармұхамедов 1971,1979 жылдары тағы да екі рет Еуропа чемпионы атағына қол жеткізді. Кеңес Одағының еңбек сіңірген спорт шебері.

ЖӘНІБЕК САУРАНБАЕВ – волейболдан Еуропа чемпионатында топ жарған бірінші қазақ спортшысы. Жәнібек Нығметұлы 1967 жылы 26 қазан – 8 қараша күндері Түркияда өткен Еуропа чемпионатында совет құрамасы сапында ойнады. Осы бәсекеде одақ волейболшылары чемпиондық тұғырға табан тіреді. Сол тұста әлемдегі ең азулы команданың бірі – совет құрамасының дәнекері, негізгі пас берушісі (связующий, пасующий) Жәнібек Сауранбаев болғанын біздер әлі күнге дейін мақтан тұтамыз. Себебі, волейбол командасында дәнекер, негізгі пас беруші – ұжымның алаңдағы басты ұйытқысы болып саналады.   Жәнібек Сауранбаев та Әлжан замандасы тәрізді Мәскеудің ЦСКА командасының шақыруынан бас тартып, соның салдарынан 1964,1968 жылдардағы екі бірдей Олимпиада ойындарынан сырт қалды.   Сауранбаев капитаны болған Алматының «Буревестник» командасы 1969, 1971 жылдары қатарынан екі рет Еуропа чемпиондарының кубогын ұтып алды. Кеңес Одағының еңбек сіңірген спорт шебері.

 АМАНКЕЛДІ СҰЛТАНОВ – волейболдан Алматының «Буревестник» командасысапында Еуропа чемпиондары кубогының 1969,1971 жылдардағы екі дүркін жеңімпазы. Бозбала кезінде Кеңес Одағының жастар   құрамасында ойнады. 1969 жылы «Буревестниктің» сапында одақ чемпионатының алтын медалін жеңіп алды. 1971 жылы   Кеңес Одағы халықтары спартакиадасының және чемпионатының қола жүлдегері атанды. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері.

ТӨЛЕНДІ АХМЕТЖАНОВ – волейболдан Алматының «Буревестник» командасысапында Еуропа чемпиондары кубогының 1969, 1971 жылдардағы екі дүркін жеңімпазы.1970 жылғы Кеңес Одағы чемпионатының күміс жүлдегері. 1971 жылы Кеңес Одағы халықтары спартакиадасында қола медальға ие болды. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері.

ШӘМІЛ СЕРІКОВ – грек-рим күресінен1979 жылғы Еуропа чемпионы. Бұл бәсеке осы жылы 16-21 сәуір күндері Румынияның Бухарест қаласында өтті. Финалға дейін барлық қарсыластарын еркін еңсерген Шәміл балуан шешуші белдесуде германиялық Паскуале Пасареллиден басым түсті. Шәміл мен Паскуале осыдан бір жыл бұрын әлем чемпионатының финалында кездескен болатын. Сол айқаста қазақ жігіті неміс балуанын 29:9 есебімен ойсырата ұтқан еді.Мұндай есеп доп ойындарында жиі болады. Күресте дәл осындай ұпай айырмашылығымен әлем чемпионы атану заманынан озып туған адамның ғана қолынан келеді. 1978 жылғы әлем чемпионатының финалында Шәміл Серіковтен басқа бірде-бір балуан қарсыласын дәл осындай ірі есеппен ұтқан емес.

   Спорт шежіресін парақтайтын болсақ, спорттың жекпе-жек түрлерінен қазақтан шыққан тұңғыш Еуропа чемпионы Шәміл Серіков екен. ФИЛА-ның «Алтын орденінің» иегері, Украинаның еңбек сіңірген журналисі, күрестің білгір маманы Ян Дымов біздің батырға«Он был из породы гениальных борцов», деп баға берді. Кеңес Одағының еңбек сіңірген спорт шебері.

СЕРІК ҚОНАҚБАЕВ қазақ боксшыларынан алғашқы Еуропа чемпионы. 1979 жылы 5-12 мамыр күндері Германияның Кельн қаласында кезекті Еуропа чемпионаты өтті. Осы сында 19 жастағы өрімдей қазақ әуелі әлем чемпионатының қола жүлдегері, поляк Казимир Щербаны, жартылай финалда Олимпиада жүлдегері, Еуропа чемпионатының екі мәрте медалисі, неміс Карл Хайнц Крюгерді жеңіп, сенсация жасады. Әлі есімізде, Кеңес Одағының бокс комментаторлары мен мамандары сол чемпионатта Серіктің қимылына ерекше сүйсінді, әрі бокс әлеміне аяқ тастасы бөлек, сұңғыла шебердің қадам басқанын бір адамдай мойындаған еді. Серік финалда Италия спортшысы Патрицио Оливаны даусыз жеңіп шықты.

1981 жылы Серік Қонақбаев екінші рет Еуропа чемпионатының шыңына ту тікті. Кеңес Одағына қараған кезеңде қазақ боксшыларынан Еуропа біріншілігінің қос «алтынын» олжалаған жалғыз спортшы осы Серік екенін айта кетейік. 1981 жылдың қорытындысы бойынша әуесқой бокстан әлемнің ең үздік боксшысы деп танылды. Мұндай дәрежеге Серіктен басқа бірде-бір қазақ спортшысы жеткен емес. Кеңес Одағының еңбек сіңірген спорт шебері.

СЕРІК НҰРҚАЗОВ 1983 жылы бокстан Еуропа чемпионы болды. 1981 жылы құрылық чемпионатының қола медалін жеңіп алды. Өрнегі бөлек, сұлу стилді боксшы. Бокс мамандары Серіктің техникалық шеберлігіне жоғары баға берді. Бокстан ерсектер арасында Кеңес Одағының 3 дүркін чемпионы атанған тұңғыш әрі жалғыс қазақ спортшысы. Әлем чемпионатының, басқа да ірі ресми жарыстардың ең шешуші сәттерінде қабағы жарылып, айқастан шығып қалды. Кеңес Одағының еңбек сіңірген спорт шебері.

ЖАҚСЫЛЫҚ ҮШКЕМПІРОВ – грек-рим күресінен 1980 жылғы Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері.20-27 сәуір күндері Чехословакияның Прьевидзе қаласында өткен құрылық чемпионаты Жақсылық үшін Олимпиада қарсаңындағы басты сынақтың бірі болды. 1973 жылдан бастап Кеңес Одағының чемпионаттарында алтын, күміс және қола жүлденің бірнешеуін олжалаған Үшкемпіровті одақ құрамасының бапкерлер алқасы Еуропаның басты бәсекесіне бірінші рет қосқан еді. Оның үстіне алдағы жазда болатын Олимпада ойындарына талас қатты қызып тұрды. Осының бәрін жан дүниесімен сезінген Жақсылық балуан финалға дейін қарсыластарын бет қаратпай ұтты. Шешуші айқаста Үшкемпіров поляктың мықты балуаны Роман Керпачпен белдескен болатын. Соңғы минутта бір ұпай озық тұрған Жақсылық атойлай ұмтыла бергенде оның бас бармағы Керпачтың майкісіне ілініп қалып, түбінен морт сынып түсті. Қазақ балуаны қолын ауырсынып отырып қалған кезде Керпач оның ту сыртына шығып кетіп, екі ұпай олжалады. Сөйтіп, Жақсылық Үшкемпіров Еуропа чемпионатының күміс медалін қанағат тұтуға мәжбүр болды.

Үшкемпіровтің күміс жүлдесін сәтсіздікке балаған одақ құрамасының бапкерлері оны Олимпиада ойындарына жібермеудің бар амалын қарастырып бақты. Бірақ Алланың қалауымен олимпиада кілеміне шыққан Жақсылық балуан бар қажыр-қайратын сарқа жұмсап, сол тұста Еуропада ғана емес, дүние жүзі бойынша өз салмағындағы ең күшті балуан екенін күмәнсіз дәлелдеп берді.Кеңес Одағының еңбек сіңірген спорт шебері.

МҰРАТ ЖЕКСЕНБЕКОВ – көгалдағы хоккейден Еуропа чемпиондары кубогының 2 мәрте жеңімпазы. Эдуард Айрих тізгінін ұстаған Алматының «Динамо» командасы 1982,1983 Еуропа клубтары арасындағы басты бәсекеде бас бәйгені ешкімге ұстатқан жоқ. Осы Еуропа мойындаған атақты команданың капитаны және Кеңес Одағының жоғары топтағы командаларында доптаяғын сол жағына ұстаған бірден-бір ойыншы осы Мұрат Жексенбеков болатын. Қорғаушы Мұрат көгалдағы хоккейден Кеңес Одағының 18 дүркін чемпионы атанған одақтағы жалғыз ойыншы. Жексенбековтің бұл рекордын совет империясы тарқағанша ешкім өзгерте алған жоқ. Ол бұл атағына қоса 1977 жылы допты хоккейден одақ чемпионы атағын жеңіп алды. 1977-1986 жылдары қатарынан 10 рет Кеңес Одағының 22 үздік ойыншыcының қатарына енді. Сонымен қатар, одақ чемпионаттарында алаңға ең көп шыққан хоккейші кім десеңіз, ол - Мұрат Жексенбеков! 1971-1992 жылдары Жексенбеков Алматының «Динамосының» сапында чемпионат кестесіне орай 540 ойынға қатысты (мысалы, совет құрамасы мен «Динамоның» ең мерген шабуылшысы А. Гончаров 390, атақты хоккейші А. Мясников 402, одақ құрамасының капитаны болған Ф. Зигангиров 405 рет алаңға шыққан). Мұраттың бұл рекордын да алып империя күйрегенше ешкім бұза алған жоқ. Мұрат Жексенбеков – Кеңес Одағының еңбек сіңірген спорт шебері.

САЯН ШАЙМЕРДЕНОВ – көгалдағы хоккейден Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері (1982), Еуропа чемпиондары кубогының жеңімпазы (1982 ж.) Хоккей қуған қазақ жастарының ішінен Кеңес Одағының құрамасына енген тұңғыш ойыншы осы Саян Сафуанұлы. Шаймерденов совет құрамасына 1977 жылы табан тіреді. Сол жылы ол одақ құрамасы сапында Континентаралық кубок жарысында қола жүлдегер атанды. 1979 жылы құрамында Шаймерденов ойнаған одақ құрамасы «Достық» халықаралық турнирінде топ жарды. Саянның Мәскеу олимпиадасына қатысуға толық мүмкіндігі бар еді. Өкінішке қарай, олимпиада қарсаңында бауыры қатты ауырып, ауруханаға жатып қалуына байланысты алаңға шыға алған жоқ. 1980 жылғы Мәскеу олимпиадасында Алматының «Динамосының» 6 бірдей ойыншысы қола жүлдеге ие болды.

   Шабуылшы Саян Шаймерденов одақ құрамасы сапында 48 рет сынға түсіп, қарсы қақпаға 9 доп енгізді. Кеңес Одағының 8 мәрте чемпионы, 1979 жылғы совет халықтары спартакиадасының жеңімпазы. 1975-1981 жылдары қатарынан 7 рет одақтың ең күшті 22 ойыншысының қатарына кірді. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері.

СЕРІК ҚАЛЫМБАЕВ – көгалдағы хоккейден Еуропа чемпиондары кубогының 2 мәрте жеңімпазы (1982, 1983 ж.ж.) Кеңес Одағының қатарынан 11 дүркін чемпионы (1981-1991). Совет құрамасының сапында 58 ойынға қатысқан саңлақ шабуылшы.1983-1989 жылдары 7 рет одақтың ең таңдаулы 22 ойыншысының қатарына кірді. Кеңес Одағы кубогының 5 дүркін жеңімпазы. Кеңес Одағының еңбек сіңірген спорт шебері.

МАРАТ МАҢҒЫБАЕВ көгалдағы хоккейден Еуропа чемпиондары кубогының жеңімпазы (1983).Кеңес Одағының 3 мәрте чемпионы (1982-1984). Шабуыл шебінде ойнаған Марат 1985 жылы допты хоккейге біржола ауысты. Марат Маңғыбаев ұзақ жылдар бойы Оралдың «Ақжайық» допты хоккей ұжымының команда басшысы және бас бапкері болды. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері.

ЕРЛАН АЯПБЕРГЕНОВ – су добынан 1981 жылғы Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері. Ерлан бауырымыз осы жылы Кеңес Одағы құрамасы сапында Әлем кубогының жеңімпазы атанды. Осы екі бәсекеде совет командасының құрамында Ерлан Аяпбергеновпен бірге Нұрлан Меңдіғалиев те ойнады. Яғни, бұл екі азамат спорттың осы түрінен ересектер арасында Еуропа чемпионаты мен Әлем кубогының жүлдесіне қол жеткізген алғашқы қазақ спортшылары. 1982 жылы Алматының «Динамо» командасының қатарында Еуропа чемпиондары кубогының финалында ойнап, күміс жүлдеге ие болды. Ал 1983 жылы кеңес құрамасы дүниежүзілік Универсиада бәсекесінде топ жарды. Осы жеңімпаз команда сапында Ерлан әлемдік студенттер ойындарының алтын медалін омырауына тақты.

Ерлан Аяпбергенов 1981, 1982 жылдары Алматының «Динамо» су добы командасының белді ойыншылары қатарында Кеңес Одағының екі мәрте чемпионы болды. Аяпбергенов совет құрамасы мен «Динамоның» шабуыл шебі және жартылай қорғанысындағы ең азулы ойыншылардың бірінен саналды.

   1982 жылы Аяпбергенов Кеңес Одағы кубогының алтын медалін жеңіп алса, 1983 жылы Қазақстан құрамасы сапында Кеңес Одағы халықтары спартакиадасының күміс жүлдесін қанжығаға байлады. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері.

НҰРЛАН МЕҢДІҒАЛИЕВ – су добынан Еуропаның 2 мәрте чемпионы (1983, 1985 ж.ж.) Су добынан ХХ ғасырдағы әлемнің ең таңдаулы ойыншылардың бірі. Шабуыл мен жартылай қорғанысты шебер ұштастырған айтулы ватерполшы. Нұрланның қажет кезінде тасқамал қорғаушы болуға да қабілеті жеткенін айтуға тиіспіз. Меңдіғалиев Кеңес Одағының негізгі құрамасында табаны күректей он жылдай ойнады(1981-1990).

     Меңдіғалиев су добынан ХХ ғасырда әлем чемпионы атанған жалғыз қазақ спортшысы. 1982 жылы құрамында Нұрлан ойнаған Кеңес Одағының ватерпол құрамасы әлем чемпионатында жеке-дара шықты. ХХ ғасырда спорттың осы түрінен олимпиада ойындарында жүлдеге қол жеткізген алғашқы әрі соңғы қазақ су добы шебері Нұрлан Меңдіғалиев екенін спорттың есеп-шотын қағып жүрген жанкүйерлер жақсы біледі. 1988 жылы совет ватерполшылары Сеул олимпиадасының қола медаліне ие болды. Сол құрама сапында біздің Нұрлан 7 рет айдынға шығып, қарсыластар қақпасына 5 доп енгізді.

     Нұрланның спорттық атақтарына көз жүгіртсеңіз, еріксіз көңіліңіз тояды. Меңдіғалиев жоғарыдағы жетістіктеріне қоса әлем чемпионатының қола жүлдегері (1986), Әлем кубогының екі дүркін жеңімпазы (1981,1983), халықаралық «Достық» (1984) және Ізгі ниет ойындарының жеңімпазы (1986), дүниежүзілік Универсиаданың алтын медалисі (1985), Кеңес Одағының 5 мәрте чемпионы (1981,1982, 1985,1986,1987),   одақ кубогының 4 дүркін жеңімпазы (1982,1986, 1988, 1990), Еуропа чемпиондары кубогының 2 мәрте күміс жүлдегері (1982,1986). Саңлақ ватерполшы бұған қоса одақ чемпионатының бірнеше медалін жеңіп алды. Кеңес Одағының еңбек сіңірген спорт шебері.

АСҚАР ОРАЗАЛИНОВ су добынан 1985 жылғы Еуропа чемпионы. 1983-1986 жылдары Кеңес Одағы құрамасының шабуыл және жартылай қорғаныс шебінде ойнады. Алматының «Динамо» командасы сапында Еуропа чемпиондары кубогының финалисі (1982), Кеңес Одағының 2 дүркін чемпионы (1981, 1982), одақ кубогының жеңімпазы(1982), совет халықтары спартакиадасының (1983) және одақ чемпионатының күміс жүлдегері (1984,1986). Кеңес Одағы құрамасының ойыншысы ретінде 1983,1985 жылдары дүниежүзілік Универсиада жарысында екі рет алтын медальға қол жеткізді.

Асқар Оразалинов жасы қырықтан асқанша Қазақстан құрамасы сапында Олимпиада және Азия ойындарына, әлем және Азия чемпионаттарына қатысты. Азия ойындарының 3 дүркін жеңімпазы (1994, 1998, 2002), Азияның 3 мәрте чемпионы (1995,1997, 1999). Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері.

ДӘУЛЕТ ТҰРЛЫҚАНОВ – грек-рим күресінен74келі салмақта 1987 жылғы Еуропа чемпионы. Осы чемпионаттың финалында Дәулет олимпиада жеңімпазы, әлем және Еуропа чемпионатының жүлдегері, фин балуаны Иоуко Саломякимен белдесті. Біріншілік Финляндияның Тампере қаласында өткендіктен жергілікті жанкүйерлер мен мамандар Саломякидің жеңісіне күмән келтірген жоқ. Тіпті Саломяки әлі халықаралық аренада таныла қоймаған қазақты оңай ұтады деп дәмеленген фин азаматтары болашақ жеңіс құрметіне алдын-ала мейрамхана жалдап қойды, деген де әңгіме бар. «Күш атасын танымас», деген. Қатарынан екі жыл әлемдегі ең алып совет империясының чемпионы болып үлгерген Тұрлықанов Саломякиді өзінің оңтайлы әдісі сол жамбасқа салып, таза жығады. Осыдан кейін Дәулеттің тасы өрге домалады. 1988 жылы Сеул олимпиадасының күміс жүлдегері атанған Тұрлықанов 1989 жылы 74келі салмақта дүние жүзінің чемпионы атағына қол жеткізді. 1986,1990 жылдары Әлем кубогының асқар биігін бағындырған Дәулет балуан 1986-1992 жылдары Кеңес Одағы чемпионаттарының жеті алтын медалін жарқыратып мойнына тақты. 1991 жылы Кеңес Одағы халықтарының спартакиадасы мен чемпионатын қос қабаттап бір-ақ ұтты. 1992 жылы Барселона олимпиадасының қола тұғырына шықса, 1993 жылы әлем чемпионатының күміс медаліне ие болды. Кеңес Одағының еңбек сіңірген спорт шебері.

АЙТЖАН ШАҢҒАРАЕВ самбо күресінен 48 келі салмақта 1984 жылғы Еуропа чемпионы. Республика самбосының шежіресін парақтасақ, ересектер арасында Еуропа чемпионы атанған бірінші қазақ балуаны Айтжан Шаңғараев екен. Кеңес Одағының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Темірхан Досмұхамбетовтің шәкірті Айтжан Шаңғараев 1981 жылы 18 жасында одақтың ұлттық чемпионатында алтын медаль олжалаған тұңғыш қазақстандық самбошы ретінде тарихқа тіркелді. Шаңғараевтың балуандық жолында мынадай қызықты дерек бар: Айтжан әуелі Кеңес Одағының ересектер чемпиондығын тізгіндеп барып, келесі, 1981 жылы 19 жасында одақтың жастар чемпионатын ұтып алды.

1984 жыл Айтжан Шаңғараев үшін табысқа толы болды. Осы жылы жетісулық жігіт екінші рет Кеңес Одағының ересектер чемпионатында жеке-дара шықты. Дәл осы жылы Шаңғараев әлем кубогы үшін айқастың алтын тұғырына табан тіреді.

     Қолтоқпақтай жігіттің бұдан басқа да жетістіктері бар. Айтжан 1983,1986 жылдары Кеңес Одағы халықтарының екі бірдей спартакиадасында қола жүлдесіне ие болды. 1983 жылы одақ кубогы жолындағы бәсекеде қарсыластарын тегіс еңсеріп шықты. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері.

ҚАНАТ БАЙШОЛАҚОВ – самбо күресінен 48 келі салмақта 1987 жылғы Еуропа чемпионы, 1982 жылғы құрылық біріншілігінің күміс жүлдегері. Қанат Сайранұлы қазақ самбошыларынан шыққан тұңғыш әлем чемпионы! Жаңаарқалық балуан бұл тарихи белеске 1984 жылы табан тіреді. Байшолақов тумысынан жылдам, сезімтал, өткір жігіт болатын. Диқанбай Биткөзов пен Марат Жахиттай білікті ұстаздардан тәлім алған Қанат балуан 1981, 1984 жылдары Кеңес Одағы чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері атанды. Ал 1980, 1985 жылдардағы одақ біріншілігінде Қанатқа бұйырғаны қосқола медаль.Сол тұста ең жеңіл 48келі салмақта тек Еуропа көлемінде ғана емес, дүние жүзі бойынша қазақ жігіттерінің дәурені жүріп тұрды. Қанаттың өкшесін басқан інісі Алматы облысы, Қарасу ауылының тумасы Айтжан Шаңғараев дәл осы кезеңде әлемдегі ең мықты балуандардың қатарында нық тұрды. Қанат Байшолақов Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері.

АЛМАС МҰСАБЕКОВ самбо күресінен 52келі салмақта1986 жылғы Еуропа чемпионы. 1982 жылғы құрылық чемпионатында Алмас балуан күміс жүлдеге ие болды. Алмас Мұсабеков Кеңес Одағы құрамасы сапында табаны күректей 13 жыл тер төккен саңлақ. Одақ чемпионатында 1981, 1984 жылдары екі рет алтын медальді жеңіп алды. Бұған қоса тағы алты мәрте күміс, қола жүлделерді омырауына тақты. Самбо күресінен Кеңес Одағы чемпионаттарында ең көп олжа салған қазақ балуаны Алмас Мұсабеков екенін де жанкүйер қауымның есіне сала кеткенді жөн санадық. Алмастың бапкері Марат Жақыт шәкіртінің балуандық қасиетін жоғары бағалай келе, оның совет құрамасында спорттық нормативтер тапсыруда үнемі көш бастаушылар сапында болғанын мақтанышпен айтып отырады. Ол турникте 70 рет тартылса, кеудесін жерден қос қолдың күшімен 120 мәрте көтеретін. Бұған қоса, білікті бапкерлер Алмасты одақ командасындағы техникалық шеберлігі ең кемел балуан ретінде бағалады.

882

Алмас Мұсабеков 1984 жылы әлем кубогы үшін бәсекеде топ жарды. Осы жылы жамбылдық жігіт Кеңес Одағының кубогын қанжығаға байлады. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері.

ТАЛҒАТ БАЙШОЛАҚОВсамбо күресінен 57 келі салмақта1987 жылғы Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының ортасында жарқырап шыққан отты жігіттің бірі осы Талғат болатын. Талғат Сайранұлы қарсыласының қол-аяғын қайыра тартудың (болевой) хас шебері еді. Талғат екі бұттың ортасына салып ышқына тартқанда салмағы 60-70 келі жігіттерді былай қойғанда, дөнен өгіздей балуандардың өзі жан таппай кететін.

1987 жылы Болгариядағы Еуропа чемпионатында ағасы Қанат бас жүлдені жеңіп алса, інісі Талғат шешуші сайыста болгар балуаны Юсевтің аяқ-қолын матап, дәрменсіз күйге түсірген. Бірақ жарыс иелерінің ығына жығылған қазылар Байшолақовтың басымдығын көрмеген сыңай танытты. Талғат буырқанып, атой салған сәттерде ысқырық шалып, әдейі тежеп отырды. Бұйырғаны – күміс медаль. Дардай азаматтардың пендешілігіне күйінген Талғат кілем үстінде жылап жіберді. Ойлап қараңыз, сол Еуропа чемпионатында алып империя құрамасы сапында бүтін Қазақ елінен екі балуан бақ сынады. Ағайынды Қанат пен Талғат. Екеуі де – аядай ғана Жаңаарқадан, екеуі де – Диқанбай мен Мараттың ағаларымыздың шәкірттері.

Талғат бұған дейін талай аламанда олжа салды: 1984, 1986 жылдары қатарынан екі рет Кеңес Одағы кубогын ұтып алды, 1985 жылы Әлем кубогының иесі, Кеңес Одағы чемпионатының қола жүлдегері атанды. 1986 жылы Кеңес Одағы халықтарының спартакиадасында үшінші тұғырдан көрінді. Сөйтіп, мүйізі қарағайдай совет құрамасы сапында екі бірдей Байшолақов күресті. Бұл бұған дейін қазақ спортының тарихында болмаған жағдай еді. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері.

   Міне, қадірлі жанкүйер, 1980-1987 жылдары Қанат Байшолақов, Алмас Мұсабеков, Айтжан Шаңғараев, Талғат Байшолақов орыстың ұлттық күресі саналған самбодан   Кеңес Одағы ұлттық құрамасының нағыз жел өтіндегі жампоздары болғанын жаңғыртып өттік. Бұл азаматтар қазақ самбосын әлемдік деңгейге көтерумен қатар, сол тұста бодандық қамытынан босай қоймаған алаш жұртының рухын жаныған қаһармандары болатын.

БЕЙБІТ ЕСЖАНОВбокстан 48 келі салмақта 1983 жылғы Еуропа чемпионатының қола жүлдегері. Техникалық шеберлігі жоғары, интеллигент спортшы. Зиялы шаңырақта өскен Бейбіт былғары қолғапқа деген ынтызарлығының күштілігінен дүние жүзіндегі ең таңдаулы боксшылардың қатарына қосылды. Бейбіт бірнеше жыл совет құрамасының бетке ұстар спортшыларының бірі болды. 1986 жылы 51 келі салмақта Кеңес Одағының чемпионатын күмәнсіз ұтқан Есжанов 1987 жылы әлем кубогы бәсекесінде күміс жүлдеге иелік етті. Қарағандылық шебер одақ чемпионатының 1984 жылғы қола, 1987 жылғы күміс жүлдегері. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері.

КӘРІМЖАН ӘБДІРАХМАНОВ бокстан 48 келі салмақта 1985 жылғы Еуропа чемпионатының қола жүлдегері. С.Қонақбаев 1979 жылы Еуропа чемпионатын ұтып, Жамбылға оралғанда қалың тілеулестердің қатарында әуежайға барған   бауырсақ мұрын, тәпелтек бала 1984 жылы   Серік ағасымен бірге Кеңес Одағының чемпионы болатынын білген жоқ еді. Сол сексен төртінші жылы Кәрімжан одақтағы ғана емес, әлемдегі ең мықты боксшының бірінен саналды. Лос-Анжелес олимпиадасымен қабаттаса өткен социалистік елдердің «Достық-84» сайысының финалында Әбдірахманов кубалық Хуан Торресті бет қаратпай ұтқан. Қазылар алқасы 4:1 есебімен Кәрімжанның қолын көтеруі мұң екен, Кубаның үкімет басшылары наразылық танытып, төрешілер амалсыз он бес, жиырма минут кеңесіп барып, 3:2 есебімен жеңісті Торреске беріп жіберді. Сөйтіп, біздің жігіт Олимпиада чемпионына татитын өрелі өнерімен «Достық» жарысының күміс медалін қанағат қылды. Кәрімжан бауыр Кеңес Одағының екі мәрте чемпионы (1984,1990), Әлем кубогының қола (1985), «Ізгі ниет» ойындарының (1986) күміс медалисі. Одақ біріншілігінің төрт дүркін қола жүлдегері. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері.

НҰРХАН СҮЛЕЙМЕНОҒЛЫ – бокстан 63,5 келі салмақта 1993 жылғы Еуропа чемпионы. 1992 жылы Шымкенттен Түркияға қоныс аударған Нұрхан араға жыл салып құрылық чемпионы атағына қол жеткізді де, 1995 жылы әлем чемпионатының күміс медалін жеңіп алды. Түркияның туы астында аламанға түскен Нұрхан бауыр мұнымен шектелген жоқ: 1998 жылы Еуропа біріншілігінде екінші орынға табан тіреп, сол жылы Әлем кубогының күміс жүлдегері атанды.

Қадірлі жанкүйер, Еуропада олжа салған қазақ спортшылары туралы нақты деректерге негізделген мақаланы осы жерден түйіндейміз. Біле білсек, Еуропа төрінде олжа салу екінің біріне бұйыратын бақ емес. Ол кезде Еуропа чемпионатына қатысу үшін ең әуелі Қазақстан біріншілігін, сосын Кеңес Одағының чемпионатын ұту керек. Кеңес Одағы дегеніңіз сыртынан жеңіл, үстірт қараған адамға жер шарындағы көп мемлекеттің бірі ғана. Ал зерделеп, зерттей үңілсеңіз, Мәскеу мен Ленинградтай бір-бір мемлекетке татитын екі ірі қала бастаған 15 одақтас республикадан (Ресей, Қазақстан, Украина т.б.) құралған дүние жүзіндегі ең алып империя. Сол дәу империяның негізгі ұстыны, тірегі Ресейдің өзі 16 автономиялық республикаға (Татарстан, Башқұртстан, Якутия, Бурятия...), 15 автономиялық аймаққа, 48 облысқа бөлінеді. Енді ойлап қараңыз, осынша ұлтты бауырына басқан бір ғана Ресейдің чемпионын ұтып көріңіз. Немесе сол кездің өзінде 40 миллионнан асқан Украинаның шақар ұлы намысын оңайшылықпен бере қоя ма?! Болмаса, Кавказдың жоны жалпақ, жотасы түкті, кеуделі жігіті «қазақ екенсің» деп, жеңіле салмайтыны тағы белгілі. Еуропаға жету үшін әуелі Кеңес Одағы атты қаһары қатты, бүкіл дүние именетін, спорт ғылымы өркендеген алпауыт елден озып шығуың керек. Содан кейін барып түрік, неміс, ағылшын, швед, испан, итальян, шотланд, грек, хун, румын, поляк, болгар... мықтыларымен айқасқа түсесің. Біздің саңлақтар Кеңес Одағы тұсында осындай сынақтардан сүрінбей өтті. Сондықтан әлемдік спорт ғылымын құзар шыңдарға жеткізген Еуропа спорты қай уақытта да өз биігінен түскен емес. Сондықтан Еуропа төріне ту тіккен әрбір дарабоздың жеңісі әрқашан құнды болмақ.

Қыдырбек РЫСБЕК

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.