«Жеңісімді мектебіме арнаймын!» Избранное

Пятница, 04 Июнь 2021 04:43 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 5288 раз

Жас спортшылар жүрекжарды сөзін осылай білдірді

 

Шымкентте алғаш рет жасөспірімдер ауқымды спорт додасында бақ сынасты. Мектеп оқушылары арасында бұқаралық спортты дамытуды көздеген лиганың волейбол, баскетбол, футбол, шахматтан жеңімпаздары анықталды. Үш айға жалғасқан «Шымкент жастар лигасы» жобасының салтанатты жабылуы көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Тартысты додада топ жарып, миллионер атанған команданың спортшыларын жеңіске жетуге не жігерлендірді? Жауап іздеп көрдік... Бүгінгі әңгіме спортта мансап қуғандар емес, мектебінің намысын қорғаған жас өрендер турасында болмақ.

934

 

Жүлдеге қол жеткізу оңай болған жоқ

Қажымұқан атындағы орталық стадионда өткізілген кең көлемді спорт шарасына жастар мен мұғалімдер ғана емес, сонымен қатар, мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың өкілдері, қала жұртшылығы жиналды. «Шымкент жастар лигасы» спорт ойындарының І кезеңінің салтанатты жабылу рәсіміне қала әкімі Мұрат Әйтенов арнайы қатысып, футбол сайысының финалында кездескен командаларға қолдау көрсетті. Шаһар басшысы құттықтау сөзін сөйлеп, аталған жобаның маңызына тоқталып өтті.
– Қаламыздағы 140 мектептің 8 569 оқушысынан 536 команда жасақтау, күнделікті жаттығулар, 3 ай бойы тынымсыз тер төгу, командалық рух қалыптастыру, мектебіңнің абыройын асқақтатып, жеңіс тұғырынан табылу, 20 млн теңге жүлдеге қол жеткізу – жеңімпаз командаларға оңайлықпен келген жоқ. Жеңіс жолындағы әр сайыс сайын күш-жігеріңді сарп ету, қарсылас команданың әлсіз тұсын анықтау, оны ұту, мықтылығыңды дәлелдеудің жеңіл болмағаны рас.

935

Жас буынның бос уақытын ұтымды үйлестіру, оқушылардың әлеуетін пайдалы іске бағыттау, салауатты өмір салтын насихаттау бағытында «Шымкент жастар лигасы» игі бастама екенін дәлелдеді. Үш ай бойы күнделікті сабақпен бірге сайысты қатар алып жүруге шыдамдылық танытқан жас өскіннің алда спортты жанына серік етері сөзсіз. Алаңда ауызбіршілік көрсету, мықтыны мойындау, сүрінгенді демеу, жанкүйердің үмітін ақтау, мектебіңнің намысын қорғау – жастар лигасы көздеген тәрбиелік бағыттың бір парасы.
Ал жеңімпаз команданың мектебіне берілетін 20 млн теңге білім ордаларының мүмкіншіліктерін арттыруға сеп болары сөзсіз. Чемпиондар шыққан мектептер жүлде қорын жаратуда да оң шешім қабылдайды деп білемін. Биыл пилотты жоба ретінде қолға алынған «Шымкент жастар лигасы» көздеген мақсатына жетті. Бұл жастарды жаппай спортқа баулуда жақсы бастама болды. Алдағы уақытта сайысты игі дәстүрге айналдырамыз деген ойдамын. Осы орайда, жобаны іске асыруға үлес қосқан оқушылар мен мұғалімдерге және бастамаға қаржылай қолдау жасаған жандарға алғысымды айтамын! – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Ашық алаңда ұйымдастырылған сайыста ауа райының қолайсыздығы, дауыл да жастарға кедергі бола алмады. Қала әкімі алдымен сайыс қорытындысы бойынша үздік командаларды құттықтап, марапаттады.
Атап айтсақ, қыздар арасында волейболдан жеңіске жеткен Ж.Аймауытов атындағы №64 мектеп-гимназиясының командасы 20 млн теңге қаржылай сыйлыққа ие болды. Әл-Фараби атындағы №113 жалпы орта мектеп командасы екінші орын алса, А.Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназиясының оқушылары үшінші орыннан көрінді.

936


Баскетболдан үздік нәтиже көрсетіп, додада жеңіске жеткен командалар да марапатталды. Жобаның бірінші кезеңінде М.Х.Дулати атындағы үш тілде оқытатын мамандандырылған №8 мектеп-гимназиясының өрендері үздік атанды. Екінші орынды Ө.А.Жолдасбеков атындағы №9 ІТ-лицей мектебінің командасы қанжығасына байласа, үшінші орынға №28 жалпы орта білім беретін мектептің командасы лайық деп танылды.
Бұл күні ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай қала әкімі Мұрат Әйтеновтің бастамасымен алғаш рет өткізілген спорт додасында командаларға ерекше қолдау білдіріп, мың бұрала билеген жанкүйерлер де сый-құрметке ие болды. Фан-клубтар арасында бас жүлдені Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясының ұжымы жеңіп алса, Б.Момышұлы атындағы №120 жалпы орта мектеп – бірінші орынға, ал №99 мектеп гимназия жастары екінші орынға ие болды. Циолковский атындағы №84 жалпы орта мектептің командасы үшінші орынды қанағат тұтты.
Айта кетейік, әр спорт түрінен жеңімпаз командаға 20 млн теңгеден жүлде берілді. Жүлде қаржысы мектептің қажеттілігіне, оның материалдық-техникалық базасын нығайтуға жұмсалады. Бұдан бөлек, сайыста белсенділігімен көзге түскен командалар мен жекелеген ойыншылар арнайы номинациялармен марапатталды.

Есеп – 1:0

Қажымұқан стадионында өткен марапаттау рәсімінен соң алаңға №58 жалпы орта мектеп пен А.Назарбеков атындағы №87 жалпы орта мектептің футболшылары шықты. Ойын тартысты өтіп, қос команда кездесудің алғашқы минуттарынан-ақ гол соғуға ұмтылды. Допты ойынға қосқан сәттен бастап кездесу қыза түсті.
Жарыстың 15-минутында ойындағы жалғыз әрі жеңісті голды А.Назарбеков атындағы №87 мектеп командасының ойыншысы Саят Көбей соқты. Екінші таймда №58 мектеп командасы басымдық танытып, сәт сайын шабуылға шыққанымен, қарсылас команданың қорғанысын бұза алмады. Осылайша тартысты ойын нәтижесі бойынша
А.Назарбеков атындағы №87 жалпы орта мектептің командасы жеңіс туын желбіретті.
Жеңімпаз команданы қала әкімінің өзі құттықтап, 20 миллион теңгенің сертификатын табыстады. Жанкүйерлер де чемпиондарға зор құрмет пен қошемет көрсетті.
Финалда сәл ғана сәтсіздікпен есе жіберіп алған №58 жалпы орта мектеп оқушылары екінші орынды иеленсе, үздік үштікті №3 Ұлықбек атындағы жалпы орта мектеп футболшылары қорытындылады. Жалпы, лигада футболдан 135 команда бақ сынаған болатын.
Айта кету керек, «Шымкент жастар лигасы» ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай үшінші мегаполисте қала әкімі Мұрат Әйтеновтің бастамасымен биылғы 1 наурызда басталған болатын. Шаһардың 4 ауданын түгел қамтыған бұл ауқымды дода 2 кезеңмен өтті. І кезең наурыз бен маусым айларының аралығында жалпы білім беру мекемелерінің арасында футбол, волейбол, баскетбол, шахмат бойынша өтсе, ІІ кезеңде қыркүйек пен қараша айларында жоғарыда аталған төрт спорт түрінен жоғары және орта арнаулы оқу орындары арасында өтеді.
«Шымкент жастар лигасына» қатысуға 140 білім ұйымынан 536 командадан өтініш түскен. Ойындарды үйлестіру үшін 420 денешынықтыру маманы жұмылдырылып, тікелей 8 569 оқушы қатысты.
Еске салсақ, «Шымкент жастар лигасының» жалпы жүлде қоры – 80 млн теңге. Спорттың әр түрінен үздік командаға 20 миллион теңгеден қаржылай сыйлық сертификаты берілді. Айта кетсек, бұл жоба қалада алғаш рет Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағаттар басқармасы, ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма, дене шынықтыру және спорт, білім басқармаларының ұйымдастыруымен қолға алынған.

Чемпиондар не дейді?!

Баскетбол ойынында жалпы 36 топ бақ сынасып, оның ішінде 16-сы ширек финалға жолдама алды. Тартысты ойын нәтижесінде №28, 41 мектептер үшінші орын үшін кездессе, М.Х.Дулати атындағы №8 мектеп-гимназиясының командасы мен Ө.А.Жолдасбеков атындағы №9 ІТ-лицей мектептері жеңіс кубогын тұғырын сарапқа салды. Қызықты ойын көрсетіп, 30-31 есебімен №8 мектеп командасының мерейі үстем түсті. Жеңімпаз команда 20 млн теңгеге ие болды. Команда капитаны Ерсұлтан Ахметбектің айтуынша, физикалық және психологиялық тұрғыдан дайын болу жеңістің толық формуласына айналған. Оқушылар мектепшілік үйірменің сайыста көп пайдасы тиігенін айтады. Осындай ауқымды шара тұрақты түрде өтіп, дәстүрге айналса екен дейді.
– Бұл – мектебіміздің ортақ жеңісі. Команданың әр ойыншысы жауапкершілікті сезіне білді. Мектептің абыройы үшін барынша жақсы ойын көрсетуге тырыстық. Үміт ақталды. Ол үшін қуаныштымыз. Ал жүлдеге оралсақ, білім нәрімен сусындап отырған мектебіне шәкірттерінің қосқан үлесі. Біз мектеп қабырғасындағы әр жетістігімізді алдымен ата-анамызға, сосын мектепке арнаймыз. Бізді осындай дәрежеге жеткізген ұстаздарымызға, осындай ауқымды жобаның ұйымдастырушыларына айтар алғысымыз шексіз, – дейді М.Х.Дулати атындағы №8 мектеп-гимназиясының оқушысы Е.Ахметбек.
Кілең мықтылар бақ сынап, жүйріктер оза шапқан додада Ж.Аймауытов атындағы №64 мектеп-гимназиясының шәкірттері де ерледі. Мектеп директоры Гүлхан Сандыбаева шын жүйрікті анықтаудағы соңғы сайыс төрешілерге де, ойыншыларға да оңай соқпағанын айтады.
– Мектебіміздің оқушылары табан тірескен тартысты ойынның жеңімпазы атанды. Спортшыға ең жақын адам – жаттықтырушы. Себебі, олар барлық уақытта, жаттығуда да, жарыста да үнемі бірге жүреді.
Волейбол командасының жетекшісі Гулниса Назарова апайдың табан ақы, маңдай тері ақталды, еңбегі жанды. Оқушыларымыздың жетістігі – біз үшін мақтаныш! Жастардың бос уақытын тиімді пайдалану, бұқаралық спортты дамытумен қатар, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған «Шымкент жастар лигасының» берері мол. Алдағы уақытта бұл бәйге дәстүрге айналаса деген тілегіміз бар. Мұның барлығы жастардың сапалы білім алуы мен салауатты өмір салтын қалыптастыруда үкімет қамқорлығы, тәуелсіздіктің толағай табысы деп білемін. Қала әкімінің де осындай салтанатты шарадан табылып, жастарға сәттілік тілеуінің өзі үлкен құрмет деп білемін. Қала басшылығына алғыс айтамыз, – дейді Г.Сандыбаева.
Ала доп аламанында жеңіс тұғырын бағындырып, миллионер команда атану А.Назарбеков атындағы №87 жалпы орта мектептің оқушыларына оңайға соқпаған. Дегенмен шешуші сәтте жұмыла білген ойыншылар үмітті ақтап, жеңістің жалауын желбіретті. Жеңімпаз команда капитаны
Біржан Еркінбайұлы қарсыластарының осал болмағанын айтады. Дайындық пен жанкүйерлер сенімі жеңіске жетелеген.
– Жалпы, жарыс тартысты өтті. Барлық команда жеңіске лайық ойын көрсетті. Жеңіске жеткеніміз үшін қатты қуаныштымын. Әрине, қаншама төгілген тер мен үміттің ақталғанына ризамын. Командадағы әр ойыншы жақсы нәтижеге талпынды. Жаттықтырушымыз, ата-аналарымыз, мектептегі ұстадарымыз да үлкен қолдау білдірді. Сол қолдаудың өзі бізге күш бергендей. Ауа райының қолайсыздығы да біздің жеңіске жетуімізге кедергі бола алмады. Жүлде қаржысын біз мектебіміздің дамуына қосқан үлесіміз деп білеміз, – деді №87 мектептің оқушысы көзіне жас алып.

937


Айта кету керек, «Шымкент жастар лигасы» Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту мақсатындағы тапсырмасы аясында, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай қала әкімінің бастамасымен өткізілді. Спорт сайысының екінші кезеңі жоғары және орта арнаулы оқу орындары арасында қыркүйек пен қараша айларында өтеді деп жоспарланған.