Фариза ШАЛТАЙ, бокстан Азия чемпионы: «Намыс жеңістен де қымбат» Избранное

Пятница, 18 Июнь 2021 04:54 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 5455 раз

Дубайда өткен Азия чемпионатында бокстан әйелдер арасындағы сында Қазақстан командасы сегіз алтын иеленіп, жалпы есепте көш бастағаны белгілі. Үшінші мегаполистің атынан 81 килограмм салмақ дәрежесінде сайысқа түскен Фариза Шалтай Азия чемпионы атанып, ел мерейін үстем етті. Жеңімпаз боксшымен қала күні мерекесінің қарсаңында сұхабаттасудың сәті түсті.

238

 

– Фариза Шалтай, жеңісіңізбен құттықтаймыз! Аталған додада жетінші алтынды ел қоржынына салғанда қандай әсерде болдыңыз?!

– Төреші қолымды көтергенде шекаралық мақсат орындалды деп іштей қуандым. Негізі карантин кезінде жаттығу қиындау болды, барлық жер жабық тұрды. Соған қарамастан үйде жаттығып, дайындықты тоқтатпауға тырыстық. Екінші жағынан елімізде пандемияға байланысты шектеулер енгізген күндері бос уақытым көп болып, қателермен жұмыс істеуге мүмкіндік туды. Осы жеңісім сол еңбектің жемісі шығар деп ойлаймын. Бұл еліміз бен спортсүйер қауымның ортақ жеңісі.

– Финалда өзбекстандық Сохиба Рузметовамен қолғап түйістірдіңіз. Жалпы, чемпионат қалай өтті?

– Өзбек қызы осал емес еді, өзі бойшаң болғандықтан әр соққымды ойланып соғатын қарсылас болды. Алайда менің айлам асып кетті. Ал жалпы чемпионат жоғары дәрежеде ұйымдастырылды. Әрине кейбір елдер пандемияға байланысты келе алмады. Дегенмен сайыс дәрежесіне ол әсер ете қоймады десе болады.

– Ең алғашқы жеңіс бен жеңіліс тапқан сәтіңіз есіңізде ме?

– Әрине есімде , жеңілсең жер көтереді, бастысы дұрыс қорытындылап мақсатыңа талпынудан жалықпау керек. Өмірдің өзі сол жеңіс пен жеңілістерден тұрады ғой!? Қанша мықты болсаң да жеңілістер мен сәтсіздіктер адам баласын қамшылай түседі. Сондықтан жеңісті қалай қабылдасам, жеңілістен де солай сабақ аламын. Ал өз жетістіктерімді ең алдымен еңбектің арқасы деп білемін. Қаншалықты икемің болып, талантың тасып тұрса да, еңбексіз ештеңе келмейді. Ең бастысы – еңбек, тәртіп, соның арқасында жетістікке жетуге болады деп ойлаймын.

– Ал спортқа қызығушылығыңыз қалай пайда болды?

–Спортқа бала күнімнен қызықтым, басқа салаға бару туралы ойлаған емеспін. Содан шығар бокс менің өміріме айналғаны. Бірақ отбасымда маған дейін спортпен айналысып, осы саланың төңірегінде жүрген ешкім болған жоқ. Менен кейін ізімді жалғаушылар көбейеді деп ойлаймын.

– Қыз баласына спорттық мансабын жалғастыруға отбасылық өмір кедергі болып жатады. Сіздің жоспарыңыз қандай?

– Әрине, қыз баласына спорт пен отбасыны тең алып жүру оңай емес. Мұны болашақтың еншісіне қалдырсақ...

– 19 маусым – Шымкентте қала күні тойланады. Шырайлы шаһар Сізге несімен ұнайды? Қала күніне орай шаһар жұртшылығына арналған тілегіңіз бен құттықтауыңыз болса мархабат!

– Біздің келбетті де әсем қаламыздың тұрғындары мен қонақтарын мегаполис атанғалы осымен үшінші жыл тойланып келе жатқан мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Біздің қаламыз жайдары, еңбекқор, жанашыр мәдениетті де білімді тұрғындарымен ерекше. Сондықтан да жерлестеріме денсаулық, бақ-дәулет тілеймін. Көне шаһарымыздың дамуына әрқайсымыз күш салып, үлес қоссақ. Тазалықты сақтасақ деймін. Таза әрі гүлденген қаланың жаңа белесі, жаңа жасы баршамызға тек жақсылық алып келсін. Әрбір шаңыраққа шаттық тілеймін.