Өнерін кәсіпке айналдырған Мұқағали Избранное

Пятница, 23 Июль 2021 03:42 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 1766 раз

Елімізде кәсіп істеймін деген адамға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмек аз емес. Бір ұтымдысы, өз алдына кәсібін енді бастаймын дегендер қайтарымсыз грантқа ие болса, аз-кем тәжірибе жинақтағандарға шағын несие түрінде қолдау көрсетілуде. Мәселен, жас өнерпаз Мұқағали ӘБДІШӘРІП үшінші мегаполисте каскадерлық клубтың негізін қалау идеясын бизнес-жобаға айналдырды. Сүйікті ісін кәсіпке айналдыруға болатынын дәлелдеген кейіпкеріміз бастаушыға жол, іскерге қол болған жобаның артықшылығы мен каскадерлық өнердің ерекшелігі туралы сұхбатта әңгімелеп берді.

500

 

Кейіпкеріміз Мұқағали Мерғазыұлы кішкентай күнінен-ақ шығармашылыққа жаны жақын болып өскен. Оқушы кезінен спортты жанына серік еткен. Таэквондо, тайбокс – сүйікті спорты. Мектепті бітіріп, М.Әуезов атындағы ОҚУ-да «Театр ұжымына жетекші маман» мамандығын меңгереді. Білім ала жүріп жеке кәсібін ашуды мақсат тұтқан талантты жас діттеген межеге жету үшін мемлекеттік қолдау құралдары жайлы түрлі сайттардан ізденді. Тапты. Бүгінде ол «360 қазақ каскадер клубының» жетекшісі.

501


– Клубтың мақсаты – спортқа және киноға әуесі бар қыз-жігіттерді жинап, спорттық және каскадерлық элементтерді кәсіби түрде үйрету. Ал каскадерлік қызметке келудегі басты мақсат – әмбебап маман екенімді дәлелдеу. Театр, кино салаларында рөл сомдадым. Режиссерлік және операторлық қызметтерді қатар алып жүрген кездерім болды. Ақындық өнерімді жетілдіріп жүрген жас қаламгердің бірімін. Қаладағы «Шам» жас ақындар клубының мүшесімін. «Көптің арасынан жарқ етіп шығу үшін не істеу керек» деген сауалға жауап іздедім. «Қоғамды қандай өнеріммен тәнті ете аламын» деп біраз ойлана келе каскадерлық талантымды жетілдіріп, бойымдағы осы өнерге тән артықшылығымды дамытамын деп ұйғардым. Каскадерлық арқылы жетістікке жетемін деген ой осы саланы қолға алуыма түрткі болды, – дейді кейіпкеріміз.
Әр адам кәсіп бастарда ең бірінші көп табысты қалайтыны жасырын емес. Алайда кинематография саласында қауіпті де қиын трюктарды жанкештілікпен орындайтын кейіпкеріміз о баста пайданы көздеуді мақсат тұтпаған. Жас актердің бұл ойын ұстаздары да құптаған.
– Каскадерлық – табысты кәсіп емес. Десе де оның өзге мамандықтардан артықшылығы мен кемшін тұстары бар. Кемшілігі сол, осы салаға ден қойған адам ұзақ уақыт түрлі қиындықтармен күресіп, физикалық тұрғыда пісіп-жетілуі керек. Бұл жәй ғана өнер емес, өнердің бірнеше түрін біріктіретін әмбебап мамандық. Қауіпті әрі қиын өнер. Яғни, каскадер болу үшін физикалық тұрғыда шынығу жеткіліксіз. Актерлық өнері, режиссерлық көзқарасы көп рөл ойнайды. Баюды көздеген адам каскадер бола алмайды. Университетте «сахна қозғалысы» деген дәріс болды. Дәл осы сабақта жүріп каскадерлық өнердің алғашқы қадамдарын жасадық. Өйткені түрлі трюктер жасауды осы университет қабырғасында жүріп-ақ меңгере бастадық. Бізді белгілі режиссер Алмас Шымалиев, «Мейрам» балалар киностудиясында жетекшілік етіп, кино саласындағы режиссерлік, операторлық және монтаж жұмыстарына үйреткен Мейрамбек Ағаділов ұстаздарымыз баулыды. Осы екі азаматтан үйренгендерім өз өнерімді дамытуға сеп болып отыр, – дейді «360 қазақ каскадер клубының» негізін қалаушысы.

503


«Бастау бизнес» арқылы арманына қадам басқан Мұқағали мемлекеттен қайтарымсыз 555 мың теңге қаржыға өз кәсібін бастаған. «Қолдан келгенді кәсіпке айналдыру да оңай шаруа емес»,– дейді ол.
– Қай істі болмасын бастау үшін де адамның ынта-ықыласы жеткіліксіз, оның алған біліміне қоса қарым-қабілеті мен тәжірибесінің болуы маңызды. Осы мақсатта Алматыда тәжірибе жинақтадым. Каскадер Саят Әшірбековтен сабақ алдым. Сосын қалама оралып, Шымкент қалалық Жұмыспен қамту орталығынан жолдама алып, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасында «Бастау» бизнес курсын оқыдым. Каскадерлық үйірме ашу туралы бизнес жоспарым комиссия мүшелерінің көңілінен шығып, мемлекеттік қолдауға ие болдым. Соның сертификаты арқылы 555 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантты жеңіп алдым. Әлеуметтік желілер арқылы курс ашылып жатқанын хабарлағанда осы салаға қызығушылық танытқан жандардың аз еместігін көрдім. Қазір үйірмеде 40-тан аса қыз-жігіт каскадерлікке дайындалып жүр. Ал таеквандомен айналысып жатқан 15-ке жуық бала бар. Жалпы осы орталықта 50-ден астам жас спортпен шұғылданып жатыр. Негізі спорттық үйірмеге 8 жастан бастап қабылданады. Жалпы, жасөспірімдердің физикалық дайындығымен қатар шығармашылық өнерін де дамытамыз. Қазіргі таңда каскадерлық клубта сахналық төбелес, таеквандо үйірмелері жұмыс істеп жатыр. Бұдан бөлек ат үстінде шебер ойнауды, отпен қойылым қоюды да қолға алсақ деген ниетіміз бар. Киноға қатысты актерлық шеберлік, режиссерлық және операторлық, монтаждау жұмыстары қосымша үйретіледі, – дейді Мұқағали Әбдішәріп.

504


Жас каскадер Мұқағали клубтағы қыз-жігіттердің өнерін көпшілікке танытуды көздейді.
– Кино саласында «каскадерлік Оскар» саналатын әлемді мойындатқан «Nomad Stunts» кәсіби каскадерлар тобы өнерсүйер қауымға жақсы таныс. Біздің клубымыз да кәсіби каскадерлер ретінде танылса деймін. Түркістандағы «Керуен сарай» туристік кешенінде, қаламыздағы «Арбат» демалыс аймағында шоу-қойылымдар ұсынып жүрміз. Қазір карантиндік талаптарға байланысты шоуымызды қысқартуға тура келді. Бастысы – өнерімізді тамашалап, қолдайтын көрерменнің бар екеніне көз жеткіздік. Әлихан Бөкейхан атамыз айтпақшы, мен де «тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын», – дейді жас өнерпаз.
Істің көзін тапқан Мұқағали қауіпті де қиын спортты кәсіпке айналдырып, қаншама жасты өнерге баулып жүргені өзгелерге өнеге боларлықтай екен.