Күміс жүлдегерге құрмет көрсетілді Избранное

Среда, 10 Ноябрь 2021 04:42 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 9787 раз

Шымкент халықаралық әуежайында бокстан ересектер арасында Сербияда өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері Махмұд Сабырханды зор құрметпен қарсы алды.

332

 

Былғары қолғап шеберін күтіп алуға қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов, Сидней олимпиадасының күміс жүлдегері Мұхтархан Ділдәбеков пен қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бауыржан Тұманбаев, спортшының ата-анасы, туыстары мен бапкерлері, жанкүйерлері жиналды. 

Жас спортшыға құрмет көрсетіп келгендер оның әлем біріншілігіндегі жеңісімен құттықтап, Парижде өтетін Олимпиада ойындарына қатысып, жеңімпаз болуын тіледі.
Сербия мемлекетінің астанасы Белград қаласында өткен байрақты бәсекеде қалалық «Кәсіпқой бокс түрлері клубының» спортшысы Сабырхан Махмұд 54 келі салмақта ел намысын қорғаған болатын. Ол әлем біріншілігіндегі шаршы алаңда бес кездесу өткізіп, оның төртеуінде 5:0 есебімен жеңіске жетті. Ал финалда жапон боксшысына есе жіберді. Ұлттық құрама сапындағы ең жас спортшы әлем чемпионатының күміс жүлдесін қанжығасына байлады. Десе де, Махмұд енді кеткен қателіктерімен жұмыс істейтінін атап өтті.
– Әлем чемпионатынан күміспен оралсам да, үлкен құрметпен күтіп алған, тілеулес болған барша жанкүйерге рахмет. Әрине, бұл жарыс маған үлкен тәжірибе сыйлады. Бұл бастамасы ғана. Алда талай дүбірлі сын күтіп тұр. Алдағы жылы Азия ойындары өтеді. Көп ұзамай Ташкентте лицензиялық әлем чемпионатының жалауы желбірейді. Сол бәсекеге дайындалып, осы жолы кеткен есені қайтарамыз, - деді боксшы.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы Белградтағы әлем чемпионатында бес жүлдеге ие болды. Құрама сапында Теміртас Жүсіпов (48 келі) пен Сәкен Бибосынов алтын, Махмұд Сабырхан (54 келі) мен Серік Теміржанов (57 келі) күміс медаль еншіледі. Ал ұлттық құрама капитаны, 67 келідегі Абылайхан Жүсіпов қола медальға қол жеткізді. Жалпы командалық есепте кубалық спортшылар 3 алтын, 2 қолаға қол жеткізді. Екінші орынға Қазақстан орналасса, үздік үштікті АҚШ құрамасы қорытындылады. Олардың еншісінде 2 алтын, 2 күміс медаль бар.