Жайнаның жеңісті жолы Избранное

Среда, 25 Май 2022 04:33 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 2241 раз

Жанкүйерлердің ыстық ықыласы осындайда көрінеді емес пе?! Бокстан әйелдер арасында Ыстанбұлда (Түркия) өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері Жайна Шекербекованы Шымкент әуежайынан жерлестері зор қошеметпен қарсы алды. Қалалық спорт мектептерінің басшылары, жаттықтырушылар, жанкүйерлер жерлесімізді жеңісімен құттықтап, алдағы бәсекелерде сәттілік тіледі. Ж.Шекербекова осымен екінші рет әлемдік сайыстың қола жүлдесіне қол жеткізді. Бұған дейін әлем чемпионатында 1 күміс, 1 қола жүлде жеңіп алған еді. Жалпы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы 1 күміс, 4 қола жүлдеге иелік етіп, табыспен оралды.

602

 

«Алтын жүлдемен қуантатынына сенемін»

Әлемдік сайыстың жүлдегерін күтіп алу рәсіміне кезекті рет куә болдық. Шымкент әуежайында ақжарма тілектер айтылды. Шымкент кәсіпқой бокс түрлері клубының директоры Заңғар Қасқаев және белгілі жаттықтырушылар ізгі тілектерін жеткізсе, жанкүйерлер «Жайна, чемпион!» деп ұрандатты.
Әлем чемпионатында үшінші тұғырға көтерілген спортшының ата-анасы да көпшілікпен бірге қуанышты сәттің куәсі болды. Анасы Рысты Мамраеваның аз-кем пікірін білдік.
– Әрине, алтын жүлдеден үміттендік. Қолаға да шүкір дейміз. Қолдау көрсеткен Қазақ еліне көп рахмет! Қызымның алда алтын жүлдемен қуантатынына да сенемін. Еліміздің көк Туын желбіретіп жүрген Жайнаның әлі де талабы зор. Анасы ретінде жанкүйер болу өте ауыр. Қызыммен бірге шаршы алаңда өзім де қолғап түйістіргендей күй кешемін. Жайнаға әлі бұдан да биік тұғырлардан көрінуді Алла нәсіп етсін, – деді спортшының анасы.
Жайнаның өнеріне ең алғаш 2010 жылы куә болған едік. Елордадағы «Дәулет» спорт кешенінде өткен Азия чемпионатында. Қазақ елінде тұңғыш ұйымдастырылған біріншілік. Финалға бес қызымыз шықты. Жеңісті жолды Жайна бастап берген. 54 келі салмақта солтүстіккореялық спортшының жігерін жасытып, Азия чемпионы атанды. Содан бері спортшының жеңісті жолы көз алдымызда. Еңбегі сіңген спорт шебері. 2014 жылы Азия ойындарында күміс жүлде, 2016 жылы Әлем чемпионатында қола, 2018 жылғы әлем чемпионатында күміс жүлдені қоржынға салған. Рио де Жанейрода өткен Жазғы олимпиадада V орын алған.

603


2022 жылдың 8-21 мамыр аралығына жоспарланған әлем чемпионатында рекордтық нәтиже тіркелді. Дүбірлі додада әлемнің 84 елінен 400-ге жуық бұрымды арулар сынға түсті. 52 келі салмақта жерлесіміз Жайна Шекербекова 4 бәсеке өткізіп, әр кездесуінде бар күш-жігерін салғанын көрдік. Әуелде Пуэрто-Рико елінің спортшысы Мэлоди Варгастан 5:0 есебімен, жапониялық Ринка Киношитадан 3:2 есебімен басым түсіп ширек финалға шықты. Жартылай финалға жолдама берер жекпе-жекте Италия елінің өкілі Олена Савчукті 4:1 есебімен айқын жеңді. Жартылай финалда тайландтық Жутамас Джитпонгке ұпай санымен есе жіберді. Тай спортшысы Токио Олимпиадасының 5 орын иегері, әккі қарсыластарының бірі-тін.
Бұл жолғы әлемдік сайыста Олимпиада ойындарының қатысушылары да бәсеке көрігін қыздырды. Чемпионат барысында спорт мамандары, жанкүйерлері әйелдер боксында техника, тактикалық жағынан өсу, алға жылжу бар екенін айтты. Иә, боксшы қыздар да ерлерден қалыспай, әдемі бокс үлгісін көрсете білді. Олимпиада ойындарындағы әйелдер бәсекесінде салмақтың көбейгені де бұл жағдайға әсер етсе керек.

«Бір бәсеке өткізуім керек еді...»

Он жылдың бедерінде Ж.Шекербекова 4 әлем чемпионатына қатысып, соның үшеуінде жүлдегер атаныпты. Тек қана 2012 жылы Қытайдағы әлемдік сайыстың алғашқы жекпе-жегінде 1 ғана ұпаймен жеңілгені жанкүйерлердің есінде. 2016 жылы өз елінде өткен әлем біріншілігінде қола жүлдегер атанып, Олимпиада жолдамасына иелік еткен-тін. Алғашқы Олимпиадада жүлдеге бір қадам қалғанда сүрінуі өкінішті, әрине. Алайда ол сәтсіздік спортшының сағын сындыра алған жоқ. Одан бері де талмай еңбектеніп, алға қадам басып келеді. Әзірге, қоржынында Олимпиада жүлдесі ғана жоқ.
«Риода жеребенің сәттілігінің арқасында бірден ширек финалға шықтық. Франциялық Сара Урамунды жеңуге мүмкіндік бар еді. Бәлкім, бір жекпе-жек өткізіп, Олимпиада шаршы алаңына бой үйретіп алуым керек пе еді... Сол керек болған сияқты. Жалпы, жеңілгеннен кейін түрлі себеп айтылады ғой. Шыны керек, алғашқы Олимпиадада жолым болмады. Франциялық қарсыласыммен бұрын жолымыз түйіскен емес. Олимпиада алдында Ұлыбританияда оқу-жаттығу жиыны өткен. Сол жерде спаррингте ғана қолғап түйістіргеніміз бар. Елордадағы әлем чемпионатында Сарамен тұғырда қатар тұрдық. Қарым-қатынасымыз жақсы. Азия ойындарында жүлдегер болғанымда құттықтады».
Жеңімпаз қыз осылай сыр шерткен. Мектеп қабырғасында жүргенде волейбол, баскетбол ойнап, спортқа қызығып өскен жасөспірім қыз қазір әлемдік деңгейде өз орны бар спортшының бірі.

Басты мақсат – Олимпиада жүлдесі

Шекербекова бүгінде білікті маман Шамиль Сафиуллиннен тәлім алады. 2016 жылдан бері бірлесе, жеңіске бастар жолда ізденіс үстінде. Жайнаның айтуынша, жаңа бапкері техникалық-тактикалық дайындыққа жіті көңіл бөледі. Жеңіске сабырмен, түрлі әдіс-айлалармен жетудің қыр-сырын біледі.
«Көрінген таудың алыстығы жоқ» дейді халқымыз. Қазіргі басты мақсат та, жоспар да – 2024 жылғы Олимпиада ойындары. Бапкері екеуінің алға қойған мақсаттары айқын.
– Ыстанбұлдағы әлем чемпионаты өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Оған біз де жоспарлы түрде тыңғылықты дайындалдық. Шымкент қаласында және Түркияда оқу-жаттығу жиындарына қатыстық. Бұл жолы жаңа салмақта – 52 келіде өнер көрсеттім. Енді әлем чемпионатынан кейінгі үлкен бәсеке – Жазғы Азия ойындары. Шілде айында елордада өтетін халықаралық турнирге қатысу жоспары бар. Әрине, басты мақсат – Олимпиада. Оған бару үшін де көптеген сынақтардан өту керек. Біз барлығына дайынбыз. Соған жетсек пе дейміз. Қолдан келіп тұрса, тек еңбек ету керек, – дейді Жайна.

604


Иә, төртжылдықтың басты бәсекесі де қыр астында тұр. Халықаралық бокс қауымдастығы келесі Олимпиада ойындарында қыздар бәсекесінің салмағын көбейтті. Париж додасында бұрымды боксшылары 6 салмақта бақ сынайды. Бұл – спортшыларға зор мүмкіндік. Еліміздің спортшылары әйелдер боксынан 2012 және 2016 жылғы Олимпиялық ойындарда қола жүлдегер атанды.
Енді жеңісті дәстүр үзілмеуі тиіс. Біз Жайнадан зор үміт күтеміз. Алдағы жауапты сындарда сәттілік тілейміз.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.