Шымкент әлемдік сайыстар ордасына айналады Избранное

Среда, 22 Июнь 2022 06:36 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 636 раз

Шымкент – спорты өркендеген шаһар. Қалада спорттық инфрақұрылым жылдан жылға жақсарып, бұқаралық спортқа оң бетбұрыс жасалуда. Шымқала бүгінде жарыстар ордасына айналып келеді. Мәселен, жыл басынан бері қалада көркем гимнастикадан СШ, СШҮ жастар арасындағы ҚР чемпионаты, шорт-тректен, әмбебап жекпе-жектен, грек-рим, еркін және әйелдер күресінен, комбат джиу-джитсудан, пауэрлифтингтен жастар мен жасөспірімдер, ересектер арасында ел чемпионаттары ұйымдастырылды. Халықаралық турнирлер, ҚР чемпионаттары үздіксіз өтуде.

77

 

Өңірде өткен алғашқы құрлық чемпионаты

Қала дарынды жастарымен қатар, қонақжайлылығымен де танымал. Қала спортшылары 2022 жылдың басынан бері халықаралық, республикалық спорттық іс-шараларда жоғары нәтижелерге қол жеткізді. ҚР чемпионаты, Азия және әлем чемпионаты, әлем кубоктарында жерлестеріміз үздіктер қатарынан көрінді.
Қазіргі таңда шаһарда 933 спорт ғимараты тіркелген: 3 стадион, 15 спорттық кешен, 32 спорттық манеж, 1 спорт сарайы, 2 оқу-жаттығу орталығы және тағы басқалары бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын қалыптастыру, жоғары спорттық жетістіктерді арттыруда жұмыс істеп тұр.
Ендігі кезекте қаламызда әлем чемпионаттары мен кубоктары, құрлық чемпионаттарын өткізу міндеті тұр. Спорттық инфақұрылымды дамыту, спорттық туризм, жалпы спорттық индустрияны қалыптастыру – күн тәртібіндегі мәселелердің бірі.

74


Бұл орайда артқа шегініс жасап, тарихтан аз-кем айтып өтсек. Осыдан тоғыз жыл бұрын, 2013 жылы сәуір айында Шымкент қаласында бокстан жасөспірімдер арасында Азия чемпионаты өтті. Құрлықтың 14 елінен – Жапония, Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Шри-Ланка, Бутан, Үндістан, Кувейт, БАӘ-ден 111 жас боксшы қатысты. Азия чемпионаты елімізде алғаш рет облыс орталығында ұйымдастырылған құрлық біріншілігі ретінде тарихқа енді. 2004 жылдан кейін үзіліп қалған чемпионат Шымкент төрінде қайта тұсауы кесіліп, жақсы үрдіс жалғасын тапты.
Шымкент көшелеріне чемпионаттың жарнама билбордтары ілінген. Афишалар да сағынып жектен сайысты тамашалауға шақырады. Аймақта өткен құрлық чемпионатында қызықты оқиғаларға куә болған едік. Мұндай бәсекелердің өңірлерде өткізілуі – өте жақсы үрдіс. Аймақ спортына қан жүгіреді, сең қозғалады, спорттық менеджмент дамиды.
Осы құрлық чемпионатынан кейін боксшылар Киевтегі (Украина) жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына аттанды. Шымкент шаршы алаңы осылайша, әлем чемпионатына жол бастады. Жақсы дәстүрдің арқасында құрлық боксшылары әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарында да жоғары жетістіктерге жетті.
Мәселен, Шымкент төрінде Азия чемпионатының жеңімпазы атанған Абылайхан Жүсіпов жастар арасында әлем чемпионы, ересектер арасында екі дүркін әлем чемпионатының жүлдегері болды. Екі Олимпиада ойындарында бақ сынады. Мұның бәрі тарих, есте қалған оқиғалар.
Сонымен қатар, араға 8 жыл салып, өткен жылы Шымкент қаласында нысана көздеуден ересектер мен жасөспірімдер арасында XIV Азия чемпионаты дүркіреп өтті. ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған құрлық біріншілігіне 11 мемлекеттен (Бахрейн, Индонезия, Қырғызстан, Сауд Арабиясы, Кувейт, Пәкістан, Катар, Таиланд, БАӘ, Өзбекстан) 160 спортшы қатысты. Азия ату конфедерациясының президенті шейх Салман Әл-Сабахтың өзі жарысқа арнайы келіп, қатысты.
Дүбірлі жарыс өткен «Shymkent Shooting Plaza» – Азия өңіріндегі ең ірі ату кешендерінің бірі саналады. Онда стенд және оқ атудан халықаралық турнирлер ұйымдастырылуда.

«Шымкент-арена» кешені салынады

Шымкент – қазір үшінші мегаполис. Ауқымды жобалар, жоспарлар қолға алынған. Енді әлемдік сайыстарды өткізіп, шаһардың оң имиджін қалыптастыру, қаланың атын әйгілеу мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр.
Шаһарда 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес, спорт саласындағы нысаналы индикаторлар белгіленген. Биыл да қалада ірі спорт нысандары салынуда. Шаһарда құрылысы жүргізіліп жатқан нысанның бірі – жаңа заманауи ипподром. Жалпы жаңа ипподромның құрылысын 2022 жылдың қыркүйек айында аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Бүгінгі таңда қалада «Металлург» стадионын қайта құру және күрделі жөндеу, Сайрам тұрғын алабында №12 спорт мектебінің қосымша корпусын салу жұмыстары атқарылуда. Екі нысанның құрылысы жыл соңына дейін аяқталады.
Сонымен қатар, Бозарық-3 шағынауданындағы қалалық №20 спорт мектебінің спорт ғимаратының құрылысы, үстел теннисіне арналған спорт нысаны, «SPORT LIFE» футбол орталығы салынып жатыр.
Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының бұқаралық спорт және инфрақұрылым бөлімінің басшысы Мақсат Орынбаевтың айтуынша, спорттық инфрақұрылымды дамытуда 2022-2025 жылдары бірқатар ірі спорт нысандарын салу жоспарда.

75


Атап айтқанда, 2022-2023 жылы қалалық № 15 спорт мектебінің спорт кешені, Тұран шағынауданында «Теннис орталығы», Тұран шағынауданында спорт кешені, Солтүстік саяжай және Тассай шағынаудандарында спорт нысандарының құрылысын жүргізу жоспарда тұр.
2023-2025 жылдары аралығында да әлеуетті жобалар жүзеге асырылмақ. Соның бірі – «Шымкент сити» шағынауданындағы «Шымкент арена» спорт кешені. Жер телімі 3 гектар аумақты құрайды. Қазіргі уақытта техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу жұмыстары қарастырылуда.
Қажымұқан атындағы орталық стадионды реконструкциялау көзделіп отыр. Техникалық сараптама жүргізілген. Сонымен қоса, ат манежі мен қосымша атқора құрылысын жүргізу үшін қалалық құрылыс басқармасына ұсыныс енгізіліпті.

«Әлемдік сайыстарды өткізуге мүмкіндік бар»

Қалада әзірге халықаралық талаптарға сай «Shymkent Shooting Plaza» оқ ату кешені, көркем гимнастика спорт кешені, Мұз сарайы, ұлттық теннис орталығы, БИІК спорттық базасы жастардың игілігіне жарап тұр.
«Кез келген спорттың дамуы материалдық-техникалық базаға байланысты. Екінші, маман кадрлардың жеткілікті болуы. Үшіншіден, қаржы болса, инвестор табылса, соның бәрін ұйымдастыруға болады».
Бүгінде мұхит асып, Олимпиада ойындары, әлем чемпионаттарында отандастарымызға қолдау көрсетіп жүрген спорт жанашыры Әбдімәжит Сыздықбеков осылай ой түйеді. Бұл орайда ұсыныстары да жеткілікті.
Әбдімәжит Саттарұлы спортшыларымызға қолдау көрсетуді дәстүрге айналдырған нағыз спорт жанашыры. Әсіресе, бокс, күрес, ауыр атлетика спортының бүге-шігесін біледі. Жеке кәсіпкер спорттық инфрақұрылымды дамытып қана, туристерді тартуға, қызықтыруға болатынын айтады.
– Спорттық туризмді дамытып, қаланы таныту үшін алдымен спорттық инфрақұрылымды жетілдіру қажет. Спорт нысандары салынып жатыр. Шымкенттің оң имиджін қалыптастыруға барлық мүмкіндіктер бар. Ең бастысы, жақсы ниет керек. Қажымұқан атындағы Орталық стадионды жаңғырту уақыт күттірмейді. Одан кейін, қазақтан шыққан бокстан тұңғыш Олимпиада чемпионы Бекзат Саттарханов атындағы халықаралық турнир өткізілсе деген ұсынысым бар. Жарысты А санатына енгізіп, Олимпиадалық іріктеу немесе рейтингілік турнир ретінде ұйымдастыру керек. Оған Куба, АҚШ-тан, Еуропа елдерінен мықты құрамалар келер еді. Бізде қонақүйлер жеткілікті. Осы бастама іске асса, жастарға мотивация әрі қалаға жақсы жарнама болар еді. Оны мәселе етіп көтеру қажет. Бұл Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР бокс федерациясы, қала әкімдігі бірлесе ұйымдастыратын ауқымды шаруа. Таяуда күрес түрлерінен Болат Тұрлыханов кубогы рейтингілік турнирі өтті ғой. Міне, қаланы таныту үшін бізге де осындай әлемдік деңгейде, халықаралық жарыстар керек, – дейді жеке кәсіпкер ұсынысын жеткізіп.
Жалпы, ұрпақ тәрбиесіне салғырт қарауға болмайды. Шаһарда әлеуетті спорт кешендерін салып, әлемдік сайыстарды өткізуге оң бетбұрыс жасалуда.
Шаһарда Әбдісалан Нұрмаханов, Қарақозы Әбдәлиевті еске алу турнирі, Мұхтархан Ділдәбековтің жүлдесіне арналған халықарлық турнир, қала әкімінің кубогы сынды бәсекелер өтті. Мұның бәрі де еліміздің жас боксшылары үшін тәжірибе алаңына айналған жарыстар.

76

Ә.Нұрмаханов турнирі бір кездері Азия чемпионатына іріктеу ретінде ұйымдастырылған болатын. «Шымкент қаласы әкімінің кубогы» жастар арасында ҚР чемпионаты ретінде өткізілді. 2009 жылы тұсауы кесілген сайыстың да беделі артып келеді.
Сонымен қатар, қалада күрес түрлері, көркем гимнастика, оқ ату, тағы басқа спорт түрлерінен халықаралық турнирлер тұрақты ұйымдастырылуда. Академик Мардан Сапарбаевты еске алуға арналған халықаралық жарыс та кілең мықтылардың басын қосып жүр. Олимпиада және әлем чемпионатының жүлдегерлерінің бағын ашқан бәсеке.
Иә, Шымкент жарыс өткізуге қолайлы шаһар: халқы қонақжай, спорт жанашырлары, жанкүйерлері көп. Қандай жарыс болса да, жасы да, жасамысы да тізіліп отырады. Дарынды спортшылардың көбісі осы өңірден шыққан.
Еліміздің әйгілі спортшылары, еңбегі сіңген бапкерлер, халықаралық дәрежедегі төрешілері, бәрі де Шымкенттегі жарыстарда тәжірибе жинап, шыңдалған. Ең жарыс көп өңір де – Шымкент. Ендігі кезекте қаламызда әлем және Азия чемпионаты, Олимпиадалық іріктеу турнирлерін өткізуге нақты қадамдар жасалуда.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.

Другие материалы в этой категории: « Тұңғыш жүлдегер