Мақсат мақсатына жетті

Пятница, 08 Июль 2022 07:39 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 4607 раз

maksat 1

Жақсы дәстүр жалғасын тапты. 3 шілде күні Елордадағы «Барыс-Арена» мұз сарайында астана күніне орай қазақ күресінен «Қазақстан барысы» турнирі XI рет дүркіреп өтті. Кілең алыптардың арасынан жаңа есімдер жарқырай көрінді. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен, «Қазақстан барысы» қоры мен Qazaq kuresi Ассоциациясы бірлесе ұйымдастырған сайыста он бірінші жеңімпаз анықталды. Сонымен қатар, шымкенттік балуандар бұл жолы жартылай финалға дейін жетті.

Биылғы турнир бұрынғыдан өзгерек

Дәстүрлі турнир елімізде ұлттық спортты дамыту арқылы салауатты өмір салтын насихаттау, мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығын атап өту, балалар жылы аясында жастарды ұлттық спортпен шұғылдануға тартуды мақсат еткен. Жарыс ережесіне сәйкес, сәуір-мамыр айларында ауыл, аудан, облыстық (қалалық) деңгейдегі және күштік құрылымдар желісі арасында іріктеу жарыстары өтіп, оған еліміз бойынша 5 мыңға жуық спортшы қатысты. Соның ішінен іріктеліп шыққан 36 балуан өзара күш сынасты.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі дене шынықтыру және спорт комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев сайыста қонақ болып, бәсекелерді тамашалады.

Сонымен, биылғы турнир бұрынғыдан өзгерек. Қазақ күресі ережесіне бірқатар өзгертулер енгізілген. Бұл жолы белдесулер бүк ұпайынсыз өтті. Ұйымдастырушылар жанкүйерлер пікірін ескеріп, әдіс-айлаларды көбейтіп, қызықтыру мақсатында осындай шешімге келіпті. Нәтижесінде балуандар небір әдіс-тәсілдерді көрсетіп, жанкүйерлерге тамаша белдесулерді паш етті. «Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпаз және жүлдегерлері Мұхит Тұрсынов, Еламан Ерғалиев, Ерасыл Қажыбаев, Ғалымжан Қырықбаев сынды сақа спортшылар сайыс көрігін қыздырды. 2021 жылғы жеңімпаз Дәурен Нұралинов жарақатына байланысты турнирге қатысқан жоқ.

Бір айта кетерлігі, іріктеліп шыққан 36 балуанның 16-ы алғаш рет бақ сынады. Бұл жағдай да ұлттық спортқа жаңаша леп әкелді. Қатысушылар арасында ең жасы үлкені 1984 (Мәди Сапин, Алматы облысы) жылғы болса, ең жасы 2001 жылғы (Ерсұлтан Жорабек, Алматы қаласы) балуандар.

«Qazsport» телеарнасынан ұлттық спорттың төресі – қазақ күресі биыл да төрге озғанына куә болдық. Сенсациялы жағдайлар да аз емес. Негізгі уақытта жеңімпаз анықталмай, балуандар қоян-қолтық белдесуге көп жүгінді.

maksat 2

Әскер барысы Ерасыл Қажыбаев, 2014 жылғы жеңімпаз Мұхит Тұрсынов, 2017 жылғы «Қазақстан барысы» Еламан Ерғалиев биылғы бәсекеде іріктеу кезеңдерінде жеңіліп, жарыстан шығып қалды. Он бірінші турнирде қызылордалық Мақсат Исағабыловтың бағы жанды. Қазақ күресінен ХДСШ, Азия чемпионы М.Исағабылов шын үздік екенін дәлелдей білді. Басты фавориттерді жарыс жолынан шығарды.

XI турнирдің жеңімпазы атанған Мақсат Исағабыловқа 25 млн теңге және алтын белбеу мен ауыспалы «тайтұяқ» табыс етілді. Күміс жүлдегер Нұрдәулет Жарылғаповқа (Маңғыстау облысы) 5 500 000 теңге және қола жүлдегер Ғалымжан Қырықбайға (Жамбыл облысы) 1 800 000 теңге берілді.

Бүгінгі Елорда – әлемдік өркениеттің орталығы, бейбітшілік бесігі ғана емес, спорт сайыстарының ордасы да. Ұлттық спортты насихаттауда да өзге өңірлерге үлгі көрсетіп келеді. Міне, «Қазақстан барысы» бәсекесі елорда төрінде 11-ші рет дүркіреп өтті. Дәстүрлі турнир қазақ күресінің дамуына, бұқаралық сипатта насихатталуына айтарлықтай үлесін қосты. Ұлан Рысқұл, Бейбіт Ыстыбаев, Айбек Нұғымаров, Мұхит Тұрсынов, Еламан Ерғалиев, Ержан Шынкеев, Дәурен Нұралинов «Барыс» атанды. Мінекей, олардың қатарына қызылордалық Мақсат Исағабылов та қосылды.

 

Нұрсат Темірхан – жаңа есім

Бәсекеде шымкенттік балуандардың жолына үмітпен қарадық. Бұл жолы жерлестеріміз жартылай финалға дейін жетті. 2018 жылы «Оңтүстік барысы» Ерсұлтан Мұзаппаров осы межеден көрінген еді. Міне, араға төрт жыл салып, 1999 жылғы жас өрен Нұрсат Темірхан жартылай финалға шықты. «Тілеу» лақап атты, салмағы 120 келі тартатын жерлесіміз бар күш-жігерін көрсетті-ақ. Ширек финалда «Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпазы Еламан Ерғалиевтен (Ақтөбе облысы) басым түсті. Әттеген-айы, жартылай финалда маңғыстаулық Нұрдәулет Жарылғаповпен белдесуде қолын жарақаттап, үшінші орын үшін белдесуге шыға алмады. Нұрсат Темірханның алғаш рет қатысып, осындай нәтижеге жетуі де көңіл сүйсінтерлік.

Ал Ерсұлтан Мұзаппаров бірінші белдесуде әскер барысы Әділ Оразбаевты қоян-қолтық белдесуде жеңді. 1/8 финалдық кезеңде Жамбыл Тұрғыналиевке (Жамбыл облысы) есе жіберіп, жарыстан шығып қалды.

Qazaq kuresi Ассоциациясы қалалық федерацияның президенті Балтабай Тасболатұлы бұл жолы да азаматтық жасады. Атымтай жомарт азамат биылғы «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің қатысушылары мен жас балуандарды марапаттады. Республикалық турнирде төртінші орынға ие болған шымкенттік Нұрсат Темірханға Daewoo Nexia маркалы жеңіл көліктің кілтін табыстады.

Бұдан бөлек, Қазақстан кубогінде, ел чемпионатында және халық ойындарында үздіктер қатарынан көрінген Ерсұлтан Мұзаппаров, Жұмажан Қожамбеков, Марат Байқамұров, Нұрсұлтан Қожагелдіге шаһар басшысының Алғыс хаты мен қаржылай сыйлықтарды табыс етті.

Шымкент қаласының қазақ күресінен ересектер құрамасының аға бапкері Руслан Үсембеков жарысты қорытындылап берді. Жас дарын Нұрсат Темірхан жақын арада жаттығуды бастайтынын айтады.

– Республикалық турнирде Шымкент қаласының балуандары жақсы күресті. Нұрсат Темірхан алғаш рет бақ сынап, төртінші орын алды. Жарақаты ауыр емес. Бір айдан кейін-ақ жаттығуды бастап кетеміз. Еңбегін ескеріп, демеуші азаматтар жеңіл автокөлік мінгізді. Бұл жігіттерге зор қолдау деп білемін. Ерсұлтан Мұзаппаров биыл төртінші рет бақ сынады. Бәрі де Ерсұлтанға қарсы дайындалады. Бұл сәтсіздікпен тоқтамаймыз. Жалпы қалада қазақ күресінен бәсекелестік артып келеді. Дайындықты одан әрі күшейтеміз, – дейді аға бапкер.

Қалада дарынды жастардың шоғыры қалың. Ерсұлтан Мұзаппаров, Нұрсат Темірхан, Марат Байқамұров, Жұмажан Қожамбеков, Нұрсұлтан Қожагелді...Ендігі үміт осы жастарда.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.