Бөлке нан 60 теңге болды

Пятница, 21 Сентябрь 2018 04:21

Шымкентте нан бағасы 10 теңгеге көтерілді. Күні бүгінге дейін дүкен сөрелерінде 50 теңгеден сатылып келген бір бөлке нан енді 60 теңгеден саудалануда.

20150409185546

Осы орайда нан бағасына қатысты жағдай түсіндірілді. «Нан қауымдастығы» ҚБ басшысы Әбдімәлік Көмекбаев нан бағасының өсуін бидай ұнының көтерілуімен түсіндіреді. Мәселен, бұған дейін 50 келі қаптағы ұн 3100 теңгеден сатылса, қазір 3900 теңге. Оның үстіне жарық пен су, газға төлейтін коммуналдық төлемдер мен тасымалдауға кететін жанар жағармай да қымбаттаған. Қауымдастық төрағасы мәлімдеуінше, заңды тұлғаларға коммуналдық қызмет төлемі өскенімен (2016 жылдан бастап су – 24,7%, электрэнергиясы – 27,2%-ға қымбаттаған), сондай-ақ жанар-жағармай бағасы көтерілгенімен (АИ-92 – 25,2%, дизель отыны – 105,01%), қала әкімдігінің келісімімен нан пісірушілер алғашқы қажеттіліктегі азық-түлік ретінде бірнеше жыл бойына нан бағасын көтермей ұстап тұрған. Сондықтан, 17 қыркүйекке дейін бір бөлке нан бағасы 50 теңге еді.
Шымкент қаласы Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Әсет Әбдірахановтың айтуынша, әкімдік жағдайды сырттан бақылап қана қойған жоқ. Қауымдастықпен бірнеше келіссөздерден соң есептеулер жүргізіліп барып, нан бағасы шығарылды.
Қосымша айта кетсек, әкімдік тарапынан әлеуметтік өнімнің бағасына күнделікті мониторинг жүргізілуде. Яғни, нан бағасының одан әрі өсуіне жол берілмейді. Соған қарамастан, қазір Шымкенттегі нан бағасы еліміздегі ең төмен бағаны құрап отыр.

Шымкентте жыл соңына дейін 300 жаңа автобус алынбақ. Бұл туралы қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының сектор меңгерушісі Наурыз Сүгірәлиев айтты.

Автобус

Маманның айтуынша, бүгінгі таңда қаладағы автобустардың 47 пайызы тозған, олардың пайдалану мерзімі 8 және 15 жылдан асқан. Осы мақсатта 1 мың автобусты алу көзделіп отыр. Оның 300-і биылғы желтоқсан айына дейін, ал қалған 700 автобус 2019 жылы алынады деп жоспарлануда.
– Шымкенттегі автобус паркін жаңалау үшін қоғамдық көліктердің қаржысын бөліп алу қарастырылуда. Бұл орайда қалалық әкімдік «БРК-Лизинг» АҚ – қостанайлық «Сарыарқа автопром» үшжақты меморандум жасалды. «БРК-Лизинг» АҚ арқылы 1 мың автобусты 7 жыл мерзімге алғашқы жарнасы 15 пайыз, жылдық 7-8 пайыз ставкамен бөліп төлеуді ұсынды, – дейді сектор меңгерушісі. 
Айта кетсек, қазір қалада 26 көлік компаниясы 1090 кестемен қызмет көрсетеді. Алдағы уақытта Шымкенттегі қоғамдық көліктерге электронды билет жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Пилоттық жоба алдымен 30 автобусқа енгізілмек.

Шаһардағы «Қырғы базар» туристік аймаққа айналмақ. Қараша айының соңында бұл аумақты үлкен өзгерістер күтіп тұр.

 DSC5851

Жауапты мамандардың айтуынша, «Қырғы базар»-дың кіреберіс алаңында жаңа гүлзар пайда болады, сондай-ақ кіреберіс қақпалары қалпына келтіріледі. Олар шығыстық үлгіде жасалынбақ.
Жоспар бойынша, базардың алды ғана емес, базардың өзі де жаңа кейіпке енбек.
– Бұл жер тұрғындарға қолайлы әрі жанға жайлы демалыс сыйлайтын аумақ болады деп көзделіп отыр. Мұнда келушілердің қауіпсіздігі үшін Fake ID және Touch ID жүйесін іске қосу да жоспарда бар, – дейді әкімдік өкілдері.

Миллионды шаһар Шымкентте газдандыру қалай жүргізілуде? Шаһардың қанша тұрғыны бүгінгі таңда көгілдір отынды тұтынуда? Қаладағы тұрғын үйлердің қанша пайызы табиғи газбен қамтылған? Шымкентке қарасты шағынаудандар мен елдімекендерде газдандыру жұмыстары қалай жүріп жатыр? Осы сауалдарға жауап іздеп көріп едік.

c8eff977a669fd8b60769cde5f3d1037

Биыл Шымкентте 4,9 мың адамкөгілдір отынға қол жеткізеді

Мемлекет басшысы Н. Назарбаев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасында» елді газбен қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыру қажеттігін айтты.
Елбасы өз сөзінде: «Елімізде газ өндіру Тәуелсіздік кезеңінде жылына 8-ден 52 миллиард текшеметрге дейін артты, әрі қарай да өсе түседі. Қазір еліміздегі тұрғындардың 50 процентке жуығы газбен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, экология жақсарады. Газға көшу тек Астананың өзінде зиянды қалдықтардың ауаға таралуын 6 есеге немесе жылына 35 мың тоннаға азайтады. Бұл жобаны жүзеге асыру әрі қарай өзге өңірлерді де газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деген болатын.
ҚР Энергетика министрілігінің мәліметінше, елімізде былтыр газ өндірісі 2016 жылмен салыстырғанда, 14 пайызға артқан. Биыл еліміздің 6 облысындағы 12 елдімекенді көгілдір отынмен қамту жұмыстары жүргізілмек. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 12 млрд 8 млн теңге бөлінген.
Қазіргі таңда Шымкент қаласында газдандыру жоспары кестеге сай жүріп жатыр. Көгілдір отынның игілігін көрген тұрғындардың қатары жылдан жылға артып келеді. Нақты айтар болсақ, Шымкентте 2015 жылы 8252 тұрғын үй немесе 33 мың адам (82,0%-дан 86,4%-ға өсті) табиғи газбен қамтылған болса, 2016 жылы газды пайдалану көрсеткіші 7581 тұрғын үй немесе 30,3 мың адамға жетті. Яғни, қамту деңгейі 86,4%-дан 89,6 %-ға өсті. Ал 2017 жылы болса 4194 тұрғын үй немесе 16,7 мың тұрғын газбен қамтылады. Былтыр қаланы газдандыру пайызы 90 %-дан 91,6 %-ға өсті.
Жалпы алғанда, бүгінде Шымкенттің 917 мыңнан астам (91,6 пайыз) тұрғыны көгілдір отынды тұтынуда. Ал табиғи газбен қамтылмағандардың көрсеткіші – 8,4% (84,1 мың адам). Осы орайда атқарылып жатқан жұмыстарға келсек, биыл Шымкент қаласына қарасты «Жаңатұрлан» шағынауданында газ жүйесін тарту жұмыстары аяқталды. Онда жеке ШГТП орнатылды және 113 үйге газ тарту жұмыстары жүргізілді, бұл ретте 550 адам табиғи газға қол жеткізеді.
«Ұлағат» шағынауданы мен «Тассай» бөлімшесінде газ жүйелерін жүргізу үшін құрылыс-монтаждау жұмыстары жалғасуда. Ол жұмыстар аяқталса, 4,9 мың адам табиғи газға қол жеткізеді. Осылайша қаланы көгілдір отынмен қамтамасыз ету көрсеткіші 91,6 %-дан 92 %-ға өспек.

Шымкенттің газ тарату желілері толықтай жаңартылды

Қала тұрғындары білсе керек, 2016 жылы Шымкентте газ тарату желілерін қайта жөндеу мен жаңғыртудың кезекті сатысы аяқталып, ел игілігіне берілді. Осылайша Шымкент шаһарының бүкіл газ желілері сапасы жөнінен еліміздегі ең озық сатыға көтерілді. Модернизацияның басты мақсаты – үшінші мегаполистегі үздіксіз газ жеткізуді қамтамасыз ету, газ ысырабын азайту болатын.
Ерекше айта кетерлігі, Шымкент қаласы газ тарату желілерін ауқымды жаңғырту жұмыстары басталған Қазақстандағы ғана емес, бүкіл ТМД аумағындағы алғашқы қалалардың бірі. Жаңғырту жұмыстары елімізде Шымкентпен қатар, тек Тараз шаһарында ғана іске асты.
2016 жылдың желтоқсан айында Шымкентте жаңғыртудың алғашқы сатысы сәтті аяқталды. «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамы кеңестік кезең кезінде салынып, тозығы жеткен құбырларды, қондырғыларды жаңарту арқылы халыққа сапалы газ беру мақсатында соңғы 6 жылда 33 млрд теңге инвестициялық қаржыға «Шымкент қаласының газ тарату желілерін қайта құру мен жаңғырту» бағдарламасын жүзеге асырды. Құбырлар жер астымен жүргізілді. Бұл қала мен елді мекендердің көркін жақсарта түсті. Жалпы бүгінге дейін инвестициялық қаражаттар есебінен 2 390 шақырым газ құбырлары жаңартылған. Сондай-ақ, Шымшаһарда 52 ГТП, 129 ШГТП, 30 451 ШП салынды. Бұл әрине, айтуға оңай. Аталған цифрлардың артында қаншама қажырлы еңбек, игілікті іс жатыр. Соның нәтижесінде, шаһардың газ тарату желісі толықтай газ берудің жаңа жүйесіне қайта қосылды. Осыдан кейін қаланың әр бөлігінде және жаңа ықшамаудандардағы газ қысымы біркелкі болды.
Шымкентте жыл сайын газ тұтыну көлемі артып келеді. Желілерді жаңғырту алдағы жылдарға оны тұтынатындар санын көбейтпесе, азайтпайды. Істелген жұмыстың бірнеше пайдалы тұсын атап өтуге болады. Біріншіден, нормативті техникалық шығындардың азаюы. Мысалға, Шымкентте газбен әрбір тұтынушы жерге көмілген орта қысымды құбырлармен қамтамасыз етіледі және әр тұтынушының жеке шағын ШТП-сы бар. Шағын ШТП-лар жүйесі тұтынушы үшін өте қолайлы. Егер төтенше оқиға бола қалса, компания өкілдері бір ғана тұтынушыны газдан ажыратып, басқаларына кедергі жасамайды. Оған қоса жүздеген шақырымға созылған жер үстіндегі құбырлардың жойылуы – қала мен өзге елдімекендердің көркін жақсарта түсті. Ең бастысы, газды тұтынушыларға осындай әдіспен жеткізу – құбырлардағы көгілдір отын қысымын күндіз-түні бір деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік береді.

Басты міндет – жұмысты сапалы әрі мерзімінде бітіру

«Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» аясында қазіргі таңда Шымкентте елдімекендер мен шағынаудандарды газбен қамту жұмыстары қарқын алған.
Шымкент қаласына қарасты 81 шағынаудан мен елдімекен болса, соның 72-не табиғи газ құбырлары мемлекеттің тарапынан жүргізілген. Қалған 9 елдімекенді табиғи газ құбырларымен қамтамасыз ету 2022 жылға дейінді жоспарға қойылған. Қазіргі таңда, мемлекет тарапынан жобалау-сметалық құжаттар әзірленуде. Оның ішінде: 2 («Қайнар бұлақ», «Бозарық-2») магистралды газ құбырлары, 7 («Тұран», «Асар-2», «Достық», «Бадам», «Көкбұлақ», «Алтынтөбе», «Тассай») ішкі алаң табиғи газ жүйелері бар. Сондай-ақ, 6 нысанға жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеу үшін, мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды. Конкурстың қорытындысы бойынша жобалаушы мекеме анықталғаннан соң, ЖСҚ әзірленеді («Ақтас», «Азат», «Достық», «Солтүстік саяжай», «Батыс», «Ынтымақ-2»). Қалған «Тәуелсіздікке 20 жыл», «Айқол», «Қайнар бұлақ» шағынаудандарындағы ішкі орамдық газ жүйелерінің құрылыс жұмыстары бойынша ЖСҚ әзірлеуге 2019-2020 ж.ж. бюджеттен қаржы бөлуге ұсыныс берілген.
Шымкент қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысы орынбасарының м.а. Нұрлан Жаманкөзов шаһарды газдандыру бойынша алда ауқымды жұмыстар күтіп тұрғанын айтады.
– Қала әкімі Ғ. Әбдірахымовтың тапсырмасына сәйкес, жауапты мамандарға жұмысты сапалы әрі мерзімінде бітіру міндеттеліп отыр. Бұл – басты назарда. Қазіргі таңда Шымкент қаласына Өзбекстан мемлекетінен табиғи газ «БГР-ТБА» магистралды газ құбырлары арқылы тасымалдануда. Қаланың табиғи газ көздерінің қуаттылығы АГРС-1 «Шымкент», АГРС-4 «Шымкент» 180000 м3/сағ құрайды. Екі автоматандырылған газ тарату стансалары кеңес үкіметінен бері жұмыс істеуде. Яғни, қала аумағында кәсіпкерлік, тұрғын үй және әлеуметік нысандарының көбеюіне байланысты, қыс мезгілінде сапалы табиғи газ көлемінің жетіспеушілігі орын алуда. Тиісінше, жылыту маусымында қолданыстағы автоматтандырылған газ таратушы станциялары жоғарғы режимде жұмыс істеп жатыр. Аталған мәселені шешу мақсатында, қосымша автоматтандырылған газ тарату станциясының (АГРС-3) құрылыс жұмыстары бойынша жобалық-сметалық құжаттары әзірленген. ЖСҚ сараптама қарауына жолданып, сараптаманың оң қорытындысын ағымдағы жылдың қазан айында алу жоспарлануда. АГРС-3 құрылысы 2019-2020 жж. белгіленген, – дейді ол.
Нұрлан Жаманкөзовтың айтуынша, аталған жоба іске асырылған жағдайда қаланың дамуын оң ықпалын тигізбек. Бұл дегеніңіз, Шымкент қаласының тұрғын үй және әлеуметтік нысандары толық 100% газбен қамтамасыз етіледі деген сөз. Сонымен қатар, индустриялды, арнайы экономикалық аймақ және көліктік-логистикалық аймақтарында іске асырылып отырған кәсіпорындар сапалы және толық мөлшерде газбен қамтамасыз етілетін болады.
Жалпы, Шымкент қаласының 2018-2025 жылдарға арналған даму бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары бойынша 2018 жылы 9 нысан, 2019 жылы 6 нысан, 2020 жылы 9 нысан, 2021-2022 жылдары 10 нысанға жобалау-сметалық құжаттарды әзірлеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Жоғарыдағы жоспар бойынша ЖСҚ-ры дайындалғаннан соң, құрылыс жұмыстары 2021 жылдан бастап 2025 жылға дейін жүргізіліп, Шымкент қаласын табиғи газбен 100% қамтамасыз ету жоспарлануда.

Сіз не дейсіз?

Ғалым Айдосов, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Бас директорының бірінші орынбасары:

галым казтранс

– 2009 жылы басталған Шымкенттегі газ тарату желісін жаңғырту бағдарламасының нәтижесінде газбен қамтудың техникалық базасы кеңейді. Болат құбырлар, пайдалану мерзімі әлдеқайда ұзақ әрі электрохимиялық қорғанысты қажет етпейтін полиэтиленге ауыстырылды. Бұл оларды жөндеуге кететін шығындарды едәуір азайтады. Жобаны жүзеге асырудың тиімділігі – жүйенің газ өткізу мүмкіндігі сағатына 85 мың текше метрден 258 мың текше метрге дейін көбейеді және жоғары қысымды газ құбырларын бірнеше рет шығыршықтау арқылы бүкіл жүйенің беріктігін күшейтеді. Сосын ескірген газ тарату пункттерінің орнына блокты-жиналмалы пункттер салынды. Бұл өз кезегінде газдандырудың инфрақұрылымын жаңалап қана қоймай, тұтынушылар мен жеткізушілер арасында сенімді байланыс орнатып, жаңа қатынас қалыптастыруға мүмкіндік беріп отыр.

Нұрлан Жаманкөзов, Шымкент қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысы орынбасарының м.а.:

Нурлан Жаманкоз

– Қала әкімі  Ғ. Әбдірахымовтың тапсырмасына сәйкес, жауапты мамандарға жұмысты сапалы әрі мерзімінде бітіру міндеттеліп отыр. Бұл – басты назарда. Қазіргі таңда Шымкент қаласына Өзбекстан мемлекетінен табиғи газ «БГР-ТБА» магистралды газ құбырлары арқылы тасымалдануда. Қаланың табиғи газ көздерінің қуаттылығы АГРС-1 «Шымкент», АГРС-4 «Шымкент» 180000 м3/сағ құрайды. Екі автоматандырылған газ тарату стансалары кеңес үкіметінен бері жұмыс істеуде. Яғни, қала аумағында кәсіпкерлік, тұрғын үй және әлеуметік нысандарының көбеюіне байланысты, қыс мезгілінде сапалы табиғи газ көлемінің жетіспеушілігі орын алуда. Тиісінше, жылыту маусымында қолданыстағы автоматтандырылған газ таратушы станциялары жоғарғы режимде жұмыс істеп жатыр. Аталған мәселені шешу мақсатында, қосымша автоматтандырылған газ тарату станциясының (АГРС-3) құрылыс жұмыстары бойынша жобалық-сметалық құжаттары әзірленген. ЖСҚ сараптама қарауына жолданып, сараптаманың оң қорытындысын ағымдағы жылдың қазан айында алу жоспарлануда.

Бүгінде елімізде кәсіпкерлікті дамыту үшін қажетті жағдайлар жасалып келеді.
Елбасы Н. Назарбаев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасында» шағын және орта бизнеске дем беріп, жаңадан бизнес бастағандарға қолдау көрсету үшін жеңілдетілген шағын несие көлемін арттыруды айтқан болатын. Президенттің кәсіпкерлікке деген бұл қолдауы көптен бері алақанын ысқылап «Өз кәсібімді бастауым керек еді» деп жүрген азаматтар үшін үлкен мүмкіндік болғаны сөзсіз.

производство 1

Шағын несие алатындардың саны 2 есеге артпақ

Шағын бизнес – дамыған елдерде экономиканың драйвері ретінде ерекше рөл атқарады. Тіпті, шағын және орта бизнес кей елдерде ішкі жалпы өнімінің 50-60 пайызына дейінгі үлесін иеленеді.
Жеңілдетілген несие беру – жеке кәсіпкерлікті өркендетуге ықпал ететін ең тиімді тетіктердің бірі. Ол бұған дейін де беріліп келген болатын. Алайда өткен жылы жалпы көлемі 32 миллиард теңге болатын 7 мыңнан астам шағын несие ұсынылғаны, соған қарамастан одан бөлек 5 мыңнан астам адам өз істерін бастауға қажетті несиеге қол жеткізе алмағаны назарға алынып отыр. Осыны ескергендіктен де Елбасы Н.Назарбаев 2018 жылы қосымша 20 миллиард теңге бөліп, шағын несиелердің жалпы сомасын 62 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырды.
Нәтижесінде шағын несие алатындардың саны 2017 жылмен салыстырғанда 2 есеге артып, 14 мың адамға жететін болады. Бәсекелестікке қабілетті елдердің қатарына қосылуды көздейтін Қазақстан алдағы уақытта аталған шағын және орта бизнесті дамытуға ниетті.

Кәсіпкерлікке жасалған жағдай

Бүгінде Елбасы Жарлығымен Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілгені белгілі. Бұл орайда Шымкентті мемлекеттің үшінші қаласына, кәсіпкерлік, сауда орталығына, тұрғындарға жайлы әрі қонақтарға ең қызықты заманауи мегаполиске айналдыру міндеті қойылған. Осы аталған үдеден шығу үшін Шымкент қаласы тұрғындарының көп мүмкіндігі бар: кәсіпкерлік даму үстінде, шағын және орта кәсіпкерлік саны артып келеді, тұрғындардың жартысына жуығы жеке меншік секторда қызмет етеді. Шымшаһарда ел экономикасына әсер ететін көптеген кәсіпорындар, жылыжайлар табысты жұмыс істеуде. Мұнда адамның өмір сүруіне қажетті азық-түліктің барлық түрі өсіріледі. Сондай-ақ фармацевтика, тоқыма, жеңіл өнеркәсіп саласында ілгерілеушілік бар.
Президент тапсырмасы бойынша қазіргі таңда Шымкентте нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының екінші бағытын іске асыру аясында атқарылып жатқан игі істер аз емес. Соған тоқталайық. Шымкенттегі Халықты жұмыспен қамту орталығының мәліметінше, шағын кәсіпті дамыту бойынша қалада 2018 жылдың қаңтар айынан бері, яғни жыл басынан қазірге дейін 290 адамға сертификат берілген. Оның ішінде 64 азамат кәсібін дамытып, өркендету үшін 829 млн теңге көлемінде микронесие алыпты.
Оларды нақты нәтижемен айту үшін, цифрларға сөз берейікші:

Безымянный

- 11% немесе 7 азамат (ірі мал бордақылау)
- 47% немесе 30 азамат (қызмет көрсету саласы)
- 17% немесе 11 азамат (өнеркәсіп)
- 3% немесе 2 азамат (білім)
- 20,5% немесе 13 азамат (сауда-саттық)
- 1,5% немесе 1 азамат (құрылыс).
Жалпы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен ҚР Ұлттық экономика министрлігің мәліметтеріне жүгінсек, 2018 жылғы 10 тамызға дейін еліміз бойынша бір жылдық жоспар негізінде 4 948 адам (35,3%) микронесие алған (жылдық жоспар 14 мың), ол қаржының көлемі – 22 244 млн теңге.
Облыстық Кәсіпкерлер Палатасының басшысы Асқар Әбубәкіров: «Шымкенттің мегаполиске айналуы – ең алдымен, бизнеске берілген үлкен мүмкіндік, бұл мүмкіндікті пайдалану керек» деп есептейді. Бұл орайда өңірлік кәсіпкерлер палатасы бизнестің жұмыс істеуіне оң жағдай тудыру үшін барынша күш салып келеді. Ең алдымен бизнес-ортаға түсетін әкімшілік қысымды азайтуға ерекше көңіл бөлінді. Мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс істеу арқылы бизнестің құқығы мен заңды мүддесін қорғау, тексеруді азайту, бақылау және қадағалау жүйесін жетілдіруге қол жетті. 2017 жылы Өңірлік кәсіпкерлер палатасы арқылы кәсіпкерлердің қорғалған құқығы мен заңды мүддесінің жалпы сомасы 4,5 млрд теңгеге жеткен.
Сондай-ақ кәсіпкерлерге қолайлы орта қалыптастыруда өңірлік палата кеңес беру, оқыту, құқық қорғау, жобаларды сүймелдеу, жүзеге асыру жұмыстарын атқаруда ауқымды жұмыстар атқаруда. Былтыр 5598 кәсіпкерге кеңес беру көмегі көрсетілді, 655 бизнес-жоба дайындалған. Бизнес-мектеп оқыту курсынан өңірдің 1786 тұрғыны өткен. Оның басым бөлігі Шымкент қаласына тиесілі.

Шымкентке шетелден де тапсырыс мол

Мемлекеттен шағын несие алып кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпорындар Шымкентте де жетерлік. Соның бірі – «АГФ групп». Бұл кәсіпорын төсек жаймаларын шығаратын ірі өндіріс орнының бірі. Фабрика Шымкенттегі «Оңтүстік» еркін экономикалық аймақта орналасқан. Бұл компанияның өнімдері бүгінде тек елімізде ғана емес шетелге де танымал бола бастады.
«АГФ Групп» компаниясы 2010 жылы құрылған. Компания алғашында мектеп формасынан бастап москитті торға дейін түрлі өнімдер шығаратын. 2015 жылы шведтік IKEA компаниясымен келісім-шарт жасасты. Халықаралық нарыққа шығу үшін тауардың сапасы жоғары, ал бағасы бәсекеге қабілетті болуы керек. Ол үшін компания өндірісті автоматтандырып, жапон және түрік жабдықтарын сатып алды.
Қазір кәсіпорын әр ауысымда 10 000 дайын өнім шығарады. Ал өндіріс қарқыны 2017 жылдан басталып, бүгінде 5 есеге артты. Бұған «Даму-Өндіріс» бағдарламасы бойынша жылына 6%-бен алынған несиенің арқасында қол жетті. 2018 жылы Kazakh Export серіктестігімен «Tengri Bank»-тен екінші несие алынды.
Өндірісте Пәкістан, Үндістан, Түркия және Қытай секілді елдерден BCI халықаралық стандарты бойынша сертификатталған шикізат қана сатып алынады. 2015 жылы компания шведтік «IKEA» компаниясы үшін бар тауардың 90%-ын экспорттады. Ал 2018 жылдан бастап «ТАС» түрік бренді үшін экспорт жасады. 2017 жылдан бастап компания ARUA және SUAVE деп тіркелген жеке меншік сауда белгісімен ішкі нарыққа үй текстилін шығара бастады. Барлық тауар экологиялық жағынан тазалығымен, еуропалық мөлшерімен және жоғары сапасымен ерекшеленеді. Компанияда 250 адам жұмыс істейді. Қазіргі таңда «АКФ Групп» – әлемдік IKEA бренді үшін төсек жаймаларын дайындайтын Қазақстандағы тұңғыш және жалғыз компания.

Тәулігіне 6 тонна шұжық пен тәтті тағамдар өндіреді

Президенттің «Шағын несие беруді көбейту» бастамасы шеңберінде Шымкентте табысын еселеп, тұрақты жұмыс істеп келе жатқан шаруашылықтың бірі – «СыдықовТ.К.» жылыжайы. «Нұртас» шағынауданында орналасқан жылыжайдың иесі Талғат Сыдықов мемлекеттік қаржылай көмек есебінен төмен пайыздық несиеге 5 млн теңге алып, өз бизнесінің өндірістік қуаттылығын арттырған.
– Екі жыл бұрын «Ырыс» микроқаржы ұйымы арқылы мемлекеттен несие алып, жылыжайда кәсібімді бастадым. Жылыжайымыз 9 соттық жер. Негізінен қияр, қызанақ егеміз. Оны Шымкенттегі базарларға өткіземіз. Құдайға шүкір, өнімімізге деген сұраныс жоғары. Екі жыл ішінде алған 5 млн теңге несиемнің 3,2 млн-ын қайтарып үлгердім. Енді қала әкімдігі тарапынан жер берілсе, кәсібімізді кеңейтер едік, – дейді шаруашылық иесі.
Шымкентте жұмыс істейтін тағы бір белгілі кәсіпорын – «Қарқын-2030» ЖШС туралы білесіз бе? Бұл кәсіпорын «Нәрлен» маркасы арқылы сиыр етінен, жылқы және тауық етінен шұжық өнімдерін шығаратын зауыт. Тәулігіне 6 тонна шұжық пен тәтті тағамдар өндіреді. Өткен жылы компания «Қазақстанның халық банкі» АҚ Банк-серіктестігі, «Даму-Өндіріс» бағдарламасының қатысушысы аталды. Қарыз қаражаты инвестицияға және айналыс қаражатын толықтыруға бағытталды.
Кәсіпорынның қызметі 2009 жылдан басталды. Осы уақыт ішінде компания өзін жоғары сапалы, өте дәмді тауар өндіруші ретінде көрсете білді, себебі тауарлары нарықта сұранысқа ие. Қазақстанның көптеген өңірлерінің тұтынушылары «Нәрлен» тауарларын тұрақты пайдаланады. Негізгі тұтынушылары – Шымкент, Алматы, Тараз, Атырау аймақтарынан. Соңғы кездері Ресей қалалары – Кемеров, Барнаул тұрғындары да қызығушылық танытуда.
Компания өзі жеке ірі қара малын асырайды, жеке жайылымы бар, бұл өз кезегінде өндірісті балғын етпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Кәсіпорынның тауарлары әлемге танымал заманауи неміс және австриялық жабдықтарда дайындалады. Бұл жабдықтарды сатып алу жылына 6%-дық мемлекеттік несие арқасында мүмкін болды. Сонымен қатар, барлық санитарлық нормаларға сай, «Халал» тәртібіне сай келетін малды салтпен сою орны, жаңа жабдықтармен қамтамасыз етілген зертханасы бар. Зауытта 100-ге жуық адам еңбек етеді. Күніне мұнда 4-6 тонна шұжық өнімдері шығарылады, болашақта тәулігіне 10 тоннаға дейін өнім, шұжықтың 80 түрін шығару жоспарланып отыр.

«Бес әлеуметтiк бастама» аясындашағын несие қалай берiледi?

Жоғарыда «Бес әлеуметтік бастама» аясында бірқатар жеңілдік қарастырылғанын айтып өттік. Елбасы бастамасында айтылған шағын несие берудің талаптары мен жолдары қандай? Аз-кем ақпарат бере кетейік.
Кәсiпкер 8 мың АЕК мөлшерiне дейiн, яғни 18 млн теңгеге несие ала алады. Берiлетiн мерзiмi – 5 жылға дейiн. Ал, ауыл шаруашылығын дамытатын кәсiпкерлерге мерзiм 7 жылға дейiн ұзартылады. Несие мөлшерлемесi 6 пайыздан аспайды. Бизнесiн жаңа бастап жатқан азаматтардың қаржысының 85 пайызын, ал бизнесiн одан әрi дамытатын азаматтар қаражатының 50 пайызын мемлекет кепiлдендiредi.
Биыл Қазақстан тұрғындарына 14 мың шағын несие беру көзделген, оның 11 мыңы – ауылдық жердегі тұрғындарға берілетін болса, қалған 3 мыңын - қалалар мен моноқала тұрғындары алады.
– Нарықта 3 жылдан астам жұмыс істеген кәсіпкерлерге шағын несие берілмейді. Мұнда жұмыссыз, өзін-өзі жұмыспен қамтыған және кәсіпкерлікті жаңадан бастаған үміткерлерді, фрилансерлерді қаржыландыруға басымдық беріледі, – дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілі Жеңісбек Дулатов.
Сондай-ақ, Ж. Дулатов ауыл тұрғындары өнімін өткізу үшін ірі өңдеуші компаниялармен келісімшарт бекітуде көмек көрсетілетінін айтады. «Ауылдық жерлерде дайын өнімді сататын нарық аз, тұрғындар тауарды қайда сататынын білмейді. Сондықтан, зәкірлік ауылшаруашылық кооперациялары үшін 10 миллиард теңге қарастырылған. Қаржыландыру ірі өңдеу компанияларымен келісімшартқа қол қою нәтижесінде жүзеге асырылады», – дейді ол.
Шағын несиелеудің шекті көлемдеріне тоқталсақ, ауыл тұрғындары үшін 6 млн теңгеге дейін, зәкірлік кооперациялар үшін – 12 млн теңгеге дейін несие беріледі. Алматы, Астана, Ақтау мен Атырау тұрғындары үшін несие көлемі – 19 млн теңгеден, ал өзге қала тұрғындары үшін – 15 млн теңгеден аспауы тиіс.
Қаржыландыру жылына 6%-ке дейінгі мөлшермен 7 жылға дейін созылады. «Шағын несие алғысы келгендер «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының филиалдарына бара алады. Әрі қарай «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша ең кемі 25 күн оқуы тиіс. Оқыту соңында үміткер тест тапсырып, арнайы сертификат алады. Ықтимал қатысушы оқып жатқанда, ҰКҚ қызметкерлері несие алуға қажетті құжаттарды жинауға көмектеседі. Қаржы институты өтінімді 2 апта қарайды», – дейді министрлік өкілі.

Түйін сөз:

Шымкентте жыл сайын жұмыссыздық көрсеткіші төмендеп келеді. Бұған қаладағы кәсіпкерлер мен кәсіпорындар санының артуы себеп болып отырғаны анық. Бүгінде Шымкентте «Оңтүстік» және «Тассай» индустриалды және «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймақтары бар. Аталған аймақтарға 58,5 млрд теңге инвестиция салынып, 66 кәсіпорын іске қосылған, 4 890 жұмыс орны ашылды. Тағы бір қуанышты жаңалық, 2018 жылдың соңына дейін осы аймақтарға 38,3 млрд теңге инвестиция салынып, 2 047 жұмыс орны бар 14 кәсіпорын ашу жоспарланып отыр. Шымкенттің агро-индустрия саласында да қуатты орталық болуға қауқары бар. Бұл ретте таяу болашақта Шымшаһарда ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеу бойынша агро-өнеркәсіпті дамыту үшін 136 гектарға АГРО-индустриалдық аймақ құру жоспарлануда. Онда сауда-логистикалық орталық, қоймалар, көкөніс сақтау қоймалары, автовокзал, бизнес-орталық және қонақүй орналасатын болады. Шымкент – халқы миллионнан астам, кәсіпкерлікке қолайлы, еңбек ресурстары бай шаһар. Бір сөзбен айтқанда, Шымқала республикадағы экономикалық әлеуеті жағынан қуатты орталығының біріне айналып келе жатыр деуге болады.

Шымкенттегі барлық медициналық мекемелер әкімшілік бағыныстылығына қарамастан, халыққа бұрынғыша көмек көрсете береді. Бұл туралы Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлан Қасымов айтты.

1209469510

– Яғни, облыстық клиникалық аурухана дәл баяғыша облыс тұрғындарымен қатар, қала тұрғындарына да көмек көрсетеді. Ал, егер, қаланың иелігіне өткен кардиоорталыққа келер болсақ, тұрғын қалада немесе Түркістан облысындағы тұрғылықты мекенжайына қарамастан аурухана көмегіне жүгіне алады, – деп атап өтті басқарма басшысы.
Басқарма басшысының сөзінше, тұрғындарға әкімшілік бөлініс әсер етпей, баяғыша қажет кезде көмек ала беруі керек. Мұны екі әкімдік те, Денсаулық сақтау министрлігі де қолдап отыр. Сондықтан, облыста және қалада тиісті медұйымдар болмағанша осылай жалғаса бермек.
Еске сала кетсек, аумақтық бөліністен соң Түркістан облысының меншігінде облыстық клиникалық аурухана, балалар ауруханасы, екі перинаталды орталық, туберкулезге қарсы және психоневрологиялық диспансер қалған болатын.

Бүгінгінің баласы түрлі түсті кітап оқығаннан гөрі мүмкіндігі келсе компьютер ойындарын ойнап, күнұзақ спутниктік желі арқылы теледидардан тарап жатқан атыс-шабысқа, қорқынышты кейіпкерлерге толы фильмдерді тамашалайды. Ата-аналар да көп ретте жұмыс деп балаларына уақытын көп бөле бермейтіні жасырын емес. Бұл орайда Шымкенттегі «Жебе» кинокомпаниясы жас ұрпақты ұлттық тәрбиеге негіздейтін мультфильмдер түсіріп, көптің алғысына бөленіп жүр.

8

Анимация – күрделі жанр. «Бала тілі – бал» дегеніңізбен, оның ұғымына сай, жандүниесіне жақын, әппақ арманның жетегінде өсіретін туынды жасау оңай емес. Керімбек Ниязбаев бастаған жігіттер осы игі істің бастау бұлағында болды. «Жебе» кинокомпаниясының әлемдегі ең үздік «Уолт Дисней» киностудиясына барып, тәжірибе алмасып қайтқанының өзі Қазақстан анимациясы тарихының жарқын парағы. Іскер мамандардан тұратын, қашан да халыққа қызмет етуді негізгі мақсат етіп қойған «Жебе» кинокомпаниясының президенті Керімбек Ниязбаевпен бүгінгі қазақ мультфильмі төңірегінде әңгімелескен едік.

«Жебе» қалай құрылып еді?

– Керімбек Арыстанұлы, әңгімені ең алдымен екінің бірінің қолынан келе бермейтін, тәуекелі жете бермейтін мультфильм түсіру идеясының қалай пайда болғанынан бастасақ...
– Расын айтсам, мен ел есінде қалатын мультфильм түсіруді бала кезімнен армандап өстім. Бәлкім, оған атамның тәрбиесімен өскендігім де себеп болған шығар. Атам Жолмағамбет «атаның баласы емес, адамның баласы бол» дегенді аузынан тастамайтын. «Қобыланды», «Алпамыс» сияқты батырлар жырын, «Қыз Жібек» сынды қисса-дастандарды оқып беріп, бізден қайтадан сұрап отыратын. Кішкентай баламыз ғой, көргеніңе еліктейсің. Ол кезде бір ғана телеарна бар. Сонда Илья Муромец дейтін мультфильм болатын. Ол бір керемет батыр. Бізде сондай батыр болсақ дейтінбіз. Кейін есейе келе өзіміз еліктеп, тұлға санаған мультфильмдегі батырдың қырып жүрген жаулары біздің ата-бабаларымыз екенін білдік қой. Сонда мен өз-өзімнен ұялып, рухани күйзеліске ұшырадым. Содан бастап, қазақтың мультфильмінің болашағы туралы шындап ойлана бастадым. Өз батырларымызды анимация саласында бір жаңғыртсам деген ой туды. 1985 жылы Шымкент қаласындағы көркем сурет колледжіне оқуға түстім. Кейін Алматыға келіп, Өнер акедемиясында оқығым келгенмен, сәті болмай Абай атындағы университетте оқыдым. Оқуым аяқталған соң, елге барып, біраз жұмыс істеп, ақыр соңында Шымкентке қайттым. Өйткені Шымқалада менің өзіндік ортам қалыптасты. Ол кез Қазақстан тәуелсіздігін жаңадан алып жатқан кез. Мультфильм былай тұрсын, әркім қарабасын әрең асыраған заман болды. Сондай қиын кезеңдерден аман-есен өтіп, ес жия бастағанда бірге білім алған, өз істерінің шебері бола білген жігіттерді қасыма жинап, 1999 жылы «Жебенің» тұсауын кестік. Құрылтайшылар есебінде Бақытжан Ауданбаев дейтін ақын жігітіміз, Батырқан Дәуренбеков суретші ретінде, қазіргі мықты журналистердің бірі Данияр Есен және Бақытжан Құлжабай сынды бесеуміз қол біріктірдік. Кейін Данияр Есеннің басқа жұмысқа ауысуына байланысты орнына Жарқынбек Төлтебай дейтін азаматты алдық. Ең алдымен Бегім Қаламұлы деген дарынды суретшіні шақырып, компьютер сатып алып, компьютерлік графиканы үйрендік. Арнайы мультфильм жасаудың маманы болмағандықтан, көп ізденуге тура келді. Тиісті оқулықтар пайдаланып, шетелден келіп жатқан мультфильмдерге талдау жасадық. Он жылдан артық ізденістің арқасында осы күнге жеттік. Әлі де зерттеу үстіндеміз. Қазір Шымкент қаласында үш анимациялық студия бар. Алғашқысы осы «Жебе», кейін 2006 жылы бізден «Анимастер» деген студия бөлініп шықса, 2008 жылы «Сақ» студиясы бөлек отау тікті. Қазір бәрі де табысты еңбек етуде.

Уолт Диснейдің «дөкейі» жоғары баға берген

13

– 2010 жылы сіздер Шымкентте аниматорлардың «Алтын жебе» атты халықаралық фестивалін екінші рет өткіздіңіздер. Осы фестивальді Шымкентте өткізу идеясы қалай туындады?
– Алғашында қазақша мультфильмдер шығарумен айналысатынымызды естігендер «Қайдағы мультфильм?!» деп бізге күле қараған еді. «Шын мәнінде киностудия бола алатынымызды дәлелдейік, мультфильмдер жасай алатынымызды әлемге көрсетейік» деп келістік те 2002 жылы «Алдаркөсе мен шайтандар» мультфильмін жасауға кірістік. Оны аяқтаған соң «Шәкен жұлдыздары» халықаралық фестиваліне, одан кейін Беларуссияның Могилев қаласына барып, тұңғыш рет халықаралық фестивальге қатыстық. Білікті мамандар оған жоғары баға берді. Кішкентай ғана Беларуссияда екі бірдей халықаралық фестиваль өтеді екен. Соны көріп «Біздің елімізде мұндай фестиваль неге жоқ? Осындай фестивальді неге өзіміздің Қазақстанда өткізбеске?» деп ойлаған едім. Сол кездегі облыс әкімі Ө. Шөкеев, одан кейінгі Н. Әшімов мырзалар үлкен қолдау көрсетіп, осының арқасында 2007 жылы алғашқы фестивалімізді жоғары деңгейде өткіздік. «Алтын жебе» – Шымкенттің имиджін көтерген фестиваль болды. Бұл фестивальге дүниежүзінен талай мықты мамандар келді. Олардың арасында көптеген халықаралық фестивальдердің жүлдегері, мультфильм саласында бірнеше жаңалықтар ашқан әлемге әйгілі Е. Сивоконь да бар еді. Осы фестиваль арқылы біз ел басқарып отырған шенеуніктерге Қазақстанда Әмен Қайдаров атамыз негізін қалаған анимация саласының ұлттық мектебінің, мамандардың да бар екенін дәлелдедік. Ерекше айта кететін жай, әйгілі Уолт Дисней студиясын 20 жыл бойы басқарған Уильям Билл Деннис мырза Шымкенттегі фестивальге қатысып, оған өте жоғары баға берді.
– Тырнақалды туындыларыңыздың бірі – Алдар көсе туралы мультфильмді түсіру бастамасы қалай пайда болғандығын айтсаңыз...
– Ең алдымен біз мультфильмнің қандай болу керектігіне тоқталдық. Біріншіден, мультфильм тартымды, сүйкімді, балаларға жеңіл болуы керек. Екіншіден, балаларға тәлім-тәрбие беруі қажет. Осы мақсатта біз қазақ ертегілерін көтере бастадық. Соның ішінде Алдар көсеге тоқталдық. Бұл кейіпкер жаман адамдарды алдап, жақсыларға көмек көрсетеді. Оның үстіне кейіпкерлері аз. Біз жаңа жобаның сценариін жазып, Алдардың образын іздедік. Біздің мультфильмдегі шайтандар да өте сүйкімді, әнқұмар, көңілді. Олардан ешкім де қорықпайды. Фильмнің соңында шайтандар көбейе бастаған кезде Алдар үлкен ойды айтады: «Көбейгеннен не пайда – бірліктерің болмаса!» яғни, осы өсиетке сүйенген бала бірігу, жарыс деген ойды бойына сіңіреді. Екінші идея – зұлымдықты айламен жеңе білу деген ой.
– Қазақ мультфильмінің атасы Әмен Қайдаров «Мен өлген соң қазақ мультфильмі де тынатын шығар деп қорқып едім. Жоқ өлмейді екен. Керімбек Ниязбаев бастаған жігіттер өлтірмейді» депті. Ол кісі туындыларыңызға қандай баға беріп еді?
– Әрине, қазақ мультфильмін көз алдымызға Әмен Қайдаровсыз елестетуіміз мүмкін емес. Алматыға бес-алты мәрте барып жүріп, «Қазақ мультфильмінің атасы» атанған ақсақалға бір-екі туындымызды көрсеткенім бар. Расын айту керек, ол кісі көріп отырғанда көңілім қатты қобалжыды. Өз басым күніне бірнеше рет көріп, көзім әбден үйреніп қалғандықтан, назарымды экранға емес, Әмен атамыздың өзіне аударып отырдым. Сонда әлгі кісінің қуанғаннан көзіне жас алғанын көрсең... «Құдай-ау, бар екен ғой, ұлттық идеяға негізделген мультфильм түсіретін қазақ жігітін көрдім-ау ақыры» деп кәдімгідей тебіренді.

Қазақ баласы қазақ мультфильміне зәру

Қорен Хан

– «Жебе» кинокомпаниясы осы уақытқа дейін 20-ға жуық мультфильм түсіріп үлгеріпті. Мультфильмдеріңіздің насихатталу жағы қалай?
– Көрермен талғамынан шыққан ол мультфильмдердің көпшілігі «Балапан» телеарнасынан көрсетіліп жүр. «Алдар көсе мен шайтандар», «Қанатты барыс», «Айгүл», «Әлжан», «Көк ту және достар» сынды туындылар балалардың асыға тамашалайтын мультфильміне айналды. Шығарған өнімдерімізді дискімен тарату мүмкін емес. Шыққан шығынды қайтару дегенде оңай шаруа емес. Өнімдерімізді телеарналарға тегін берген жағдайлар да бар. Оны анда-санда көрсетеді. Ол дегенің аз ғой. Бар жоғы екі-ақ мультфильм. Біз өз ақшамызға жасадық, өзіміз еліміздің алдындағы парызымызды өтейік, жасаған дүниеміз өсіп келе жатқан балаларға рухани азық сыйласын деп тегін бердік. Бұдан ешқандай пайда тапқан жоқпыз. «Жебе» кинокомпаниясы бүгінде еліміздегі бетке ұстар студиялардың бірі. Біз тек қана сапалы дүниелер жасаймыз. Қазір кино саласына да ептеп кірісіп жатырмыз. Кинодан шыққан шығынды қайтаруға болады. Сондай-ақ, түсіру жұмыстарын жылдамырақ бітіруге болады. Ал мультфильмге Үкіметтен тапсырыс алмасақ оны жасап шығару қиын.
– Мультипликация саласында қаншама жылдан бері аянбай тер төгіп жүрсіз. Жалпы, анимация саласының қандай өзекті мәселелері бар?
– Қазақстанда 100-ге жуық киностудия бар. Десе де, қазір түсіріліп жатқан мультфильмдер саусақпен санарлықтай. Мультфильм жасауға мемлекеттен азын-аулақ сұраныс бар. Бірақ көрсетіліп жатқаны аз. Елімізде кино түсіруге үкімет тарапынан миллиондаған қаржы бөлінеді. Ал мультфильмге келгенде болмашы тиын-тебен ғана қарастырады. Мультфильм саласының «бағы ашылмай» жатқаны сондықтан. Байқасаңыздар, «Балапан» телеарнасында да өзге елдің мултьфильмдері жиі көрсетіледі. Қазақстанда мультипликатор мамандардың күшімен жылына 100 мультфильм жасау мүмкіндігі бар. Тек, оған қолдау жетіспейді. Егер елімізде «Кино туралы» заң қабылданатын болса, онда бұл мәселе шешімін табар еді. Еліміз жылына 100 мультфильм шығаратын болса, соның ең болмағанда біреуі халықаралық деңгейдегі мықты туынды болып шығар еді. Жалпы, мультфильм жасау мемлекеттік идеологияның бір саласы болуы керек. Мәселен, ресейлік «Госкино» елдегі 200 өнер студиясымен келісім-шартқа отырған. 1 минуттық мультфильмге 10 мың доллар кететін болса, Ресей үкіметі секундына 160 доллар төлеп шығынын жабады. Сонда көрші елде жылына 200 мультфильм дүниеге келеді. Әрине, Ресейде халық көп. Бірақ соның өзінде олардағы тұрғындар санына орай шаққанда бізде жылына 15-20 мультфильм шығарылуы керек еді. Өкінішке қарай, бұл іс мүлде тоқтап тұр. Үкімет тарапынан көмек болса, қазақ мультфильмін ілгерілетер едік. Мультфильм өндірушілерге киноға бөліп жатқан қаржының ең болмағанда тең жартысын берсе, сонда ғана сапалы дүние туар еді.
– Ал қазір не түсіріп жатсыздар? Балаларға қандай тарту жасайсыздар?
– Қазір бес жасқа дейінгі бүлдіршіндерге арнап «Құтқарушы Ақылбек» мультфильмін түсірудеміз. 10 минуттан 6 серия болады. Қазір бұны мемлекеттік телеарналарға тапсырыспен беріп жатырмыз. Ұжымымызда бүгінде 6-7 қызметкер еңбек етеді. Бәріміз күш біріктіріп «Қыз Жібек» туралы да мультфильмді бастап кеттік. «Қыз Жібек»-те де қазақтың тіршілігі, салт-дәстүрі тұнып тұр, осыны балалардың дүниетанымына сай етіп жеткізуге тырысып жатқан жайымыз бар.

Шымкенттен арнайы киностудия ашылса...

– Бір сұхбатыңызда «Шымкентті қазақ анимациясының орталығына айналдырсақ» деген жоспарыңыздың бар екенін айтып едіңіз. Бұл салада Шымкентте білікті мамандар жеткілікті ме?
– Шымкент – өнердің, руханияттың ордасы. Қаламызда талантты жастар көп. Шымкенттің ТМД-ның 2020 жылғы мәдени астанасы болып таңдалуы да кездейсоқ емес деп ойлаймын. Білесіздер, Шымкентте көркемсурет колледжі бірінші түлектерін ұшырды. Бұл өнер ордасында да анимацияға бейім мамандар аз емес. Шындап келгенде анимацияға қызығушылығы бар жастарды бір айда үйретіп шығаруға болады. Миллион тұрғыны бар Шымкентке қазір республикалық маңызы бар қала мәртебесі беріліп жатыр ғой. Осы орайда қалада арнайы ғимараты бар киностудия мектебі ашылса деген ұсынысым бар. Онда 3-7 жасар балаларға арнап мультфильм түсіруге болады. Бұл қазақ мултьфильмін әлемге танытуға, Шымкентті әлем аниматорларының орталығына айналдыруға, түптеп келгенде шаһардың мәдени келбетін көтеруге үлкен септігін тигізетін еді. Қаламызда қазір суретшілер мен әншілерді даярлайтын 2-3 өнер мектебі бар. Бірақ мемлекеттік киностудия мектебі жоқ. Ол мектепті балаларға арнап мультфильм түсіретін орталық етіп жабдықтасақ, жас өскіндерді ұлттық тәрбиемен сусындатуға таптырмас алаң болар еді. Шымкенттің әкімі Ғабидолла Әбдірахымов мырза өнерге жаны жақын, іскер басшы. Жоғарыдағы ұсынысымызға қала әкімі қолдау білдіреді деп үлкен сеніммен қараймыз.
– Шымкент туралы айтып қалдық қой, өнер саласының өкілі ретінде шаһардың бүгіні мен болашағына қандай баға бересіз? Ұсыныс-пікіріңіз болса, ой тастай отырыңыз.
– Кезінде тәуелсіздіктің елең-алаң шағында ұлт зиялысы Әбіш Кекілбайдың: «Шымкенттің етегінен ұстасақ, адаспаймыз» дегені бар. Шымкент – 2200 жылдық тарихы бар, қазақтың ең көне қалаларының бірі. Шаһарға саяхаттап келетін туристер де көп. Сол себепті, ең алдымен қаланың қай көшесінде болмасын, қазақи нышан менмұндалап тұруы тиіс деп ойлаймын. Қала басшылығының бұл бағыттағы бастамалары жаман емес. Қазір «Нұрсәттегі» тұрғын үйлердің қабырғаларына салынған көрнекі суреттер тамаша көрік беріп тұр. Салт-дәстүріміз, яғни ұлттық реңк бірден көзге шалынады. Идея жақсы. Шымкентте тұрғын үйлер көптеп салынып жатыр. Зәулім ғимараттар бой көтеруде. Сол нысандарда да енді қазақи нақыш бедерленсе, яғни ұлттық ою-өрнекпен безендірсе деген арманым бар. Мысалы, қаламызда домбыраға немесе киіз үйге ұқсас ғимараттар алыстан көрініп тұрса, керемет емес пе! Қазір технология дамыған заман. Оны құрылыста іске асыру қиын емес. Сосын Шымкентте «Арбат» демалыс орындары ашылып жатыр. Үшінші мегаполистің Арбаты тек көрікті ғана емес, қалаға келетін туристерге де барынша тартымды болуы тиіс. Ол жерлерде Шымкенттің келбетін айшықтайтын кәдесыйлар мен шеберлердің қолынан шыққан бұйымдар тұрса, яғни шеберлер мен сатушыларға арнайы орындар белгіленсе, қаланың имиджі үшін бұл керемет мүмкіндік.

Қалада тұрсақ та қазақы мінез жоғалмасын

– Туып-өскен ортаңыз, отбасыңыз жайлы баяндай кетсеңіз...
– Өзім Қостанай облысы Жітіқара ауданы Шаңдыкөл ауылында өстім. Әкемнің есімі Арыстан еді. 37 жасында дүниеден өтті. Ол кезде мен 9 жастағы баламын. Анам Ырысты 35 жасында 6 баламен қалды. Жолмағамбет атамның, Ажаркүл әжемнің қолында өстім. Атам жарықтық ауылдың зиялысы еді. Мамандық таңдарда «Шымкентке бар!» деп қолқа салған. Айтқанын тыңдадым. Шымкентке 1985 жылы келдім. 18 жаста едім. Қастеев атындағы көркемсурет колледжіне түстім. Содан бері осы Шымкентте өсіп-өніп жатырмыз. Қазір анамды осында көшіріп алдым, соның қолында тұрамыз. Алла берген Айдын есімді қызымыз бар. ОҚМУ-да шет тілі (ағылшын және француз) бөлімінде 2-курста оқиды. Келіншегім Дина осы Оңтүстіктің тумасы. Мамандығы мұғалім. Мектепте сабақ береді. Бұрын ұлағаты мол бәйбішелер отағасына екінші жарды өзі таңдап берген ғой. Алла нәсіп етсе, келіншегім сол дәстүрді жаңғыртпақ ниетте. Қазір жақсы жар болатын жанды таңдап жүр.
– Сіз үнемі тақия киіп жүресіз. Қанаттаса қызмет етіп жүрген әріптестеріңіз де «Керімбек қайда жүрсе де басынан қара тақиясын тастамайды» деп ризалық пейіл білдіріп жатады. Қазақи тақияны қашаннан бері киесіз?
– 1985 жылдан беріп киіп жүрмін. Қостанайдан келген жылдары Оңтүстіктің сөзін онша түсінбейтін едім. Орыс мектебін бітірдім. Сонда басыма мына қара тақияны киіп, қашан қазақшаны жүз пайыз білгенше тастамаймын деген болатынмын. Бүгінде қазақшаны бір кісідей меңгердік. Сонда да тастамай киіп жүрмін. Достарыма әзілдеп: «Бүкіл қазақ қазақша сөйлескенше тақиямды тастамаймын» дегенмін. Болашаққа сенген халықпыз ғой. Ол күн де алыс болмас. Көріп тұрсыңдар, басымда тазым жоқ. Барлық қазақ бір-бірімен ұғыныспайынша осы тақияны шешпейтін шығармын. Яғни, өмірімнің ақырына дейін киіп өтермін. Ал, негізгі себеп, қазақи тақия ұлтымыздың ерекшелігін білдіреді. Неге ұлттық болмыстан, ұлттық киімнен қашамыз? Өз елінің мәдениетінен бойына белгі алатындардан біздің қай жеріміз кем? Қазақи тақия киетіндер әлі көбейеді деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Сәбит ТАСТАНБЕК

 

Cіз не дейсіз?

Асанәлі Әшімов, Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:

Асанәлі Әшімұлы 11

– Өнер деп аталатын жолда Керімбекпен жолымыз талай тоғысты. Біраз іс-шараларда, жобаларда бірге жұмыс істедік. Бертін келе Керімбекті бір әулеттің есіктегі басын төрге сүйреп жүрген жан ретінде тани бастадым. Өнерге құмарлығы атадан келсе, тәрбие жағы анасынан келген екен. Мен халқыма ұнаған образдарыммен бай болсам, ол халқымның балаларына құнды дүние жаратумен бай. Әйткенмен, елу жас шығармашылықтың басы да емес, соңы да емес, қалықтау кезі болар. Оның жас буынға әлі бергенінен берері көп.

Мархабат Байғұт, жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты:

MG 8423

– Қазір Қазақ Елінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласына сәйкес ұлттық ұмтылыс жандана түсті. Әрине, рухани жаңғыру тіпті де оңай емес. О бастан-ақ осыған жан-жүрегімен берілген тұлғалар жаңару мен жаңғыруда да алдыңғы қатардан көрінері сөзсіз. Кезінде «Жебе» компаниясы жұртшылыққа жан-жақты аян болды. Мойындалды. Өзге де жігіттермен бірге барлық жауапты жұмыстардың басы-қасында Керімбек жүрді. «Алдар көсе мен шайтандар», «Қанатты барыс», «Айгүл», «Әлжан», «Көк ту және достар», «Балалар соққан достық үйі» сияқты мультфильмдер балаларға ұнады. «Жебе» компаниясының көрерменді қуанта береріне сенімім мол.

Ханбибі Есенқарақызы, ақын-жазушы, «Парасат» орденінің иегері:

e13e60bdbc8ecc4eaa409705efb2dfdc resize w 520 h

– Болашақта Шымкент мультфильмдер зауытына айналып жатса, таңғалуға болмас. Көпшілікті қуантып жүрген бүгінгі «Сақ» киностудиясында осы Керімбектің қолтаңбасы бар. Ол бүлдіршіндер үшін анимация өнеріне тыңнан түрен салды. Қаржы тапшылығына қарамай, ол шығарған алғашқы мультфильмдер өңіріміздің басты жаңалығына айналды. Керімбектің негізгі мамандығы – суретші. Яғни қылқалам иесі. Үнемі іздену, бүгінгіге қанағат етпей, болашаққа көз салу – нағыз өнер адамдарына тән қасиет. Осы жолдағы еңбек өнімді болғай!

Республикалық Қоғамдық кеңес мүшелері Шымкентке келді

Шымкентте Президенттің «Бес әлеуметтік бастамасының» жүзеге асырылуын бақылау жөніндегі республикалық Қоғамдық кеңес мүшелерінің қатысуымен маңызды жиын өтті.

DSC 9798

Аталған шараға Мәжіліс депутаттары, «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысының, Қазақстанның жоғары оқу орындарының қауымдастығының және Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, жергілікті мемлекеттік орган қызметкерлері, сондай-ақ, шымкенттік кәсіпкерлер қатысты.

Халықтың өзекті мәселелері шешіледі

Қоғамдық кеңестің мүшелері, Мәжіліс депутаттары Азат Перуашев пен Берік Дүйсембинов, «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалыс кеңесінің төрағасы Мұхтар Манкеев, Қазақстанның жоғары оқу орындарының қауымдастығының президенті Рахман Алшанов пен ҚХА төрағасының орынбасары Виталий Тварионас Шымкент қаласына жұмыс сапары барысында бірқатар әлеуметтік және іскерлік нысандарды аралап, өңірдегі «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» жүзеге асырылу барысымен танысты. Делегация мүшелері алдымен Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің Студенттер үйіне барды, жатақхананың жағдайымен танысты. Жатақхана 500 студентке арналған.
Бұдан кейін республикалық кеңестің өкілдері «7-20-25» бағдарламасы бойынша Шымкент қаласындағы «Халықтық кеңседе» (Фронт-офис) орналасқан ақпараттық орталығына барды. Шымкент әкімдігі Қазақстанда алғаш рет бірінші бастама – «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бағыты бойынша тұрғын үйді сатып алғысы келетіндерге көмектесу үшін осындай бірегей орталықты ашып отыр.
Ақпараттық орталық «бір терезе» қағидаты бойынша «7-20-25» бағдарламасы аясында қала әкімдігі ұсынатын мемлекеттік қызметтердің барлық түрлерін көрсетеді.
– Елбасының бес әлеуметтік бастамасы – халықтың әл-ауқатын көтеруге арналған. Ол бастаманың бірі әрі бірегейі – әр отбасының баспанаға қолжетімділігін қамтамасыз ету. Яғни, «7-20-25» бағдарламасы. Нақтырақ айтсақ, осы уақытқа дейін банктер үй алуға несиені 18-30 пайызбен, алдын ала 50 пайызын төлетіп, 20 жылға дейін-ақ беретін болса, енді Елбасы несие пайызы 7 пайызға дейін, алдын ала төлем 20 пайызға дейін азайтып, ал несиені өтеу мерзімі 25 жылға дейін ұзартылатынын айтты. Бұл алдымен мұғалімдерге, дәрігерлерге тиімді болады деп ойлаймын. Шымкентте көпбалалы отбасылар көп. Мұны да ескеруіміз керек. Осы тұрғыдан алғанда бағдарламаға қандай өзгерістер енгіземіз, соны алда сараптап, зерделейтін боламыз, – деді Қоғамдық кеңес мүшесі,Қазақстанның жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшанов.
Тақырыптың жалғасы бойынша республикалық кеңестің мүшелері «Ақжайық» шағынауданындағы тұрғын үйлердің құрылыстарымен танысты. Қалалық құрылыс басқармасының басшысы Әбілсейіт Рабаевтың айтуынша, қазіргі уақытта «7-20-25» бағдарламаларын іске асыруға Шымкентте сегіз тұрғын үй кешенінің 136 пәтері дайын, ал екінші жартыжылдықтың соңына дейін 275 пәтер пайдалануға беріледі. Олардың көбі 2-3 бөлмелі пәтерлер. Сонымен бірге, Ұлттық Банктің деректері бойынша тамыз айының ортасында Шымкент қаласында 662,6 млн теңгеге тұрғын үй заемдарын алуға 77 өтініш келіп түскен.
– Шымкент – республикалық маңызы бар қала. Инфрақұрылымы жоғары қарқынмен дамып келе жатыр. Халық саны миллионға жетті. Бұл ретте Елбасының бірінші бастамасының аясында әзірленген «7-20-25» бағдарламасы шымкенттік әр отбасы үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Жергілікті әкімдіктер, жауапты мемлекеттік органдар осы бағдарлама бойынша жұмысты күшейтуі керек. Тұрғын үй бойынша Шымкентте 15 млн теңге шектеуді алып тастауды, яғни 25 млн-ға көтеруді біз де қолдаймыз. Ұлттық банкке осы бойынша арнайы сауал жолдауды жоспарлап отырмыз, – деді қоғамдық кеңестің мүшесі, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев.

Шымкент – кәсіпкерлер көп шоғырланған қала

Келесі кезекте делегация мүшелері «Шағын несие беруді көбейту» төртінші бастама шеңберінде «Нұртас» шағынауданында орналасқан «СыдықовТ.К.» жылыжайында болды. Кәсіпорынның иесі Талғат Сыдықов мемлекеттік қаржылай көмек есебінен төмен пайыздық несиеге 5 млн теңге алып, өз бизнесінің өндірістік қуаттылығын арттырған.
– Екі жыл бұрын «Ырыс» микроқаржы ұйымы арқылы мемлекеттен несие алып, жылыжайда кәсібімді бастадым. Жылыжайымыз 9 соттық жер. Негізінен қияр, қызанақ егеміз. Оны Шымкенттегі базарларға өткіземіз. Құдайға шүкір, өнімімізге деген сұраныс жоғары. Екі жыл ішінде алған 5 млн теңге несиемнің 3,2 млн-ын қайтарып үлгердім. Енді қала әкімдігі тарапынан жер берілсе, кеңейтер едік, – дейді шаруашылық иесі Т. Сыдықов.
Бұл орайда шарушылықтың жұмысымен танысқан қоғамдық кеңестің мүшелері диқанның ісіне сәттілік тілеп, ұсыныс-тілегін басты назарда ұстайтынын жеткізді.
Делегация мүшелері бұдан соң Шымкент қаласындағы кәсіпкерлер палатасының ғимаратында өңірдегі белсенді кәсіпкерлермен кездесті.
– Елбасы өз бастамасында шағын және орта бизнеске дем беріп, жаңадан бизнес бастағандарға қолдау көрсету үшін жеңілдетілген шағын несие көлемін арттыруды айтты. Шымкент – еліміздегі кәсіпкерлер көп шоғырланған қала. Біз бұл ретте микронесиені көбейту арқылы кәсіпкерлерді көптеп тарта аламыз. Әрине, газ бен электр энергиясының бағасы бойынша мәселелер бар. Сосын тұрғын үй бойынша құрылысшылар да өз шағымын айтып жатыр. Цемент бағасы 30-50 пайызға өсті, арматура т.б. құрылыс заттары қымбаттаған. Демек, бағдарламалар бойынша өзгерістер болады. Оны терең талқылап, жариялайтын боламыз, – деді Мәжіліс депутаты Азат Перуашев.

Шымкенттегі бірегей орталық өзге аймаққа үлгі

Осы тақырып республикалық қоғамдық кеңестің мүшелерімен қалалық әкімдіктің ғимаратында Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасының» жүзеге асырылуын бақылауға арналған кездесуінде талқыға түсті.
Алқалы басқосуда тиісті сала басшылары атқарылған жұмыстар бойынша қысқаша баяндама жасады. Жиынды Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Нұртай ашып, жүргізіп отырды.
– Елбасының бес бастамасы Шымкент тұрғындарына жан-жақты түсіндірілуде. Баспана, микронесие бойынша өздерін толғандырған сауалдар төңірегінде тұрғындар дер кезінде жауап алып отыр. Президент айқындаған бастаманың тағы бірі – жоғары білімге қолжетімділікті арттыру және оның сапасын көтеру. Бұл орайда Шымкентте жүйелі жоспарлар қолға алынуда, оның орындалу барысы да бақылауда. Қала бойынша жылына 10 мың бала мектепке барады. Қазір осы мектеп тапшылығын шешуге қала әкімдігі тарапынан ерекше маңыз берілуде. Бұл мәселе таяу жылдары оң шешімін табады. Студенттерге арналған жатақханаға келсек, бұл бағыттағы ереже тіркеуден өтіп, бекітілсе, жұмыстар басталады. Ол бойынша қазір инвесторлардың да қызығушылығы жоғары, – деді қала әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Нұртай.
Жергілікті мемлекеттік органдардың жауапты өкілдерімен және кәсіпкерлермен бірлескен кездесу барысында Елбасының өзге де бастамаларын жүзеге асырудың серпіні мен болашағы, оларды жүзеге асыру бойынша нақты ұсыныстар қаралды.
– Елбасының бас бастамасын орындау – бәріміз үшін үлкен жауапкершілік. Біз бүгінгі сапарымызда Шымкенттегі атқарылып жатқан жұмыстармен таныстық. Жұмыстар нәтижесіз емес. Мәселен, «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасы бойынша Шымкентте ашылған арнайы ақпараттық орталық – өзге қалаларға да үлгі боларлық бастама екен. Жұмыстың тиімділігі көрініп тұр. Мұны қолдаймыз. Жалпы, аймақтарға жұмыс сапарларының қорытындысы бойынша бес әлеуметтік бастаманы іске асыруға жан-жақты талдау жасалатын болады, оның қорытындылары Үкіметке ұсынылып, Елбасына есеп беріледі, – деді жиын соңында қоғамдық кеңестің мүшесі, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев.

DSC 0326

Азат Перуашев, Мәжіліс депутаты:

– Елбасының бес бастамасын орындау – бәріміз үшін үлкен жауапкершілік. Біз бүгінгі сапарымызда Шымкенттегі атқарылып жатқан жұмыстармен таныстық. Жұмыстар нәтижесіз емес. Мәселен, «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасы бойынша Шымкентте ашылған арнайы ақпараттық орталық – өзге қалаларға да үлгі боларлық бастама екен. Жұмыстың тиімділігі көрініп тұр. Мұны қолдаймыз. Жалпы, аймақтарға жұмыс сапарларының қорытындысы бойынша бес әлеуметтік бастаманы іске асыруға жан-жақты талдау жасалатын болады, оның қорытындылары Үкіметке ұсынылып, Елбасына есеп беріледі.

Қайрат Нұртай, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары:

– Елбасы айтқан бес бастама бойынша Шымкентте тұрғындарға түсіндірме жұмыстары мұқият жүргізілуде. Баспана, микронесие бойынша өздерін толғандырған сауалдар төңірегінде тұрғындар дер кезінде жауап алып отыр. Президент айқындаған бастаманың бірі – жоғары білімге қолжетімділікті арттыру және оның сапасын көтеру болатын. Бұл орайда Шымкентте жүйелі жоспарлар қолға алынуда, оның орындалу барысы да бақылауда. Қала бойынша жылына 10 мың бала мектепке барады. Қазір осы мектеп тапшылығын шешуге қала әкімдігі тарапынан ерекше маңыз берілуде. Бұл мәселе таяу жылдары оң шешімін табады. Студенттерге арналған жатақханаға келсек, бұл бағыттағы ереже тіркеуден өтіп, бекітілсе, жұмыстар басталады. Ол бойынша қазір инвесторлардың да қызығушылығы жоғары.

Страница 11 из 22