«Сауатты жарнама – тіл абыройы» республикалық байқауының ЕРЕЖЕСІ

Среда, 21 Сентябрь 2022 05:08 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 155 раз

1. Жалпы ережелер
1. Осы Ереже «Сауатты жарнама – тіл абыройы» республикалық байқауын (бұдан әрі – Байқау) ұйымдастыру және өткізу қағидаларын анықтайды, байқауға қатысу және жеңімпаздарды анықтау тәртібін белгілейді.

 

2. Байқаудың мақсаты: ұлт бірлігін нығайтудың аса маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілдің кең ауқымды қолданысын қамтамасыз ету, мемлекеттік тілдегі жарнама мәтінін сауатты ресімдеу жолдарын насихаттау, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңы (бұдан әрі – Тіл туралы заң) талаптарының орындалуын қадағалау жұмыстарына атсалысып, белсенділік танытып жүрген азаматтарға қолдау көрсету, ынталандыру.
Байқаудың міндеттері:
1) республика (облыстық, республикалық маңызы бар қалалар) аумағында, БАҚ-та (радио (аудиожарнама), телеарна (бейнежарнама), баспа) және әлеуметтік желілерде жарияланатын республиканың квазимемлекеттік секторының, кәсіпкерлік (шағын және орта бизнес) субъектілерінің (облыстық, қалалық филиалдары) жарнама мәтінін әзірлейтін копирайтерлері мен мемлекеттік тілге аударма жасайтын мамандарын ынталандыру;
2) республика аумақтарында Тіл туралы заң талаптарына сәйкес келмейтін жарнама мәтіндерін түзету жұмыстарына атсалысып жүрген жеке азаматтарды дәріптеу, ынталандыру.

2. Байқауды ұйымдастыру және өткізу тәртібі
1. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Тіл саясаты комитеті (бұдан әрі – Комитет) Байқаудың ұйымдастырушысы болып табылады.
2. Байқау жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен өткізіледі.
3. Байқау аясында қоғаммен, квазимемлекеттік сектор, жергілікті жерлердегі кәсіпкерлік (шағын және орта бизнес) субъектілерімен байланыс орнатылады.
4. Байқауды өткізу туралы хабарландыру өткізілетін жылдың бірінші жартыжылдығында бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады және ұйымдастырушы органның, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларына орналастырылады.

3. Байқауға қойылатын талаптар
1. Жергілікті атқарушы органдар:
1) БАҚ-та, әлеуметтік желілерде Байқау туралы хабарландыруларды айына екі рет (маусым-тамыз аралығы) жариялауға және Тіл саясаты комитеті, Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ҰҒПО тарапынан жарияланған Байқау туралы жариялымдарды таратуға қолдау көрсету;
2) Байқау талаптарына сәйкес заңды мекемелердің жарнама мәтіндерін әзірлейтін копирайтерлерін, мемлекеттік тілге аударма жасайтын мамандарды және жеке тұлғаларды ұсыну;
3) Байқауға қатысушылар туралы мәліметтерді (қатысушының жеке куәлігі, копирайтерлер үшін: жұмыс орнынан анықтама) ұсыну қажет;
2. Байқауға қатысушылар:
заңды мекемелердің жарнама мәтінін әзірлейтін копирайтерлері және мемлекеттік тілге аударма жасайтын мамандары үшін (келісімшарт бойынша және т.б.)
1) соңғы 3 жыл ішінде әзірлеген және аударған жарнама мәтіндерінің тізбесін жолдауы керек;
2) қазақ тілінде әзірлеген және қазақ тіліне аударған жарнама, бейнежарнама, аудиожарнама мәтіндерінің жарияланған орындарын дәлелдейтін құжаттарды (БАҚ беттеріндегі жарнамалар, телеарна мен радио атауы, фотосурет, баннер, билборд, сілтеме, скриншот, келісілген жарнама үлгілері және т.б.) жолдауы керек.
жеке азаматтар үшін
Жарнама мәтіндері бойынша
1) тиісті (жергілікті) органдар арқылы жарнама мәтіндерінің сауатты жазылуын қадағалау, тіл нормасы бұзылып ресімделген жарнамаларды және стильдік қатемен берілген аудио/ бейнежарнамаларды анықтап, түзету жұмыстарына атсалысуы қажет;
2) Байқау өткізілетін жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында Тіл туралы заңның талаптарына сәйкестендірілген жарнама материалдарын жинақтап, жолдауы қажет (жарнама мәтінінің түзетілгенін растайтын дейін/кейін фотосеп, ресми құжаттар, таратпа материалдар және басқа да құжаттар);
3) әлеуметтік желілерде жарияланған сауатсыз немесе қазақ тіліндегі аудармасы мазмұнына сәйкес келмейтін жарнамаларға ұтымды пікір қалдыру (комментарий), ой салу, жөндеуге үлес қосуы қажет;
4) қалдырылған пікірге қатысты жарнама беруші жауап қайтарған жағдайда скриншот немесе сілтемесін ұсынуы қажет.
Бейнежарнамалар бойынша
5) жыл бойы стильдік қатемен берілген бейнежарнамаларды (телеарналар арқылы) анықтап, тізбесін (жарнама мәтіні, телеарна атауы, берілген мерзімі) жолдау керек;
Аудиожарнамалар бойынша
6) жыл бойы стильдік қатемен берілген аудиожарнамаларды (радио арқылы) анықтап, тізбесін (жарнама мәтіні, радио атауы, берілген мерзімі) жолдау керек.
Байқауға қатысушылар жинақтаған материалдарын жергілікті органдардың тіл саясатын жүргізуші құрылымдық бөлімшелеріне ағымдағы жылғы 30 қыркүйекке дейін өткізуі қажет.
4. Байқаудың қазылар алқасы
1. Қазылар алқасының құрамын Тіл саясаты комитеті анықтайды.
2. Қазылар алқасының құрамы филолог ғалымдар, білікті заңгерлер, қоғам қайраткерлері, журналистерден тұрады. Сандық құрамы бес адамнан аспауы тиіс.
3. Байқауға қатысушылардың жинақтаған материалдарымен танысады, шешім шығарады.
4. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері қазылар алқасының дауыс беруі арқылы анықталады.
5. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы дипломдар, алғысхаттар және қаржылай сыйлықтармен марапатталады.
6. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері туралы ақпарат Байқау өткеннен кейін бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады және ұйымдастырушы органның, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларына орналастырылады.

5. Күтілетін нәтиже
Байқауды өткізу мемлекеттік тілдің мәртебесін көтереді, азаматтық институттардың жауапкершілігін арттырады, халықтың тіл саясатын іске асыруға белсенділігін күшейтеді. Әрбір адам азаматтық парызын абыроймен атқаруға, патриоттық сезімдерін өздігінен дамытуға қадам жасайды.
Мекенжайы: 010000, Нұр-Сұлтан қаласы, Мәңгілік Ел даңғылы 8, «Министрліктер үйі», 15-кіреберіс, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Тіл саясаты комитеті.
Байланыс
телефондары: 8(7172)741101, 740501, 740510, 8(701)5167022.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Нұрбол ОРЫМБАЕВ. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.