ЖАҢА БЕТБҰРЫСҚА 5 БАҒДАР

Среда, 28 Сентябрь 2022 04:49 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 349 раз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Қазақстанды құру жолында еліміздің ахуалын жақсартудың барлық мүмкіндіктерін қарастырып, тапсырмалар беруде. Осы мақсатта 2022 жылдың 1 қыркүйегінде Мемлекет басшысы өзінің Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жолдады.

 

Қ.Тоқаев Жолдауда еліміздің жаңа кезеңге қадам басуына жалпыұлттық референдумның әсері туралы айтып, келесі кезекте саяси жаңғырудың экономикалық өзгерістерге ұласуы тиістігін жеткізді. Жолдау 5 бағдардан тұрады: жаңа экономикалық саясат, нақты секторды дамыту, ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция, мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту, заң және тәртіп. Президент әр бағдарға ерекше тоқталған.
Жаңа экономикалық бағдарымыздың басты басымдықтары ретінде жеке кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру, бәсекелестікті дамыту, яғни бәріне бірдей мүмкіндік беру, сондай-ақ, ұлттық табысты әділ бөлу мәселелерін қамтыған.
Салық жүйесінде салықтық бақылау қызметін толық цифрландыру керектігін тапсырды. Сонымен қатар, салық төлеушілердің салықтан жалтаруға құмарлығын азайту үшін арнайы салық режимдерін жеңілдету керектігін айтқан.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев әр кезде «көрпеге қарай көсілу» қажет екенін ұмытпауға шақырды. Бюджет саясатына реформа жасалып, нәтижеге жұмыс жасауды ұсынды. Бюджет кодексінде бюджетті жоспарлау және орындау кезінде шекті нормативтерді міндетті түрде бекіту керектігін айтқан Президент ұлттық қордың қаржысын тиімсіз жұмсау тоқтатылып, қордың қаражаты аса қажет инфрақұрылымды дамытуға және еліміз үшін маңызы зор жобаларды қаржыландыруға жұмсалатынын мәлімдеді.
«Ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция» атты үшінші бағдарда «еліміздің басты құндылығы – адам, ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды» делінген. Осы бағдарда Президент денсаулық сақтау саласына тоқталып өтті. Денсаулық сақтау саласында біраз жұмыстар атқарылғанымен, әлі де саланың жағдайы мәз еместігін жеткізді. Дегенмен, уақытқа бағынып, аса маңызды мәселелерді ретке келтіруге баса мән берген жөн.
Қ. Тоқаев денсаулық саласына қаржының жеткілікті бөлінбеуі қалыпты жағдайға айналғанын, соның кесірінен, жұрт сақтандыру жүйесіне қосылса да, медициналық қызмет толық көлемде көрсетілмей отырғандығын айтты.
«Ерікті медициналық сақтандыру жүйесін енгізетін уақыт әлдеқашан жетті. Медицина – инвестиция салуға қолайлы сала. Тек оған дұрыс жағдай жасау қажет» деген мемлекет басшысы үкіметке денсаулық сақтау саласын және жалпы әлеуметтік саланы қаржыландыру жүйесін қайта қарауды тапсырды.
Алдағы екі жылда еліміздегі емдеу мекемесі жоқ елді мекендерде медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салынып, қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етіледі. Осылайша, мемлекет бір миллионнан астам адамның алғашқы медициналық-санитарлық көмек алуына мүмкіндік жасайды.
Қ.Тоқаев «Ұлттық жоба аясында 32 аудандық аурухана заманға сай жаңарып, ауданаралық көпбейінді мекемеге айналады. Онда инсульттен емдеу орталықтары, хирургия, жансақтау және оңалту бөлімдері ашылады. Бұл төрт миллионнан астам адамға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттырады. Сонымен қатар, телемедицина бағытын дамытамыз. Сол арқылы шалғайда тұратын халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетілетін болады» дей келе, денсаулық сақтау саласы бәсекеге қабілетті болуы үшін дәрігерлер дайындау жүйесін жетілдірген жөн екенін айтты.
Әрине, мемлекеттің лайықты дәрежеде дамуында анық та айқын бағдар беретін стратегиялар мен Жолдаулардың рөлі зор. Сондықтан, мемлекеттік қызметкерлер өз құзыреті шегінде Жолдауда берілген тапсырмалардың мейлінше тез арада орындалуына ықпал етіп, Жаңа Қазақ-станның дамуына үлестерін қосқаны жөн деп ойлаймын.

Ә.ТӨЛЕБАЕВ,
Шымкент қаласының
санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Нұрбол ОРЫМБАЕВ. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.