Отаны өзімізде жасайды

Пятница, 28 Октябрь 2022 06:45 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1279 раз

ota-ozimiz

Шымкенттік дәрігерлердің сырқаттарды емдеуде тағы бір мүмкіндігі артты. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен алғаш рет қаладағы клиникалық балалар ауруханасында оториноларингология бөлімшесі ашылды.

Оториноларингология бөлімшесі 20 төсек-орынға лайықталған. Мұнда дәрігерлер құлақ, тамақ, мұрында кездесетін ауру түрлеріне диагностикалық тексерулер жасап, толық емдеу жұмыстарын жүргізеді.

Соның арқасында дәрігерлер бұрынғыдай лор аурулары бар науқастарды Астана мен Алматы қаласына жібермей-ақ өздері ота жасауда. Дәрігерлердің сөзінше, құлақ, мұрын ауруына шалдыққан науқастардың басым бөлігі операцияны қажет етеді екен. Мәселен, соңғы бір айдың ішінде бөлімшеде емделіп шыққан науқастардың 90 пайызына дәрігерлер ота жасаған.

–Құлақ, мұрын ауруларына шалдыққан науқастар санының артуына және қала тұрғындарының сұранысы бойынша бөлімшені аштық. Сондай-ақ ота жасау үшін науқастарды қала арасында сабылтпай-ақ, ыңғайлы болу үшін күрделі оталарды енді қалалық клиникалық балалар ауруханасының өзінде жасай аламыз. Біз үшін ең бастысы –сапалы медициналық көмек көрсетіп, халық саулығын жақсарту, - дейді қалалық клиникалық балалар ауруханасының бас дәрігері Динара Жұмаділова.

Құлақ, мұрын аурларына дер кезінде диагноз қойып, оны емдеуде аурухана қажетті жабдықтармен қамтылған. Емдеу мекемесінде операция жасауға арналған операциялық микрохирургиялық микроскопы, ЛОР комбайны сияқты барлық қажетті жабдықтар бар. Бөлімшеде дәрігерлер шұғыл және жоспарлы түрде емделетін науқастарды қабылдайды.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.