Қайрат Қарғабаев:«Жастардың рухани ізденісіне құрметпен қараймын» Избранное

Среда, 02 Ноябрь 2022 10:53 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 922 раз

teatr 1

Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры — Шымкенттегі өнер ордаларының қарашаңырағы. Сексен тоғызыншы маусымға қадам басқан театр ұжымы биыл қазақ театр өнерінің тұңғыш кәсіби режиссері Жұмат Шаниннің 130 жылдығын атап өтпек. Айтулы күн қарсаңында Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының директоры Қайрат ҚАРҒАБАЕВПЕН сұхбаттасып, өнер ордасының тыныс-тіршілігімен танысудың сәті түсті.

 

Ұлы тұлғаның ұрпақтары келеді

kairat-k— Қайрат Жайлауұлы, театр тарихына көз жүгіртсек, қазақ театр өнерінің көшбасшысы болған Жұмат Шаниннің қаламынан туған «Арқалық батыр», «Шахта» пьесалары

ХХ ғасырдың отызыншы жылдары Шымкент облыстық драма театрында сахналанған. Биыл Жұмат Шаниннің туғанына – 130 жыл. Театр ұжымы қандай жоспар құрып отыр?

—Қазақтың біртуар азаматы Жұмат Шаниннің 130 жылдығына келер болсақ, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес, тұлғалардың мерейтойларын 100 жылдықтан кейін әр 25 жыл сайын атап өту белгіленген. Бес жыл бұрын Жұмат Шаниннің 125 жылдығы республика көлемінде аталып, Шымкентте арнайы фестиваль ұйымдастырылған болатын. Ал, биыл 130 жылдық мерейтойды театр ұжымы өз күшімізбен, Шымкент қаласының әкімдігі, Мәдениет басқармасының қолдауымен атап өтпекпіз. Қарашаның 3-4 күндері драматург Сая Қасымбектің Жұмат Шанинге арналған «Атжалман ғасыр» тарихи трагедиясының премьерасы жоспарланып отыр. Осы премьера күніне арнайы бағдарлама түзіп, ұлы тұлғаның ұрпақтары — белгілі режиссер Болат Шанин ағамызды, Райхан Шанина мен Жанат Шанина апаларымызды қонақ ретінде қаламызға шақырдық. Сонымен қатар, Қазақстан театр қайраткерлері одағы, Театр сыншылары одағы және Қазақстан театрлары ассоциациясымен байланысып, келіссөздер жүргіздік. Қарашаның 3-і күні Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханада «Театр тарланы — Жұмат Шанин» атты арнайы басқосу ұйымдастырылмақ. Шақырылған қонақтар мен шымкенттік зиялы қауым өкілдері «дөңгелек үстел» басында бас қосады. Сондай-ақ, былтыр ғана орнатылған Жұмат Шаниннің ескерткішінің алдында еске алу жиыны өткізіліп, қонақтарымыз қаланың көрікті жерлерін аралайды, театр фойесіндегі көрмені де тамашалай алады.

— Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың Шымкентке сапары барысында сала мамандары мәдениет ұйымдарының, оның ішінде театр ұжымдарының айлығы мардымсыз екенін алға тартты. Сондай-ақ, жасы зейнетке жақындаса да жас мамандармен бірдей жалақы алатын, ешбір мемлекеттік сыйлықты алмаған өнер майталмандары да бар көрінеді. Ол жайында ойыңыз қандай?

— Қуанышты жаңалықпен бөлісе отырайын. Күні кеше, Республика күні мерекесі қарсаңында театр абызы, ҚР Еңбек сіңірген әртісі Сапар Өтемісұлы ағамыз ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды. Ал, ҚР Мәдениет қайраткері Мұқан Шәкіров ағамыз өткен жылы «Шымкент қаласының құрметті азаматы» атанды. Мәдениет майталмандары марапаттан құр алақан емес. Бірқатар мамандарымыз салалық, яғни, Мәдениет министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін иеленді. Бұл әңгіме жалпылама айтылған болар. Себебі, мемлекеттік сыйлықтар 2-3 жыл бұрын тек Тәуелсіздік күні қарсаңында ғана берілсе, қазір әр тоқсан сайын үздіктеріміз марапатталып жүр. Кешегі ұлттық мерекеде республика көлемінде, яғни, өзге облыстардағы әріптестеріміз де мемлекеттік сыйлық алды. Бұл мәдениет саласына ерекше көңіл бөлініп отырғанына дәлел. Жалақы мәселесі де 20 пайыздан қосылып, кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Алдағы уақытта өнер қайраткерлерінің еңбегі жанып, игі іс жалғасын табады деген сенім мол.

 

«Жас көрермендердің көптігі қуантты»

teatr 2

— Репертуар таңдағанда көрермен сұранысын қамтуға тырысасыздар ма? Театрға көрермен тарту мәселесі қалай?

— Өзіңізге белгілі, барлық театрларда Көркемдік кеңес жұмыс істейді. Яғни, драматург, режиссер және әдебиетке, өнерге жақын зиялы қауым өкілдерімен кеңесе отырып, бүгінгі таңда өзекті, ой салар, айтары бар шығармаларды таңдауға тырысамыз. Кеңеске өзіміздің театрдың әдебиет бөлімі бірқатар шығармаларды ұсынады. Ал, қойылымның жанрына келетін болсақ, кәсіби драма театр болғандықтан трагедия, драма, комедия, трагикомедия сынды барлық жанрларды қамтып отырамыз. Әр жыл сайын кішкентай көрермендерімізге де бір қойылым сыйлап, ертегілерді сахналаймыз. Бұйыртса, жыл соңында келесі 2023 жылдың репертуарын талқылайтын боламыз. Иә, арагідік думанды-сазды қойылымдар, мюзиклдер сахналанып жатады. Түрлі жанрларды, түрлі тақырыптарды қамтудың тағы бір пайдасы халықаралық, республикалық театр фестивальдерінде байқалады. Түрлі жанрды қамту театр әртістерінің шеберлігін шыңдап, тәжірибе жинауға мүмкіндік береді. Сыншылардың, театр майталмандарының пікірін тыңдап, бағытымыздың дұрыс-бұрыстығын саралаймыз. Сонымен қатар, театрдың әлеуметтік желілерде ресми парақшалары жұмыс істейді. Театрсүйер қауымның әлеуметтік желіде жазған пікір, ұсыныстары да назарға алынады. Өткен жылы театр репертуарына 6 қойылым қостық. Алайда, биылдан бастап әр тоқсанда бір жаңа қойылым сахналауды қолға алдық.

Көрермен тарту мәселесіне келсек, бір кезеңдерде театрға шақырып, афиша іліп жүріп, көрермендерді келтіре алмайтынбыз. Иә, бұл халықтың сол кезеңдердегі әлеуметтік тұрмысына да қатысты болар. Қазір уақыт та, талғам да өзгерді. Жастардың да көзі — ашық, көкірегі — ояу. Театр кассасына келуге уақыты болмаса, электронды билет алып жатады. Тұрақты, іздеп келетін, түрлі әлеуметтік желідегі хабарландыруларды оқып, танысатын көрермендер де бар. Кейде дәл сол парақшаға «алдағы уақытта мына қойылымды қойсаңыздар» деп ұсыныстарын да жазып жатады. Бірақ, театр көрермендері тек жастар емес. Аға буын, орта буын өкілдері де көп. Оларды хабардар ету үшін әкімшілеріміз жұмыс істейді. Көрермендермен кері байланыс орнатып, пікір алмасу мүмкіндігі туғаны бізді қуантады.

— Өнер саласының ішінде театрдың орны бір төбе. Ал, сіз мәдениет, өнер саласында маманнан бастап, мәдениет басқармасы басшысының орынбасары, театр директоры қызметіне дейін сатылап өскен мамансыз. Бүгінгі қазақ театрларының басты проблемасы қандай?

— Біздің өңірде ғана емес, барлық театрларда шешімін күткен мәселелер бар. Өзімізге келсек, ең әуелі, кадр мәселесін айтар едім. Биыл бізге Астана қаласындағы «Шабыт» ұлттық өнер академиясы мен Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлектері келді. Алайда, штаттық мүмкіндікке байланысты қоғамдық негізде, мемлекеттік бағдарламамен ғана жұмысқа алып отырмыз. Екінші, театрлардың материалдық-техникалық базасын жаңарту мәселесі. Иә, қазіргі таңда құрылтайшымыз – қала әкімдігі, басқарма тарапынан қолдаулар бар. Кезең-кезеңімен бұл мәселе де шешімін табар деген сенімдеміз. Үшінші, театрлардағы басты проблеманың бірі — жас режиссерлер мәселесі. Өнерге жаңа леп, жаңашылдық әкелетін осы жас режиссерлер. Себебі, әлемдік өнер сахналарын көріп келген азаматтардың өз үні, өз айтары болары анық. Жаңалыққа жаны құмар жастардың рухани ізденісіне құрметпен қараймын. Олардың алдыңғы буынды қайталауы шарт емес. Бірақ, кешегі алыптар салған сара жолды бұра тартпай, көнеден қалғанды кеңейтіп, одан әрі дамытып отырса дейміз. Мәселен, өткен жылы Мәскеуде білім алып келген жас режиссер Әлібек Өмірбекұлы біздің театрда «Qora Z» қойылымын сахналады. Көрермендер арасында резонанс тудырғаны белгілі. Күні кеше дәл осы азамат Түркістан театрында триптих — «Қарагөз», «Гамлет» пен «Фаусты» сахналады. Осындай ел көрген, жер көрген жас мамандардың жұмыс істеуіне де мүмкіндік берген дұрыс деп есептеймін. Триптихта әр қойылым кемі 1 сағат 10 минуттай уақыт қойылады. Мені қойылымға келген жас көрермендердің көптігі қуантты. Олар театр мәдениетін сақтап, соңына дейін тапжылмай көріп шықты.  

 

«Техникалық мамандарды даярлайтын білім ордалары жоқтың қасы»

— Театрдың көркемдік жетекшісі Бекболат аға Құрманғожаев сұқбатында академиялық театрда кемі 65 әртіс болуы керек екенін айтқан еді. Білуімізше, театрдың бүгінгі актерлік құрамы — 45 адам. Бұл кадр тапшылығының салдары ма, әлде бекітілген штаттың аздығынан ба? Актерлік құрамды көбейту жоспарда бар ма?

— Кадр тапшылығын тек шығармашылық ұжыммен байланыстырған дұрыс емес. Себебі, сахна сыртында бір спектакль үшін қызмет ететін қанша маман бар. Дәл қазіргі уақытта бізде суретші, реквизитор, сахна қызметкері, дыбыс режиссері, жарық беруші, жарық операторы сынды мамандар тапшы. Аталған қызметті атқарып жүрген азаматтардың басым бөлігі сол саланың кәсіби маманы емес. Оған қосымша еңбекақының аздығы да әсер етіп, кейбірі жұмыстан шығып жатыр. Елімізде осындай техникалық мамандарды даярлайтын жоғары оқу орындар жоқтың қасы. Бұл да мәселені қиындатып отыр. Іс-тәжірибе алмасып, қайта даярлайтын орта болмаған соң, бұл шығармашылық ұжымның жұмысына да кері әсерін тигізіп келеді. Мүмкін, уақыт өте келе шығармашылық ұжым кеңейіп те қалар. Оған қоса, қазіргі уақытта зейнет жасына келген аға-әпкелеріміз де қызмет етіп жүр. Келешекте осы аға буынның орнын басатын жас мамандар қажет болатыны анық. Ал, жастардың көпшілігі айлық, баспана мәселесіне байланысты келе бермейді. Бірақ, мүлдем ештеңе жоқ деп, «ауызды қу шөппен сүртуге» де болмайды. Себебі, мүмкіндігінше кадр мәселесін басқармаға айтып, көтеріп келеміз. Ал, жатын орын мәселесіне келсек, театр облыс қарамағында кезде қаладағы мәдениет ұйымдарының мамандары облыстық филармонияның жатақханасына орналасатын. Қазір де екіжақты келісім негізінде біздің 5 әртісіміз отбасымен сол жатақханада тұрады.

— Мамандар кез келген кино актер театрға бейімделе алмауы мүмкін екенін, алайда, күнделікті театр сахнасында піскен маманның әмбебап болатынын айтады. Театр актерлерінің арасынан киноиндустрияға ауысып жатқандар бар ма?

— Театрдан үзілді-кесілді қол үзіп кеткен әртіс жоқ. Олай болуы да мүмкін емес. Бірінші себеп, театр — жан-тәніңмен еңбектенуді талап ететін тірі организм. Еңбекпен жеткен биігін бір күнде тастап кететіндер сирек болар. Оның үстіне кино тұрақты табыс көзі бола алмайды. Кастингтен өтсе немесе шақырту алса, өз әртістерімізді арнайы келісім негізінде жұмыстан уаұытша босатып, түсірілім алаңына жіберіп отырамыз. Алайда, театрдан түбегейлі киноға ауыссам дегендер жоқ. Ал, ертеректе мәдениет ұйымдарының еңбекақысы өте төмен, айлығы шайлығынан артылмаған кезеңде тұрмысты күйттеп, өзге салаға ауысқандар болды. Бірақ, араға жылдар салып, театрға қайта оралып жатты. Әртістеріміздің киноға, телесериалдарға түсуі бізге пайдасын тигізбесе, зияны жоқ. Бірі болмаса, бірінің жұлдызы жанып, елге танылса, ол театрға үлкен жарнама. Көрерменіміз де көбейеді.

 

«Ұсынысымыз елеусіз қалмаса...»

teatr 3

— «Театр репертуарын өткен жылы 6 қойылым қосылды, енді әр тоқсанда бір премьера, жылына 4 спектакль сахналайтын боламыз» деп қалдыңыз. Жыл соңына дейін театрсүйер қауымды қандай қойылыммен қуантасыздар? Жалпы, қойылымдарды қаржыландыру мәселесі қалай шешіліп жатыр?

— Жыл басында Көркемдік кеңеспен ақылдаса отырып, жылына 4 қойылым сахналауға келістік. Қазіргі уақытта мемлекет қаржыландыратын қойылымдардың портал арқылы құжаттарын туралап, оның қажетті заттарын мердігер жеткізіп немесе әзірлеп бергенге дейін уақыт тығыз болып, ол жұмыс сапасына да кері әсерін тигізетін тұстары бар. Сондықтан санға емес, сапаға жұмыс істеу мақсатында осы шешімге келдік. Жыл басынан бері «Медея/Филоктет» трагедиясы, «Өлдік те құрметті болдық» трагикомедиясы мен «Құрық» әлеуметтік драмасын сахналасақ, 3-4 қараша күндері «Атжалман ғасыр» тарихи трагедиясының пре-мьерасы өтпек. Ал, қазір белгілі жас режиссер, актер азаматпен келіссөздер жүргізілуде. Бұйыртса, ол кісі қараша айында келсе, желтоқсанда жоспардағы бір қойылымды ұсынсақ деп отырмыз. Сонымен қатар, жоспардан тыс театрымыздың труппа жетекшісі, режиссер Алмас Шымалиев те әлеуметтік мәселені қаузайтын бір қойылымды дайындап жатыр.

— Яғни, режиссерді өзге өңірден шақырып отырсыздар....

— Иә, бірақ бұл бізде режиссер жоқ деген сөз емес. Театрдың көркемдік жетекшісі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Бекболат Құрманғожаев, халықаралық Шыңғыс Айтматов атындағы сыйлықтың лауреаты Қуандық Қасым, Мәдениет саласының үздігі Жұмабек Есімов пен Алмас Шымалиев, сондай-ақ, қаладағы өзге театрлардың режиссерлерімен де қоян-қолтық жұмыс істеп келеміз. Алайда, қаржылық мәселелерге қарамастан жаңа леп әкеліп, әрі тәжірибе алмасуда сырттан режиссер шақырудың пайдасы зор. Мәселен, Әлібек Өмірбекұлы «Qora Z» қойылымын сахналаған кезде екі айдай Шымкентте болып, ұжыммен етене жақын жұмыс істеді. Сол кезде репетицияларға қатысып, жұмыс істеу әдісін қарап жүрдім. Көптеген туындылары әлемде сахналанып жүрген атақты Мәскеуде ілім алған ол өзінің көргенімен, білгенімен бөлісіп, әртістердің шыңдалуына сеп болды. Сондай-ақ, әртістер гастрольдік сапарларда, фестивальдерде де тәжірибе алмасады. Жуырда Хадиша Бөкееваның 105 жылдығына орай Батыс Қазақстан облыстық драма театрында елімізде тұңғыш рет республикалық моноспектакльдер фестивалі өтті. Байқауға 10 өнер ұжымы қатысты. Алғаш рет ұйымдастырылып отырғандықтан жүлделі орындар белгіленбей, 5 номинация бойынша марапатталды. Театр актрисасы Бақытгүл Қожамұратова «Медея» трагедиясындағы рөлі үшін «Ең үздік әйел бейнесі» номинациясын иеленді. Фестивальдің ең тиімді тұсы, күніне 3 қойылым сахналанса, әр спектакльден соң мамандар ашық талқылау өткізеді. Театр сыншылары, драматургтердің пікірі, ұсынысын тыңдай отырып, шыңдаламыз, тәжірибе алмасамыз, қорытынды шығарамыз. Шымкентке Мұхтар Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театры келген кезде де шеберлік сағаттары өтіп, шығармашылық топ тәжірибе алмасты. Ал, қазіргі уақытта бізге дыбыс режиссері, жарық операторы мен гримдеушінің жұмысын ширату қажет.

— Бұл мәселені қалай шешуге болады?

— Арнайы біліктілік арттыру курстарына жіберіп алсақ та болар еді. Алайда, барлық мәселе қаржыға, маман тапшылығына келіп тіреледі. Бұл мәселеге қатысты қала басшылығына Шымкент қаласы мегаполис атанғалы республикалық деңгейде алғаш рет театр фестивалін ұйымдастыруды ұсынып отырмыз. Келер жылы Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры 90-маусымын қарсы алмақ. Қаламыздағы 6 театрдың үшеуінің материалдық-техникалық базасы фестиваль өткізуге қолайлы. Осы мүмкіндіктерді пайдалана отырып, республикалық театр фестивалін ұйымдастырсақ деген ұсынысымызды жеткіздік. Сондай-ақ, фестиваль аясында режиссер, әртістермен қатар, дыбыс режиссері, жарық операторы, гримдеушілерге арналған шеберлік сағаттарын ұйымдастырып, сала-сала бойынша қамтысақ деген ойымыз бар. Ұсынысымыз елеусіз қалмаса дейміз.

— Әңгімеңізге рақмет.

 

Сұхбаттасқан
Замира АЛДАБЕРГЕНОВА

Последнее изменение Среда, 02 Ноябрь 2022 11:14