«ЕЛІҢДІ СҮЙСЕҢ, ЕРЛІК ІСТЕЙСІҢ»

Четверг, 03 Ноябрь 2022 04:13 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 718 раз

ELINDI SUI

Шымкент қаласындағы Сабыр Рақымов атындағы республикалық «Жас Ұлан» әскери мектеп-интернатында Отанын шынайы сүйетін, намысты жастар өсіп келеді. Олардың негізгі мақсаты – Қазақстан Қарулы күштерінің айбынды офицері болу. Осы мақсатта қандай қиындық кезіксе де төзуге бар. Қорғаныс саласы темірдей тәртіпті талап ететінін жанымен ұғынған. Бәрінің де кеудесінде намыс найзағайы ұшқындап тұр.

Биыл осы мектептің шәкірті Әділет Жақсылық Арыс қаласының Ақдала елдімекенінде жазғы демалыста жүрген кезінде суға батқан 9 жасар баланы құтқарып, ажалдан арашалап алды. Бұл оқиға жаз айында болған-тын.

Әділет Жақсылық туыс ағасы Нұрғиса екеуі бірге үй шаруасымен айналысып жүріп, кенеттен жақын жердегі Түркістан-Арыс каналынан балалардың айқайлаған дауысын естіген. Көмекке жеткен бұларға жағалауда тұрған бала суға батып кеткен досын көрсетеді. Ағайынды қос жігіт ойланбастан өзенге сүңгіп, баланы іздей бастайды. Бір кезде Әділет аяғының жұмсақ нәрсеге тигенін сезеді де ауа жұтып, қайта суға сүңгіген кезде ес-түссіз жатқан баланы алып шығады. Дереу алғашқы көмек ретінде жүрекке массаж жасап, жасанды тыныс берген. Жедел жәрдем келгенге дейін ағайындылар баланың жағдайын бақылап, өкпеге кезекпен жасанды дем беріп отырған. Осылайша Әділет Жақсылықтың батыл және сенімді іс-әрекетінің нәтижесінде бала бір ажалдан аман қалды.

Ә.Жақсылық – әскери мектептің 2-ші оқу ротасының тәрбиеленушісі. Осы ерлігі ескеріліп, ҚР Қорғаныс министрлігінің «Ерлігі үшін» орденімен наградталды. Оны мектепте өткен арнайы жиында қалалық қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығы, полковник Алмаз Тілеуханов табыс етті.

– Өзіміз кішкентай кезден осы каналға шомылып өстік. Тереңдігі 3,5 метр болатын жері бар. Еш ойланбастан сүңгіп кетіп едім, баланың бетонға қыстырылып қалғанын байқадым. Ағам екеуміз қолдан келген көмекті жасадық. Жедел жәрдем қызметкерлері дәл уақытында әрекет еткенімізді айтты. Жасөспірім үш күннен кейін есін жиды. Ауыл тұрғындары разы болды. Әкем «Адам өмірін аман алып қалыпсың» деп арқамнан қақты. Бұл жағдай маған ерекше әсер етті. Мектебіміздің басшысы да жігерлендіріп, үлкен ерлік жасағанымды айтты. Енді алдағы өмірімді осы әскери саламен байланыстырамын, – дейді өзі.

11-сыныпқа өткен 2-ші оқу ротасының 2 взвод ұланы Әділет Бағжанұлы 2005 жылы Арыс қаласының Ақдала ауылында дүниеге келген. Қарапайым, сабырлы, өз ісіне тиянақты азаматпен жақыннан таныстық. Әділет әке жолын қуған талапты жас. Әкесі Бағжан Исмаилов та әскери қызметші. Арыс қаласындағы 74884 әскери бөлімде взвод командирі болып қызмет атқарады.

– Бірінші сыныпта оқитын кезім. Бірде әкем Арыстағы әскери парадқа ертіп апарды. Мені әскери техникалар, әскерлердің бұйрықты орындаулары қызықтырды. Содан кейін әскери адам болуды армандадым. 8-сыныпта әкем «Жас ұлан» мектебі туралы айтып берді. Одан кейін еш ойланбастан осында оқуға шешім қабылдадым. Үйдегілердің бәрі қолдай кетті. 2021 жылы осында 10 сынып оқушысы атандым. Қазір менен кейінгі екі інім де әскери адам болуға құлшынып жүр. Ауылға барғанымда да балаларға бұл саланы қызықтырып айтып беремін, – дейді жас ұлан.

Дарынды ұлан әке тәрбиесінен үлгі алған. «Әкем тік мінезді. Бір істі қолға алса, соны тындырмай тоқтамайды. Анам Перизат Батырбекова – ауыл мектебінде мұғалім. Ата-анамның тәрбиесі осы салаға қызығуыма себепкер болды». Кейіпкеріміз осылай сыр шертті.

Әділеттің гуманитарлық пәндерге қызығушылығы жоғары. Қазақстан тарихын тереңдете оқып, географиядан әлем елдерін танып-білуге құмар. Әскери мектепті тәмамдағаннан кейін Сағадат Нұрмағамбетов атындағы құрлық әскерлері институтына түспек ойы бар. Бар мақсаты – болашақта отан қорғап, елінің айбынды азаматы болу. Мақсаттары айқын.

– Әскери адам барынша шыншыл, қатал болу керек. Қолым қалт етсе Б.Момышұлының, А.Бектің кітаптарын оқимын. Сабыр атамыз секілді елді, жерді қорғайтын азамат болсам деймін. Отаным үшін бәріне дайынмын. Мұнда тәртіп бірінші орында. Бар білімін аямаған мектеп ұстаздарына алғысым шексіз, - дейді Әділет.

2003 жылы мектепке Кеңес Одағының батыры Сабыр Рақымовтың аты берілген. Әйгілі батырдың даңқын асыру, мектебін мақтаныш ету – шәкірттердің негізгі ұстанымы.

Республикалық «Жас Ұлан» әскери мектеп-интернаты бүгінде өзгеріс, өркендеу жолында тұр: сабақтан тыс уақытта қосымша үйірмелер көбейген, мектепке тек 9-сыныпты бітірген мектеп оқушылары ғана қабылданады.

Әрине, қосымша сабаққа, ең әуелі, ынтасы зор, тіл үйренуге талаптылары қатысады. 9 үйірме жұмыс істейді. Мектеп түлектерінің Ресей, Түркия, Беларусь еліндегі әскери оқу орындарында тәлім алып жатқандары баршылық. Алда насихат жұмыстары күшейе бермек.

Мектептің тәрбие жұмысының бағыты мен мақсаты – тағылымды, отансүйгіштікке тәрбиелеу іс-шаралары. Оқушылардың бойында патриотизмді қалыптастыру, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, халық дәстүрін дәріптеуге, әлемдік және отандық мәдениет жетістіктерін оқып үйренуге, ҚР Конституциясын құрметтеуді үйрету – басым бағыттардың бірі.

Мұның бәрі де алға қарай жылжудың, талап пен тәрбиенің қатаңдатылуында болса керек. Оқу орнының басшысы, полковник Ғазиз Төлеуішев бізге мұның негізгі себептерін түсіндіріп берді.

– Негізгі міндет – сабақ үлгерімін жақсарту, тәрбиелік маңызы зор іс-шараларды жоғары деңгейде өткізу. Мектепті бітірген ұландарымыз жоғары әскери оқу орындарына көптеп түсу керек. Бағдарламалар осы мақсатта қабылданып жатыр. Мектебімізде екі жылдық патриоттық тәлім-тәрбие алған оқушы әрдайым Отан қорғауға дайын тұрады. Әскери жоғары оқу орнына түссе де, түспесе де. Біздің түлектер қай салада болса да абыройлы еңбек ететіне мен кәміл сендіре аламын, – дейді мектеп басшысы бүгінгі тыныс-тіршілігін әңгімелеп.

Қазіргі таңда Шымкент қаласында күзгі әскерге шақыру науқаны жүйелі және қатаң тәртіпте жүргізілуде. Отан тірегі Қарулы күштер екені белгілі. Оның дамуына, қалыптасуына тек әскерилер ғана емес, Ата Заңда атап көрсетілгендей тәуелсіз елдің әр азаматы да жауапты. Президент тапсырмасына сәйкес, әскерге шақырылушыларды ынталандыру жұмыстарын жандандандыру басты назарда тұр. Шаһарда күзгі мерзімді әскерге шақыру науқанын ұйымдастыру және сапалы өткізу бойынша тиісті іс-шаралар қолға алынған.

ҚР Қарулы күштері Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаменті бастығының орынбасары, полковник Рустам Ақбаров Шымкент қаласындағы жергілікті әскери басқару органдарының басшылық құрамына күзгі әскерге шақыру науқанын ұйымдастыру мен өткізу тақырыбында оқу-әдістемелік жиын өткізген-ді. Күзгі әскерге шақыру жұмысын сапалы ұйымдастыру – басты талап.

2022 жылғы көктемде Шымкент қаласы бойынша ҚР Қарулы күштеріне, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарына 756 адам әскерге шақырылды. Күзгі әскерге шақыру жоспарына сәйкес, барлығы 800-ге жуық адам әскер қатарына алынбақ. Күзгі әскерге шақыру науқаны желтоқсан айының соңына дейін жүргізіледі. Қазіргі уақытта 300-ден астам адам әскерге шақырылды.

Әрбір адам өз Отанын қорғау, қасиетті ерліктің борышын орындауы қажеттігін түсінуі тиіс. Жастарды Отан алдындағы борышын өтеуге ынталандыруда халықпен ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Еліне қалқан болар жаужүрек азаматтардың бары қуантады. 2010 жылы маусымның 22-де Ақтау колониясынан қашпақ болған 21 сотталушының жолын кескен қатардағы жауынгерлердің бірі Ербол Отарбаевтың ерлігі ел жадында. Жауынгерлік борышын атқару кезінде көрсеткен ерлігі үшін Елбасы Жарлығымен
ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған еді. Ол кезде Ақтауда № 6656 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген. Небәрі 19 жасар жігіттің ерлігі ел ішіне тарап кетіп еді...

Әскери борышын өтеуге келген сарбаздарды, әскери мектептердің шәкірттерін отансүйгіштікке баулу, тарихын білуге, дәстүрін сақтауға тәрбиелеу – жауапты міндет. Халқымызда «Еліңді сүйсең, ерлік істейсің» деген қанатты сөз бар. Мінекей, еліміздің Тәуелсіздігін тұғырлы ету Әділет Жақсылық, Ербол Отарбаев секілді азаматтардың қолында.

Қорғаныс министрлігі тарапынан әскер қатарына алынатын жастарды ынталандыру, оларға әлеуметтік жағдай жасау бойынша да бастамалар көтеріліп жатыр. Оқу орындарына түсуге жеңілдік немесе грант беру жағы қарастырылуда.

Жастарды әскерге шақыру науқанында жергілікті атқарушы органдармен бірлескен іс-әрекеттерді жүргізу, насихат жұмыстарын күшейту, жедел іс-шаралар қабылдау бойынша нақты жұмыстарды атқару міндеті тұр.

 

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.