«Көк Тудың желбірегені жаныма шуақ құяды» Избранное

Пятница, 18 Ноябрь 2022 04:55 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 895 раз

Елімізде ҚР Мемлекеттік рәміздерінің 30 жылдығы кең көлемде тойланды. Атап айтқанда, жастарды отансүйгіштікке баулу, рәміздердің қасиетін ұғындыру, санаға серпіліс беру мақсатында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды. Қазір атқарылған жұмыстарды саралау, болашақты бағдарлайтын сәт. Жыл басынан бері Шымкент қаласында мерекеге орай жалпы 5 мыңнан астам ақпараттық материал жарияланған.

806

 

Отанға деген сүйіспеншілік мемлекеттік рәміздерді құрметтеуден басталады. Таяуда қалалық Азаматтық ресурстық орталығында Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығына орай өткізілген іс-шаралар қорытындысы бойынша дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Жиынға қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының бөлім басшысы Серғазы Әбілхайыров, Шымкент қаласы Азаматтық Альянсының төрағасы Жұмағали Білісбеков, «Серпіліс» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Бейсенкүл Нарымбетова, әлеуметтік жоба жеңімпаздары және үкіметтік емес ұйым мүшелері қатысып, пікір алмасты.
Қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының бөлім басшысы С.Әбілхайыров биыл Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығы аясында аталып өткен әрбір іс-шараның маңызы жоғары екеніне тоқталды.
– Мемлекеттік рәміздерді ұлықтай білуіміз керек. Іс-шаралардың негізгі мақсаты – Тәуелсіздік құндылықтары, мемлекеттік рәміздерді насихаттау, жастарды патриоттыққа тәрбиелеу, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті қалыптастыру. Биылғы мерекеге орай әлеуметтік желілерде, БАҚ-та жалпы 5 мыңға жуық материал жарық көрді. Әлеуметтік жобалар аясында қала аумағындағы түрлі мекемелерде, ЖОО, сауда ойын-сауық орталықтарында, өзге де ғимараттарда бір мезгілде Әнұран шырқалып, ақпараттық сағаттар, бейнеконференция, семинарлар өткізілді. «Көк тудың желбірегені» патриоттар форумы, «Менің Қазақстаным, менің рәміздерім, менің мақтанышым» челленджі жастарға ерекше шабыт берді, – деді С.Әбілхайыров.
Әлеуметтік жоба негізінде Мемлекеттік Туды насихаттау мақсатында «Үздік пост», «Үздік бейнеролик» және «Үздік іс-шара» байқауы жоғары деңгейде өткен. «Серпіліс» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Бейсенкүл Нарымбетованың айтуынша, байқауға журналистер, блогерлер, ҮЕҰ мүшелері, мектеп мұғалімдері белсене қатысты. «Үздік пост» номинациясы бойынша 46 адамның арасынан жеңімпаздар анықталған. Өткен жылға қарағанда биыл қатысушылар саны артқан. Аталған сайысқа Шымкент қаласының ғана емес, Атырау, Тараз қаласынан, Алматы облысынан да үміткерлер бақ сынаған.
– Мемлекет басшысы азаматтық қоғамды дамыту бойынша бірқатар тапсырмалар берді. Қоғамдық ұйымдардың әрбір іс-шарасының қоғамға белгілі бір деңгейде пайдасы болуы керек. Серпіліс туғызуы тиіс. Жыл бойы жүзеге асқан іс-шараларды қорытындылап, нәтижесін талдадық. 2019 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан жобаға қызығушылық артып келеді. Біздің мақсат – азаматтық қоғам қалыптастыру, әр адамның үні бар екенін көрсету. Мұғалімдер, мектеп басшылары, журналистер, блогерлердің арасынан үздіктерді анықтау оңайға соққан жоқ. Биыл іріктеу де қатаң тәртіпте өтті. Көшірілген немесе байқау шартына сәйкес келмейтін материалдар қабылданған жоқ, – дейді Б.Нарымбетова.
Байқауға қатысқандардың «Үздік пост», «Үздік бейнеролик», «Үздік іс-шара» номинациялары бойынша жарияланған материалдарының сапасы, мазмұны, идеясында жаңашылдық бар. Мәселен, №21 мектептің тарих пәнінің мұғалімі Есбол Асылбеков 18 пост жариялап, «Үздік пост» номинациясында жеңімпаз атанған болатын. Ұстаздың посты жан-жақты, қызықты жазылған. Мемлекеттік рәміздердің насихатталуына тоқталып қана қоймай, өзге елде рәміздерді қалай алып жүру, елді таныту, тарихын білуге үндейді.
– Мемлекеттік рәміздерді насихаттау, патриоттық іс-шараларды осы бағытта жүргізу қажет. Жалпы рәміздердің бүгінгі жағдайын ғана біліп қоймай, олардың таңбалары, бейнелері, түстерінің тарихын, түбіне үңілу керек. Ол белгілердің әрқайсысының өзіндік маңызы, мағынасы бар. Тарихи негізі бар. Бүгінгі күнмен ғана шектеліп қалу дұрыс емес. Өткенімізді білген сайын болашаққа деген қадамымыз нық болады, – дейді Е.Асылбеков.
Қазіргі таңда ата-ана, мұғалім, оқушының байланысы туралы көп айтамыз. Осындай тағылымды іс-шараға мектеп ұстаздарының, мектеп басшыларының қатысуы – өте жақсы үрдіс. Жасөспірімдерге, оқушыларға патриоттық тәрбие беру, олардың рухын оятуда ұстаздарға жүктелер жауапкершілік жүгі ауыр. Ұйымдастырушылар, ҮЕҰ мүшелері шаһарда патриоттық тұрғыдағы іс-шараларды республикалық деңгейде өткізу бойынша да өз ұсыныстарын айтты.
Рас, Тәуелсіздік қандай бағалы болса, мемлекеттік рәміздерді де солай құрметтеуіміз керек. Мемлекеттік рәміздер – әрбір мемлекеттің айбынын асқақтатып, ерлігі мен елдігін танытатын құндылықтар. Патриот болу, Отанға деген адалдық, құрмет – жалпы әр азаматтың бойынан анық көрінеді. Оның жүріс-тұрысынан, киген киімінен-ақ байқауға болады. Бойында намыс оты ұшқындаған, елім дегенде жүрегі елжірейтін жастарымыз баршылық. Мәселен, бүгінде көпшілік қазақы ұлттық ою-өрнектермен, рәміздеріміз бедерленген түрлі киімдер кие бастады. Жастарымыз күнделікті тұрмыста құндылықтарымызды насихаттап жүр. Бұл – қуантарлық әрине.
Дегенмен, қаладағы жоғары және орта арнаулы оқу орнының шәкірттері, мектеп оқушылары, ілім ізденіп жүрген жастарға Мемлекеттік рәміздерді насихаттау іс-шараларын одан әрі жандандыру уақыт күттірмейді. Әнұранды әспеттеу, Туды тұғырлы ету – әрбір азаматқа сын болмақ. Елдігімізді таныту, абыройды асқақтату – қастерлі құндылықтарды қорғай білумен өлшенбек. Ендігі ретте мемлекеттік рәміздер туралы фильм түсіру, республикалық деңгейде тағылымды іс-шаралар, байқаулар өткізу – уақыт талабы.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.

Другие материалы в этой категории: « Хабарландыру ЕМДЕУ ХАТТАМАСЫНДА ӨЗГЕРІС БАР »