«ПРОКУРАТУРА ТУРАЛЫ» КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ЗАҢНЫҢ ҚАБЫЛДАНУЫ – ЕЛІМІЗДЕ ЗАҢ ҮСТЕМДІГІ ОРНАУЫНЫҢ КЕПІЛІ Избранное

Пятница, 18 Ноябрь 2022 05:04 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 835 раз

Биыл 17 қарашадан бастап «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының конституциялық заңы күшіне енді. Оған 2022 жылғы 5 қарашада Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған болатын.

812

 

Шымкент қаласы прокурорының бірінші орынбасары Нұржан Сейдалиевтің айтуынша, «Прокуратура туралы» заңның конституциялық заң дәрежесінде қабылдануы елімізде заңдылықты арттыруға және құқық қорғау қызметін жүйелі күшейтуге мүмкіндік береді.
–Прокуратура қызметінің басты мақсаты – адамның, оның өмірін, мемлекеттің жоғары құндылықтары ретінде құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заңның үстемдігін қамтамасыз ету және елдегі заңдылықты нығайту. Ол мемлекет атынан заңда белгіленген шектерде және нысандарда Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалауды жүзеге асырады, сотта мемлекеттің мүддесін білдіреді және мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асырады, – дейді
Нұржан Ақыпбекұлы.
Күшіне еніп отырған жаңа заң еліміздің құқық қорғау органдарының әлеуетін күшейтуге, прокуратура органдарының қарауына жататын өтініштер санаттарының тізбесін нақтылауға, заңдылықтың сақталуы бойынша тексерулерді тағайындау тәртібін, сондай-ақ прокурорлық қадағалаудың өзге де құралдарын реттеуге ықпал ететін болады, деп атап өтті Н.Сейдалиев.
–Конституциялық заң қадағалаудың пәрменді құралдары мен тетіктерін енгізуді көздейді. Атап айтқанда, ендігі жерде республиканың Бас прокуроры құқықтық-нормативтік актілердің және халықаралық шарттардың Конституцияға сәйкестігін қарау жөніндегі өтінішпен Конституциялық сотқа жүгіну құқығы берілді. Бұған дейін Конституциялық кеңеске тек Президент пен Парламент палаталарының төрағалары ғана жүгіне алатын еді, – дейді қала прокурорының бірінші орынбасары.
Бүгінде құқық бұзушылық немесе қылмысқа қатысты бірдей заңға, бірдей нормаға сүйене отырып әр судьяның әртүрлі шешім шығаруы жиі кездеседі. Мәселен, бір судья бір іс бойынша қылмыскерді шартты түрде бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарса, тап сондай қылмысы үшін дәл сол заңға сүйенген екінші бір судья қылмыскерді абақтыға жауып жатады. Бұл жағдай азаматтардың сот пен құқық қорғау жүйесіне деген сеніміне селкеу түсіруі мүмкін.
Н.Сейдалиевтің айтуынша, жаңадан қабылданып отырған конституциялық заңға сәйкес, Бас прокурор азаматтық, қылмыстық, әкімшілік істер және әкімшілік-құқық бұзушылық істер бойынша бірыңғай сот тәжірибесін қалыптастыру жөніндегі өтінішпен Жоғарғы сотқа жүгіне алады екен. Егер Жоғары сот бірыңғай сот тәжірибесін қалыптастыру туралы шешім қабылдаса, бірдей істер бойынша әртүрлі шешім қабылдауға жол берілмейді.
–Күшіне енген заңның талаптарына сәйкес, прокурордың заңдылықтың сақталуын тексеру, заңдылықтың жай-күйін талдау, күшіне енген актілерді, қаралатын өтініштерді бағалау және өзінің өзге де өкілеттіктерін жүзеге асыру шеңберіндегі талаптары мен сұрау салулары жеке және заңды тұлғалардың, оның ішінде меншік нысанына қарамастан мемлекеттік органдардың, мекемелердің, ұйымдардың, олардың лауазымды адамдарының орындауы үшін міндетті. Атап айтқанда, прокурорлық қадағалау және ден қою актілері олар жіберілген органдардың, ұйымдардың және лауазымды адамдардың қарауы, орындауы үшін міндетті, – дейді Нұржан Ақыпбекұлы.
Оның айтуынша, прокуратура актілерін қарамау, сол сияқты тиісінше қарамау, орындамау немесе прокурордың заңды талаптарын орындамау Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады екен.
Бұған дейін прокуратура азаматтардың тікелей арыздарын үш түрлі жағдайда ғана қабылдайтын еді. Олар мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мәселесі бойынша, мемлекеттің мүддесін қозғайтын мәселелерге қатысты және бір елді мекеннің тұрғындар санына пара-пар көпшілік халықтың мүдделерін қозғайтын мәселелері бойынша. Басқа азаматтардың жеке мәселелері бойынша жазған арыздары тиісті мемлекеттік және құқық қорғау органдарына жөнелтілетін. Жаңадан қабылданған «Прокуратура туралы» жаңа заңға сәйкес, мұнан былай мемлекеттік органдар қабылдаған шешімдермен немесе олардың іс-әрекетімен келіспеген жағдайда азаматтар прокуратураға да шағымдана алады.
Жалпы, мамандар «Прокуратура туралы» конституциялық Заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, бизнес, қоғам және мемлекет мүдделерін тиімді сақтауға ықпал етеді деп есептейді.

Другие материалы в этой категории: « ЖАҢА ТЕТІК КІМГЕ ТИІМДІ? Елді ер теңестіреді »