Ерекше жандар жырлайды Избранное

Пятница, 23 Декабрь 2022 04:39 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1773 раз

Шымқаланың төрінде «Мөлдіреген жыр сезім» атты мүмкіндігі шектеулі жандар арасында республикалық жыр мүшәйрасы ұйымдастырылды.
Қаламын серік еткен еліміздің 7 өңірінен келген ерекше жандар жүрек түбіндегі сыр мен Отанға деген патриоттық сезімін ақ қағазға түсіріп, көпшілік алдында жырлады.

130

 

Мүшәйраның алғашқы кезеңі 10-30 қараша аралығында өтіпті. Мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандардың бойындағы дарынын тасада қалдырмай, оны көпшілікке паш етіп, ел арасында дәріптеу. Оған 20 ақынның туындысы сынға түсіп, 8-і республикалық байқауға жолдама алған. Ақтық байқауға Шымкент қаласы мен Түркістан облысынан бөлек, Абай, Жамбыл, Ақтөбе және Павлодар өңірінен 7 ақын қатысты.
«Шалқар шабыт» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ербек Бакиевтың айтуынша, жыр додасына жергілікті ақындар мен жазушылар қазылық етуде. Жарысқа қатысуға ниет білдірген ақындарға арнайы талап қойылыпты.
–Мүшәйраға жасы 18-45 аралығындағы мүгедектігі бар жандар қатысып жатыр. Өлеңдер екі тақырыпта қабылданды. Бірі еліміздің тәуелсіздігіне арналса, екіншісі өмірге құштарлықты қамтуы тиіс болды. Осылайша тәуелсіз елімізде өмір сүріп жатқан мүгедек жандардың өмірге құлшынысын насихаттауды ниет етіп, талапқа сай келетін ақындардың шығармаларын жинақтадық, - дейді Е.Бакиев.
Жыр мүшәйрасына өзінің өлеңін арқалай келген Түркістан облысы Түлкібас ауданының тумасы Мейірхан Топанбай көрермен алдында ел тәуелсіздігінң 31 жылдығына арнап жазған толғанысын оқыды. Жеті жасынан бастап өлең жазып келген кейіпкеріміз, бүгінде Амангелді ауылындағы кітапхана жұмыс істейді.
–Осы байқауға «Азаттықтың ақ таңы» мен «Өмір, мен саған ғашықпын» атты екі өлеңімді алып келдім. Күз мезгілі денсаулығым үшін өте ауыр өткендіктен есте сақтау қабілетім төмендеп, өлеңдерімді қағазға қарап оқып бердім. Десе де, шығармашылықтан қол үзген емеспін. Көбіне аударма ісімен айналысамын. Бұған дейін түрік, француз, парсы ақын, жазушыларының туындыларын қазақ тіліне аудардым. Жақында әзербайжандық ақыныМедине Гүлгіннің «Ақиқаттан аттамайық бауырым» атты туындысын қазақшаға аударып шықтым. Ал, өлеңдерім аудан мен облыстық басылымдарда жиі жарияланады, - дейді ақын.
Мүшәйра қорытындысы бойынша, мүмкіндігі шектеулі болғанымен, өнерімен өрлеуді көздейтін жандар арасында өткен жыр сайыста І орынды ақын Айзат Төлеуханова жеңіп алса, ІІ орыннан Аманжол Мұхамедқазиев көрінді. Жүлделі ІІІ орынға Мейірхан Топанбай лайық деп табылды.