Версия для печати

Толғақ – жеңіл, сәби сау болсын десеңіз... Избранное

Пятница, 27 Январь 2023 09:19 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1740 раз
Оцените материал
(1 Голосовать)

Өткен жылы Шымкент қалалық №2 аурухананың перзентханасында 10 238 ана босанып, 271 әйел эпидуральді анальгезия көмегіне жүгінген. Оның ішінде 240 жағдай әйелдің денсаулығына қатысты қабылданған медициналық тұрғыдан қажетті шешім болса, 31 әйел толғақ кезіндегі ауырсынуды жеңілдету үшін өтініш білдірген. Бұл туралы Шымкент қалалық №2 ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Е.Бегешев мәлімдеді.

60

 

Мамандардың айтуынша, эпидуральді анальгезия жасау арқылы толғақ кезіндегі ауырсынуды жеңілдету шамамен 10 жылдан бері қолданылып келеді. Алайда, бұл әдіс бүгінге дейін ананың қан қысымы жоғары немесе оның денсаулығындағы кінәраты сәбидің туылуына кері әсерін тигізетін медициналық көрсетілімдер бар кезде науқастың келісімімен жасалған.
— Эпидуральді анальгезия әдісі толғақ кезіндегі ауырсыну ана мен баланың денсаулығына қауіп төндіргенде және медициналық кері көрсетілімдер анықталған жағдайда тағайындалатын. Өткен жылдан бері толғақ кезіндегі ауырсынуды жеңілдету әдісі ақылы негізде де жүзеге асырылып келеді. Мәселен, өткен жылы эпидуральді анальгезия қолданған 271 ананың 31-і толғақ кезіндегі ауырсынуды жеңілдету мақсатында өздері өтініш білдірді. Яғни, медициналық көмектің бұл түрін ақылы алды. Көбіне ақылы қызметті алғаш рет босануға келген, толғақ кезіндегі ауырсыну 12 сағатқа дейін, яғни ұзаққа созылғанын көтере алмаған жас аналар алып жатады. Ал, өзге 241 әйел денсаулығына байланысты дәргерлердің тағайындауымен тегін қабылдады. Жыл басынан бері 10 әйел осы әдіспен босанды. Оның үшеуі ақылы. Аталған жағдайлардың барлығы сәтті жүзеге асырылды, - дейді аурухананың анестезиология, реанимация және интенсивтік терапия бөлімшесінің меңгерушісі Д.Режаметов.
Дәрігерлер эпидуральді анальгезия әдісінің де кез келген дәрі-дәрмек сынды қарсы көрсетілімдері мен қолдануға болмайтын жағдайлары бар екенін ескертті.
— Арқа омыртқасында дерті бар, тәнтаңбасы (татуировкасы) бар және түрлі қабынулар анықталған жағдайда эпидуральді анальгезия қолданылмайды. Бұл әдіс арқа омыртқасының бел аумағына катетер арқылы жасалады. Дәріні егу тәртібі қатаң сақталуы тиіс. Белгіленген дәрілік доза ауырсынуды 70 пайызға дейін жеңілдетеді. Себебі, әйел дұрыс босану үшін толғақты сезінуі тиіс. Әсері, шамамен 2 сағатқа жетеді, - дейді Дилшад Пайзахматұлы.
Шымкенттік 20 жасар Гүлсая Ешімова 19 қаңтар күні бір тәуліктен аса толғатып, толғақ кезіндегі ауырсынуды жеңілдету мақсатында дәрігерлерге өтініш білдіріп, эпидуральді анальгезияны ақылы негізде алған.
— Толғақ ауыр өтіп, ұзаққа созылған соң дәрігерлерден көмек сұрадым. Дәрігерлер эпидуральді анальгезия қолдану арқылы ауырсынуды жеңілдетіп, сәбидің де аман-есен туылуына көмектесті. Шүкір, салмағы 4200 гр ұл бала дүниеге келді. Ананың толғағы баланың денсаулығына салдарын тигізетін немесе ананың психологиялық әлсіреуіне әкелетін жағдай болса, эпидуральді анальгезия әдісін қорықпай қолдануы қажет екенін ұғындым. Екі күнде отбасымызға оралып отырмыз, - дейді Г.Ешімова.
Есенгелді Бегешевтің айтуынша, перзентхананың босану бөлімшесінде арнайы 10 бөлме жасақталған. Онда ана мен балаға қажетті барлық заманауи құрал-жабдық бар.
— Кезекші акушер-гинеколог әйелдің босану сәті туғанда арнайы кестеге қарап, әйелді бос бөлмеге орналастырады. Бала дүниеге келген соң, неонатолог-дәрігер жағдайды толық бақылап, ешқандай ауытқу байқалмаса, баланы ананың көкірегіне береді. Ал, босану процесі күрделі өтіп, сәбидің денсаулығына салдары тиіп жатса, оның жағдайы қалыпты деңгейге жеткенге дейін реанимацияда бақылаймыз. Реанимациямыз да білікті мамандар қызмет етеді, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген, - дейді бас дәрігердің орынбасары Есенгелді Ибрагимұлы.
Мамандардың айтуынша, жүктіліктің 22-32 аптасы аралығында ерте босану жағдайы орын алса, әйелдер қаладағы перинаталды орталықтарға жолданады. Ал, Шымкент қалалық №2 ауруханасының перзентханасы жүктілік мерзімі 32 аптадан асқан кез келген ананы қабылдауға қауқарлы.
Айта кетейік, Шымкент қалалық №2 аурухананың перзентханасы 140 төсек орынға лайықталған. Оның 100-і босанған әйелдер бөлімшесіне арналса, жүкті әйелдер потологиясына 20, жаңа туған сәби потологиясына 20 орын қаралған.