БІЛІКТІ ҰСТАЗ БЕН САПАЛЫ БІЛІМ – КЕЛЕШЕКТІҢ НЕГІЗІ

Среда, 29 Март 2023 04:36 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 608 раз

Қазақстанның білім беру жүйесі санға ғана емес, сапаға негізделген. Мұғалімдер мен оқушылардың біліктілігін көтеру жұмыстарын жандандыру және білім сапасын жақсарту жұмыстары жүйелі жолға қойылып келеді. Білім мен ғылымның дамуы – адамзат өркениетінің өлшемі, сапалы білім жарқын болашағымыздың кепілі екендігі айқын.

 

Білім саласы үнемі жетіліп, жаңарып отыруды қажет етеді. Біз өмір сүріп отырған қазіргі кезең – бұл жаңа дәуір, жаңа көзқарасты, жаңашылықты талап ететін уақыт. Соның ішінде, білім саласында болып жатқан жаңа өзгерістердің мәні мен маңызы зор. Тізгінді білікті басшы өзінің даму жоспарын қолжетімді нәтижеге бағыттаған болса, әр оқушы өзіне қажет өмірлік білімін алуға талпынары хақ. Мектептің даму жоспарын оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыруға, білім сапасын одан ары арттыруға, мұғалімдердің өмір бойы білім алу парадигмасын нығайтуға негіздеуге болады.
Еліміз өркениет көшіне ілесе отырып, дамудың жаңа жолына түсті. Қандай саланы алсаңыз да «цифрлық технология», халықаралық ғаламтор жүйесі жұмыстарымыздың көпшілігін жеңілдетті. Халқымыздың ағартушы – педагогы Ыбырай Алтынсарин өлеңінде келтірілгендей, үйде отырып-ақ төрткіл дүние кітапханаларымен байланысуыңызға мүмкіндік ашылған. Көптеген оқу орындары ғаламтор жүйесі арқылы біліміңізді жетілдіруге жағдай жасайды. Осы орайда ғаламтор жүйесі, яғни интернеттің пайдасы мен зияны тұрғысында айтылып, жазылып жүрген пікірталастар мен сан алуан ойлар бір мәселені шешіп алуымызды талап етеді. Әрбір заттың, әсер ететін дүниеліктің, қарым – қатынастың аз-көбі, өзіндік мөлшері болады. Әлемді ғаламтор билеген уақыт болған соң оқушыларды интернеттен кері итермей, олардың осы саланы тиімді меңгеруіне көңіл бөлгеніміз жөн. Ғаламторда пайдалы мағлұматтармен қатар, қажетсіз бағдарламалар да жеткілікті. Сондықтан, бала, оқушы интернетін ата-ана, тәлімгер, ұстаз ұдайы қадағалауда ұстай отырып, жаман мен жақсы арасын ажырататындай олардың бойында инабат, парасат – пайым, мінез, рух, діл қалыптастыруымыз қажет.
Өмірдегі көп мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, ерекше мейірімділікті қажет ететін мамандық — ұстаздық. Қарап отырсаңыз, барлық мамандық иелері сауаттарын ұстаз алдында ашқан. Мұғалім — үнемі шәкірттерімен қарым-қатынаста болып, білсем, үйренсем деген бала арманына дұрыс шешім жасауға, қиыны мен қызығы мол тіршілікте адаспай тура жолға бағыттаудағы жауапкершілікті өзіне алған маман. Ахмет Байтұрсынұлы «Мектептің жаны — мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі — білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқытып, тәрбие бере білетін мұғалім» деп мұғалімге қойылатын талапты сол кезеңде-ақ айтып кеткен екен.
Ал, Мағжан Жұмабаев «Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да, мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебізді таза, берік, және өз жанымызға, қазақ жанына үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады» деп мектеп негізі жайлы айтып кеткен.
Ұстаздардың әсерлі үнімен, асықпай мәнерлеп сөйлеген сөзінен әрбір оқушыға деген қамқорлықтың лебі есіп тұрады. Иә, адамның жан дүниесін түсініп, ренжітпей, қателігін сездіре білу – бұл нағыз шеберлік емес пе?! Бүгінгі ұстаз шәкіртіне ғылым негіздерінен мәлімет беріп қана қоймай, оны дүниежүзілік білім, ақпарат, экономика кеңістігіне шығуға, яғни қатаң бәсеке жағдайында өмір сүруге тәрбиелеуі керек. Ол нағыз ұстаздың ғана қолынан келеді. Ұстаз атана білу, оны қадір тұту, қастерлеу, арындай таза ұстау — әр мұғалімнің борышы.
Бақыттың үлкені – өзіңді өзге көзімен тани білу. Ұстаз өзін-өзі қай уақытта таниды? Ол алдындағы шәкіртінің қияға қанат қағып, елінің азаматы болған сәтінен таниды. Бүгінгі білім мен білік бәсекелес заманда ұландарымыздың биіктен көрінуіне күнделікті ісіміздегі жаңашылдығымыз арқылы, жан-жақты берген тәрбиеміз арқылы қол жеткізіледі. Ендеше, ой өрісі жоғары дамыған, зерделі, парасатты білімді ұрпақ керек екенін бір сәтте естен шығармағанымыз жөн.

А. ӨТЕЛБАЕВА,
М. Әуезов атындағы ОҚУ «Химия» кафедрасының доценті, х.ғ.д., 

Н.ЖАҢАБАЙ,
М. Әуезов атындағы ОҚУ «Құрылыс және құрылыс материалдары» кафедрасының профессоры, т.ғ.к.,
М.ЕРМАХАНОВ,
М. Әуезов атындағы ОҚУ, «Химия» кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.к., доцент

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.