ШЫМКЕНТТЕГІ «ҚАЗАҚШЫЛДАР» ҰЙЫМЫ

Среда, 31 Май 2023 03:52 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 607 раз

ұлт бостандығы мен тәуелсіздігі үшін күрескен ұйымның мүшелері анықталды

KAZAKSHYLAR

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы Жарлығының негізінде саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын толық ақтау жөнінде мемлекеттік комиссия құрылғаны белгілі. Осыған орай еліміздің барлық аймақтарында өңірлік комиссиялар мен олардың жұмысшы топтары құрылды. Соның ішінде үшінші зерттеу тобы «Қазақстанның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы үшін құрбан болған күрескерлер» тақырыбымен айналысып жатыр. Зерттеу тобының құрамында менен өзге тағы 2 зерттеуші, атап айтқанда, ОҚМПУ аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Г. Орынбасарқызы мен доцент, тарих ғылымдарының кандидаты С.Мамыраимов бар.

Біз Шымкент қаласында орналасқан Түркістан облысы мемлекеттік архивінде, Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінде және Түркістан облысының қоғамдық-саяси тарихының мемлекеттік архивінде тұрақты түрде жұмыс істеп келеміз. Сонымен қатар 2023 жылдың 26-27 қаңтар күндері Қазақстан Республикасы Президентінің архивінде құпия қорлармен зерделеу жұмыстары жүргізілді.

Қазақстанның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы үшін құрбан болған күрескерлердің құжаттарымен, атап айтқанда, 1926 жылғы РСФСР қылмыстық кодексінің 58, 59, 61, 62, 69, 73, 79, 82, 95, 97, 105, 107, 108, 110, 111 және 371 баптары бойынша жәбірленушілер мен зардап шеккендердің, сотталғандардың қылмыстық істеріне қатысты қорлардың істерімен танысып, талдау жасап келеміз.

1998 жылы жарыққа шыққан «Азалы кітапты» зерделеп, атылғандар мен зардап шеккендердің нақты тізімін анықтау үшін Шымкент қаласы бойынша құжаттық мәліметтер жинағын дайындадық. Бүгін оқырман қауымның назарына зерттеу жұмыстарымыздың кейбір нәтижелерін ұсынғымыз келеді. Мәселен, Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінен Түркістан облысы бойынша қуғын-сүргінге ұшырағандардың жалпы 6766 адамның тізімі анықталды. Оның 2 393-і атылған болса, 4 373 адам айыпталған.

1998 жылы Алматы қаласы «Зерде» баспасынан жарық көрген «Азалы кітап. Книга скорби. Атылғандар» Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша атылғандар» кітабын зерделей отырып, 1 558 адам айыпталғаны және ақталғаны анықталды. Қуғын-сүргін музейінен анықталған 6 766 адамның қалған 5 208-інің тізімі нақтыланды. Бүгінде сол адамдардың айыпталу бағыттары мен жазалануын анықтау бойынша жұмыс жалғасып жатыр.

Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінен Түркістан облысы бойынша қуғын-сүргінге ұшырағандардың қайта толықтырылған тізімі анықталды. Бұл тізімге жалпы 2 393 адам енген. Оның ішінде 164 адам «Азалы кітап. Книга скорби. Атылғандар» мазмұнында тіркелген. Бүгінде 500-ден астам адамға қатысты құжаттар қарастырылып, зерделеніп жатыр.

Шымкент қалалық полиция депортаменті арнайы архивінде Шымкент қаласы бойынша 563 адамның ісі тіркелген. Оның 356-сы әскери тұтқындар екені анықталды. Қазір 207 іс қарастырылуда.

Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде «Шымкент қаласы бойынша құжаттық мәліметтер жинағы» құрастырылды. Онда Шымкент қаласы бойынша 126 адамның ату жазасын алғанын, 397 адамның 2 жылдан – 25 жылға дейін еңбекпен түзету лагерлеріне жазасын өтеуге жіберіліп, жалпы 523 адамның істі болғаны анықталды. Мұндағы мәселе қандай еңбекпен түзету лагерлерінде жазасын өтегендері жөнінде Шымкент қаласындағы архив құжаттарында мәліметтің болмауына байланысты анықтау мүмкін болмады.

Шымкент қаласы әкімдігінің жанындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссиясының жұмысшы тобы Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы Президентінің архиві Республикалық мемлекеттік мекемесіне 2023 жылдың қазан айында іс-сапармен барғанда жазасын өтегендердің еңбекпен түзету лагерлері нақты деректермен толықтырылады.

Қазіргі таңда қуғын-сүргінге ұшыраған азматтардың туыстарының сұранысымен зерттеу жұмыстары басталып, архивтік құжаттармен жұмыстар жүргізілуде. Архивтік құжаттармен жұмыс жүргізуде Қазақстанның ұлттық бостандығы, тәуелсіздігі және аумақтық тұтастығы үшін күрескендер туралы қажетті мәліметтер жинақтадық. Нәтижесінде Шымкент қаласы бойынша «Алаш» партиясының филиалдары, сонымен қатар жақтастары жөнінде құнды деректер табылды. Атап айтсақ, Шымкент қаласынан «Алаш» партиясының мүшесі болған 18 адамның аты-жөні анықталып отыр.

Оған қоса Шымкент қаласында 1928 жылы «Қазақшылдар» атты жасырын жастар ұйымы құрылғанын анықтап отырмыз. Бұл жастар ұйымы Қазақстанның ұлт бостандығы, тәуелсіздігі және аумақтық тұтастығы үшін күрескені дәлелденді. Бірақ, сол жасырын ұйымға мүше болып, ұлты үшін бастарын бәйгеге тіккен, кейіннен сол үшін қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғалардың есімдері ескерілмей, ұмытылып қалған. Біз зерттеу жұмыстары барысында «Қазақшылдар» жасырын жастар ұйымы мүшелері ретінде:

1. Досанов Енсеп;
2. Битимбаев Абдурахман;
3. Манасбаев Кошкар-Али;
4. Мулдабеков Маулен;
5. Джузбаев Абул;
6. Досанов Халикуз есімді тұлғалардың аты-жөндерін анықтадық.

Оған қоса ел тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы үшін күресіп, қуғын-сүргінге ұшыраған 19 діни қызметкер, ишан, молданың, 3 жазушы, журналистің және «Алаш» партиясына ұйымдастырушылық-материалдық қолдау көрсеткен Джусупов (архив құжаттарында толық мәлімет жоқ) есімді байдың аты-жөндерін анықтап отырмыз. Сондай-ақ, әйгілі Созақ көтерілісіне қатысқан 241 адамның да аты-жөндері анықталды.

Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде архив құжаттарынан «Алаш қозғалысына» қатысты деректер жинақталып «Алаш қозғалысы – Оңтүстік өңірдің архив құжаттарында» атты 319 беттік жинақ құрастырылды.

Баршагүл ИСАБЕК,
ОҚМПУ проректоры,
тарих ғылымдарының
кандидаты, доцент,
Шымкент қаласындағы
«Қазақстанның тәуелсіздігі мен аумақтық
тұтастығы үшін құрбан болған күрескерлер»
зерттеу тобының бағыт жетекшісі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.