Газетке құштарлық – зиялылықтың нышаны

Среда, 07 Июнь 2023 04:39 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 509 раз

Қазақтың біртуар азаматы Міржақып Дулатов «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы зор» деп, газеттің ұлт өміріндегі орны мен рөлін дәл айшықтап кеткен.

 

Бүгінгі қазақ баспасөзінің бұл талаптың деңгейіне қаншалықты лайық екеніне терең бойлап, талқылаудан аулақпын. Бірақ, қазақ басылымдарында ақпараттардың жан-жақты саралануы, білім, денсаулық, құқық пен өнер сынды салалық мәселелердің қамтылуы, сүбелі сұхбаттардың үздіксіз беріліп отыруы сапаға салғырт қарамайтын саналы оқырманның көңілінен шығып жатқанын көрсететіндей.
Бүгінгі қоғамда «газетке құштар оқырманның қарасы азайған» деген пікір қалыптасқан. Әсіресе, жастар арасында газет оқу мәдениетінің күрт төмендеп кеткені жиі айтылып та, жазылып та жүр. Жан дүниемізге мол рухани азық беретін газетті, яғни дәстүрлі медианы ғаламдық әлеуметтік желілермен оп-оңай алмастырып жүргендер бар. Олар «керек ақпараттың бәрін алысқа бармай-ақ, алақандағы смартфоннан табуға болады» деген кереғар пікірде. Дейтұрғанмен, ғаламдық желінің «ғажайыбын» пайдалана білген дұрыс-ақ, бірақ, дәстүрлі ақпарат құралы – газеттің орнын әлеуметтік желі алмастырмасы анық.

300


Әлеуметтік желі, ақпараттық сайт сынды жаңа медиалар ақпаратты жылдам жеткізіп, тез таратумен ұпайын асырады. Ол ақпараттың қаншалықты шынайы екені, ресми дереккөздердің көрсетілмеуі оқырман көңіліне күдік ұялатады. Ал, мерзімді басылымдар мұндай олқылыққа жол бермейді.
Бос уақытта смартфонға телмірмей, газет-журналға көз тоқтатудың пайдасы — бір төбе. Ең әуелі, газет-журналдағы сапалы дүние оқырманның белгілі бір тақырыпқа деген таным-түйсігін кеңейтіп, ой-өрісін дамыта түседі. Газет оқу мәдениетін қалыптастыра білген жастың тұлғалық қасиеті қалыптасатыны тағы бар. Ел ішінде «Газет оқу – зиялылықтың белгісі» деп бекер айтылмаса керек. Мерзімді басылымдағы материалдарды оқу арқылы сөздік қор молаяды. Сөздік қоры мол адамның ойы мен сөзі жүйелі болады. Бұл әрбір жастың бойындағы тұлғалық, көшбасшылық қасиеттерді шыңдайды. Ал, әуелгіде байланыс құралы ретінде пайда болып, кейіннен технологияның қарқынды дамуының нәтижесінде ғаламтордағы ғажайыптың бәрін көрсететін смартфондар арқылы бұл қабілеттерді бойға дарыта алуымыз неғайбыл.

Арамызда «Технология ай санап емес, күн санап дамып жатыр. Тиісінше, газеттің де өлшеулі өмірі қалды» деп айтушылар да кездесуі мүмкін. Бірақ, бұл — жаңсақ пікір. Мұндай қисынсыз пікір бұған дейін де сан рет айтылған. Радио мен телевизия келген кезеңдерде де мерзімді басылымның күні қараң деген қауесет желдей ескен-ді. Ал, кино пайда болғанда «театр келмеске кетеді» деген болжам айтылған. Дегенмен, бұл бұқаралық ақпарат құралдары уақыт өте келе бір-бірін толықтырып, қатар қалыптасты.

Сөз соңында, смартфоннан түбегейлі бас тарту керек дегенді айтудан аулақпын. Тек замандастарым технологияның ғаламат өнімін дұрыс пайдаланып, жақсысын саралай білсе деген тілегім бар. Телефоннан бас көтермей отыратын керексіз әдетті келмеске кетіріп, текке өткізетін сол уақытты газет-журнал оқуға арнасақ, нұр үстіне нұр болар еді.

Эльвира АБДРАСИЛОВА,
Шымкент қалалық білім басқармасына қарасты №130 мектептің
11-сынып оқушысы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.