ЖАҢА БАСТАМАЛАР ШЫМКЕНТТІҢ ШЫРАЙЫН КІРГІЗЕДІ Избранное

Среда, 07 Июнь 2023 04:55 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 712 раз

Шаһарда микроклиматты жақсарту бойынша төрт кезеңнен тұратын ауқымды жұмыс жоспары жасалған. 5 маусым – қоршаған ортаны қорғау күні аясында аталмыш жоба бастау алып, қаладағы үш көшенің бойында орналасқан арықтарда су жүре бастады. Бұған қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы ұйымдастырған баспасөз турында көз жеткіздік. Басқарма басшысы Ержан Жақсылықұлы микроклимат, көгалдандыру, қала тазалығы мәселесіне байланысты атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.

311

 

Көше бойындағы арықтарға су жіберілді

— Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні аясында микроклиматты жақсартуда үлкен бастаманы қолға алдық. Ішкі көшелердегі арықтарға су салу арқылы қала ішіндегі ауаның салқындауына қол жеткіземіз. Сондай-ақ, қураған шөптердің көгеріп жатқанын да байқауға болады. Бұл арқылы микроклимат жақсарып қана қоймай, ирригациялық арықтардағы мәселелер де шешіледі. Мамандардың бақылауымен жыл соңына дейін 13 көшенің бойымен су жүргізу жоспарланып отыр. Ал, БМК каналының құрылысы толық аяқталған уақытта қаладағы барлық көше бойындағы арықтармен су жүреді. Мұның жұмысы төрт кезеңге бөлініп жүзеге асады,–деді Е.Жақсылықұлы.
Қала аумағында жалпы ұзындығы 313,1 шақырымды құрайтын 34 канал бар. 2021-2022 жылдары 5 суармалы каналға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, осы жылы пайдалануға берілген болатын. Бұл каналдардың қайта жаңартылған бөлігі 41,8 шақырымды құрап, 2206 гектар жер мен оған жақын орналасқан 4170 учаскені сумен қамтамасыз етіп отыр. Ал, БМК және Сасық-1 каналдарын күрделі жөндеу жұмыстарының 1-кезеңі биыл басталды. Алғашқы кезеңнен соң, каналдардың жалпы ұзындығы 40,6 шақырым бөлігі пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ұзындығы 131 шақырымды құрайтын 17 ауыл шаруашылығы каналына механикалық тазалау жұмыстары жүргізілуде.

Әр өскіннің төлқұжаты әзірленеді

Асанбай Асқаров атындағы денросаябақтағы су жетіспеушілігі салдарынан туындаған мәселелер, әсіресе қураған ағаштар мен олардың күтімі — қала тұрғындары мен табиғат жанашырларын алаңдатып отырған өзекті проблеманың бірі. Бүгінгі таңда гүлдер мен өсімдіктерді қажетті сумен қамтамасыз ету үшін саябақта автоматты суару жүйесін салу жоспарланып отыр. Бұл дендрологиялық бақ аумағын сумен толық қамтамасыз етуге кепілдік береді.

309


Сондай-ақ, биыл денросаябақ аумағын абаттандыру бағытында ауқымды жұмыс атқарылып келеді. Ондағы «Жастар» аллеясына 4000 түп біржылдық петунья гүлі және саябақ кіре берісіне 3000 түп көпжылдық жиектік раушан гүл отырғызылған. Ал, «Самал» қақпасы жанындағы 6 гектар бос аумаққа 1303 түп жеміс ағашы мен жасыл шырша көшеті қондырылған.
2023 жылы саябақ қауіпсіздігі мен бақылауды күшейту мақсатында аумаққа 60 бейнебақылау камерасы мен радиостанциялар орнату жоспарланған. Келушілер мен қала қонақтарының өсімдіктер әлемінің алуан түрлілігімен толық танысуына, олардың танымы мен эстетикалық қабылдауын кеңейтуге бағытталған 500 тақтайша орнату көзделген. 2023-2024 жылдары ағаш және бұта тұқымдарының генофоны 560 түрге дейін арттырылмақ. Қазіргі уақытта экологиялық сараптама жүргізілуде. Сараптама барысында ағаш бұталарының жасы мен саны, топырақтың агрохимиялық құрамы зерттеліп, нәтижесінде саябақтың қажеттіліктері жөнінде толық мағлұмат алынатын болады.
Сонымен қатар, мегаполис флорасын сақтау, дамыту мақсатында қаладағы жасыл аумақтарды есепке алу мен басқарудың автоматтандырылған платформасы құрылады. Арнайы жоба аясында өскіннің әрқайсысының түрі, диаметрі, биіктігі, жағдайы туралы толық ақпаратты қамтитын жеке деректік төлқұжат жасалады. Бұл қаланың интерактивті картасына жасыл екпелерді енгізу, түгендеуге қажетті кең ауқымды ақпараттық қор жасақтауға мүмкіндік береді.
Дендросаябақ және «Хан қорғаны» маңындағы көгалдандыру жұмыстары қарқынды түрде атқарылып келеді. Бір кездері қурап жататын «Хан қорғаны» төбесінде бүгінде мавритандық желек жайқалып тұр. Айта кетейік, 2023 жылы 750 мың біржылдық гүл отырғызылса, күзде 1 миллион қызғалдақ тұқымын тастау жоспарланған. Яғни, «Шымкент — қызғалдақтың отаны» деген атына сай қалаға айналмақ.

Мобильді қосымша мәселені шеше ме?

Қалада тұңғыш рет қуаты 300 мың тоннаға дейін тұрмыстық қалдық өңдейтін зауыт салынбақ. Жобаны шетелдік инвесторлардың көмегімен жүзеге асырылады. Ауқымды жобаға бұған дейін қытайлық, германиялық, испандық инвесторлар қызығушылық танытқан. Олардың ішінде мегаполис үшін ең тиімдісі Испания инвесторларының ұсынысы болыпты. Олар тұрмыстық қалдықтарды өңдеу арқылы электр энергиясын өндіруді көздеп, сонысымен ерекшеленіп отыр. Бұған дейін қоқыс полигонындағы қалдықтарды өртеп, жерге көмгеннен экологиямызға едәуір залал келген. Биыл қоқыс полигоны қайтадан мемлекет меншігіне өтіп, осы уақытқа дейін жиналған қалдықтарға топырақ төсеу жұмыстары жүргізілген. Инвестор тартудағы негізі мақсат — инвестиция көмегімен өңдеуден кейінгі қалдықтардың түзілуін барынша азайту. Қазіргі таңда қала әкімдігі ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігімен келіссөздер жүргізуде.
Сондай-ақ шаһарда тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу және қала тазалығын жақсарту мақсатында мобильді қосымша дайындалады. Тұрмыстық қалдықтарды өңдеу бағдарламасын жасайтын «Ренесанс плюс» ЖШС директоры Әсет Тазабеков бағдарламаның 75 пайызы дайын екенін алға тартты.

310


— Бағдарламаны біз екі бөлімге бөлдік: нормативтік акт және ГИС жүйесі. Мобильді қосымша арқылы қаланың әрбір тұрғыны тазалыққа атсалыса алады. Жиналмай жатқан қоқыстарды суретке түсіріп, мобильді қосымшаға анонимді түрде жүктеуіне болады. Мердігер мекемелер де жасаған жұмыстарын суретке түсіріп, қосымшаға жүктеп отырады. Екінші мәселе — қаладағы қоқыс контейнерлерінің жағдайы. Оған да біз өз ұсынысымызды дайындадық. Ол — қоқыс жәшіктерін жер асты контейнерлеріне ауыстыру. Нәтижесінде жер астындағы ауа салқындығынан қоқыс иісі шықпайды, –дейді Ә.Тазабеков.

312


Бүгінде қала тазалығын сақтауда бес ауданға 5 мердігер мекеме қызмет көрсетеді. Олар — «Интеко», «Жасыл жер», «Таза өлке,» «Шымкент спец комплекс», «Казстрой» компаниялары. Жауапты мамандар мердігер мекемелердің техникалық базасы талапқа сай екенін алға тартып отыр.
Шымкент қаласы жайлы ортаны дамыту басқармасының жұмысы осылай қарқын алған. Жаңа бағдарламалар мен атқарылған жұмыстардың нәтижесі — көңіл көншітерлік. Десек те, қала тазалығы мен дамуының ілгерілеуі тек басқарманың жұмысымен шектелмейтінін ескерген абзал. Бұл ауқымды мәселеде әрбір тұрғынның жауапкершілік танытуы маңызды және ол әрбір шымкенттіктің азаматтық борышына айналуы тиіс-ақ.

Гүлнұр БАЛАБАСОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.