КҮЗДІГҮНІ ҚАНАТЫН ЖАЙҒАН ҚЫРАН Избранное

Среда, 27 Сентябрь 2023 05:46 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 332 раз

Тұтас Түркі әлеміне танымал жазушы Мархабат Байғұт көкемізбен 2015 жылы облыстық «Ерлік» музейін басқарып отырғанымда Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өту мақсатындағы іс-шараларды ұйымдастырып жүріп таныстық. Оған дейін көкемізді танымадық дей алмаймыз. Әлбетте, танып, шығармаларын сүйсіне оқып жүрдік. Тек ол кісі бізді танымайтын. Кейіннен көкеміздің менің атаммен жақын дос болғаны анықталып жатты.

267

 

Жұмыстағы жобаларымыз көкеміздің көңілінен шығып, музейіміздегі қоғамдық негіздегі ғылыми-тәжірибелік кеңестің төрағасы болып сайланды. Жұмыс барысында бағыт-бағдар көрсетіп жүрді. Тәуелсіздік жылдарында еңбектегі ерлікті көрсеткен, сан алуан салаларда жетістікке жеткен тұлғалардың еңбегі мен ерлігін насихаттауымызға дәнекер болды. Көкеміздің көрсеткен бағытымен «Ата-бабалар аманаты – елдік пен ерлік, бірлік пен ынтымақ» атты жобамыз арқылы өңіріміздегі бірқатар кісілермен сырласу сағаттарын, кездесу кештерін те өткізгенбіз.
Ұлы Жеңістің жетпіс жеті жылдығына орай «Таупістелі тағылымы: Бозарықтан-Бозторғайға» тақырыбында жаяу сапар ұйымдастырдық. Мархабат көкеміздің бастамасымен. Сол сапарда қайран көкеміз ақындар мен ғалымдарды, жастарды жанына ертіп, біраз-біраз әңгімелер айтқан еді. Туған жерінің топырағына жеткенде Түлкібастың көк шөбіне жас баладай қайта-қайта аунағаны көз алдымызда қалып кетіпті. Шөпке аунап жатып «Шүкір, шүкір! Айналайын, көктемге, көкке жеткізген Құдайға шүкір!» деді. Бәлкім, туған топырағындағы соңғы көктемін сезді ме екен?! Туған жерге барған соңғы сапарын білді ме екен?!
Жеті шақырым жаяу жүрдік. Әрбір жердің тарихын түгендеп өзі айтып беріп жүрді. Жас ақындарға өлең оқытты. Кешке Шерхан Мұртаза мен Насыр Фазыл негізін қалаған бауда алауға жылынып отырып, жастарға насихат айтты. Елді ерекше сүю, Отанға адал қызмет атқару, тазалық пен әділдіктен алыстамау керектігін даусын шығарыңқырап тұрып жеткізді. Бәрімізге рух беріп, арқамыздан қақты. Бұл Мархабат көкемізбен өткізген ең соңғы іс-шарамыз еді. Өкініштісі сол, ең соңғы еді. Содан кейін біраз күн өткенде сырқаттанып қалды. Қайта-қайта телефон шалып, үйіне, ауруханаға барып хәлін біліп тұрдым. Көкеміздің қайта тұрып кететіндігіне қатты сендім.
Шымшаһардағы шаңырағына барғанымда Құдай бұйыртса «Таупістелі тағылымының» келесі іс-шарасын «Түркінің текті қыздары» деп атаймыз. Міне, сол текті қыздың бірі сенсің» деді. Сөйтті де, Таупістелісінде өсетін киікотыны орап алып, шылым шеккендей болып бір қолымен киікотыны тартып, екінші қолын сермеп тұрып «Ей, қыздар-ау билемейміз бе?» деп Қыздаркүл апай екеумізге қарап айналып биледі. Өзінің сол бір билеп тұрған болмысын бізге көрсеткен соңғы сәті екенін өзі сезгенмен, біз сезбеппіз.
Кетіп бара жатқанымда, бұрынғыдан бөлекше, ерекше ықыласымен, бар ынтасымен қолын жайып тұрып батасын берді. Жан-жүрегімен тебіреніп жақсы тілегін арнады. Көкемізбен арқа-жарқа боп сөйлескен соңғы күніміз сол еді. Ең соңғы кездескенімізде де маған дем беріп кеткен екен-ау. Түркінің текті қызы екенімді айтып, ақтық демі қалғанша сенім білдіріп, арқамнан қаққан екен-ау. Соңғы сәтінде де Таупістелісін, киікотын айтып, туған жерін қимай кеткен екен-ау.
Сырқаты сыр бермей тұрып, 2018-ші жылдары «Жеңіс» саябағында орналасқан музейімізге келгенінде саябақ ішін аралайтынбыз. Көкеміз күз мезгілін ерекше жақсы көретін. Теректер мен емендерден, қарағайлар мен шыршалардан, ағаш-бұтақтардан түскен жапырақтарға сүйсіне қарайтын. Жер бетінде жатқан сары жапырақтардың үстінен емірене еркелеп жүріп, мәз болатын. Көкеміздің көңіл-күйіне күз керемет әсер беретін. Жапырақтарға жылуға толы жүрегімен, жылы жымиысымен қарайтын. Ағаштарды қапсыра құшақтайтын. Жауыннан кейінгі жер бетінің иісін сезінгенде, әлемнің бар бақытына бөленгендей рахаттанатын. Табиғатқа ғазиз жүрегімен ғашық еді. Күз мезгілін қатты жақсы көрді.

268


Жиырма алтынша қараша менің әкемнің қайтыс болған күні еді. Әкемді де, анамды да есіме алып есеңгіреп отырғанмын. «Айналайын, аппақ қызым, ақ таңда туған менің Маралым» деп күлімсіреп кіріп келердей болды. Сандықтағы суреттерді ақтарып, жеті баланың анасы атансам да әлі де балаң көңілімнің басылмағанына, ата-анамды сәби жүрекпен сағынатыныма, кеткендеріне көнгім келмейтіндігіне қайран қалып отырдым. Қайта-қайта мұңға оранып, шер шығарып жылап та алдым. Бауырсағымыз бен жеті нанымызды пісіріп, қоңсыларыма таратып шықтым да, өзім білетін дұғаларымды оқыдым. Кеш қарая енді есімді жия бере телефоным шыр етті. Мархабат көкеміздің үйіндегі Қыздаркүл апам екен. Көкемізден айрылып қалғанымызды әзер айтты. «Екінші әкем» деп жүрген марғасқа Мархабат көкем де әкем қайтқан күні пәниге аттанып кете барды. О, Құдайдың құдіреті десеңші?! Менің жарық дүниемдегі қарашам осыншалықты қатал болар ма еді?! Осылайша, көкемнен көз жазып қалдым. Есеңгіредім. Ебіл-дебіл жыладым. «Көркемдіктің көкесі болған көкемнен, кемеңгерліктің кемелі болған көкемнен айырылып қалдым-ау. Кеш қарайғанда бүкіл қазағыңызды, өзіңіз айрықша атап жүретін Оңтүстігіңізді, Алатау мен Қаратаудың түйіскен төрі Түлкібасыңызды, Таупістеліңізді, шырайлы Шымшаһарыңызды тастап кеттіңіз бе, көкеу. Көкем-ай» - деп күбірледім. Қараңғы түнекке батып кеткендей жыладым. Мәселе менің жылағанымда емес, әрине. Мархабат көкеміздің қазасына қалың қазақ қара жамылды. Қатты қайғырды. «Қайран, Махаң-ай!» деп, аһ ұрғандар аз болмады. Аспан түнеріп, айналаның бәрі қарауытты да кетті.
Көкеміздің күздің күні жапырақтардың үстінде еркелеп жүретіні көз алдыма келді. Өзі сүйетін күзінде барша қазағымен қоштасып кетті. Күзде жерге түскен жапырақтай көкеміз де үзіліп түсті. Қанатын жайған қырандай күздігүні алысқа ұшып кетті. Құстар жылы жаққа ұшатынындай, сіз де жылы жаннатта болыңыз көке, екінші әке!
«Барлық салалардағыдай, әдебиет пен өнерде де жұрт мені көбірек білсе, атақ алсам, медаль, орден алсам дейтін ойлар болады. Алайда, атаққа, сыйлыққа, орден-медальға шектен тыс құмартып, тек сондай мақсатта ғана әрекет ету, әрине, жақсылыққа апармайды. Түптің түбінде жазушылардың небір атақтары да, абырой-беделі, орден-медальдары да, сыйлықтары да – бәрі қалады. Өздері өлгеннен кейін тек шынайы шығармалар, көркемдік құнар ғана ұмытылмай, ұлтпен бірге жасай бермек». Бұл көсемсөздің шебері болған көкеміздің өз сөзі. Рас! Жарық дүниеде жүргенінде көкеміздің бір медалін, бір орденін кеудесіне тағып жылтыратып жүргенін көрген емеспіз. Қаншама марапаттары, атақтары болса да жылтыраққа, мақтангершілікке, даңғазалыққа қатаң қарсы болды. Дегенмен, артында қалған рухани құндылықтары, шығармалары, кітаптары Мархабат көкеміздің атын асқақтатып, абыройын биіктете беретіні сөзсіз. Ұлылар алыстаған сайын биіктей түседі емес пе?!

Ақмарал ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА,
Түркістан облыстық Ы.Алтынсарин атындағы
балалар кітапханасының директоры

 

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Нұрбол ОРЫМБАЕВ. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.