Қасым-Жомарт Кемелұлы 2025 жылды жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам болып отыр. Жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясы қалыптасады. Мемлекет басшысы адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек екенін нықтап айтты.
Қазір нарықтың, бәсекенің заманы. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз даму жолына түспек. Бүгінде ел азаматтарының санасы өзгеруде. Елімізде көктемнен бері жүргізіліп жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы тұрғындардың экологиялық дүниетанымын арттыруға серпіліс берді. Президент осы маңызды жоба жыл бойы жалғаса беруге тиіс екенін айтты. Ұлттың жаңа сапасы осындай нақты шаралар арқылы қалыптасатыны анық.
Мемлекет басшысы қазір әлемде энергия тапшылығы күшейіп бара жатқанын, елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет екенін, сондықтан атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек екенін айтты.
Еліміздегі аса маңызды шешімдер халықтың пікірін ескеріп барып қабылданатыны мәлім. Соның бірі - АЭС салу мәселесі. Экономикада өнеркәсіптер қазірдің өзінде энергия тапшылығын сезініп отыр. Алдағы уақытта бұл тапшылық қатты сезіле бастайды. Сондықтан, біз бұл мәселенің алдын алып, заманауи, қауіпсіз, бейбіт атом электр энергиясын пайдалануымыз қажет.
Атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтетінін нақтыланды. Ендігі ретте ел азаматтары белсенділік танытып, маңызды оқиғадан шет қалмауы тиіс.
Биылғы Жолдауда көп сала қамтылып, жоспарымыз айқындалды. Еліміз талай қиындықты еңсерген. Қазіргі алмағайып шақта бізге ең керегі - елдің бірлігі мен ынтымағы. Баршамыз осы құндылықтарымызды сақтай алсақ, алынбайтын қамал жоқ.
Бахадыр НАРЫМБЕТОВ,
Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы