– Елімізде жылдан-жылға энергия тапшылығы ұлғайып барады. Бұл мәселенің шешімін қазірден таппайтын болсақ, тіпті күрделене түседі. Атом энергетикасы ұзақ мерзімді перспективада электр энергиясының тұрақты бағасын қамтамасыз етеді. Бұл, әсіресе, өнеркәсіпті дамыту және Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін маңызды.
Сондай-ақ, атом электр станциясы жобасы жаңа жұмыс орындарын ашып, станция орналасқан аймақта инфрақұрылымның дамуын ынталандыруға көмектеседі, – деді Нұрлан Бекназаров.
Сонымен қатар, Мәжіліс депутаты Данабек Исабеков атом энергетикасының өріс алуы экономиканың маңызды секторларын дамытуға ықпал ететініне тоқталды.
– Атом энергетикасы экономиканың маңызды қозғалтқышына және жоғары технологиялық сектордың локомотивіне айналады. Бұл дегеніміз, атом энергетикасы іргелес салалар үшін орасан зор мультипликативті әсер береді және ғылыми зерттеулердің өсуіне әкеледі. АЭС салу және пайдалану озық технологияларды, инновацияларды және үздік ІТ шешімдерді дамытуға серпін береді, – деді ол.
Кездесу соңында Халықтық штаб мүшелері еліміз үшін маңызды кезеңде немқұрайлылық танытпай, өз таңдауларын жасауға шақырды. Алдағы уақытта мұндай кездесулер жалғаса бермек.
Салтанат ТҰРҒАНТАЙҚЫЗЫ