Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті 2024 жылдың 9 айы бойынша жұмыс қорытындысын шығарды. БАҚ өкілдеріне арналған брифинг барысында департамент басшысы Ернар Қосбаев қала экономикасының негізгі салаларында анықталған бірқатар заң бұзушылықтарға тоқталды. Атап айтар болсақ, 2024 жылы департаменттің прокуратура органдарымен бірлесіп жүргізген тексерулерінің нәтижесінде үш монополияға қарсы тергеу ісі аяқталған. Оларда доминантты жағдайды асыра пайдалану мен адал емес бәсекелестік орын алған.
– Ең ірі заң бұзушылықтардың бірі «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның әрекеттерімен байланысты болды. Тексеру нәтижесінде компанияның Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің 174-бабын бұзғаны анықталды. Мәні бірдей келісімдерге әртүрлі шарттар қолданып, корпорация өзінің нарықтағы үстемдігін теріс пайдаланғаны үшін 104,7 млн теңге айыппұл салынып, бюджетке өндірілді, – дейді департамент басшысы.
Домофон қызметтерін көрсететін үш компания бәсекелестікке қарсы келісім жасағаны анықталып, нарықтағы бәсекелестік ортаға нұқсан келтірген. Іс материалдары сотқа жіберіліп, тиісті айыппұл салынып, бюджетке өндірілген болса, Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы да назардан тыс қалмаған. Бұл басқарма сұйытылған мұнай газын бөлу кезінде бәсекелестікке қарсы әрекеттері үшін 300 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелген.
Сонымен қатар, «Дони» ЛТД ЖШС-іне балмұздақ өнімдерін өндіру барысында жосықсыз бәсекелестік, оның ішінде басқа өндірушінің тауарын заңсыз пайдалану белгілері бойынша тергеп-тексеру жұмыстары аяқталып, бүгінгі таңда жинақталған материалдар сот органдарына жолданды.
Бұдан бөлек, департамент басшысының айтуынша, департамент кәсіпкерлік қызметке араласпау және кәсіпкерлерге қысым көрсетпеу мақсатында жұмсақ құқық институтын кеңінен қолдануда. Осы мақсатта кәсіпкерлерге биылғы жылдың басынан бастап 9 хабарлама жіберілген. Заң бұзушылықтар ішінде өзгенің тауар таңбаларын пайдалану көп кездескен. Атап айтсақ, «Shalkar group» жеке кәсіпкеріне құрылыс қоспасын өндіріп сату барысында «Remalux» брендінің тауар таңбасын, «Нұр-Даулет» жеке кәсіпкеріне «Narlen» брендінің тауар таңбасын пайдаланғаны үшін, ал «Captain baby» жеке кәсіпкеріне өз тауарын жарнамалау кезінде «Yokosun» брендіне көрінеу жарнама жасаған үшін Кодекстің жосықсыз бәсекелестік белгілері бойынша хабарламалар шығарылған. Барлық компаниялар берілген хабарламаларды алып, толық көлемде орындаған. Сондай-ақ, мекеме Шымкент қаласындағы бірқатар кәсіпкерлік субъектілеріне монополияға қарсы заңнаманың бұзылуына байланысты шаралар қабылдады. Атап айтсақ, «ҚТЖ» ҰК АҚ-ның Шымкент магистральдық желі бөлімшесіне қатысты арнайы хабарлама енгізілген.
– Тексеру кезінде филиал вагондарды беру және шығару кезінде кейбір нарық субъектілеріне басқаларға қарағанда артықшылықтар бергені анықталған. Бұл әрекет нарықтағы бәсекелестікті бұзып, басқа субъектілерді кемсітушілікке алып келген. Қазіргі уақытта хабарлама талаптары толық орындалып, филиал қызметі заңнамаға сәйкес реттелді, сонымен қатар белгілі бір субъектілерге қатысты жеңілдіктер алынып тасталған. Осындай шаралар Шымкент қаласында адал бәсекелестік ортасын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады, – дейді Ернар Қосбаев.
Қолданыстағы монополияға қарсы заңнамаға сәйкес, мемлекеттік мекемелер мен акцияларының 50 пайыздан астамы мемлекетке тиесілі кәсіпорындар бір көзден келісімшарт жасау үшін монополияға қарсы органнан рұқсат алуға міндетті. Осы бағытта 2024 жылы департамент осындай 10 өтінішті қарап, олардың 7-не келісуден бас тартылған. Сондай-ақ, департамент жыл басынан бері 15 тауар нарығына талдау жүргізген. Олардың ішінде тауық етін көтерме сату, байланыс арналарын жалға беру, мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау сияқты маңызды секторлар бар. Сонымен қатар, дәрілік заттарды көтерме және бөлшек өткізу және сымды интернет қызметтері секілді әлеуметтік маңызы бар нарықтарға талдау жалғасуда.
Департамент қызметінің маңызды бағыттарының бірі – Кедергілер жөніндегі кеңестің жұмысын ұйымдастыру десек, осы бойынша департамент 2024 жылы 14 отырыс өткізіп, оның қорытындысы бойынша 4 мәселені Республикалық деңгейдегі Кедергілер жөніңдегі Кеңесте талқылауға ұсыныстар Агенттіктің орталық аппаратына жолданған. Ұсыныстар, департамент басшысының айтуынша, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік және мемлекеттік мүлік туралы заңдарға, сондай-ақ жолаушылар маршруттарына конкурстар өткізу ережелеріне өзгерістер енгізуге қатысты екен.
Салтанат ЖАМАЛДИНОВА