«МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ ЖОҒАРЫЛАУЫНА МҮМКІНДІК КӨП»

Среда, 02 Октябрь 2024 04:39 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 133 раз

Ел арасында мемлекеттік қызметші болу үшін танысың мықты болу керек не болмаса қалтаң қалың болу керек дейтін түсінік әлі де бар. Әрине, бұл қалыптасып қалған стереотип қана. Соның бірден-бір дәлелі – Түлекбаева Амаля Айдарбекқызы. Амаля Айдарбекқызы 1993 жылы 23 желтоқсанда Маңғыстау облысы, Ақтау қаласында қарапайым отбасында дүниеге келген. Ата-анасының қызмет ауыстыруына байланысты 2005 жылы Шымкент қаласына көшіп келген. Шымкент қаласындағы Д.И.Менделеев атындағы №15 лицейін тәмамдаған. Тамыр-таныссыз, өзінің табандылығының арқасында мемлекеттік қызмет саласында тәжірибе қалыптастырған Амаля Айдарбекқызымен аз-кем әңгімелескен едік.

 

-Амаля, мемлекеттік қызметке қалай келдіңіз? Бұл өз қалауыңыз ба әлде, ата-анаңыздың ықпалы болды ма?

-Елге қызмет ету ойы мектеп қабырғасында жүргенімде басталған. Мектепте орыс сыныбында оқысам да, ұстаздарымның сіңірген білімі, оның үстіне қазақилықтың қаймағы бұзылмаған оңтүстікте өсуім өз әсерін тигізген болуы керек. Сондықтан ұлттық құндылықтарға деген құрмет әркез басым. Елге деген патриоттықты жүрекке сіңіріп өстік. Мемлекеттік қызметші болуды бала кезімнен арман еттім және ол арманымнан ешқашан айныған емеспін. 2016 жылы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін бітіріп, «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша дипломымды қолға алғаннан кейін еш ойланбастан әкімшілікке келдім. Ол жерде маған мемлекеттік қызметке кіру тәртібін түсіндірді. Кадр комиссиясында конкурс арқылы іріктеліп, Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру-бақылау бөлімінің бас маманы болып тағайындалдым.

-Конкурстан қалай өттіңіз? Біреу көмектесті ме?
- Менің ата-анам да, өзім де Шымкенттің тумасы емеспіз ғой. Бұл жақта туыс немесе таныстарымыз мүлде тұрмайды. Ата-анам да қарапайым кісілер. Әкем - жеке кәсіпкер, анам - дәрігер. Мемлекеттік қызметші болу арманымды ата-анама айтқанымда, олар ақ батасын берді. Ойымды толық қолдады. Сол кісілердің батасы болу керек, тестілеуден де еш қиындықсыз өттім. Конкурста да жолым болды. Ол кезде жас маман болғандықтан ба мемлекеттік қызметке кіру үшін бәсекелестіктің қаншалықты жоғары екенін де білмеппін. Жұмыс жасап жүргенде білдім, бір бос орынға қанша кандидат келетінін. Бәсекелестік өте жоғары екен. Халық санының көптігі де өз әсерін тигізеді ғой. Бір бос лауазымға 20-25 үміткердің тек біреуі ғана іріктеледі. Сондықтан да болар, халық арасында мемлекеттік қызметке тек көке-жәкенің арқасында өту мүмкін дейтіні. Алайда, мүлде олай емес. Әсіресе, қазіргі таңда Шымкент қаласы әкімдігі конкурстың пилоттық жобасына енгізіліп, мемлекеттік қызметке іріктеу жаңа форматта өткізілуде. Ол бойынша бос лауазымдарға қабылдау «Е-қызмет» ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Конкурстың жаңа рәсімі «адами факторды» толығымен жоюға бағытталған. Яғни, кандидаттардың аты-жөні комиссия мүшелерінен жасырын болады. Тиісінше, мемлекеттік қызметке қабылдануға кез-келген үміткердің мүмкіндіктері өте жоғары.

-Мемлекеттік қызметке қабылданғаннан кейінгі өміріңізде тәжірибе қалай қалыптасты?
-Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратында 2018 жылға дейін қызмет атқардым. Ол жақта мол тәжірибе жинадым. Жас маман ретінде көп қолдау көрсетті. Сондықтан Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратында бірге жұмыс жасаған әріптестеріме алғысым шексіз. Одан кейін жеке өмірімде өзгерістер орын алды. Тұрмысқа шықтым. Жолдасым екеуміз ақылдаса келе өмірімізге жаңашылдық енгізсек деген ойға келдік. Шетелде жұмыс істеп, озық тәжірибелерді жинақтап, елге тәжірибелі маман болып оралуға бел будық. 2018 жылы Еуропаға, Чехияның Прага қаласына көшіп бардық. Прагада кадр саласында жұмыс атқардым. Ол жерде Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей мен Украина елдерінен келген азаматтарды тұрақты жұмысқа орналастыру бойынша жұмыстар атқардым. Мол тәжірибе жинадым. Жаңа қоғам, жаңа мәдениетпен таныстық. Өзге елде тұрсақ та, өз еліміздің әнін тыңдап, отбасымызда өз ана тілімізде сөйлесіп, өзіміздің ұлттық тағамдарды жасап жүрдік. Чехияда жүріп тұңғышыма аяғым ауыр болды. Ай күнім жақындай келе жолдасым екеуміз шынайы патриот ретінде баламыздың шет елде емес, өз Отанында кіндік қаны тамғанын қаладық. Солай елге қайта оралдық. Аман-есен дүниеге шекесі торсықтай ұл әкелдім. Есімін Әмірхан деп қойдық. Өмір болғаннан кейін, оның ақ пен қарасы қатар жүретіні мәлім ғой. Біздің де өмірде қиындықтар орын алды. «Отбасы болғаннан кейін ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» дейді ғой, сол дүниелер біздің де өмірде орын алып жатты. Жалпы, жолдасым жайлы жаман айтқым келмейді, қазақтың бір ауыз сөзімен түйіндесем, «дәм тұзымыз жараспады». Солай қазіргі таңда ұлымды жалғыз тәрбиелеудемін.
-Жалғыз өзіңізге ұл тәрбиелеп, елге қызмет ету қиынға соғып жатқан жоқ па?
-Әрине, басында өмірімдегі өзгерістерге бейімделу оңай болған жоқ. Бала күтіміне байланысты демалыста едім. Ойымды жинақтауға мүмкіндігім болды. Қанша дегенмен батыста туып өскен қызбын ғой, қанда бар қайсарлықпен, өз өзімді қолға алуға бекіндім. Солайша өмірдің жаңа парақтарын аштым. Ұлымды бала-бақшаға орналастырдым. Өзім сол бала күнгі арманыма қайта оралып, Шымкент қаласында жаңадан ашылған Тұран ауданы әкімі аппаратына қызметкерлер қабылданып жатыр дегенді естіп, конкурсқа қатыстым. Бұл жолы да көп үміткер арасынан оқ бойы озып, жеңімпаз атандым. Персоналды басқару қызметі саласындағы тәжірибемді толыстыра келе, қала әкімі аппаратының бірыңғай персоналды басқару қызметіне конкурсқа қатысуға ниет білдірдім. Қазіргі таңда қала әкімі аппаратының бірыңғай персоналды басқару қызметінің бас маманы болып жұмыс жасаймын.

-Мемлекеттік қызметке кірсем, елге қызмет етсем деген жастарға қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз?
-Ең әуелі жастар табанды болуы керек. Алдына қойған мақсатына жетпей тоқтамайтын табандылық қажет. «Ортаға ақылыңмен емес, мінезіңмен сыясың» дейтін керемет сөз бар ғой. Көркем мінезді, еңбекқор болса екен. Танысым болмаса мемлекеттік қызметке кіре алмаймын деген стереотипті ойдан мүлде шығару керек. Бүгінгі таңда қызметіне адалдықпен, жауапкершілікпен қараған мемлекеттік қызметшілердің қызметте жоғарылауына барлық мүмкіншіліктер жасалған. Меритократия қағидаты бойынша лауазымды жоғарылату басты басымдыққа ие. Одан бөлек, Президенттік жастар кадр резерві, өңірлік кадр резервтері қалыптастырылуда. Бұл жобалардың барлығы да мемлекеттік қызметке қабылданудың, басшылық лауазымдарға қабылданудың ашықтығын қамтамасыз етеді. Талантты жастар пулын қалыптастыруда таптырмайтын мүмкіндік.

Сұхбаттасқан О.Мейірманов

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.