Шымкент қаласында АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық штаб мүшелері №87 жалпы орта мектебінде ұстаздармен кездесті. Жиында жұмысшы топ атом электр станциясының ел дамуына қосатын үлесі туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Насихаттық топтың құрамында «Amanat» партиясы Атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, сондай-ақ бірқатар партиялардың өкілдері болды.
Жиынды ашқан Ербол Рәбілұлы АЭС жобасы туралы маңызды ақпараттармен бөлісіп, оның экономикаға келтірер пайдалы тұстарын атап өтті. «Қазіргі таңда, әлемнің 30-дан астам елінде 415 реактор жұмыс істеп тұр. Оның көпшілігі АҚШ, Ресей, Қытай, Франция сияқты алпауыт мемлекеттерде орналасқан. Одан бөлек, тағы 60-тан астам реактордың құрылысы жүргізіліп жатыр. Яғни, АЭС тоқ көзін өндірудің ең дұрыс тәсілі екенін әлем мойындап отыр. Демек, бұл экономиканың ілгерілеуіне ерекше әсерін тигізеді деген сөз», — деді Ербол Рәбілұлы.
Баймырза Умаров еліміздегі энергетика саласының қазіргі жағдайы туралы мағлұматтармен бөлісіп, халық санының өсуі және кәсіпкерлік нысандардың артуына байланысты электр энергиясына деген сұраныс жыл сайын 3%-ға артып келе жатқанын айтты.
Болат Тауасаров АЭС тақырыбына қатысты қоғамда жиі кездесетін бірқатар сауалдарға жауап берді. «Ел ішінде «АЭС салғанша неге күн, жел, су электр станцияларын көбейтпейді» деген пікірлер айтатындар бар. АЭС-ке балама ретінде айтылып отырған станциялар да салынатын болады. Бірақ, ол станциялардың тоқ өндіру қуаты ауа райына тікелей байланысты болғандықтан, тұрақты тоқ көзіне жатпайды. Сол үшін бізге АЭС керек», — деді ол.
Жиын соңында азаматтар тарапынан бірқатар сұрақтар қойылып, оларға тұшымды жауаптар берілді. «АЭС құрылысымен қандай мемлекет айналысады?» деген сауал көпті мазалаған сұрақтардың бірі болды. Штаб мүшелері референдумда халық мақұлдап жатса, бұл мәселемен арнайы сала мамандары мен сарапшылар МАГАТЭ халықаралық ұйымымен кеңесе отырып, шешілетінін түсіндірді.