Мақсұт ОРДАБАЕВ, инженер-энергетик, ТМД-ның және Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген энергетигі:
Мәреге жеттік. 6 қазан – референдум күні. Халық таңдауын жасайтын күн. Бұрынырақтан айтып келеміз. Дүниежүзінде 400-ден астам атом реакторы бар болса, басым көпшілігі мемлекет қажеттілігі, ол үшін ешкімнің пікірі маңызды емес деген сеніммен АЭС-ын салып алды.
Халық болған соң түрлі пікірлердің болатындығы заңды. Атом зардабынан үрейленген кейбір азаматтар бұрынғыдай электр энергиясын көмірден және жасыл энергиядан алып отыра бергеніміз тиімді деген пікірде. Ал, мұның тәуекелі көп екендігіне ой жүгірте бермейді. Қазақстандағы өндірілетін электр энергияның шамамен 70% көмір қамтамасыз етеді. Ауаға 300 мың тоннаға дейін улы күл шығаратын көмірге әлем экологтары қарсы шығып отыр. 2060 жылға қарай жаһандық экологиялық міндеттемелер бойынша отынның тап осы түрінде санкция салынады. Сонда әрі қарай қайтпек керек?! Жел және күн энергиясы Қазақстанның қажетін толық орындауға қауқарлы ма? Халықты мазалаған осындай сауалдарды осы саланың маманы, ТМД-ның және Қазақстан республикасының еңбегі сіңген энергетигі Мақсұт Ордабаевқа қойып көрдік.
- Біздегі жұмыс істеп тұрған станциялардың тозу деңгейі 70 пайызға жетіп отырғаны мәлім. «Ескіні жамағанның есі кетеді» деген бар. Бүгінгі жағдайда АЭС-ын салып алмасақ көш соңында қалып кетеміз. Біз шикізатпен күн көріп отырған елміз. Органикалық шикізаттың бүгін болмаса, ертең, арғы күндері таусылатынын естен шығармауымыз керек. Және әрі қарай қалай күн көреміз, сол тиынға кетіп жатқан шикізатты ертең қайтып сатып алып отырмаумызға кім кепіл береді. Мен осы сұрақтарға сол саланың маманы және азамат ретінде жауап беруге әрекет жасап көрейін.
- Халық арасында жасыл экономикаға басымдылық беріп, АЭС-ын салмай-ақ соның игілігін көрейік деген пікірлер бар. Осы шаруаның ішінде жүрген мамансыз. Біраз жобаларға қатысып, жұмыс тобында болдыңыз. Бұл жайлы не айтуға болады?
- Бізде «жасыл экономиканың» концепциясы қабылданды. Оның ішіндегі бірінші қадам ол үлкен қарқынмен жүргізетін жаңартылған энергия көздерінің дамуы. Бүгінгі күні бірнеше жобалар Түркістан, Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстарында іске асырылды.
Атап айтқанда, Түркістан облысы Қазығұрт ауданында Өгем өзенінің орта ағымында су электростанция каскадының (бірнеше) алдын ала жобалау жұмыстары аяқталып жобалау жұмыстары басталды. Бес ГЭСтен бірінші кезеңде 72 Мвт (жалпы концепция бойынша 153 Мвт) электр қуаты өндіріліп, өңірдегі 5 ауданға ауыз су мәселесі шешіледі. Жылына 110 млн.м3 су алынады. Сол сияқты, осы облыста Ақсу, Арыс, Сайрамсу, Қасқасу өзендердің бойында бірнеше жобалар, Отырарда қуаты 50 Мвт КЭС (күн эл.станция) салынып жатыр. Ал, 2019 тамыз айында Сайрамсу өзенінің жағасында ШГЭС «Кенес-1» 2,5 Мвт (жобасы 3,75) іске қосылды. ШГЭС «Кенес-2» жобалау жүмыстары басталды. Сарыағаш, Созақ, Кентау, Бәйдібек, Келес аудандарында жобалар іске асырылды. Бүгiнде баламалы энергетикаға байланысты керектi барлық заң, заңламалық актілер бар, бағдарлама жасалған. Атап кетсек, бiздiң елде электр қуатынын 70% көмiр пайдаланатын станцияларда өндiрiледi. Ал, бұл жағдай экологияға қалай әсер ететiнi бәріміз жақсы бiлемiз.
Қазақстанда жоба бойынша 23000 Мвт электр қуатының 17000 Мвт тұтынылады. Әрине, қазiрге жеткiлiктi. Егер ертеңiмiздi ойлайтын болсақ мiндеттi түрде органикалық шикiзаттардың шексiз емес екенiн түсiнуiмiз керек. Осындайдан келешек ұрпақтарга не қалдырамыз деген сұрақ туады. Сол үшін кәзiргi энергетикалық жуйенi баламалы қуат өндiруге бет бұрғызганымыз абзал болады. Мысалы, желмен өндiретiн қуаттың Қазақстан бойынша әлеуеті 92 млрд.квт/с., ал өзендерден өндiретiн электр қуатының әлеуеті 62 млрд.квт/с., сондай-ақ, күн сәулесiмен өндiрiлетiн қуаттың көлемi де сол шамада. Әсiресе, онтүстiк өнiрде, ал жел қуаты батыс-солтүстiк аймақтарда жеткiлiктi. 2009 жылы «Жаңартылатын энергия көздерiн пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Заңы жарық көрдi, кейiн заңды iске асыруға байланысты бiрнеше заңламалык актiлер қабылданды. Атап айтқанда, Қазақстанның «жасыл энергетикаға» көшуі нақты индикаторлармен белгiленiп 2030 жылга 10%, ал 2050 жылға жалпы электр өнiмiнiн 50% ЖЭК (жаңартылган энергия көздерi) не жеткізуіміз керек. Кәзiргi уақытта ЖЭК көлемi жалпы өндiрiлетiн электр қуатынын 3,6% құрайды. Энергетика Министрлiгi Заңға байланысты бiр қатар шараларды icке асырып жатқанын атап өткен жөн деп санаймын.
- Қазақстанда уран қоры жөнінен әлем бойынша екінші орында екендігі белгілі. Атом энергетикасының дамуы маңызды қадам екендігін айтып отырсыз. Бұндай жағдайда атом реакторы шикізатынан, яғни, уран капсуласынан кенде болмайды. АЭС-ы Қазақстан үшін керек дейсіз ғой?
- Дұрыс айтасыз. Бұл бағытта ең маңызды тіршілік ол атом станциясын салу болады. Атом өнеркәсібінің дамуымен медицина саласында ғылми-зерттеу, ауыл шаруашылығы, экономиканың барлық бағыттарында бізде мүмкіншіліктердің зор екенін көрсетіп, еліміздің дамуына айтарлықтай үлес қосатынын атап кетуіміз керек. Кәзіргі заманауи технологиялардың деңгейі атом станциясын салуға, оның тиісті барлық халықаралық талаптарға сай қауіпсіздік ережелерін сақтап, керекті міндеттелген стандарттарын қолданып, істен шыққан қалытқыларды залалсыздандырып, тиісті шараларын орындап отырса, ешқандай одан қорқыныш болмау керек. Ол бізге үлкен мүмкіншіліктер береді.
Экомикалық тұрғыдан қарасақ, тиімділігі жоғары болатыны анық. Электр энергиясының құны төмен. Іске қосылғаннан кейін газ бен көмірге салыстырғанда энергия төмен өзіндік құнымен өндіріледі. Уран-салыстырмалы түрде арзан әрі тиімді отын. Бізде ол көп. Ұзақ қызмет ету мерзіміне байланысты (60 жылдан астам) атом реакторларының пайдалану шығындары да төмен болады. Бүл АЭС-ың бастапқы жоғары шығындарына қарамастан, ұзақ мерзімді экономикалық тұрғыдан тиімді етеді. Электр энергиясы тұрақты. Осы себептердің негізінде жалпы атом станциялары тұтынушыларға ауыртпалық түсірмей өзін өзі ақтайды. Қазақстанның энергожүйесін, энергобалансын, базалық қуатын әртараптандыруына және жабдықтаудың тұрақтылығына үлкен әсерін тигізеді. Жалпы, атом энергетикасын дамыту халық шаруашылығының барлық салаларына әртараптандырумен инновациялық жаңатехнологиялық серпіліс беретін еліміздің жарқын келешегіне жол ашатын бағыт болады.Халықаралық міндеттемелер Қазақстанда парниктік газдар шығындыларын азайтуға және Евродақтың көмірсутетікті төлемдерден құтқару деген мәселелерді шешеді. Елімізде атом электр станциясын салу жөнінде Президентіміз референдум жариялап отыр.
Әрине, халықтың қолдауы болады деп сенемін. Оның бергі жағында көршілес Өзбекстан бұл мәселеде бізден алға шығып қүрылыстарын бастап жатыр. Сондай-ақ Белоруссия Островец атом станцияларының бірінші блогын іске қосып, екіншісін дайындап қойды. Бүгінгі күні Алматы облысының Балқаш ауданында Үлкен аулында таңдалған жер дайын. Екінші талаптарға сай келетін жер ол Шығыс Қазақстандағы Курчатов қаласының маңы. Келешекте Атом өнеркәсібі министрлігін құруды қолға алу керек.АЭС (Америка, Жапон, Франция, Россия, Корея, Қытай) технологиясымен салуды ашық баламалы бәсекенің арқасында шешуге болады. Ол шешілетін сұрақ. Сонымен қатар газ электр қуатында естен шығармаған жөн. Жоғарыдағы көрсетілген пікірлерімді қортындылай келе, еліміздің барлық өңірлерінде жаңартылатын энергия көздерін көбейту, атом энергетикасының дамуын, сол бағытта атом станциясын салу, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру шараларын қамтамасыз етуіміз қажет деп санаймын. Сондықтанда, мемлекет келешегі үшін халқымыз референдумда АЭС-ын салуды қолдайды деп сенемін.
- Сұхбатыңызға рахмет.
Сұхбаттасқан Бақтияр ТАЙЖАН