Жаңа тариф ұсынылды Избранное

Среда, 15 Июнь 2016 04:42 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4554 раз

Шымкент қаласындағы Әкімшілік-іскерлік орталығының жылу жүйесіне жауапты «Қуатжылуорталық-3» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны жаңа тариф енгізу туралы мәселені алға тартып отыр. Бұл туралы Әкімшілік-іскерлік орталығы қазандығынан жылу өндіру және пайдалануға беру қызметтері бойынша жаңа тарифті бекітуге арналған өтінімін жария тыңдау кезінде айтылды.

IMG-20160613-WA0018

«Қуатжылуорталық-3» МКК Әкімшілік-іскерлік орталығы қазандығының жылу жүйесінің қызметімен 21 көпқабатты тұрғын үй және 6 бюджеттік нысан: облыстық әкімдік ғимараты, «Отырар» кітапханасы, «Түркістан» сарайы, Ж.Шанин атындағы Қазақ академиялық драма театры, «Көрме орталығы», Көркем гимнастика мектебі қамтамасыз етілген. Жылу жүйесі бағасын қымбаттатуға «Қуатжылуорталық-3» МКК-ның өткен жылғы шығындары себеп болып отыр. Яғни, тұтынушылар тарапынан жылу жүйесіне төленуі тиіс 108,70 млн теңгенің 55,753 млн-ы ғана шығынды ақтаған. Ал қалған 52,957 млн теңге «Қуатжылуорталық-3» МКК-ның бюджетіне салмақ салған.

Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің ОҚО бойынша департамент бастығының орынбасары Шырынәлі Үсенов көпқабатты үйлердің тұрғындарына аталған мәселеге орай туындаған сұрақтарға жауап берді.

IMG-20160613-WA0012

– «Қуатжылуорталық-3» МКК қазандығы жылытатын Әкімшілік-іскерлік орталығында ғимараттардың барлығы дерлік жаңа. Тұрғын саны аз болғанымен жылыту аумағы кең. Тіпті, бос тұрған нысандарды да жылытуға міндеттіміз. Егер біз «пайдаланылмайды» немесе «тұрғыны жоқ» деп жылу жүйесін тоқтатсақ, бұл – нысанның құрылыс сапасына зиян келтіреді. Қазіргі жағдайда «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» өтетін жалғыз жол – тарифті жылу энергиясын есептегіш құралы бар жеке тұлғаларға 5 800 теңге/Гкал, бюджеттік мекемелерге 16 561,32 теңге/Гкал етіп бекіту, – дейді Ш.Үсенов.

Шығынмен жұмыс істеудің тиімсіздігін алға тартқан «Қуатжылуорталық-3» МКК-ның заңгері әр тұрғын тек өз пәтерінің аумағына ғана төлеуге міндетті екенін айтты. Ал иесін таппаған пәтерлерге қалалық ТҮКШ бөлімі жауапты. Сондай-ақ, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың мәселесін халықты әлеуметтік қорғау саласының көмегімен шешуге болатынын түсіндірді.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.