Кәсiби болыңыз, әрiптес!

Среда, 29 Июнь 2016 05:23 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4800 раз

«Журналист үнемі ізденісте болуы керек» дейтін салада үлгі тұтар, мақтан етер аға-апаларымыз көп-ақ. Олардың тәжірибесі ізін басып келе жатқан жас журналистерге ауадай қажет. Әсіресе, ақпарат алмасудың жаңа айдыны қалыптасқан бүгінгі таңда біз кәсіби маман ретінде нені ұмытпауымыз керек және нені ескеруіміз қажет екенін алдыңғы толқын ағалар айтқан оқиғалардың көмегімен бір еске алайықшы.

Кеңес ИСМАИЛОВ,
«Южный Казахстан» газеті бас редакторының орынбасары:

Оқырманды құрметтеп, кешiрiм сұрайтынбыз

pik1– Бір басылым әйгілі сазгер Шәмші Қалдаяқовтың қайтыс болғаны мен туған күнін шатастырып мақала жариялапты. Мақаланы оқып «бүгін Шәмшінің туған күні екен ғой» деп, мен де «туған күн» иесіне арнап өз бетімше материал жаздым. Ол жарияланып кетті. Сазгердің өмірден өткен күнінде, біздің «туған күнді атап өткеніміз» өте орынсыз болды. Қателігім үшін басшылықтан сөз естідім. Газеттің келесі нөмірінде оқырман қауымнан кешірім сұрап, соңғы ақпараттар мен мәліметтерге сүйене отырып Шәмші туралы тағы бір материалды жарияладым. Содан кейін әр ақпараттың шынайылығына көз жеткізіп, жазатын тақырыбым туралы мейлінше көбірек біліп алуға әдеттендім.
Айтпағым сол, бізді тәрбиелеген журналистикада елге қате ақпар бергізбейтін. Қатаң қадағаланатын. Тіпті, жария түрде журналист кешірім сұрайтын халықтан. Ал қазір қалай?
Әлеуметтік желіде белсенді болса жеткілікті. Аузымен орақ орып, тілімен баулап тастайтындардың айтқанының бәрі шын сияқты. Заман талабына сай, техника меңгере білу қазіргі журналистердің сапасын арттырғанымен, ақпаратқа деген жауапкершілігін төмендетіп жіберді. Өз бетінше ізденбей бір-біріне сілтеме жасап, кейде жалған ақпаратты да жарияға жар салып таратады.
Журналистиканың беделін осы салаға кәсіби тұрғыда, асқан білімділікпен, объективті түрде қарай алатындар ғана өсіре алады. Ал эмоциясын басқара алмайтындар тек ұят келтіреді. Мақала жазарда журналист өз эмоциясын шетке ысырып қоюы керек.


Ерсұлтан ӘМІРБЕК,
«Қазақ» радиосының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша меншікті тілшісі:

Ауызбiршiлiк болса, журналистер талай iстi тындырады

pik2– Мен білетін журналистика әу бастан ұйымшылдықты, үйлесімділікті, бірігіп жұмыс істеуді көксейді. Мұндай тағылым отбасымда бастау алды десем де болады.
Жұлқын анамыздан Көпен, Төпен, Базарбек (Түкібай), менімен төрт ұл туып, бәріміз де осы журналистика саласында бағымыз жанды.
Қызметте де журналист аға-інілермен жұмыла көтерген жүктің жеңіл болатынына куә болып келемін. 1990 жылдардың соңына қарай «Қазақстан – Шымкент» арнасынан қарттар үйінен репортаж дайындауға бардым. Бәрі тамаша, қариялар өкіметтің қамқорлығына риза. Бірақ, сол жерде бір ақсақалмен оңаша әңгімелескенімде көмусіз қалудан қорқатынын айтты. Ол жерде өмірден өткен адамды «жерлеу» бюросына тапсырады екен. Ал ондай қызмет көрсететін бюролар мұсылманша жерлемейді екен. Жаназасын шығарып жерленгенін қалайтын қарттың ойы орынды еді. Сол күнгі қариялардың жай-күйін баяндайтын есеп репортаждың бағыты өзгеріп кетті. Бұл мәселені телеарнаның кешкі жаңалықтарынан көрген сол кездегі облыс әкімі, облыстық мешіттің имамы ертеңіне бірден хабарласты. Мән-жаймен арнайы барып танысып, лезде мәселені шешіп берді.
Жаңалыққа бейімделу кезеңінде ескімен жылап қоштасатын сәттер болады. 90 жылдары Шымкентте жанар-жағар майды алып сатушылар көп еді. Оған қанша тыйым салынғанымен «крыша» деген дес бермейтін. Бір күні «Шымкент келбетінде» әлгі бәтшағарды сынаған мақала жарық көрді. Жұмамұрат Тұяқбаев басқаратын ұжымды сол мақала үшін сотқа бергенде Байдулла ағамыз бастаған журналистер қауымы ауызбіршілік танытып соттан да, оттан да аман алып қалды.
Міне, менің тілегім де осыған саяды. Журналистер өз алдына жеке-жеке жұмыс істегенімен көтерген мәселеге бірдей атсалысып, өзара ымырашылдығын таныта берсін. Әріптестерімнің қашанда қаламы қарымды болғай!


Оралхан ДӘУІТ,
республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің
Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі:

Шындықты бәрi мойындайды

pik3– Бір кездері «Осы Мұхтар Шахановтар өз өлеңдерін қалай жатқа біледі?» деп таң қалушы едім. Сөйтсем, шын ықыласыңмен жазған дүниең көңіліңнен еш өшпейді екен ғой. Осыдан 10 жыл бұрын жазған әр мақаламның қалай жазылғаны, одан қандай нәтиже болғаны, бәрі-бәрі есімде…
Үш-төрт жыл бұрын бір үлкен кісілермен дастархандас болдым. Арасындағы біреуі бір кездері осы облыста басқарма бастығы болған екен. Танысып, қол алысқан кезде әлгі кісі күліп жіберді. Сөйтсем, әлеуметтік салаға басшылық жасаған әлгі ағамыз қызметінен түсіп қалып, соттасып, әрең дегенде қызметіне қайта орналасқанда менің сын мақалам шығып, бір күнде қайтадан жұмысынан босап кеткен екен. Азамат осы жайтты ешқандай өкпесіз, ренішсіз айтып берді. Әрине, «Қап, сізді танығанда жазбас па едім, білмегеннің кесірі ғой…» деп, бірдеңені айтқандай болдым. Бірақ ол кісі шынында жұмысында кемшіліктің кеткенін мойындап отыр. Яғни, бәрінен шындық қымбат…
Сын мақаланы әркім әрқалай қабылдайды. «Енді жер басып, тірі жүрмейсің… Айтқаным айтқан… Иманыңды үйіре бер!» деп, доқ көрсеткендер де болды. Тараз қаласының бұрынғы орталық базарына жақын орналасқан тойханадағы жағдайды жазамыз деп, бұрын-соңды араласпаған, білмеген, өңкей жалтырбасты қорқынышты ортадан бір-ақ шыққан кезім де болды. Бірақ, қандай қорқынышты, қандай қылмыстық әлем болса да, бәрі шындықты мойындайтынына сол жолы көзім жеткен. Шындықты жария еткен журналист мақаласын жариялаудан қорықпайды.


Әбдез РАХМАНҰЛЫ,
«Хабар» арнасының меншікті тілшісі:

Ақпараттың ақиқатын сүзiп алу оңай емес

pik4– 1999 жылы 16-ақпанда Өзбекстанда бір күнде төрт (!) теракт орын алды... Төртіншісі жарылғыш заттарды жасаған жерде жарылды. Мен сол жерден 250 метр қашықтықта жүрген едім. Бұл оқиғадан кейін бүкіл ел дүрлікті. Көрші елдегі жағдайды тынымсыз «Хабар» арнасынан хабарлап тұрдым. Сол күні эфирге әр сағат сайын бір-біріне ұқсамайтын 24 ақпарат дайындаппын. 8 рет тікелей эфирден телефонмен байланысқа шықтым. Оның 4-і қазақша, 4-і орысша болды.
Мұндай қарбаласта сағат сайын ақпарат дайындау оңай емес, жан-жақтан түрлі мәліметтер құйылып келіп жатыр. Бірі ресми, екіншісі бейресми. Соның арасынан шындықты сүзіп алу маған оңайға түскен жоқ. Қате ақпарат таратсам, елдегі журналистігімді былай қойғанда Өзбекстан Республикасы мені жазалауға құқылы. Жедел ақпарат берудің қаншалықты қиындығын сол жолы көрдім. Берекесіз күн туса салмақтың бәрі сол туралы ақпар тарататын журналистке түседі екен. Өйткені, оны бүкіл оқиғаның қарқынын жаңалықтардан біліп отырады. Журналистің сөзіне сенеді. Сондықтан біздің әр сөзіміз ақыл мен ардың таразысына салынған, сайдың тасындай салмақты, нақты, мығым болуы тиіс. Кей жағдайда журналист елді ымыраға шақыра алады, кейде байсалды үнімен ой тастайды. Тіпті, жылағанды жұбатып, шалқығанды тәубесіне келтіретін де осы «төртінші билік» өкілдері. Бірақ, қолындағы ақпараттың рас-өтірігін ажырата алмайтын адам бұл салада жетістікке жете алмайды.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.