Дәстүрлi Ислам және ұлттық таным

Вторник, 05 Июль 2016 06:30 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3571 раз

Сан ғасырлардан бері кең байтақ даламызды ата-бабаларымыз көзінің қарашығындай сақтап, бір Құдайға сыйынып, дінім ислам, кітабым Құран деп білді. Әлі күнге Имам Ағзам көрсеткен бағытты ұстанып, қарапайым да тыныш, ынтымақ пен бірлікте ғұмыр кешіп келеді. Дәстүрлі ислам яғни, Әбу Ханифаның ислам дінін түсіндірудегі көрсеткен сара жолы ұлтымыздың өзіне тән табиғаты мен тұрмыс тіршілігімен тығыз байланысын тапты.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда тұрғындардың діни сана-сезімі оянып, діни ерекшеліктерінің жаңғыруы басталды. Бұл ретте мемлекеттік саясаттың мақсаты қазақстандық қоғамдағы діни сала өміріндегі тұрақтылық пен толеранттылықты сақтау болып табылады. Қазақстан халқы ешқашан желөкпе діни сенімге бейім болған жоқ, одан да гөрі ежелден-ақ діни сенімге төзімділік және конфессияаралық саладағы толеранттылыққа жақындығымен ерекшеленді.
Шын мәнінде, деструктивті секта – дәстүрлі діндерден бөлінген, оларды дін ретінде мойындамайтын, жеке көзқарастары мен діни догматикаларын қалыптастырған, мемлекеттің ішкі тұрақтылығы және қоғамдық құрылыстарға кері әсерін тигізуші тар шеңберлі көзқарастағы адамдардан құралған топ. Сондай-ақ, ислам дініндегі радикалды ағымдар да форма жағынан бұл секталардан алшақ болғанымен, принциптері бір әрі қызметтері, мақсат-мүдделері ұқсас болып келеді. Осы секталар мен ағымдардың басшылары көбіне заңға қайшы келетін қылмыстық әрекеттерге барып, қарапайым топ мүшелерінің саналарын түрлі манипулияциялық амалдармен жаншып, тоталитарлық жолмен бағындыруға тырысады. Алдымен азаматтың жан дүниесінің қиналысын, оның өмірдегі қиыншылықтарын сезіне отырып, оған көмек қолын ұсынғансып, өз қатарларына қосуға жан-жақты әрекеттер жасайды. Мұндай адам өміріне қауіпті секталар мен ағымдар қиыншылық пен тауқыметті бастан өткізген, өз қоғамына белгілі бір жағдайларда өкпелі азаматтарды көптеп тартуға тырысады. Олардың сана-сезімдерін жалған ақпараттармен улап, өмірдегі ең жанашыр жақыны ретінде көрсету арқылы сенімді серігіне айналады. Себебі мұндай азаматтар өмірде рухани тірек әрі сауалдарына жауап тапқандай әсерде болып, қандай талаптарды болса да орындаудан бас тартпайды.
Сана бақылауына ұшыраған азамат өзінің дәстүрлі өмір сүру жағдайынан жаңылып, құлдықтың бұғауына түседі. Мұндай азаматты қалыпты өмір сүру жағдайына түсіру өте қиын. Осындай жолмен дәстүрлі өмірі бұзылған азамат қоғамда саналы түрде өз таңдауын жасай алмайтын халге түседі. Қалыпты өмірі бұзылған, санасының дамуы шектелген азамат өз қоғамына ешқандай пайда әкелмейді. Мұндай өз еркінен айырылған азамат егемен еліміздің болашағына орасан зиян келтірері анық. Сондықтан, осындай қоғамға жат әрі зиянды секталар мен ағымдарға жол бермеу – әрбір азаматтың парызы.

Серік ЕРГЕБЕКОВ,
ОҚО «Әлеуметтік бастамалар
орталығы» мемлекеттік
коммуналдық мекемесінің
теолог маманы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.