Ұлттық сусындар – ұлттың игiлiгi

Пятница, 08 Июль 2016 06:23 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 7469 раз

Шымкентте қымыз-қымыран сататын орындар көбеймек

Қымыздың қасиетін қазақтан артық білер ешкім жоқ. Рас, бойды да, ойды да сергітетін ұлттық сусындарға деген құрметіміз қашанда ерекше. Қазір қымыз-қымыран сату маусымының қызған шағы. Той-жиынға тапсырыс берушілер, емге алушылар тарапынан сұраныс көбейіп тұр. Аптап ыстықтан шөліркеген ағайын жол бойындағы қымызханалар мен киіз үйлерге бас сұғады. Қайбір жылы қала көшелерінің бойында киіз үйлерді алдырып тастауға пәрмен берілген-ді. Кәсіпкерлердің қуанышына орай, тиісті сала мамандары қала әкіміне киіз үйлерді қайта орнатуға рұқсат беру жөнінде ұсыныс берген. Яғни, кәсіпкерлер қымыз өндірісін одан әрі дамытып, ұлттық нақыштағы киіз үйлерді қайта орнатуға мүмкіндік алмақ.

Келiңiз, қымыз iшiңiз!..

 DSC01862 DSC01865 

Ұлттық сусындарға деген құрмет осыдан-ақ көрінеді-ау. Қандай кедергілер кезіксе де, ұлттық құндылықтарымызды үзбей насихаттап, қала тұрғындарының алғысын арқалап жүрген кәсіпкер қауымына айтар алғыс мол. Қандай қиындық болса да, амалын тауып, ұлттық сусындарды дәріптеген еңбектері атап өтуге лайық.
Қазақы қалыптан арыла қоймадық. Шымкентке Қазығұрт тауының беткейлерінен саба-саба қымыздар келіп жатыр. Киіз үйлер де көбеймесе азайған жоқ. Сусын іздеп сабылған жұрт үшін қымызханалар мен киіз үйлердің есігі әрдайым ашық.
Осы күні Арғынбеков пен Бәйдібек би даңғылы қиылысынан өткендердің «Сыбаға» дәмханасына көзі түсер. Кәдімгі қазақы нақышта безендірілген, ұлттық үлгіде тігілген киіз үй ұлттық сусын іздеген тұрғындардың қуанышына айналып үлгеріпті. Ашылғанына 4 ай болса да, дәмхананың тұрақты тұтынушылары барын байқадық. Бәрі де ниетке байланысты ғой. Қырық жыл ұстаздық еткен Айғаным Тұрбекова ұлттық дәстүрді дәріптеу мақсатында осынау кәсіпті қолға алған. Аумағы шағын ғана болғанымен, қазақылықтың иісі аңқып тұр. Киіз үй қазіргі заманға сай темірден істелген. Тұрғындарға қысы-жазы қызмет көрсету мақсатында едені де жылытылады. Бәрі үйлесім тапқан.

8a80fefea2845e27a1a2d999b25bd11d resize w 782 h 439Негізінен, мұнда көпшілік отбасымен келеді. Кәсіпкер апайдың өзі жанұяларымен келуді талап ететін көрінеді. Күніне 100-ден аса адам қымыз-қымыран ішіп кетеді. Таңертең ерте келіп саумал ішетін он адам бар. Бұдан бөлек, ұлттық тағамдарға деген сұраныс та артқан.

– Жанұямызбен ақылдаса келе, атауын «Сыбаға» деп қойдық. Бізден қала тұрғындары мен қонақтарына сыбаға болсын деген ниет. Біздің дәстүрімізді кейінгі ұрпақ ұмытып кетпеуі тиіс. Ұлттық тағамдарымыз әрі сусын, әрі тағам екенін білсін дедік. Бұның емдік қасиеті барын әлі көпшілік біле алмай жүр. Қалада әлі де болса мұндай орындар көп керек. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз арқылы қандай ұлт екенімізді өзгелерге танытар едік. «Киіз үйді алып тастаңдар. Көшенің көркін бұзып тұр» деп көп ескертті де. Мен сыртынан жуғызамын, тазартамын. Бәрі таза ұстағаныңа байланысты ғой, – дейді Айғаным апай уәжін жеткізіп.
Ең ғажабы, мұнда жастарға арналған орын ашылыпты. Бүгінде өтіп жатқан футболдан Еуропа чемпионатын тамашалау үшін жастарға барлық жағдай жасалған. Олар қымыз іше отырып, сағат түнгі бірге дейін футболдың қызығына елітеді.
Болашаққа жоспар да көп. Кәсіпкерлер Үкімет арнайы орын беріп жатса, басқа жерден де киіз үй тігуге дайын. Қазір бәсекелестік өте қажет. Бәсеке болса, өз өнімдерімізді нарықта бренд ретінде қалыптастырар едік. Қазаққа керек кәсіпті дөңгелетіп отырған
Айғаным Тұрбекова (суретте) осылай дейді.
«Нұрсәт» шағынауданында Сұлтанбек Кенжеқұловтың иелігіндегі киіз үйдің жұмыс істей бастағанына алты жылдан асыпты. Мұнда да қымыз-қымыран, көже, құрт жаз маусымында үзілмейді. Сәуір айында тұрғындардың қуанышына тігілетін киіз үй күн суытқанға дейін есігін айқара ашады. Өздерінің тұрақты клиентттері де бар. Мұнда да негізінен келушілер – жас отбасылар.

«Жұмысты шабыттанып iстейсiң»

Елге белгілі жазушы-журналист, халықаралық Алаш сыйлығының иегері Мархабат Байғұт та қымыздың құндылығы жайында аз жазған жоқ. «Егемен Қазақстан» газетінде «Қазығұрттың қымызы» деген мақаласында біраз-біраз жайды қаузаған.
«Шындығына келсек, қашаннан-ақ қазекемді ыстықтан құтқаратын да, аман алып қалатын да – қымыз. Әрине, қашанғыдай қазақы қалыппен, қазақы салт-дәстүрмен, қазақы әдіс-тәсілмен, қазақы тектілікпен, қазақы тазалықпен, қазақы бекзат болмыспен бапталған қымыз. Саумал иісі аңқыған, ақ май жүзген ақ қымыздың, Қазығұрт қымызының жөн-жосығы бөлек. Шілденің шіліңгірінде шөліңді қандырар, ыстығыңды басар, рухыңды шалқытып, самалмен сипар. Тастай су да, сары бөшкелердің мұздай квасы да, көбірек көпіртіп мақтайтын салқын сыраңыз да қымызға жетпейді.

Біліп алыңыз, Қазығұрт – тек Қазығұрт ауданы ғана емес. Шымкентіңіз сол таудың баурайында. Сондықтан таяу маңайдағы Төле би, шығыс жақтағы Сайрам, сәл терістік тұсқа таманғы Ордабасы аудандары атыраптарынан әкелінер қымыздың бәрін бір сөзбен Қазығұрттың қымызы деуге әбден болады. Сайып келгенде, бар-баршасы – Қазығұрттың қымызы», – дейді қаламгер мақаласында. 

Жазушының жазып қана қоймай, әліге дейін өзі де жиі-жиі қымызханаларға бас сұғып тұратынын білеміз. Қазір де жұмыстан шыға салысымен қымызханаларға қарай аяңдайды.
– Бірінші кезекте қымыз таза болу керек. Сатушылар ағарғанға обал жасамау керектігін ұғынса. Қымыздың қасиетін өзім де насихаттап, жазып жүрмін ғой. 90 жылдары «Қырғы» базар жақта жалғыз қымызхана бар еді. Сол жердің қымызы таза-тұғын. Қазіргілер ренжімесін, ондай қымыз қазір еш жерде жоқ. Сол кезде таза қымыз ішіп алып, жұмысымды да шабытпен істейтінмін. Шығармашылық адамының қымыз ішкені өте дұрыс. Қазір өзім жиі баратын екі орын бар: «Көл» базары маңы мен Қажымұқан атындағы Орталық стадионның батыс-түстік тұсында, Мәделіқожа мен Қарауылбек Қазиев атындағы көшелердің қиылысындағы қымызхана. Қала әкімдігінің киіз үйлерді қайта орнына қою жөніндегі бастамасын құптаймын. Дәстүріміз бен жаңашылдық жарасымды тапса керемет болар еді. Қымыз ішу рухыңды көтереді. Көңіліңді шалқытады, – дейді жазушы.

Киiз үйлерге арнайы орын бөлiнедi

Бұған дейін қымыз сатудың да ережесі бар-тұғын. Көше бойына, көгалдандыру аймақтарына қойылған киіз үйлердің жұмысын тоқтату туралы Қаулы шыққанынан кәсіпкерлер хабардар. Шымкент қалалық кәсіпкерлік бөлімі сауда секторының меңгерушісі Қайрат
Базарбековтың айтуынша, қазіргі уақытта киіз үйлер сататын орындарды көбейтуге қала әкіміне ұсыныс берілген. Бұл мақсатта төрт аудан бойынша ұлттық сусындар сататын жиырмаға жуық орын бөлінбек екен.
Бастысы, киіз үйлер мен қымызханалардың талапқа сай болуында. Қ. Базарбеков қазіргі тұрған киіз үйлердің бәрі заңсыз екені, көбісі айыппұл төлеумен, дау-дамаймен құтылып кетіп жүргенін айтады. Таяуда қала әкімінің Қаулысы шықса, кәсіпкерлердің тынысы кеңейіп, одан әрі ұлттық сусынды дәріптеуге мүмкіндік алар еді.

Қымыз – қырық түрлi ауруға ем

Әсіресе, қымыздың қадірін білетін – спортшылар қауымы. Оған талай көз жеткізгенбіз. Бокстан әлем чемпионы Біржан Жақыпов та жаттығудан шыға сала қымызханаларды жағалап кететінін талай көрдік. Қымыз шаршағанды басады, жан сарайыңды ашады.
Әсілі, ұлттық сусындарды кеңінен насихаттап, барды баянды ету өзіміз үшін керек. Ішімдік ішетіндерге қарағанда ұлттық сусын сататындар көбейсе құба-құп қой. Қымыз – қырық түрлі ауруға ем. Кезінде елімізде өкпе ауруларын тек қымызбен емдейтін 15 шипажай болса, бүгінде олардың жұмысы тоқтап қалған. Керісінше, Ресей 80-нен астам қымыз өндіретін агрофирма ашып, қымыз бен шұбат арқылы емдейтін 48 шипажайдың жұмысын жолға қойған. Қымыз бен шұбаттың емдік қасиеттеріне Жапония мен Батыс Еуропа елдері де ерекше қызығушылық таныта бастаған.
Қазақ баспасөзінде бұл мәселе көптен бері айтылып жүргені де мәлім. Одан әрі де жазыла бермек. Түптеп келгенде мұның бәрі ұлт денсаулығы үшін, жастар тәрбиесі үшін қажетті дүние емес пе?!
Жастарымыз арақ-шарапқа құмар болмай, ұлттық сусынымызға бет бұрғаны қажет. Сонда ғана, түрлі аурулардың алдын алып, салауатты ұрпақ тәрбиелейтін едік.

 

 

Последнее изменение Пятница, 08 Июль 2016 07:03
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.