Сәнi кiрген техносаябақ

Пятница, 12 Август 2016 09:54 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4894 раз

Шымкенттің қыдыруға ыңғайлы әрі саялы орындары дегенде «Қиял әлемі» міндетті түрде есіңізге түседі. Өйткені, бұл техносаябақ қаланың ортасынан ойып тұрып орын алған. Кез келген жастағы қала тұрғындарына да, қонақтарына да ерекше көңіл күй сыйлай алады.

DSC 5476 2

...Осыдан 15 жыл бұрынғы бір бұрышында түнгі клубы, төрінде сахнасы, айналасында көңіл көтеруге ыңғайлы дәмханалары бар демалыс орнына көбіне жастар келетін. Ол кезде балалармен келуге бір-біріне үздіге қарап отыратын жастардың «желігі» кедергі келтіруші еді. Айтпақшы, сол жылдары «қыз алып қашу» әдет-ғұрпының нағыз қайнап тұрған кезі. Үйленетін жігіттер ұнатқан, «жар болуға лайық» деп таныған қыздарын «Қиял әлеміне» ертіп баратын. Әбден қыдыртып, серуен құрып болған шағында зу етіп алып кету арқылы талай жас бақытты отбасын құрып еді-ау. Сол «қиялдаған жастардың әлемі» бүгінде кез келген жастағы қала тұрғындарына, қонақтарына да ыңғайлы техносаябаққа айналған.

DSC 5526 2

Техносаябақ достармен келгенге де, жалғыз жүргенге де ерекше жақсы әсер сыйлайды. Онда бұрынғы ойын-сауық орталықтарының орнын бүгінде 32 түрлі атракцион алмастырған. Экстремалды демалысты жақсы көретін жастарға «Тарзан», «Хаммер», «Пират», «Бәйтерек», «Маугли», «Клоун», «Джампинг», «Су шары», «Ниагара» атаулары белгілі болса керек. Бұл жерден шыққанда «адреналин» алып, бойдағы жаман энергияны сілкіп тастағандай күйде қайтатыныңыз анық.

2-8 жас аралығындағы балаларға мұнда паровоздың түр-түрі көңілді әткеншектер, батуттар, қайықтар және басқа да қызықтар көп-ақ. Әсіресе, бояумен жұмыс істеу, балық аулау сияқты танымдық ойындардың айналасында балалар бал жинаған арадай құжынай қалыпты.

DSC 5578

«Қиял әлемінде» мергендігіңізді, асып-тасыған күшіңізді сынап көруге де мүмкіндік бар. 7D форматындағы кинозал да көрерменге қызмет көрсетеді. Қаласаңыз үстел тениисін ермек етіңіз.

Караоке де бар екен. Ән айтуға келушілердің жас ерекшелігінде шек жоқ. Кешкі уақытта демалуға көптеп жиналған адамдардың әсері ме, мен де еріксіз ән шырқағым келді. Кезек алып жайғастым. Қыз бен жігіт сызылып махаббат әндерін айтса, 50 жасты алқымдаған екі әйел «Арыстың жағасында» өткен күндерін еске алды. Ал кіп-кішкентай балақайлардың таңдайы тақылдай шырқаған қай әні болмасын сүйкімін арттыра түседі. 

DSC 5866

Бүгінгі баланың арманы жоқ. Бақыттың дәмін «тәтті мақта» мен балмұздақтан сезінсе, бақыттың өзі олар үшін самокат, ролик тебу сияқты. Тіпті, соңғы кездері қаланың саялы жерлерінде серуен құрғандардың екі доңғалақты гироскутерде жүргенін көріп таңғалып жүрген де боларсыз. Гироскутеріңіз бар болса, алыңыз да «Қиял әлеміне» тартыңыз. Мұнда адамдардың жадыраған жүзі, көтеріңкі көңіл күйі, түрлі эмоциялардың у-шуы керемет әсер сыйлайды. Осы ең әсерлі сәттерді тамашалау үшін ақы төлемейтініңіз қандай жақсы, техносаябаққа кіру – тегін. Ал Шымқаланың бірде-бір саябағында кездеспейтін қазақтың даналық сөздері «Қиял әлемінде» әр қадам сайын орнатылған.

DSC 5424 2

– Серуендеуге келушілер алтын уақытын тек ойын-сауықпен өткізбейді. Мұнда өмірдің әртүрлі сәттерін еске салатын қанатты сөздерді орнатқанымызға үш жыл болды. Техносаябақ аумағында ешкім шылым шекпейді. Пісте шақпайды. Алкогольді ішімдік пайдалануға да тыйым салынған. Бұл – демалушыларды жауапсыздықтан, дарақылықтан алыстатып, тазалыққа, әдептілік пен парасаттылыққа бейімдейді. Демалысты мәдениетті түрде де қызықты өткізуге болатынын біздің Шымқаланың тұрғындары әбден меңгеріп алған. Серуендеушілердің көбі отбасы мүшелерімен бірге келеді, – дейді «Қиял әлемі» технобағының директоры Еламан Әшірбаев.

Шағын жазбамды «Қиял әлеміндегі» Пифагордың «Ұйықтар алдында өткен күнде өзіңнің не істеп, не тындырғаныңды ой елегінен бір өткізбей тұрып, көзіңді жұмушы болма» деген даналығымен аяқтағым келіп отыр. Саялы бақ ашу әркімнің қолынан келмесе де, күнделікті ісін ойша таразылау, өткен күнімізге есеп беру әрбіріміздің еркімізде. Сондай-ақ, бұл әдет тек жақсылыққа бастайды. Расында, техносаябақ тақталарында жазылған нақыл сөздерді санаға сіңіру үшін әрқайсысына бір күн арнау қажет екен.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.