Версия для печати

Қала инфрақұрылымын дамыту – маңызды міндет

Пятница, 16 Сентябрь 2016 08:34 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4917 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Сұрақ: Аида Іздібекова, қала тұрғыны.

«Пахтакор-2» аумағындағы 194 орам тұрғындары үшін автобус бағытын бөліп беруді сұраймыз. Қазір қала орталығынан біздің ауданға дейін Жібек жолы даңғылымен тек бір ғана №65 автобус жүреді. Оның іші әрқашан жолаушыға толы. Бізге Қарабура әулие және Кеме қалған көшелерімен жүретін автобус қажет».

Жауап:
Жібек жолы даңғылымен №44 және №65 бағыттағы автобустар жүреді. Сонымен қатар, «Ақсукент-Шымкент» ауданаралық бағыты да өтеді. Бұдан бөлек, №55 бағыттағы автобус 194 орам тұрғындарына қызмет көрсетеді. Алайда, жолаушылар саны аз болуына қарай, ол бағыттың жұмысы тоқтатылды. Қазіргі уақытта әлеуметтік маңызы бар бағыттар сараланып, 194 орам тұрғындарына қызмет көрсету үшін Жібек жолы даңғылы мен Арғынбеков көшесі арқылы өткізу жоспарлануда. Әлеуметтік маңызы бар бағыт бойынша жаңадан қайта құрылған көлік компаниясы – «Шымкент bus» ЖШС қызмет көрсетеді.

Сұрақ: Ольга Умарова, қала тұрғыны.
«Қолжетімді баспана» бағдарламасы бойынша Шымкентте жыл соңына дейін қай ауданда және неше пәтер беріледі?».

Жауап:
Қазір ӘІО-да 7 көпқабатты тұрғын үйдің (882 пәтер) және бір жатақхананың (35) құрылысы жүріп жатыр. Биыл 306 пәтерлік үш үй мен жатақхана пайдалануға беріледі. Бұдан бөлек, ӘІО-да 1134 пәтерден тұратын 15 көпқабатты үйдің құрылысына мемлекеттік сатып алу бойынша байқау жарияланған. 528 пәтерлік 11 үй ТҚЖБ арқылы берілсе, ал төртеуі коммуналдық баспаналар.
Сонымен қатар, «Тұран» шағынауданында да 5 көпқабатты үй салынуда. Оның біреуі биыл, ал қалғандары келесі жылы пайдалануға беріледі.

Сұрақ: Жалғасбаев Әділбек, қала тұрғыны.
«Шығыс» шағынауданындағы №25 және №28 мектептердің арасындағы қоршау қаншалықты заңды? Жаяу жүргіншілер үшін өтуге қолайсыз».

Жауап:
Шымкенттің инфрақұрылымын дамыту мақсатында құрылыс- монтаждау және демонтаж жұмыстары жүргізілуде. Қауіпсіздікті сақтап, апатты жағдайларды болдырмас үшін ол аумақ қоршалған. Бүгінде қаланың солтүстігіндегі ішкі орам жылу жүйелерін ағымдағы жөндеуден өткізу үшін жалпы 20 шақырым құбырды жөндеуге бюджеттен қаржы бөлінді. Құрылыс биылғы жылдың 15 қазанында, ал «Шығыс» ықшамауданындағы жұмыстар 17 қыркүйекте аяқталады.

Сұрақ: Қайрат Мыңтай, қала тұрғыны.
«Тұран» шағынауданына газ, су және электр энергиясы қашан беріледі?».

Жауап:
Шымкент қаласы ТҮКШ бөлімі қызметкерлері инженерлік инфрақұрылым құрылысы үшін жобалау-сметалық құжат жасауда. Құжат бойынша, «Тұран» шағынауданын (Бәйдібек би даңғылының оң жақ бөлігі) ауызсумен қамту, электр желісін тарту, кәріз құбырын, байланыс және автожолдар салу қарастырылады. «Әсем Құрылыс» ЖШС жобалаумен айналысуда. Жобалау жұмыстарын 2017 жылдың ақпан айында аяқтау жоспарланып отыр. Ал келесі жылдың наурыз айында құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу үшін бюджетке ұсыныс беру көзделген.

Сұрақ: Талиба Бурковецкая, қала тұрғыны.
«Мен «Тоғыс» тұрғын алабының Мұнайбарлаушылар көшесінің тұрғынымын. Көшеге бейнетіркегіш немесе жасанды жол кедергісін орнатуға болады ма? Леңгір-Шымкент тасжолы бойы жарықтандырылмаған. Кәріз құбырлары ескірген. Қыста сымдардың ескіруі салдарынан трансформатор жанып кетті. Ал асфальт су құбырларын жүргізу мақсатында қиратылды ма? Асфальт қайтадан төселеді ме?».

Жауап:
Сіз айтқан жолға жасанды кедергілер қойылмайды. Өйткені, ол облыстық маңызы бар тас жол санатында. Осыған орай, барлық жол белгілері мен жол қозғалысын реттейтін құралдарды ОҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан қойылады.
Бұдан бөлек, биыл Мұнайбарлаушылар көшесін орташа жөндеуден өткізу үшін сметалық құжатын әзірлеуге тапсырма берілді. Сметалық құжат жасалған соң, бюджеттен қаржы бөлу мәселесі қаралатын болады.
Шымкент қаласының ТҮКШ бөлімі тарапынан «Тоғыс» тұрғын алабында кәріз жүйесі мен тазарту қондырғыларын салу бойынша жобалау-сметалық құжаттар жасауда. Жобалау мекемесі – «АДТ Сервис» ЖШС. Бүгінгі таңда барлық жобалау жұмыстары аяқталды. 2017 жылдың қаңтар айында құрылыс-монтаждау жұмыстары басталады деп жоспарлануда.
Сонымен қатар, сапалы әрі үздіксіз электр энергиясымен қамту жұмыстарын жүргізуде. Жобалық жұмыстарға қаржы қаралған. Қазір жобалаушы мекемені анықтау үшін мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүруде. Жобалау жұмыстары 2017 жылы аяқталады.

Сұрақ: Оразов Батыр, қала тұрғыны.
«194 орамға қарасты Пахтакор-2» ауылында жаңа жол салынды. Алайда, жаңа оқу жылы басталғалы бері балалардың жолдан өтуі қауіпті болып барады. Жібек жолы көшесіндегі №85 мектептің жанына бағдаршам қойып берсеңіздер»..

Жауап:
Шымкент қаласының Бас жоспарына сәйкес, көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында Жібек жолы даңғылында қайта құру жұмыстары жүргізілуде. (Пазиков көшесінен кіші айналма жолына дейінгі аралықта). Жобалау-сметалық құжатта №85 мектепке қарама-қарсы жерде бағдаршам орнату көзделген. Бағдаршам биыл қазан айында қойылады.

Дайындаған
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

Последнее изменение Пятница, 16 Сентябрь 2016 08:45
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.